Іі. Қайықшы баязит (жақсыдан шарапат)

Марғалиұлы Қабдуали Аманжолтегі

Сарбаспалуан немесе атам туралы

Аңыздар

Теректі-Өскемен

Жыл

Мазмұны

I. Сөз басы…………………………………………………………………..3

II. Қайықшы Баязит (жақсыдан шарапат) ………………………………...7

III. Белгі батыр ………………………………………………………………9

IV. Қамшыгер……………………………………………………………….12

V. Қыдыр қонған (немесе атамның жорамалы) …………………………15

VI. Орыспен жолдас болсаң……………………………….……………….16

VII. Арысқа түскен…………………………………………………………..18

VIII. Дунгендермен теке тірес……………………………………………….22

IX. Сары Байтал…………………………………………………………….24

X. Тойбазар ата айтқан хикая.…………………………………………….27

XI. Төртуыл Қожамбеттің тойы…………………………………………...31

XII. Торжорға………………………………………………………………..33

XIII. Қазкен қарияның әңгімесі……………………………………………..38

XIV. Тұрсынбай ақсақалдың әңгімесі……………………………………....39

XV. Маренко қарияның әңгімесі…………………………………………..41

XVI. Ақтубектегі айқай шал (әкем Құмарғалидан естіген әңгіме) ………42

XVII. Шәрәпидің сарыала буқасы………………………………………….45

XVIII. Төбелесқой Жәшке…………………………………………………….47

XIX. Шабандоз……………………………………………………………….49

XX. Қабылдың әңгімесі…………………………………………………….51

XXI. Арманда кеткен боздағым…………………………………………….53

І. Сөз басы.

Атам туралы жазбаларды қолға алғаныма науқастанып ауруханаға түскенім себеп болды. Жүрегім қысып, қиналып түстім. 3-4 күн орнымнан тапжылтпады. Осындайда адамның ойына әрнәрсе келеді екен, әсіресе, түн ауыр. Ертеңінде ескі әдетіме салып бірер ауыз өлең жазбақ болдым. Бастаған соң, ұйқас қуып кеткен болуым керек, өлең төмендегідей болып шықты.

Жеткенде фәни жалған ұшағына,

Кеудеңнен шыбын жаның ұшады да.

Соңғы деммен құларсың, көз жұмарсың

Енерсің бақи дүние құшағына.

Айырар ақ пен қара аралығын

Салмақтап жақсы менен жамандығын,

Келгенде Мүңкәр-Нәңкәр сұрақ сұрай,

Қиналсам арашашы болады кім?

Уақытпенен өзгерер тозар әркім

Жүрекке сызат салар өткен әр күн.

50 жылға таяған көрмегелі,

Танымай қалар шығар атам бәлкім.

Мейірімді өмірде еткен серік,

Ұрпағына несібе өткен теріп.

Неғып жүдеп кеткенсің құлыным деп,

Құшаққа алар шығар апам келіп.

Ұтылыс, ұтысыма болған куә,

Биікке бір шығар деп етпей шүбә.

Япырай сенде келіп қалдың ба деп,

Сапарымды құптамас әкем сірә.

Көзінде мұң, кеюлі жүзі сынық,

Сезінгенмен бар жайды біліп, ұғып.

Тәңірге күпіршілік сөз айта алмай,

Отырар шешем байғұс іштен тынып.

Өзгертпей қонақжайлық өмір салтын,

Кім келсе де қарсы алар емен-жарқын

Мені көріп орнынан атып тұрар,

Шәй қойып жіберем деп енем марқұм.

Тірлікте қызық қалмас кетсе шамаң,

Артпайды, кемімесе онда бағаң.

Алаяғын жетектеп Гауһарменен,

Кештете жетер ме екен Қабылғажы ағам.

Бойын аулақ ұстаған артық сөзден,

Көп жайды көзбен емес іштен сезген.

Талғатты ертіп сығалап тұрар ме екен,

Босағадан үндемес кәрі жездем.

Өкініш өмір шіркін неткен шолақ,

Өкінгенмен не қайыр артқа қарап

Ағаға сәлем беріп келейік деп

Қарсы алар балдыздарым Мұрат, Болат.

Сол күні түнде түсімде атамды көрдім. Ойлағаннан болу керек:«сені танымайтын маған не болыпты, ал сенен кейінгілер мені аузына алмайтын шығар»- деді. Шындығында атам өмірден озған 1967 жылдан кейін өмірге келген немере, шөберелер ол кісі туралы не білсін. Анда-санда үлкендер айтатын үзік-үзік әңгімелерден, еске алулардан қандай пайымдаулар жасауы мүмкін.

Таңертең оянғанда атам Сары (Сарбас палуан) туралы білгендерімді, естігендерімді қағазға түсіремін деген бекем шешім болды.

Мен Теректіде 12, қалада 11 күн ауруханада жаттым. Атам туралы жазбалар қағаз бетіне түсе бастады. Мен мұны көркем шығарма деуден аулақпын және көпшілік үшін жазып отырғаным жоқ. Егер осы жазбалар жарық көрсе, ең алдымен Сары атаммен Әнәпия әжеден өрбіген ұрпақ үшін естелік болсын деген ниетпен қолға алынған.

