Экономикасы мен мәдениеті. Жоспар: 1. Қалалардың дамуы.

Жоспар: 1. Қалалардың дамуы.

2. Қолөнер, керуен жолдары, сауда және ақша айналымы.

3. Фольклор. Ауызша жеке поэзия.


Әдебиеттер:

1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.

2. Байпаков К., Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан. Алматы, 1992.

3. Байпаков К.М. Средневековая культура Южного Казахстана и Семиречья. Алма-Ата, 1986.

4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.

5. Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома Рубрука. Алматы, 1993.


Әдістемелік нұсқау:

XIV-XV ғғ. қалалардың жағдайы туралы сұрақ бойынша назар аударылатын басты мәселе – монғол жаулап алуынан кейінгі Қазақстан мен Орта Азия аумағында қалалардың құлдырауы болып табылады. Монғол ұлыстары билеушілерінің қала мәдениеті мен отырықшы шаруашылықты дамыту жөніндегі саясатының екі бағытына тоқталу керек. Ақ Орда, Моғолстан мемлекеттерінде XIV-XV ғғ. қала мәдениетінің қайта жандануына әсер еткен экономикалық және саяси факторлар анықталады.

Келесі сұрақ – XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағындағы қалаларда қолөнердің дамуы туралы жазба деректерден гөрі археологиялық зерттеу жұмыстары материалдарына сүйене отырып түсіндіріледі. Қолөнердің дамуындағы қыш-құмыра ісі, керамика бұйымдарын жасау, мыс және қола бұйымдарын өндіру кәсібі, зергерлік кәсіп, шыны жасау және т.б. түрлері туралы нақтылы мәліметтер келтіріледі. Монғолдар жаулап алуынан кейінгі керуен жолдарының, сауда ісінің дамуына келтірілген зардаптардың көлеміне сипаттама беріледі. Бұл орайда еуропалық саяхатшылар Плано Карпини (ХІІІ ғ.), Гильом Рубрук (ХІІІ ғ.) жазбаларының мәліметтерінен үзінділер келтіруге болады.

Рухани мәдениеттің дамуы мәселесін қарастырғанда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында XIV-XV ғғ. халық ауыз әдебиеті дәстүрінің жетекші орын алғанын ескеру керек. Ауызша әдебиеттегі әдет-ғұрып жырлары, батырлық эпостар, жыраулар мен жыршылар поэзиясы туралы айта келіп, рухани мәдениеттің көрнекті өкілдері – Асан Қайғы, Кетбұға, Қодан ақын, Сыпыра жырау, Қазтуған жырау сияқты тұлғалардың шығармашылығының мазмұнына назар аударылады.

11-семинар. Қазақ халқының қалыптасуы.

Жоспар: 1. «Қазақ» этнонимінің мағынасы.

2. Қазақ халқының этногенезі, қалыптасу кезеңдері.

3. Қазақ жүздері: пайда болуы және этникалық аумағы.
Әдебиеттер:

1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.

2. Абусеитова М.Х. и др. История Казахстана и Центральной Азии. А., 2001.

3. Ақынжанов М.Б. Қазақтың тегі туралы. Алматы, 1957.

4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.

5. Масанов Н.Э. и др. История Казахстана. Народы и культуры. А., 2001.


Әдістемелік нұсқау:

Бірінші сұрақ бойынша «қазақ» атауы алғаш рет кездесетін ортағасырлық деректерді анықтап, олардағы «қазақ» атауының шығуына байланысты пікірлер мен болжамдарға кеңінен сипаттама берілуі қажет. Қазақ атауының шығу тегін б.з.б. І мыңжылдықтың 2-ші жартысында Қазақстан аумағында өмір сүрген «сақ», «каспи» т.б. тайпалардың атымен байланыстыратын Ә. Х. Марғұлан, А.Бернштам, М.Ақынжанов сияқты ғалымдардың тұжырымдары айтылады. Одан кейін, «қазақ» сөзінің мағынасын өз алдына еркін жүрген, ерікті адамдар деп түсіндіретін В. Радлов, Ш. Уәлиханов, М.Х. Дулати, Ш.Құдайбердіұлы, т.б. ғалымдардың тұжырымдарына тоқталу керек.

