Екінші: Мал-мүліктің өзіне ғана қатысты шарттар
1 - Мал-мүлік зекет төлеушінің өз қолында болуы. Жоғалған, ұрланған, бір жерге көміліп, орны ұмытылған мал-мүліктен зекет төленбейді. Сол секілді мемлекет тарапынан билеп алынған немесе тәркіленген мал-мүліктен де зекет төленбейді.
2 -Мал-мүліктің қайтару уақыты келген қарыздан аман болуы. Зекет төленетін уақыт пен қарыз қайтару уақыты қатар келіп, қайтарылатын қарыз көлемі нисапты кемітсе, зекет төленбейді. Жеміс пен көкөністер зекеті өзінен берілетін болғандықтан, оның төленуін қарыз тоқтатпайды.
3 - Нисаптың күнделікті тіршілік қажеттілігіне жұмсалатын қаражаттан артық болуы. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ابدأ بنفسك فتصدق عليها، فإن فضل شيء فلأهلك، فإن فضل عن أهلك شيء فلذي قرابتك شيء فهكذا وهكذا)
«Алдымен, өзіңе жұмсаудан баста. Егер артылып жатса, отбасыңа жұмса. Егер тағы артылып жатса, туысыңа жұмса. Міне, осылай, осылай жұмса»[1000].
Үй сатып алу немесе үйлену секілді негізгі қажеттіліктер үшін жиналған қаражатқа бір жыл уақыт өтсе, оның зекеті төленеді.
4 - Нисап шариғат белгілеген мал-мүлік түрінен ғана болуы.
5 -Көкөніс пен жемістен басқа мал-мүлік нисабы, ай есебі бойынша, бір жыл айналуы. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ليس في مال زكاة حتى يحول عليه الحول)
«Қолдағы мал-мүлік бір жыл айналмайынша, одан зекет төленбейді»[1001].
Қолдағы мал-мүлік өсіп-өнуі үшін, шариғат бір жыл уақыт белгіледі. Ессіз адамның иелігіндегі мал-мүліктің жыл айналымы есі кірген күннен саналады. Ал сәби үшін кәмелетке толған күнінен басталады. Семіртіп сату үшін сатып алынған малдың жыл айналымы сатып алынған күнінен емес, семіртіп бастаған күнінен саналады.
6 -Мал-мүліктің өсіп, көбейіп тұруы. Яғни ақшаның құнды болуы, малдың жайылымда болуы, ал тауар үшін сауда ниетінің болуы.
Зекеттің дұрыстығына қажетті шарттар
1 - Ниет. Зекет парызын өтеу ниеті, негізінде, малдың пақырға берілуімен қатар жасалады. Мал иесі малының зекетін пақырларға үлестіру міндетіне сенімді біреуді өкіл етуіне болады. Зекет ниетін мал иесі ғана жасаса, жеткілікті болады.
2 - Зекет төлеушінің мұсылман болуы.
3 - Зекет нисапқа бір жыл толысымен іле-шала төленуі. Зекетті кешіктіру үкімі мәкрүһ тахриман болғандықтан, күнә саналады. Мұның кесірінен пақырдың мұқтаждығы созылады.
Зекет беруші мал-мүлкі зекетінің қалай берілетіндігін зекет фиқһін білетін әділ кісіден сұрап, зекетінің есебін дұрыс жасауы шарт.
4 - Зекеттің лайықты кісіге берілуі. Бұл - шариғат белгілеген сегіз түрлі кісінің бірі.
5 - Зекет, міндетті түрде, пақырдың иелігіне өтуі шарт.
6 - Зекет, ең алдымен, жиналған жердегі жергілікті пақырларға үлестірілуі шарт. Басқа жердегі пақырларға апарылмай, үміттеніп күтіп жүрген өз жеріндегі пақырларға үлестіру лайықтырақ. Әрине, егер басқа жерде пақыр туыстары болса немесе бұл жерден де мұқтажырақ пақырлар болса, онда оларға апаруға әбден болады. Муаз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Йемендегі байлардан жиналған зекеттердің біразын Мәдинадағы пақырларға жіберетін. Өйткені олар Йемендегі пақырларға қарағанда мұқтажырақ болатын.
7 - Өз жынысынан төленетін мал-мүлік, мысалы, мал мен жемістер сипаты жөнінен орташа болуы шарт. Егер зекет жинаушылар малдың жақсысын алса, мал иесі зиян шегеді. Ал жаманын алса, керісінше, пақыр зиян шегеді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Муазды, Аллаһ тағала оған разы болсын, Йеменге жібергенде оған былай ескертеді:
(فإياك وكرائم أموالهم)
«Малдарының ең жақсысын алудан сақтан..»[1002].
8 -Малдың адал болуы. Өйткені арам малдан мүлде зекет алынбайды.
Берілетін зекет малының орнына құнын төлеуге болады. Жайылымдағы малдың құны зекет берілетін күні жергілікті жердегі мал бағасымен өлшенеді. Мал айдалада болса, сол далаға ең жақын қаладағы немесе ауылдағы малдың құнымен бағаланады.
Бір пақырға бір нисаптың зекетінен артық мал берілу - мәкруһ. Тек қарыздар пақырға қарызын қайтара алатындай етіп қана беруге болады.
Ханафи мәзһабінда мал иесі зекет беретін кезде қайтыс болса, зекет мойнынан түседі.
Екінші бөлім: Зекет төленетін мал-мүлік түрлері
1 -Жайылымдағы малдар.
2 - Алтын мен күміс.
3 - Сауда тауарлары.
4 - Пайдалы қазбалар және қазына.
5 -Егістік пен бау-бақша өнімдері.