Алтын Орданың құрылуы және саяси тарихы.

Шыңғыс хан қазаға ұшырағаннан кейін 1235 жылы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерлерін Шыңғыс ханның немересі Жошының екінші ұлы Батый хан басқаратын болды. Батый әскері моңғол шоғырларына еріксіз енгізілген, әртектес тайпалардың жауынгерлерінен құралды. Ондағы басқару қызметтерінің бәрінде моңғол феодалдары болды. Батыйдың самсаған әскері 1236 жылы Камадағы Бұлғарияны, мордваларды талқандап, 1237-1240 жылдары орыс мекендеріне келіп шүйлікті. Орыс халқы монғол басқыншыларына ерлікпен қарсылық көрсетті. Рязань, Мәскеу, Владимир түбінде моңғол әскерлерімен кескілескен ұрыстар болды. Орыстардың шағын ғана қаласы Козельск тұрғындары жеті апта бойы монғолдарға жан аямай қарсылық көрсетті.

Алтын Орда астанасы алғашқы кезде Еділ сағасындағы Сарай-Бату қаласында (қазіргі Астрахань маңында) болды; көп кешікпей ол Азиядан Еуропаға баратын керуен жолындағы аса ірі сауда орталығына айналды. Кейінірек Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай-Батудан жоғарырақ) көшірілді. «Алтын Орда» ұғымы біртекті емес; бір жағдайда Алтын Орда деп Батый мен оның мирасқорлары Беркенің жеке иелігіндегі жерлер, яғни Төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказ, ал енді бір орайда түгелдей Жошы ұлысы айтылады. Батый (1227-1255 жж.) зор беделге ие болды және іс жүзінде империяны өзінің қолдауымен таққа отырған ұлы хан Мөңкемен бірге биледі. Алайда Батый да, оның мирасқорлары да Алтын Орданың тағында біртұтас мемлекетті басқарушылар болмады.

Батый хан Шығыс Еуропаға жасаған жеті жылдық (1236-1242) жорығынан кейін ата-бабадан келе жатқан әдет-ғұрыпқа бағып, өзінің басқа бауырларына да үлес берген. Інісі Орда Еженнің ұлысына Жетісудың солтүстік-шығыс белігіндегі жерлер, Ертіс бойындағы кең-байтақ аумақ Ұлытау мен Қаратауға дейінгі жерлер кірді. Ұлыстың аумағы біртіндеп кеңейе берді. ХІІІ ғ. екінші жартысында-ақ Орда Еженнің немересі Қонышанның тұрған жері, деректеме бойынша, Орта Сырдариядағы Жент пен Үзкент маңында болған, ұлыстың саяси орталығы осы жерге ауысқан еді. ХШ ғ. екінші жартысындағы ХІV ғ. басындағы Алтын Орданың тарихы орыс князьдықтарымен, Иранның Хулагу әулетімен болған үздіксіз соғыстарға толы, бұлардан Берке (1257-1266) мен оның мирасқорлары Әзірбайжанға және Оңтүстік Каспий маңындағы басқа да жерлерді иелену құқығына таласты. Меңгу-Темір тұсында (1266-1280) Алтын Орда Монғол империясының орталығынан біржола оқшауланып, тұңғыш рет өз атынан теңге соға бастады, Орта Азия мен Жетісуда Шағатай ұрпақтарының билігін нығату үшін ұлы ханға қарсы күресінде Хайдуды қолдап отырды.Алтын Орда ХШ – XIV ғасырлар аралығында күшті мемлекет болып тұрды.

Алтын Орданың хандары Батый (1241-1256 жж.), Берке (1257-1266 жж.), Мөңке-Темір (1266-1280 жж), Туда-Мөңке (1280-1287жж.), Төле-Бұқа (1287-1291 жж.), Тоқты (1291-1312 жж.), Өзбек (1312-1342 жж.), Жәнібек (1342-1357 жж.) хандар тұсында Алтын Орданың қуаты арта түсіп, билігі мейлінше күшейді. 50-жж. орта шенінде Жәнібек ханды оның үлкен ұлы Бердібек өлтіргеннен кейін, «ұлы алапат» (1359-1379 жж.) деген атпен мәлім болған жиырма жылдық өзара қырқыс басталды. Алтын Орданың батыс бөлігі бірнеше иеліктерге бөлінді. Еділ бойында, Астраханда, Қырымда, Сарайшықта жергілікті әмірлер, Қара теңіз өңірінде түменбасы Мамай орнықты.1380 жылы Алтын Орданың нағыз билеушісі мыңбасы Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен тас-талқан болып жеңілді. Жошының ұрпағы Тоқтамыс Мамайдың күйрегенін пайдаланып, Алтын Орданың билігін тартып алады. Өз өкіметін әскери жеңістермен нығайту үшін 1382 жылы Мәскеуді өртейді, Мәуреннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Ал Мауереннахр билеушісі Әмір Темір өз тарапынан Алтын Ордаға бірнеше рет қанды жорық жасап оны ойрандап кетеді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. Жошы ұрпақтарынан тараған жекелеген хандар мен ірі тайпалардың жетекшіліктері оларды уақытша біріктіргенімен де, XV ғ. өзінде-ақ бұл иеліктер тәуелсіз Қазан, Астрахан, Қырым, Үлкен Орда хандықтарына айналды. Қазақстан мен Түркістанның далалық аумағында жергілікті билік нығайды, сөйтіп, Алтын Орданың күні өтіп шаруасы бітеді. Әлгі ұлыстар ішіндегі ең ірісі Еділ мен Дон арасынан құрылған Үлкен Орда (XV ғасырдың 30 жылдары) болады.

Сұрақтар:

1. XIII ғ. басында құрылған монғол мемлекетінің қоғамдық құрылымы.

2. Монғолдармен шайқаста Отырар тұрғындарының жеңіске жетуі мүмкін бе еді?

3. Орта Азия халықтары мен Қазақстан тарихындағы Шыңғысханның рөлін қалай деп бағалайсыз?

Негізгі әдебиеттер:

1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 1 том. Алматы, 1996.

2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.

3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.

4.Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Т. 1. М., 1963.

5.Владимирцов Б.Я. Общественный строй монголов. Монгольский кочевой феодализм. Л., 1934.

6.История Казахстана в арабских источниках. В 3-х томах. Т. 1-3. А., 2006.

7.История Казахстана в персидских источниках. В 5-ти томах. Т. 1-5. А., 2006.

Қосымша әдебиеттер:

1. Әбілғазы. Түрік шежіресі.

2. Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение.-М.-Л., 1950.

3. Егоров В.Л. Золотая Орда: мифы и реальность. М.,1990.

4. Есенберлин И. Алтын Орда. Тарихи трилогиясы. А., 1982.

5. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. А., 1997.

6. Моңғолдың құпия шежіресі. – Өлгий, 1979.

7. Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Вильгельма Рубрука. А., 1996.

Наши рекомендации