Сол ойға бекінген күннен бастап ауырғаныма қарамастан өзімді аламанға түсер сәйгүліктей сезіндім. Ойға алған ісімді аяқтап шығуға барымды салдым. Менің бұл ойымды балаларым, қалаға келген соң бауырым Әбіл қолдады. Әбіл күнде ауруханаға келіп, менің жазғандарымды тыңдап, өзінің атам туралы ойда қалғандарымен бөлісетін. Тіпті осы жазбаларды екеулеп жаздық десе де болатындай.

Осы істі қолға алуға тікелей кіріспес бұрын тағы бір өлең жазғанмын, өзімді-өзім қайраған іспетті.

Шәк келтіріп күш-қайрат шыдамыма,

Тірліктің тағы да бір сынағыма.

Талай боздақ қиылған қыршынынан,

Тұрып кете алмаған, құлады да.

Мен бірақ көрерсіңдер тұрам әлі,

Тұрам әлі, ортаңда жүрем әлі.

Мен түсетін дода бар, тартыстар бар,

Тойларым бар, сән-сайран құрам әлі.

Менің көрген құқайым осы ма еді,

Сан мәрте аламанға ат қосып едім.

Сәйгүлігім қара үзіп келе ме деп,

Шаң көрінсе елеңдеп тосып едім.

Келмеді ме не бағы, не бабы бір,

Өзгелер алып жүрді бәйгені кіл.

Сондадағы еңсемді түсірмегем,

Қалмаған көңілде кір, сезімде зіл.

Сол «құла» жер тарпыған сөреге кеп,

Алдыдан «Батыраштар» шықпасын тек,

«Алла жар» деп сайысқа тағы қостым,

Тұлпардың бабын келтір, бабын бер деп.

Сол күні түстен кейін тағы да мазасыздандым. Қасыма Сәулені шақырып алдым. Уколдан соң ұйықтап оянсам, жақсы болып қалыппын. Көңіл шіркін жүйрік қой. Кешегі құрған жоспарларым жақсы еді. Қолға алуға тағы бір күн кешіктім. Өлең жаздым.

Көңілдің көк дөнені сәйгүлігім,

Тағы да сен сыналар бәйге бүгін.

Тізгінді үзік сөреге жақындамай,

Босып кеткің келгені қай қылығың.

Жылыстап қалыс қалған жылды санай,

Бірге асқан белдерді, қырды санай.

60 жыл жетегімде еріп келіп,

Бөтен мінез таныттың мұның қалай.

Өмір шіркін өткінші таңғы сағым

Фәни жалған кім көрген арғы жағын

60 жылдай арқаңнан ер алынбай

Білемін қажыдың сен арғымағым.

Мөлдіреп көзде тамшы таңғы шықтай,

Неге сонша босадың тұрмын ұқпай.

Межеленген мезгілге жетсем деп ем,

Күні бұрын сызылған жолдан шықпай.

Сол күні түнде атам туралы әңгімелердің алғашқысы ақ қағазға түсті. Менің бұл жазғандарға жанымнан қосқан ештеңем жоқ, ішінде келтірілген даталарда, кісі аттарында қателік болуы мүмкін.

Баяндалған жайларға Сарбас атамның, Әнәпия әжемнің, олардың замандастарының, әкем Құмарғалидың, ағайымыз Құмарбектің,бауЫрларым Әбіл, Мырзахмет, Задаханның аузынан естіген немесе өзім көрген оқиғалар арқау болды.

Қабдуали

ІІ. Қайықшы Баязит (жақсыдан шарапат).

Мен бірінші сыныпты бітірген жылы көктемде атаммен бірге мал жайдым. Әкей Қарашілікте қой қоздатты. Атам екеуіміз ересек қозылармен малшылар «үшінші қой» деп атайтын бөлекті бағамыз. Атамның астында шоқтықты жалдас қарагер, мені кішілеу кер жағалға мінгізіп қойды. Мың салсаң бір баспайды, жалқау, шабан ат. Жүре қоймаған соң қамшының астына аламын. Бір күні Кержағалдың басы-көзіне сабалап жатқанда атам қасыма келіп, даусын көтеріп: «атты басқа ұрма, жылқы қасиетті, киелі мал, бұдан кейін бұлай істеме» деді. Мал да өрісте байыздаған кез еді. Атам әңгімеге кірісті. «Сен осы биыл тоғызда емессің бе. Менің 13 жасымда өмірімнің күрт өзгеруіне осы жылқы жануар себеп болды. Әкем 5 жасымда өмірден өтті. Өгей әкеден талай теперіш көрдім. Қазақтың әмеңгерлік жолымен шешемді қайнысына қосқан. 6 жасымда қозы бақтым, 8 жасымнан қой соңында салпақтадым. Менің тақымыма ат бұйырмайтын. 12 жасымда апайым Дәбіш тұрмысқа шықты. Қазақтың сол кездегі салты бойынша қалыңмал деп біраз жылқы келді. Ішінде бір көк құнаншығарға көзім түсті. Апай менікі, көк те менікі деген ойға бекіндім. Қара күз болатын. Қазақ асауларға бас білдіруді көктемде қолға алады. Мен 13 толдым. Бір күні немере ағам, өгей әкейдің үлкен ұлы Шідері көк дөненге құрық салды. Оған тиіспе деп әңгіме шығардым. Шідері менен 4 жас, Атшы 2 жас үлкен еді, екеуі жабыла кетті. Қолыма түскен қарағанның жуан түбімен екеуін ұрып жықтым. Жанжалға өгей әкей араласты. Ол кісіге қол көтеруге жүегім дауаламады. Кішкентай шақар кісі еді, қамшының астына алып, өлімші етіп сабады.

