ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы
Қазақтардың шаруашылығында түрлі қолөнер де ерекше орын алды. Тері өңдеу, оқ-дәрі жасау, ағаш немесе сүйектен, темірден түрлі заттар жасау дами түсті. Әсіресе, киіз үйдің кереге, уық, шаңырағын жасайтын шеберлер ерекше бағаланды. Қазақтар үй шаруашылығына керекті шалғы, соқа, орақ сияқты кейбір заттарды темірден жасаған. Зергерлер күмістен түрлі әшекей бұйымдар жасап отырған. Суық қарудың барлық түрлерін, мылтықты да жасай білген. Қазақ әйелдері текемет, киіз, сырмақ, тұмақтар, тондар, аяқ киім т.б. заттарды керемет жасаған.
Ұсталардың күмістен және теріден жасалған заттары ішкі базарларда сатылып немесе өздерінің шаруашылығына қажетті заттарды көрші елдермен айырбас жасады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресеймен айырбас сауда қатынасы дамыды. Сауданың негізгі тіректері Орынбор, Троицк, Петропавловск бекінісі, Пресногорьковск, Омбы, Семей және Орал болды. Ресейдің қазақтармен сауда қатынасы орыс тілін білетін саудагерлер немесе татар көпестерінің көмегі арқылы жүрді. Ішке тауар әкелу сыртқа тауар шығарудан басым болды. Сыртқа: мал және сүт өнімдері шығарылса, өздеріне қант, темекі, ыдыс-аяқ, шай, дәрі-дәрмек және т.б. заттар алып отырды.
Жергілікті өнеркәсіп орындары (диірмен, ұстахана, кен қорытатын фабрикалар), кәсіпшіліктер (тұз өндіру, балық аулау т.б.) қалыптаса бастады. Кен-завод ісі дамыды, мысалы, қорғасын, күміс, тас көмір өндірілді. XIX ғ орта шенінде 209 кен орны ашылды (олардың тек біразы ғана пайдаланылды). Кәсіп іздеген адамдардың уақытша қалаларға кетуі өріс алды.
Біртіндеп ішкі сауда дами бастады, бірақ ол негізінен айырбас түрінде болды. Айырбас саудасы тек қана рулар арасында ғана емес қазақ жүздерінің арасында да жүрді, ал кей жерлерде ақшаға да сауда жасалды.Айырбас сауданың дамуы барысында Қазақстанда несие сауда қатынасы кең қанат алды. Көпестер мен Сібір казактары заттарды қазақтарға несиеге әкеліп беріп, көп жағдайда оларды алдап кетіп отырды. Қазақтар арасында арнайы сауда серіктестіктерін құрып, жоғары өсіммен несиеге ақша беріп отырған арнайы саудагерлер де пайда болды.
Ақша-тауар қатынасының дамуы кедей-батрақтардың пайда болуына әкелді. Ақша табуға жұмысқа кеткен көптеген қазақтар балық аулаумен айналысты, шеп бойындағы бай тұрғындарға жалданып түрлі жұмыстар істеді. Қазақтардың тек аз бөлігі ғана тау-кен өндірістерінде (Баянауыл таскөмір өндіру, Қарқаралы қорғасын, т.б.) жұмыс істеді. Шеп бойындағы орыс шаруашылығына жалданған қазақтардың жағдайы өте нашар болды, олар көп жағдайда еңбек ақыларын да дұрыс ала алмай, өз қожайындарының қанауына түсті.
ХІХ ғасырдың басында ру басшылары мен сұлтандар рудың жақсы қыстауымен және шабындық жерлерін пайдалану құқықтарымен ғана шектелмей жеке иеліктерді де басып алуға кірісті. Жақсы қауымдық жерлерді тартып алумен патша өкіметі де айналысты. Мұның бәрі қазақ руларының дәстүрлі қалыптасқан көшіп-қону жолдарының бұзылуына әкелді, бұл дәстүрлі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырап, жайылымдық жерлердің құлдырап, шаруашылық құрылымының өзгеруіне себеп болды. Қарапайым қазақтар салық төлеуге міндеттелді. Егінді жерлерден «үшір” (жиналған өнімнің 10-нан бір бөлігі) салығын, «зекет» (жиналған малдың 40-шы бөлігі) ханға берілетін болған. ХІХ ғасырға дейін зекет жинау құқығы тек ханда ғана болса, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында хандық билік жойылған соң сұлтандар мен билер жинайтын болды. ХІХ ғасырдың І жартысында осы екі салық түрі жиі жиналып тұруы және олар міндетті болды. Оған кейін мал шаруашылығына міндеткерліктер «соғым» және «сыбаға» т.б. сипаттағы салықтар қосылды.
Үстемдік етуші топқа мұсылмандықтың өкілдері қожалар мен молдалар да кірді, қожалар өздерін Мұхаммедтен тараған бірінші ұрпақтың тұқымдарымыз деп есептеді. Олар рухани лауазымның өкілдері ретінде салықтан босатылды және тек сұлтандар сотына тартылатын болды.Мұндай артықшылықтарды тархандар да иеленді. Бұл атақты ХІХ ғасырда олардың мемлекет алдындағы ерекше қызметі үшін Ресей өкіметі мен Ішкі Ордада – хан беретін болды.
Қазақ қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орынға ие болған топтың бірі батырлар болды. Алғашқыда батырлар тайпалар мен рулардың әскер басшылары болса, кейін жоңғарлармен және Орта Азиялық жаулаушылармен болған күресте батырлардың әлеуметтік рөлі ерекше жоғарылап ру ақсақалдары деңгейіне көтерілді. Ш.Уәлиханов: “Батырлар - қазақтарда рубасы сұлтандардан кейін атақты әрі маңызды адам ”, - деп көрсетеді.