Ырықтықтың орынында еңбекті ұйымдастыру
Қой қырқудағы басты міндет - жүнді бүлдірмей, шашпай, толық жинап, белгіленген талапқа сәйкес сорттап, жоғары бағамен сату. Бұл жұмыстар мерзімінен бұрын да, кеш те емес, дер кезінде орындалуы тиіс. Сондықтан қырқу орынын білгір маман, жауапкершілігі жоғары адам басқару керек. Қырықтық орнында ең алдымен есеп жұмысы дұрыс жолға қойылуы тиіс. Мұнда тек қырқылған жүннің мөлшерін ғана есепке алып қоймай, оның қай топқа жататынын, ақаулығы мен ластығын, топтарын әрбір отар бойынша анықтаған жөн. Қырықтықшылар арасында жүнді қысқа етіп екі рет қырқуды, қойдың терісін көбірек жарақаттап, шала қырқуы сияқты жауапкершіліксіздіктердің барлығы еңбек өлшеуі ретінде ескерілуі керек. Бұл үшін қырықтық пунктінде әр қырықтықшының қырыққан қойларын бөлек қамайтын загондар болуы керек. Отар қырқылып болған уақытта жұмыстың сапасын анықтайтын топ әр қырықтықшы бойынша қорытынды жасап, оны жазбаша түрінде еңбек ақы төлейтін адамның қолына береді.
Қазіргі талаптарға сай, әрбір қой шаруашылығында шебер қырықтықшылар, қайрақшылар, жіктеушілер болуымен қатар, жүннің таза, шығымын есептейтін қажетті аспаптар, керекті құралдар (жүн баламалары, суреттер), тағы басқа жабдықтар болуы тиіс.
Қырықтық орынында қой отарлары қандай кезекпен келуінің де мәні бар. Алдымен қылшық және ұяң жүнді қойлар қырқылуы тиіс. Себебі қойлар жеңіл қырқылады, жас қырықтықшылар қырқып қолдарын жаттықтырады. Ересек қойдан бұрын тоқтылар, бойдақ қойлар, ақырында саулықтар мен қошқарлар қырқылады. Ауру, қотыр қойлар ең соңында бөлек қырқылады.
Шаруашылықта арнайы жобамен салынған механикаландырылған қой қырқатын пункт болуы тиіс. Оның жанында (алшақ емес жерде) жаңбыр жауған уақытта қырқылмаған қойларды қамайтын жабық қоралар болғаны дұрыс. Қой қырқу науқанын өткізу жоспары күні бұрын жасалып, өндірістік кеңесте қаралып, талқыланып, кемшіліктері болса түзетіп алу керек.
Елімізде қырықтықшылар даярлайтын арнаулы оқу орны болса, әрбір шаруашылық өздерінің пункттерінде тәжірибелі қырықтықшыларды пайдалана отырып, жылма-жыл жас қырықтықшыларды әзірлеп, тұрақты маман қатарын толықтырып отырғаны жөн болар еді.
Қырықтықшыларға қойылатын талап - қой қырқудың озық әдістерін меңгеріп, теріні кеспей, жүнді тегіс, әрі таза, жабағыны жұлмай, үзбей қырқа білуі тиіс. Әрбір қырықтықшының қырқу машинасының кемістігін түзеп, бөлшектеп, оны құрастыра білуге тиіс.
Қой қырқудың озат әдістері, Орынборлық және қазақша қырқу. Бұл тәсілдер өнімді және әдейі үстел қырқуды керек етпейді. Қойдың аяқтары байланбай, оны еденге отырғызып, не жатқызып қырқады.
Қазақша қой қырқудың әдісінің тәртібі мынадай: қырықтықшы қойды сол жақ бүйіріне жатқызады да, оң аяғымен қойдың артқы сирақтарын басып тұрып, ал сол қолмен алдыңғы сирақтарын басады да, бауыр және шап, қолтық жүндерін қырқып алады. Содан соң қойды оң жақ бүйіріне жатқызып, қырықтықты құйрығынан бастап иығына дейін және артқы сирағынан мойнына дейін жүргізе отырып, сол жақ бүйіріне дейін қырқып алады. Әрі қарай арқа тұсын, сонан соң мойнының сол жағын қырқа бастайды. Осыдан кейін қырықтықшы қойдың басын сәл көтеріп тұрып мойын жүнін, артынша қойдың басын екі аяғымен қысып тұрып, құйрығын қырқады. Осылай қазақша әдіспен қойдың жүні жақсы да таза қырқылады (14 – сурет).
14 – сурет. Қой қырқу әдісі
Қой қырқудың орынборлық әдісі Жаңа Зеландиялық әдіске ұқсас. Бұл әдіспен қой қырқу төмендегі ретпен орындалады.
1. Қырықтықшы қораға кіріп, қойды мойнынан ұстайды да, тік көтеріп, артқы аяғымен жүргізе отырып, қырқатын орынға алып келеді.