Мен бірінші рет қой баққанға шықпадым. Апам менің таяқ жегенімді көрмепті, қатты қапаланды. «Сен бұл үйден кет, Ақжайлауға Елен, Қызандарға бар, олар мыналардай емес, артыңнан амандық болса мен де барармын» деді. Сөйтіп жол қамына кірістік. Дорбаға құрт-ірімшік, торсыққа айран құйып алдым. Бар киім-кешегім де сол дорбаға сыйды. Апам тәптіштеп тұрып жүрер жолымды түсіндірді.Ауыл Ақжонда отырған. Жалғыз аяқ жолға түсіп, Ертісті жағалай отырып түннің бір уағында өткелге жеттім. Ерте көктем, түн суық. Жол шетіндегі шыражынды жұлып әкеліп, астыма төсеп, тура қара жолдың үстінде бұйығып жатып, көзім ілініп кетіпті. Бір уақытта даңғұр-дұңғыр дыбыстан шошып ояндым. Көзімді ашсам үстіме төніп үш ат тұр. Басып кете жаздапты. Таң қылаң беріп қалған екен. Арт жақта айқайлаған дауыстар шығады. Дорбамды сүйреп мен де тұрдым. Жаңағы 3 атым пәуескеге жегілген екен. Пәуескеде сап-сары ала біреу отыр. Делбеші бірдеңе деп айқайлайды, ұқпаймын. Ол әрберіден соң, жерге түсіп қасыма келді. Орыс екен, шошып тұрмын. Екеуіміз бір-бірімізді ұғыса алмадық. Осылайша тұрғанда қарсы жақтан үлкен қайық келді. Орта жастағы дембелше жігіт қайықтан қарғып түсіп, аналармен сөйлесіп жатыр. Әрберіден соң мені шақырды. Әлгі жігіт келбеті қазаққа ұқсамағанымен тілге судай екен. Қайдан жүрсің, қайда барасың деп сұрақтың астына алды. Жауабымды аналарға жеткізді. Бәріміз қайыққа отырдық. Бергі жағаға шыққан соң әлгі сап-сарыала ұлық қайықшы екеуімізді тағы да жанына шақырды. Анаған бірдеңе айта бастады. Ол басын изей береді. Сәлден кейін маған қарап, жандарал сені менің қарамағымда қалсын деп бұйрық берді деді. Не дерімді білмедім. Орыстар қоңыраулатып жүріп кетті. Мен Боранда қайықшы татар Баязитке қол бала болып қала бердім. Осы адамнан көп жақсылық көрдім. Оған жолыққанға дейін, Белгі батырдан басқа адамдардан жылы қабақ көрмеппін десем артық айтқандық емес. Баязит аға маған өз баласындай қарады. Ең алдымен моншада жуындырды, одан кейін шыт-жаңа киіндірді. Алғашқы 10 шақты күн алып кел, барып келмен жүрдім, қайық есуге есім кетіп қызықтым. Мұны байқаған Баязит бір күні қолыма ескек ұстатты. Сөйтіп қайықшы болып шыға келдім. Қасымдағылардан қалмай малтауды үйрендім. Күзге жақын дем алмай Ертісті малтап өтіп жүрдім. Қар жауып, мұз ілінген қара күзде қосарға ат жетектеп келіп Ақжайлауға Елен аталарың алып кетті. Баязит жібергісі келмеді. Мен үшін «артыңнан мен де келемін, Ақжайлауға бар» деген апамның сөзі шешуші себеп болды.

Осылайша, көк дөненнің дауы менің өмірімнің өзгеруіне тікелей ықпал етті. Кейінгі өмірімде де жылқымен байланысты талай оқиғалар өтті бастан. Қылқұйрық жануардың қасиетті екеніне анық көзім жеткен адаммын. Ал ана пәуеске мінген орыстың төресінің де шапағаты тиді маған. Баязит оны маған ақпатшаның ұлығы деген. Ұлықтың да ұлысы болады балам. Жол шетіндегі қаршадай жетім баланы елеусіз қалдырмай жақсылық жасап кеткені оның парасатының биіктігін көрсетсе керек. Ол кездеспегенде, жаяу-жалпы кеткенде не болар едім. Аштан бұралып, далада ит-құсқа жем болып қалар ма едім.

Қалған өмірімде де талай жақсылар мен жайсаңдармен жолықтым, кеңестерін тыңдадым. Қолымнан келгенше өзгеге жақсылық жасауға тырыстым. Жақсыдан шарапат, жақсылық жерде қалмайды деген сөздерді есімнен шығармадым.»

