Баға жүйесі және экономикалық тиімділік

Біз әрқашан экономика саласында Үкімет қабылдаған шешімдердің ықпалында боламыз. Мұны салық төлегенде әсіресе қатты сезініп түсінеміз. Табыс салығы, мүлік салығы, коммуналдық төлемдер, әлеуметтік сақтандыру төлемдері табыстың айтарлықтай үлесін құрайды. Капитал иелері болса корпорация пайдасынан, мұрагерліктен және капитал түсімдерінен салық төлейді. Тұрғындардың белгілі топтары бюджеттен бөлінген трансферттік төлемдер ретінде қосымша табыс алады. Бұл, айталық, үкіметтің әлеуметтік қорғау бағдарламасы болуы мүмкін. Жұмысшылардың ауқымды топтары мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарда жұмыс істейді немесе мемлекеттің тапсырмасы бойынша өнім өндіреді, олардың еңбек ақысын үкімет төлейді. Тұрғындар жергілікті немесе қалалық бюджет есебіндегі қоғамдық игіліктерді күнделікті пайдаланады. Адамдар табиғи ресурстарды пайдалану саясатына көңіл бөліп, қоршаған ортаның экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдіреді.

Белсенді экономикалық іс-әрекеттердің көбі бағаны бәсекелік күштер анықтайтын жеке нарықтарда жүреді. Осылай нарықпен анықталған бағалар негізінде ресурстар бөлінеді. Еркін нарықпен анықталған бағалар негізінде реттелетін экономикалық белсенділік жүйесі баға жүйесі немесе нарық жүйесі деп аталады. Еркін бәсекелі баға жүйесі ресурстарды тиімді пайдалану тенденциясын қалыптастырады: бұл пікір осы күнгі экономикалық теориялардың негізгі түйіні болып саналады. Нарық пен баға жүйесі экономика ресурстарын тұтынушылар жоғары бағалайтындай әдіспен пайдалануға ынталандырады. Бәсекелік баға жүйесі ресурстардың тиімді бөлініп орналастырылуын қамтамасыз етеді, ал бұл экономиканың өндірістік мүмкіндігіне қызмет атқаратынын білдіреді. Белгілі жағдайда жеке нарықтар бәсеке болғанның өзінде тиімді қызмет атқара алмайды. Бұл жағдайларға қоғамдық тауарлар және сыртқы әсерлер жатады.

Өндірістің тиімді болмауы қоғамдық шығындардың өсуіне және тұрмыс деңгейінің төмендеуін қалыптастырады. Экономикада технологиялық тиімділік және экономикалық тиімділік деген ұғымдар бар, оларды ажырата білу керек. Технологиялық тиімділік – бұл өндірістен өнімнің ең жоғарғы көлемде шығарылуы. Экономикалық тиімділік – неғұрлым аз өндіріс шығындарының негізінде өндірілген өнім көлемі. Оптималды өндіріс көлемі ең тиімді түрде минималды деңгейде шығын жұмсап өндірілген өнім көлемін білдіреді. Толық бәсекелі нарық өндіріс мүмкіншілігінің шегінде қызмет атқарады.

Егер экономикада ресурстар дұрыс емес, яғни тиімді бөлінген болса, онда өндіріліп шығарылған жиынтық ұлттық өнім көлемі оның мүмкін болатын оптималды көлемінен кем болады. Экономикада ресурстар дұрыс, яғни тиімді бөлінсе, онда өндірілген ЖҰӨ-нің көлемі оптималды болады. Қоғамда ресурстар тиімсіз бөлінсе, онда тұрғындардың тұрмыс деңгейін кемітеді, қоғамдық шығындарды қалыптастырады.

Қоғамдық шығын дегеніміз – бұл қоғамның жоғалтқан, ала алмаған, бірақ алуы мүмкін болған қосымша табысы. Енді осы алынбаған табыстың орнын толтыру үшін қоғамда нақты түрде бюджеттен қаржы жұмсауға мәжбүр болады. Сонда есептелмеген, түспеген табыстың үстіне нақты шығын қосылады.

Ресурстар тиімді бөлінген жағдайда қалыптасқан тұрмыс деңгейі /тиімді тұрмыс деңгейі/ деп аталады. Бәсекелі нарық, немесе баға жүйесі, егер бұл жүйеде қоғамдық өнімдер және қосалқы нәтижелер болмаса ғана өндіріс ресурстарын тиімді бөле алады.

Қоғамдық өнім деген не? /Қоғамдық өнім/ деген ұғым мемлекет арқылы өндірілген материалдық өнімді ғана білдіре бермейді. Қоғамдық өнімнің 2 сипаттамалық белгісі бар: Қоғамдық өнімді сату, тауарға айналдыру мүмкін емес. Қоғамдық өнімді жекешелендіріп, нарық арқылы тұтынудан ажыратуға болмайды. Тауар түріндегі өнімді тұтыну үшін, оны алдымен сатып алу қажет. Ал қоғамдық өнімді сатып алмай да пайдалануға болады. Жеке меншікке негізделген, пайда алуға бағытталған бизнес фирмалар үшін қоғамдық өнімді өндіру тиімсіз болады. Қоғамдық өнім қоғамға өте қажет. Қоғамдық пайдасы жоғары болса да, жеке экономика секторы үшін ол шығыннан басқа ештеңе бермейді. Қоғамдық өнім қоғамға, қоғам мүшелеріне пайдалы болғандықтан, оларды жеткілікті мөлшерде өндіру үшін ресурстар бөлу қажет болады. Нарық жүйесі өндіріс ресурстарын нарық заңдарына сәйкес бөледі. Бәсекелік баға жүйесі ресурстарды нарық заңдарына сәйкес бөледі. Бәсекелік баға жүйесі ресурстарды тауар өндірісіне бөледі, қоғамдық өнімдерге бөлмейді. Нәтижесінде тұрғындардың тұрмыс жағдайы төмендейді.

Қоғамдық таңдау теориясы деп - мемлекеттің экономикалық-саяси билік жүргізетін әр-түрлі құрылымдарының экономикалық шешім қабылдау принциптері мен шешім қабылдау механизімін түсіндіреді.

Қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес қандай өнім және қанша мөлшерде өндіру қажет? Бюджетке түскен қаржы ресурстарын қалай бөліп орналастыру қажет? Осы және басқа да осындай мәселелерді мемлекеттің билік жүргізетін құрылымдары шешеді. Мемлекеттің билік жүргізетін құрылымдарына қоғам мүшелерінің атынан сайланған және тағайындалған өкілеттік өкілдер – мысалы депутаттар – дауыс беру арқылы орта келісімге келіп, заң түрінде белгілі бір саяси-экономикалық мәселені бекітеді. Мемлекеттің бюджет саясатын жасауы және бекітуі, бюджетті заң түрінде қабылдау процедурасы оның ішкі мазмұны мен жалпы қисыны осы айтылған тандау теориясымен түсіндіріледі екен.

Бұл жерде енді анықталатын мәселе – дауыс беру арқылы саяси-экономикалық шешім қабылдау әдісі ресурстарды тиімді бөлу принципін қаншалықты іске асыра алатыны, макроэкономикалық деңгейдегі тиімділік мәселесін қалай шеше алатындығы.

Наши рекомендации