Семинардың келесі сұрағы бойынша қазақ халқының пайда болуы мен этникалық тарихына байланысты бірнеше ғылыми көзқарастардың бар екендігі назарға алынады. Біріншіден, этногенетикалық үрдісті сипаттауға қатысты қазақ халқының пайда болуының миграциялық (П. Рычков, С. Броневский, Н. Маев, т.б.) және автохтондық (Я. Гавердовский, С. Толстов, т.б.) тұжырымдары, екіншіден, қазақ халқының этногенезінің аяқталу кезеңі жайлы монғолдарға дейінгі (А. Левшин, Х. Әділгереев, М. Ақынжанов, т.б.), этносаяси (В. Вельяминов-Зернов), өзбек-қазақтық (Ш. Уәлиханов, В. Юдин, т.б.) көзқарастар туралы айтылады. Қазақтардың халық болып қалыптасуына әсер еткен басты факторлар анықталады.

Қазақ жүздерінің пайда болуы мәселесі бойынша ең алдымен «жүз» атауының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, әлеуметтік-экономикалық категория екені түсіндіріледі. Жүздердің пайда болу уақытын, себептерін анықтаумен, олардың тарихын зерттеумен айналысқан Ш.Ш. Уәлиханов, Н.А. Аристов, В.В. Бартольд, М.Вяткин, С. Аманжолов, т.б. ғалымдардың түрлі тұжырымдарына талдау жасалады. Одан кейін қазақтың Ұлы, Орта және Кіші жүздерінің рулық-тайпалық құрамы, ірі тайпалардың қоныстану аймақтары, халқының саны, ұрандары, таңбалары, сондай-ақ олардың Отан қорғаудағы өзіндік функциялары туралы айтылады.

12-семинар. XV–XVI ғасырлардағы Қазақ хандығы.

Жоспар: 1. Қазақ хандығының құрылуы.

2. XVI ғасырдың 1-ші жартысындағы Қазақ хандығы.

3. XVI ғасырдың 2-ші жартысындағы Қазақ хандығы.


Әдебиеттер:

1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.

2. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVI в. А., 1985.

3. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.

4. Материалы по истории Казахских ханств XV–XVIІІ вв. Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. А., 1969.

5. Сұлтанов Т. Қазақ хандығының тарихы. Алматы, 2003.


Әдістемелік нұсқау:

Тарихи деректердегі мәліметтерге сүйеніп, Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісуда құрылған Әбілхайыр хандығының және Моғолстанның XV ғ.-ң 50-60 жж. саяси-әлеуметтік, этникалық жағдайына сипаттама беріледі. Керей мен Жәнібек сұлтандардың төңірегіне топтасқан тайпалардың Әбілхайыр ханның қол астынан бөлініп, Батыс Жетісуға қоныс аударуы Қазақ хандығының құрылуына негіз болғанын айту керек. Моғолстан ханы Есенбұғаның қазақ сұлтандарымен одақ құрып, оларға жер бөліп беруіндегі көздеген саясатының мәні, XV ғ.-ң соңғы ширегіндегі Қазақ хандығының шекарасының кеңеюіне және халық санының өсуіне ықпал еткен саяси-әлеуметтік факторлар анықталады.

Қазақ хандығының XVI ғ.-ң 1-ші жартысындағы саяси жағдайы Бұрындық (1480-1511), Қасым (1511-1521), Тахир (1523-1532) және т.б. қазақ хандарының билік жүргізуімен байланысты қарастырылуы керек. Әсіресе, Қасым ханның Мұхаммед Шайбанимен Сырдария бойындағы қалалар үшін жүргізген күресінің нәтижесінде қазақтар мекендеген негізгі аймақтардың біріктірілуі, Қазақ хандығы мен Моғолстанның арасында тығыз байланыстар орнатылуы, ал Шайбанилер мемлекетімен қарым-қатынастары шиеленіскен күйінде қалғаны туралы айтылады. Одан кейін XV ғ.-ң 20-30 жж. билік жүргізген Тахир, Бұйдаш, Тоғым хандардың тұсында Қазақ хандығының саяси тұрғыдан әлсіреуі, ондағы халық санының азаюы туралы баяндалады.

Семинардың үшінші сұрағы бойынша алдымен XVI ғ.-ң 2-ші жартысында Қазақ хандығының саяси ахуалын нығайтқан Хақназар ханның (1538 (1559)–1580) билік жүргізген кезінде шекараның Ноғай Ордасы есебінен батыс бағытта кеңеюі, Мауараннахрдағы өзбек ханы ІІ Абдаллахпен саяси одақ құруы мәселелері айтылады. Одан кейін Тәуекел ханның (1582–1598) өзбек хандарымен қайта басталған күрестің нәтижесінде Ташкент, Сайрам, Түркістан қалаларының қазақтарға қаратылуы, сондай-ақ Тәуекел ханның Ресей патшалығымен елшіліктер алмасуы (1594, 1595), Қазақ хандығының Орта Азиямен, Сібірмен сауда байланыстарын дамытуы сияқты оқиғаларға көңіл аудару керек.