Атамның істеген жақсылығыңның өтеуін адамнан емес алладан күту керек дегені есімде қалыпты. Жаратқан ием істеген жақсылығыңды алдыңнан шығарам десе ыңғайын келтіреді дейтін. Осыған дәлел ретінде төмендегі әңгімені айтқан еді.

«Біздің үй Ақжайлаудың арғы шетінде еді. Желтоқсанның басы, күн ұясына қона бере аттылы жаяу 10-15 адам қақпа алдына келіп тоқтады. Қаратай елінің азаматтары екен. Іштеріндегі басшылары жолай ауырып, тоқтауға мәжбүр болдық деген соң, барлығын үйге шақырдым. Екі күн еру болды, науқас тез оңалып кете алмады. Ақыры ақылдаса келе, науқасты бір жігітпен қалдырып, қалғандары жолға шықты. Апам күні-түні аурудың қасында, қатты суық тигенге ұқсайды. Қазақтың емі қой сойып теріге орадық. Аурудың беті қайтты, 15 күн дегенде қалпына келді, бізге рахметін айтып, жолдастарының артынан ол да жолға шықты.

Арада бірер жыл өтті. Жаңа үкімет әлі күш алып болмаған кез. Елді ұрлық жайлады. Әсіресе жылқы малына жаудай тиді. Алдыңғылардың бірі болып, ішінде бәйге торы бар 14 бастан мен де айырылдым. Кейінірек ауқатты орыстардың бар малын тып-типыл ғып айдап кетті. Күмән тұрғылықты қазақ жігіттеріне түсті. Сол кезде қызылдарды жақтап жүрген Жақып Кандауров бастаған орыстар 12 қазақ жігітін күдікті деп қамауға алып, ертеңінде жаяу-жалпы Зайсанға айдады. Іштерінде мен, Тоян, Елен, Қыздан, Нұрқан, Биқа бармыз. Ілесе алмағандарды қамшының астына алады, атып кетеміз деп қорқытады. Зайсанға жетпей құлаған Қызданды арқалауға тура келді. Жете салысымен тергеуге алды. Арада 2-3 күн өткенде ішкертіннен үлкен бастықтар келді деген сөз шықты.

Жігіттер аман қалатынымызға күмән келтіре бастаған. Бір күні түс ауа менен қайта жауап алып отырғанда, толық денелі жігіт қасымызға келіп маған қарағыштай берді. Жанары таныс қайдан, қашан көргенімді есіме түсіре алмадым. Сол күннің кешінде сені тергеуге үлкен бастықтың өзі алмақшы деп алып шықты. Әкеліп бір үлкен бөлмеге кіргізіп жіберді. Қарсы алдымда бағанағы жігіт. Мені көріп орнынан атып тұрды. «Саке, мұнда қалай тап болдың» деп қолымды алып құшақтап жатыр. Лажсыздан танымағанымды айттым. Бір күліп алып «Саке танымайтын жөнің бар, ал мен апам екеуіңе бүгінгі амандығыммен қарыздармын. Өлімге бермей ажалға арашашы болып едіңдер. Мен енді таныдым. Есендік саулық сұрастық. Әлгі ішкертіннен келген дөкей бастықтың өзі екен. Мән-жайға қаныққан соң, Сәке қалған азаматтарға кепілдік бере аласың ба деді. Өзіме қалай сенсем, оларға солай сенем дедім. Тағы да екі күндей ұстады. Кінәсіз екенімізге көздері жеткен болуы керек, бәрімізді қамақтан босатты. Елге жетуімізге жағдай жасады. Қара басып, сол жігіттің атын ұмытыппын. Егер ол кезікпегенде жағдайымыз не болар еді.

Ал бізге ит қорлықты көрсеткен Кандауров кейін халық жауы деп атылып кетті. Мың асқанға бір тосқан деген осы да.

ІІІ. Белгі батыр.

Үш жылдан кейін 17-ге толғанда көктемде атамекен Қараталға келдім. Ескі танысым, қайықшы Баязит аға Ертістен өткізіп салды. Сәске болмай апамның қасында болдым. Маған көрсетпей көзіне жас алғанын байқап отырмын. Мен жасымасын дейтін болу керек, көз жасын менен жасырады.

Шәй ішіп біраз жайланған соң, «Батыр атаңа сәлем беріп кел, қоныс өзгертсе алыстап кетеді» деді маған. Атқа ер салдым. Ауыл іргелес екен, көп ұзамай киіз үйлердің төбесі көрінді. Қазақ ауылдарында қалыптасқан салт бойынша көші-қонның алдында асауға бас білдіріп, мініс көлігін дайындайды. Бұл жұмыс жердің тоңы кетісімен ерте көктемде қолға алынатын. Өйткені мал ет алған соң асауды үйрету оңай шаруа болмай кететін. Мен келгенде Белгі атаның ауылында, азаматтар осы іспен айналысып жатыр екен.