2. Қойды құйымшағынан шоқитып отырғызады. Сол қолын кеудесіне тіреп қойдың алдыңғы аяқтарын ұстайды, содан соң төсінен бастап шабына дейін бауыр жүнін қырқады.
3. Қойдың отырған қалпын өзгертпей, қырықтықшы оң жақ тізесімен қойды сәл шалқайтады да, бауыр жүнін төмен қарай және көлденең қырқады.
4. Қырықтықшы сол қолын босату және қойды ұстап тұру үшін қойдың алдыңғы аяқтарын тақымына қысып алады. Қажет болған жағдайда қойдың артқы сирақтарын жазу үшін, сол қолымен буындарын басады. Алдымен оң жақ сирағының, содан соң сол жақ сирақтарының арасында жүнді машинкамен тұяққа қарай жүргізе қырқады.
5. Қырықтықшы қойды оң жақ бүйіріне аунатып түсіреді де, оң жақ тақымына қойдың алдыңғы оң аяғын қысып алады, содан кейін сол жақ аяғының үстіңгі жағын тұяқтан бастап қыр арқаға дейін машинкамен 5-6 рет жүргізіп өтеді, сонымен бұл жерлерді бітіреді.
6. Қырықтықшы қойды етпетінен жатқызып, сол жақ құлағынан тартып тұрады да, тұмсығынан шүйдеге қарай машинкамен 2-3 рет жүргізіп, бас жүнін қырқып бітіреді.
7. Қырықтықшы сол аяғын қойдың артқы сол аяғынан тақап тұрып, сол қолмен қойдың тұмсығын көтереді де, көлденеңінен жатқызып, тізесімен басып тұқыртып тұрады. Ол мойын жүнін қырқуды төсінен жоғары қарай бастайды да, машинканы алдымен оң жақ мойнына қарай жүргізеді, сөйтіп келесі тәсілге әзірленеді.
8. Қырықтықшы сол қолымен қойдың жағынан ұстап тұрып, оның басын тік көтереді де, сол жақ тізесін қояды, содан соң төсінен жаққа (басының жағы) қарай тұйық жүріс жасайды, әрі қарай оң және сол жақтарын екі-үш рет жүргізіп өтеді. Осыдан кейін мойнының төменгі тұсынан сол жақ ұртынан қарай машинканы үш рет жүргізеді.
9. Қырықтықшы қойдың сол құлағынан ұстап тұрып, оның басын сәл бұрады да, машинканы жүргізе отырып, жақ, құлақ жүндерін қырқады.
10. Қырықтықшы сол жақ шынтағымен қойдың басын тізесіне тіреп тұрып, оң жақ аяқтың иық тұсындағы жүнді қырқып түсіреді. Мұнда машинканы тұяқтан бастап, иыққа қарай жүргізеді. Жұмыс істеуге ыңғайлырақ болу үшін сол аяғын сәл артқа таман қояды. Содан соң машинканы 2-3 рет жүргізіп, иықтағы қалған жүнді қырқып алады. Бұл кезде қойды шоқитып отырғызып, кейінен бірте-бірте жатқыза бастайды.
11. Қырықтықшы қойды оң жақ бүйіріне жатқызып, сол жақ тізесімен қойдың ішін, онша салмақ түсірмей, тіреп тұрады. Осыдан кейін машинканы шаптан иыққа қарай жылжытып, сол жақ бүйірін қырқа бастайды. Жүн қырқылған сайын бірте-бірте аунатып тұрады. Қырықтықты оң аяғымен қойдың сауырына тіреп тұрып, сол қолымен оның басын ұстап тұрады да, қойдың сол жақ кеудесін қырқуды жалғастырады.
12. Қырықтықшы қойды оң жақ бүйіріне қаратып, сол қолымен оның басын ұстап тұрады да машинканы әрлі-берлі көлденеңінен жүргізіп, оң жақ шекесін, содан соң мойнының оң жағын қырқады.
13. Қырықтықшы қойды бірте-бірте жоғары көтеріп, қайтадан құйымшағына шоқитып отырғызады. Қойдың басын екі тізесімен қысып тұрып, шоқтығын, содан кеудесіне қарай жүргізіп, жауырыны мен оң жақ аяғының сыртын, кеудесін және алдыңғы аяғының ішкі жағын қырқады.
14. Қырықтықшы қой қырқу қайшыны 3-4 рет иықтан төмен қарай, содан соң шаптан тірсек буынына қарай жүргізіп, оң жақ санының жүнін қырқады. Әрі қарай құйрық жүнін қырқып бітіреді де, қырықтықшы машинканы тоқтатады. Ал қырқылып болған қойды өзінің загонына жібереді. Қырқылып алынған жүнді жайлап сілкіп, мұқият орайды да жүн тасушыға береді. Өзі келесі қойды қырқуға кіріседі.