Тақырып 9: Әлеуметтік теңсіздік және әлеуметтік стратификация
1.Әлеметтік теңсіздік: ұғымы, түрлері.
2.Қоғамның әлеуметтік құрылымы, оның негізгі элементтері, ерекшеліктері.
3.Әлеуметтік стратификация: ұғымы, факторлары, модельдері.
Әлеуметтік теңсіздік -жеке индивидтер, әлеуметтік топтар, қабаттар, таптар тік әлеуметтік мобильдік иерархиясының әр түрлі сатыларында тұратын, өмірлік тең емес және қажеттіліктерді қамтамасыз етудің мүмкіндіктерге ие әлеуметтік дифференциацияның ерекше түрі.
Теңсіздіктер мен әлеуметтік стратификция проблемасы іс жүзінде әлеуметтік және философиялық теориялардың барлығының басты назарында болады. Стратификация ұғымының қазіргі заманғы ғылыми ойлаудың санаттық аппаратындағы орнының маңызы зор.
Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін әлеуметтануда «әлеуметтік стратификация» ұғымы пайдаланылады.
«Стратификация» ұғымы әлеуметтануға геологиядан келген. Ағылшын тілінде «страта» сөзі алғашында геологиялық қабат деген, ал «стратификация» сөзі қабаттау деген ұғымды білдірген. Әлеуметтанушылар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде осы терминді алған, сонымен қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған.
Әлеуметтік стратификация қоғам мүшелерінің материалдық байлықты, табысты, артықшылықты, мәртебені, билікті, құқық пен міндеттерді иеленуінің бірдей болмауынан көптеген әлеуметтік топтарға, таптарға бөлінуі.
Қоғам өзінің әлеуметтік құрылымы жағынан бірдей емес. Қоғам адамдарының арасында теңсіздік бар. Соған байланысты олардың әлеуметтік жүйедегі алатын орындары да бірдей емес. Жекелеген индивидтер мен адам топтарының арасында әлеуметтік жіктелу бар. Оларды жіктегенде бірқатар өлшемдер басшылыққа алынады, мысалы, табыстарының көлемі, білімдерінің деңгейі, мамандықтағы мәртебесі, билікке қатынастары.
Қоғам адамдарын страталарға жіктеудің тарихи үш типі белгілі. Олар: касталар, сословиелер, таптар.
Осы аталған жіктеудің үш типіне байланысты стратификациялық жүйе ашық және жабық жүйелергебөлінеді. Қоғам мүшелерінің статустары мен әлеуметтік жағдайларын өзгертулеріне мүмкіндік бар әлеуметтік құрылым ашық стратификациялық жүйе деп аталады да, мұндай мүмкіндік болмайтын қоғам жабық стратификациялық жұйе деп аталады. Жабық жүйеге Үндістан қоғамында орын алған касталық жүені жатқызуға болады. Бұл қоғамда касталардың төрт тобы болған:
Ø Брахмандар (абыздар, діни иелері), олар халықтың 3 % құрайтын;
Ø Кшатрийлер (әскери адамдар),
Ø Вайшилер (саудагерлер), бұл екі топ халықтың 7 % құрайтын;
Ø Шудралар (шаруалар мен қолөнершілер), 70 % жуық.
Ø Хариджандар қоғамдағы ең төменгі, ауыр жұмыстарды атақаратын адамдар.
Сословиелік жүйелер феодалдық қоғамда орын алған стратификациялық жітеу типі. Бұл қоғамдағы адамдар жоғары және төменгі сословиелерге бөлінген. Сословиелік статустар атадан балаға мұра ретінде беріліп отырған. Жоғары сословиеге дворяндар, дін иелері, ал төменгі сословиеге қолөнершілер, шаруалар, көпестер жатқан. Бұл аталған жүйеде бір сословиеден екіншісіне өту шектелгенімен, олардың арасында кейбір жағдайда некенің орын алуы және төменгі сословие адамдарының сіңірген еңбектеріне байланысты билік тарапынан оларға жоғары сословиелік статусы сый ретінде беру сияқты жағдайлар орын алған.
«Тап» деген ұғым ғылыми айналымға жаңа заманда енді. К. Маркс өз заманында таптар туралы ілімді одан әрі дамытып, өзінің тап күресі туралы теориясын негіздеді. Соның нәтижесінде ол әлеуметтік стратификация теориясына өз үлесін қосты. Ол таптардың пайда болуының экономикалық себептерін ашып көрсетті. Бұл себептерге К. Маркс қоғамдық еңбек бөлінісі мен жеке меншіктің шығуын жатқызады. Сонымен қатар, К. Маркс қоғамда негізгі және негізгі емес таптардың болатынын атап көрсеткен. Негізгі таптар қоғамдағы өмір сүріп тұрған негізгі меншік қатынастарының түрінен туындайды. Негізгі емес таптар өткен дәуірден қалған немесе жаңадан қалыптасып келе жатқан қоғамдық-экономикалық формацияның таптары. Мысалы, капиталистік формацияда феодалдар мен шаруалар таптарының сақталуы мүмкін.
Соңғы кезде әлеуметтанушылар қоғамның төрт жіктен тұратын моделіне тоқталды. Олар: жоғары тап, орта тап, жұмысшы тап, төменгі тап.
Жоғары тапқа ірі меншік иелері қаржы және өнеркәсіп магнаттары, жоғары билік элиталары, мемлекет президенттері, премьер-министрлер, министрлер, жеке водомстволар мен мекемелер басшылары, яғни жоғары категориядағы шенеуініктер жатады. Бұлар қоғамның экономикалық және саяси өмірінде шешуші рөл атқаратын топ. Қоғамдағы олардың үлес салмағы аз, дамыған елдерде олар шамамен халықтың 1 % құрайды.
Орта таптың қоғамдағы алатын орны ерекше. Бұл топқа қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтардың, мамандықтардардың өкілдері жатады. Алдыңғы қатарлы дамыған елдерде олар 50-60 % халықтың құрайды. Орта таптың өкілдері ғалымдар, жазушылар, суретшілер, діни қызметкерлері, оқытушылар, дәрігерлер, орта және шағын кәсіп иелері, мамандаған жұмысшылар және т.б. олар көп еңбек етеді. Бұл топтың адамдары «жақсы өмірге қаржылы еңбекпен, күш-жігердің, білімнің нәтижесінде жетуге болады» дегенді басшылыққа алады.
Орта топ үшке бөлінеді. Олар: жоғары орта тап, орташа орта тап, төменгі орта тап.
Төменгі тап құрамы жағынан сан алуан. Оларға арнайы мамандықтары жоқ жұмысшылар, жұмыссыздар, қылмыскерлер және т.б. жатады. Бұлардың көпшілігі тұрақты табыс көздері болмағандықтан, олар кедейшілік жағдайда өмір сүреді.
Сонымен, әлеуметтік стратификация кез келген қоғамға тән құбылыс. Барлық қоғам мүшелерінің арасындағы жаппай тендік орнататын эгалитарлық (тендік) қоғам орнату мүмкін емес екендігін әлемдік даму тәжірибесі дәлелдеп отыр.