Ат үйрету оңай емес. Бұл жерде жігіттің қаруы, ептілігі, тіпті батылдығы таразыға түседі. Сондықтан азаматтардың қимылын тамашалауға келген үлкен-кіші, бала-шағаның қарасы мол екен. Мен жете бере аттан түстім. Алты-жеті жастағы бала жүгіріп келіп аға атыңызға мен ие болайын деді. Мен ойланбастан баланы көтеріп ерге қондырдым. Биыл Ақжонда қыс жайлы болғанға ұқсайды, жылқы күйлі екен. Ортада мойнына бұғалық түскен кер құнан ба, дөнен бе білмедім бой берер емес. Бір кезде маған таяу тұстан өте бере тік шапшыды, мойнындағы қайыс арқан тақымнан сусыды ма, босап қалғандай көрінді маған. Екі-үш аттап барып оның құйрығынан ұстадым. Кері сол шапшыған күйі жамбастап барып құлады. Мен секіріп барып құлағынан ұстап мойнын жерге жастадым. Осы мезетте өзге жігіттерде келіп асау керіні ноқталап үлгерді. Орнымнан тұрып, үстімді қағып, басымды көтерсем, қасыма құйрық-жалы жер сызған мақпал қара атымен Белгі атам келіп қалыпты. Мен аузымды ашқанша: «Ассалаумағалейкум» деді, сасып қалдым. Мен осы кісіге бір рет те бірінші болып сәлем бере алмай кеттім. Тіпті осыдан бұрында, ауылда қой жайып жүргенде келе жатқанын көріп, дауыс жетер жерге келсін деп тосып тұрғанда, менен бұрын «Ассалаумағалейкум» деуші еді. Мен не істерімді білмей мұрнымның астынан міңгірлеп қалатынмын. Аттан аударылып түсіп, бауырына басушы еді. Бұл жолы да сүйтті. Батыр атаның кеудесіне басымды қойып бір ерекше күйге түстім. Жанарыма жас үйірілді. (Батыр жас балаларға ғана сәлемді бұрын беретін еді).

«Уай» деді сол кезде қария:«Мына тұрған Аманжолдың артында қалған жалғызы Сары ғой. Жас өспей ме, жарлы байымай ма, жетім жетілмей ме деген. Сары бүгін өзінің кім болғанын көрсетті бізге. Шу асауды құйрықтан ұстап тоқтататын қайсысың барсың кәне» деп жан-жағына қарады.

Белгі мен ес білгелі атына батыр деген атақ қоса айтылатын Жылқайдардың піріне, Төртуылдың туына айналған адам еді. Атын ешкім тура атамайтын. Сен байқадың ба апаң күні бүгін белгі деген сөзді айтпай селгі деп, белгілеп дегенді селгілеп дейтінін. Бұл да түсінгенге батыр бабаның рухына деген құрмет, қасиетіне бас ию. (Апам жылқы деген сөзді айтпаушы еді. Жылқыны – туар дейтін Себебі біздің ру жылқайдар).

Жас болдық, ол кісі туралы мен көп білмейді екем. Ауылдың үлкендері айтатын мына бір жай есте қалыпты.

Ақ патшаның әскері қазақ жеріне келе бастағанда, алдыңғыларының бірі қылып «Ақ сиырдың» бойында бекет тұрғызыпты. Бір күні 3-4 әскер батыр атаның қойшысын таяққа жығып, бір ісегін өңгеріп кеткен екен. Ести сала, сол кезде сақалы белуарына түскен, 70-ке таяған кезі, бекеттегі орыс солдаттарын қамшының астына алып қуып шығыпты. Жарықтықтың мысы басқанба мылтыққа жармасуға да шамалары келмепті. Кейін басшылары батырдан кешірім сұрап, кінәлілерді жазаға тартыпты.

Белгі батырға байланысты жақын ағайын Базбиев Қошқарбай атаның айтқан мына әңгімесі де ойда қалыпты.

Осы Марқа өңірінде, Бөкенбай жақта Жәлменбет Темір балуан деген атақты адам болған екен. Өзі Белгі батырмен құрдас, екеуі сырттай бірін-бірі білгенмен кезіге алмапты. Бірде қара күзде кішкене тауда аң қағып жүріп кезігіп қалыпты. Қастарында нөкерлері бар, бірін-бірі көре сала аттан домалап түсіп, қарама-қарсы ұмтылыпты. Сол кезде жастары жетпіске таяған кез дейді. Кеуделері түйісіп, құшақтары айқасқан мезетте Темір балуан «Ей, Белгі сақалымыз жер сызып, мына бала-шағаның алдында осы екеуіміз не қыл деп тұрмыз» дегенде, Белгі батыр «төсіміз қағысып, құшағымыз айқасқан екен құда болайық» депті. Сөйтіп сайын даланың екі алыбы, жырауларын жырына арқау болған бахадүрлердің соңғы тұяқтары құдандал болып тарасқан екен.

Атам әңгімесін әрі жалғастырды.

Белгі атамен еріп үйге келдік. Үй алдына жақындағанда:«Қонақ келді ас қамдаңдар» деп дауыстады. Мен ыңғайсыздық танытып :«Батыр ата, бекер әуреге салдыңыз-ау, мен тек сізге сәлем етіп келіп едім» дегенімде.«Балам үндеме бәрі өзінің жөнімен, кәрі атаңның бір қонақ жөнелтер жағдайы бар» деді. Үйге кірдік, батыр ата өз орнына жайғасты. Керегеге ілінген қайқы қылышпен ұзындығы екі құлаштай қара найзаға көзім түсті. Алғашында не екенін ұқпай отыр едім қатарындағы дулыға мен сауыт екен. Тыныштықты батырдың үні бұзды. «Бүгін жеке батырдың күні өткен. Қанша мықты болсаң да «батыр бір оқтық» деген. Мына тұрғандар көненің көзі, бабалардың мұрасы ғой, деді де маған ошарыла бұрылып Сары сен нағашыларыңа тартқансың ба деп қалдым. Сен осы Ырғайбайды білесің бе? Ана жылы арғы бетте керейлердің тойында қамшымен сойыл ала ұмтылған 10 жігітті сұлатып кеткенін көзім көрген. Мен өмірімде сол Ырғайбайдай қамшыгер көрмеппін» деді батыр. (Ырғайбай атамның шешесі Мерекенің туған ағасы). Астан кейін қария далаға ере шықты, бірге ерге қонды. «Ата мен өзім де кетіп қалам дегеніме, балам менің бар өмірім ат үстінде өтті, осы ғадетімнен жаңылсам мен үшін дүниенің жарығы да өшер. Оның үстіне жас та келіп қалды, бұдан кейін сені көрем бе білмеймін. Айтпақшы Қасен мен Әукіштен хабарың бар ма, текті адамдар ғой, Мерекені жерге қаратпас» деді.

Мен ештеңе демедім, ол кісінің нені мегзеп отырғанын сездім. Айтып отырған кісілері мына апаларыңның әке-шешесі. Біз атастырылып қойғанбыз. Шынын айтсам 17 жасқа дейін, шаңырақ көтерем үй болам деген ой маған келмепті. Ауылдан біршама ұзап кеттік. Сол кезде қара жолмен көлденеңдеп өтіп бара жатқан төрт-бес салт атты тізгіндерін тежеп аттан түсті.

Біз жақындағанда дауыстап жапа-тармағай сәлем берді, кезекпен келіп батырдың қолын алып амандық сұрасып жатыр. Менің көзім солардың ортасындағы қорғасыннан құйғандай сом денелі жігіт ағасына түсе берді. Ол кісінің тұла бойын алапат күш кернеп тұрғандай көрінді. Сол кезде батыр атам «Әй, Байжұма мына бала жігіт өзіңнің туысқаның, марқұм Аманжолдың жалғыз ұлы Сары ғой, атын азан шақырып өзім қойғанмын. Соңғы жылдары немере ағаларымен бірге Ақжайлауда, Қожамбеттер жақта» деді. Атақты тайлақ Байжұманы бұрындары сыртынан көргенім болмаса, осындай бетпе-бет келмегем екен. «Батыр ата, Ақжайлау болса Қожамбет емес Төртуылдың мекені ғой. Тек жазда емес алты ай қыста да иелік жасайтын ұлдарымыздың жүргені керек шығар» деп жымиды. «Сенің мұның да жөн екен. Жалпы Қожамбеттер де бөтен емес, төсекте басымыз, төскейде малымыз бірге ағайынбыз. Жарықтық Төртуыл Бекпай бидің заманында ханның жарлығымен, Қожамбеттің игі жақсыларымен келісе отыра Алтайдан жайлау алған аталарымыз. Сол Бекпайды көре алмағандарүзеңгісіне у жағып өлтірген. «Алты бақан ала ауыз қазақ» дегеннің шын болғаны-ау сонда» деп батыр ойланып қалып еді. Қош айтысып Байжұмалар атқа қонды. Мен де батыр атамен қош айтыстым. Артыма қарай-қарай ұзай бердім. Бұл менің Белгі батырды соңғы көруім еді. Байжұманың жайлауы мына, «Егіз төбе». Ел арасында ол туралы талай аңыз әңгімелер бар. Кезі келгенде айтып берем, ал енді жатыңдар» деп атам орнынан тұрды.

ІV. Қамшыгер.

1965 жылы қараша айының ақырына таман Қарашілік ауылына электр жарығы келді. Шағын елді мекен үшін бұл үлкен жаналық еді. Жасымхан деген ағамыз – моторист, жарықтың ерте жағылып, кеш сөнүі сол кісінін қолында. Әсіресе той- томалақ кезінде алдына келушілер көбейетін. Ешкімнін көңілін қалдырмайтын марқұм.

Атам кітап оқытып, тындағанды жақсы көретін. Электр шамы жанғансоң күнде кітап оқу әдетке айланды. Кітапты көбінесе апайымыз Ләмсия оқитын. С. Муқановтың «Ботагөзін», «Мөлдір махаббатын», «Балуан Шолағын», М. Әүезовтың «Абай жолын», Ә. Шәріповтың «Партизан қызын», сол жылдары жарық көрген «Батырлар жырын», «Жұлдыз» журналында басылған шығармаларды дөңгелек үстелді жағалай отырып тындайтынмыз. Атамның кітаптағы сүреттелген уақиғалардың өрбуін қабылдауы қызық болатын. «Партизан қызында» фашистердің кішкентай қазақ қызын қолға түсүрү үшін істеген айла-шарғысына қаны қайнап, таяғымен жерді сабалап кететін. «Ер Тарғын» дастанын оқығанда анық батыр Қарт- Қожақ деп, Тарғынды екінші денгейге ысырып тастайтын, «Абай жолында» неге екенін белгісіз Құнанбайға шан жұқтырмайтын. Сол жылы «Жұлдыз» журналының бір санында ертеректе өмір сүрген қамшыгер туралы әнгімені тындағанда бізге қарап: «Мыналар сенбей отырғаншығар, ал мен сондай анық қамшыгерді көрдім» деп, әңгіме бастайтын ыңғай танытты. Біз тына қалдық.

Ол менің нағашым Ырғайбай еді- деп атам сөзін жалғастырды. Нағашымның қамшысының дәмін мен өзім де таттым. Қызыл төнкерістің алдында мына Қытай елінде үлкен бүліншілік болды. Дүнгенмен қытай қырылысты. Бұл қырғын бірер жылға созылды ғой деймін. Біз осы жақтамыз, жағалаудан қытайлар қашып, дүнгендер бел ала бастаған болар, сол кезде қазақтар жағы көтеріліп қытайларды шаппақшы болды. Тек қана бергі жақ емес, астыртын хабарласып арғы беттегі ауылдарда жігіттерін атқа қондырды. Осы жақтағы сарбаздарға бас болған жанағы айтқан Ырғайбай нағашым еді. Атқа қонған жігіттер мына Қызылашыда тоғысты. Көпке менде ілестім. Шілде айының орта шені, астымда тұрпаты келіскен құла атым, қолымда шиті мылтығым, тақымда ақтабан қайын сойыл. Ертеңінде Ырғайбай келеді деп абыр-сабыр болдық. Айтқанындай жанында 3-4 нөкері бар нағашымда келді. Біз жүз қаралы жігіт тізіліп сапқа тұрдық. Бір уақытта нағашымның нөкерлерінің бірі дауыстап «бір атадан жалғыз азаматтар бар ма арамызда, алға шықсын» деді. Ойымда түк жоқ, 3-4 жігіт алға шықтық. Мені көрген нағашым жаныма келіп «Сен мұнда нағып жүрсін, Мерекенің төккен көз-жасы аз болды ма» деп маған шуқшыды. Атын шұғыл бұрып нөкерлердің қатарына барып тұрды. Бағана дауыстаған жігіт тағыда алға шығып, бізге қарап «Сен төртеуің үйге қайтасындар. Алдағы жорық оңай болмайды, қан төгіледі, басқа да қайтам деушілер болса қарсылық жоқ» деді. Негізгі топтан ешкім бөлініп шықпады. Нағашым топтың басына шығып атын жолға салды. Арттарынан менде ілестім. Нағашымда байқап қалған екен, бұрылып қасыма келіп: «Қайт кері» деп, зекірді. Мен бөгеленкіреп барып, олар алдағы белегірден аса бергенде сондарынан тағы да жүрдім. Тағы да нағашымның көзіне түстім. Жарықтық атынын басын шұғыл бұрып маған қарсы жүрді. Жанаса бере қамшысын сәл ғана көтеріп сермеп қалды. Ар жағының не болғанын білмеймін. Бір уақытта көзімді ашсам жарықтық тарам-тарам сақалынан көз-жасы сорғалап үстіме төніп отыр екен. «Қарағымай, қолым батып кеттіме» деп, мандайымнан сипай береді. Сенделектеп әрең тұрдым. Жорыққа бару қайда, сүйретіліп атқа зорға міндім. Құлаштап соқса не болар еді деп ойлаймын күні бүгін, қақ бөліп тастар ма еді. Ол кезде менің Сарбас балуан деген дабрайған атым бар, нағашымның сексенді алқымдап қалған кезі. Ал жалғызды жауға салмау бұрыннан келе жатқан дәстүр екен. Мен мұны кейін ұғындым.

Осы Ырғайбай нағашым тұралы Белгі батырдан естіген тағы бір әнгімені айтып берейін деп атам сөзін сабақтады. Нағашымның жастау кезі болса керек Қозы Көрпеш –Баян Сұлуда айтылатын Аягөз жаққа жол түскен екен. Өзіне , астындағы атына сенімді жігіт жолға жалғыз шығыпты. Шіліктіден өтіп, төтелей жүріп үшінші қонақта кеш құрым бір ауқатты ауылдың шетіне ілінеді. Ат әбзелі келіскен, жақсы киінген, жүзі сұсты жалғыз жүргінші ауыл ортасындағы үлкен ақ үйге таяп келіп аттан түседі. Қызметші жігіт атты мамағашқа байлап қонақты үйге бастайды. Сәлем беріп үйге енсе, киіз үйдің төрінде бір салиқалы ақсақал мен, 2-3 жігіт ағасы әңгіме дүкен құрып отыр екен. Көшпелі қазақ қонақты жатсынғанба, нағашым сол үйде түнемеге қалыпты. Ертесінде ақсақалға рахметін айтып, жол қамына кіріскенде үй иесі «Қарағым, барар жолың әлі алыс екен, тез жетсем деген ойынды түсінемін. Сол жаққа қарай осы арадан екі жол бар. Соның қысқа жолында біздің ауылдың түйелері жатыр. Өзің білесің, қазір бураның шабынып жүрген кезі. Сол табында бір қара бура бар, мақұлық жануар жазатайым қылып жүрмесін. Сондықтан айланба жолмен жүргенің дұрыс. Барар жеріне біраз кешігіп барарсың, бірақ қауіпсіз боласың» депті. Нағашым не ия, не жоқ демей атқа қонады. Жастығы ғой, ауылдан шыққан соң атының басын тұра жолға бұрыпты. Түс әлетінде жазықтың ортасында сортаңда жатқан түйелерді көреді. Жол да сол түсті маңайлап өтеді екен. Табынды жанай өте бергенде бір қара бөлініп шығып, алдымен екі өркешін соғып, одан кейін жерге шөгіп, кеудесін топыраққа үйкеп алып тұра ұмтылыпты. Нағашым да атына қамшы басады. Сәлден кейін байқаса екі ара алыстамай жақындай түскенін көреді. Атты қинап арам тер болып қашқаннан түк шықпасын сезген ол атын тежейді. Сол кезде бура да келіп жетіп аттын құйрығына ауыз салады. Нағашым қиғаштай беріп қамшымен бір тартып артына қарамастан желген күйі ұзай береді.

Ол кісіден соң іле –шала шыққан түйеші, қара жолдың шетінде басы қақ айырылып жатқан бураның үстінен түседі. Дереу ауылға хабар беріп, қара бураны қылышпен шауып кетіпті деп шу көтереді. Ауыл ағасы жедел құғыншы шығарады. Ертеңінде тәңертең жолай бір ауылда еру болып, аттанғалы жатқан нағашымды қуып жетіп, байдың бұйрығы бойынша оны ол кісінің алдына апаратындықтарын, көнбесе күшпен жеткізетіндіктерін айтады. Ырғайбай нағашым ешқайда қашпайтынын, жұмысы бітіп қайтарда сол ауылға міндетті түрде соғатынын айтып, көндірмекші болады. Бірақ құғыншылар айтқандарынан қайтпай күшке сала бастайды. Ашуға мінген нағашым екеуін бір-бір тартып сұлатып, үшіншісіне ақсақалға сәлем де, мен қайтарда соғам деп, жүріп кетіпті. Аягөз жақта шаруасын аяқтап айтқан күні өзі қонып кеткенауылға ат басын тірейді. Байқаса ауылдың жігіттерінің көбі ат үстінде. Сойылдары киіз үйге сүйеулі, нағашымды тосып отырғанға ұқсайды. Сәлем салып үйге кірсе, төр алдында тас түйін боп ақсақал отыр екен. Нағашым кіре сап сөз бастайды. «Ақсақал алдынызда айыптымын, тіліңізді алмай тура кеткен едім. Атыма сенгенмін, бірақ қара бура адымымды аштырмады. Жан сақтау үшін қамшы көтеруге тұра келді- дегенде, үй иесі « Қайдағы қамшы. Жануардың басын қылышпен шауып кетіпсін» дейді. Нағашым сол кезде оң тізесімен басып отырған, өзегіне қорғасын салып өрген дойыр қамшысын шығарып «Отағасы, мен осы жасқа дейін қолыма мынадан басқа қару алған емеспін. Сенбесеніз сынап көріңіз » депті. Бай орнынан турып есікке беттейді. Нағашым ере шығады. Жана үйге кіргенде байқап қалған екен, сүйреткімен алып келіп қараша үйге теріге оралған ірі-қараның етін түсіріп жатқанын. Артынан біледі сүзісіп жардан құлап пышаққа ілінген біржарым жасар бұқаша екенін. Есік алдына шыққанда ас үйдің қызметкерлері ірі-қараның басын үйтіп жатыр екен дейді. Ақсақал жақындап барып: «Әкел бермен» деп әмір береді. Жартылай үйтілген өгізшенің басын нағашым екеуінің алдына әкеліп жерге қояды. Ауыл иесі нағашыма қарайды. Ол кісі ойланбастан қамшымен бірақ тартып басты қақ жарып тастапты. Ақсақал анталаған ауыл азаматтарына қарап «Тараңдар, шаруаларыңмен айналысындар» деп, нағашыма бұрылып «төрлет»- деген екен. Нағашым сол ауылда тағыда бір-ер күн еру болыпты. Қамшыгерді көреміз деп келгендерге сан болмапты.

Белгі атам айтатын «Ырғайбай ауылға келген соң Қара бураның өтеуіне тандамалы, бес бесті жіберді» деп.

«Міне балалар, бұрынғының адамдары бөлек болған. Қамшыгер болмақ түгіл қамшының өзін көрмей өсер кейінгі ұрпақ. Менің бұл айтқандарыма нана қояр ма екен» деп, әңгімені аяқтаған еді.

Наши рекомендации