13-семинар. XVIІ ғасырдағы Қазақ хандығы.

Жоспар: 1. XVII ғ. басындағы саяси жағдай. Есім хан.

2. XVIІ ғ. 30-50 жж. Қазақ хандығының жағдайы.

3. Тәуке хан тұсындағы биліктің нығаюы. «Жеті жарғы».


Әдебиеттер:

1. Абусеитова М.Х. История Казахстана и Центральной Азии. Алматы, 2001.

2. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.

3. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.

4. Материалы по истории Казахских ханств XV–XVIІІ вв. Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. А., 1969.

5. Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи. XVII-XVIII вв. А., 1991.


Әдістемелік нұсқау:

Семинардың бірінші сұрағы бойынша XVII ғ. басында қазақтардың көрші халықтармен белсенді әскери-саяси, сауда және мәдени қатынастарының нығаюы, Қазақ хандығының билеушілері мен Мауараннахрдағы Аштархани әулеті арасында Сырдария бойындағы қалалар үшін жүргізілген соғыстар, Имамкули ханның қазақтарға қарсы 1611, 1613 жылдары жасаған жорықтары туралы айтылады. Сонымен бірге, Мұхаммед ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар» еңбегінде, Әбілғазы Баһадүрдің деректерінде баяндалатын Есім хан (1598-1628) мен Тұрсын Мұхаммед хан (1613-1627) арасындағы алауыздық, 1613-жылы Ташкентте Тұрсын ханның билігінің орнатылуы туралы айта келіп, «Қатаған қырғыны» атауымен тарихта қалған оқиғаның мазмұнын ашқан дұрыс болмақ.

XVII ғ. 30-50 жж. Қазақ хандығының жағдайы мәселесін қарастыру барысында осы кезеңде саяси бытыраңқылықтың күшейіп, орталық биліктің әлсіреуінің орын алғанына тоқталу керек. Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайына сипаттама беріп, Жоңғар хандығының қазақтармен соғыстарының себептеріне, барысына, қазақ ханы Жәңгірдің (1629-1652) тарихи қызметіне назар аудару керек. 1643-жылғы Орбұлақ шайқасының нәтижелері, оның Қазақ хандығының тарихында алатын маңызды орны туралы мәліметтер келтіріледі.

Тәуке ханның (1680-1715) билігі тұсындағы Қазақ хандығының жағдайы туралы айтқанда ішкі қайшылықтарды бәсеңдетіп, саяси шиеленістерді тоқтатуға бағытталған өзгерістердің болғанына тоқталу қажет. Тәуке ханның ел билудегі жүргізген саяси амал-тәсілдерінің ұтымды жақтары, қазақ қоғамындағы билер институты рөлінің артуының себептері анықталады. «Жеті жарғы» әдет-ғұрыптары мен заңдар жинағының құқықтық жүйені қалыптастырудағы маңызды қызметі туралы түсіндіріледі. Тәуке ханның Сібірдегі орыс қалаларына жіберген елшіліктері және оның қазақ-орыс сауда байланыстарының жүргізілуіне тигізген ықпалы жөнінде айту керек.

14-семинар. Қазақтардың ХVI-XVIІ ғғ. әлеуметтік-экономикалық дамуы.

Жоспар: 1. Әлеуметтік топтар мен категорияларға сипаттама.

2. Қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысы.

Әдебиеттер:

1. Абусеитова М.Х. История Казахстана и Центральной Азии. Алматы, 2001.

2. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.

3. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.

4. Масанов Н.Э. и др. История Казахстана. Народы и культуры. А., 2001.

5. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. Алматы, 1997.


Әдістемелік нұсқау:

Семинардың бірінші сұрағы бойынша дайындалу барысында XVI-XVII ғғ. қазақ қоғамындағы әлеуметтік ортаны құраған топтар анықталады. Қазақ хандығының әлеуметтік құрылымы ақсүйектер мен қарасүйектер категорияларын бөлінгені туралы айта келіп, олардың әрқайсысының құрамына тоқталу қажет. Ақсүйектерге жатқызылатын хандардың, сұлтандардың, қожалардың құқықтық мәртебесі туралы нақты мәліметтер (мәселен, «Жеті жарғы» әдет-ғұрыптар мен заңдар жинағының деректеріне сүйеніп) келтіріледі. Хан болып сайлану үшін қажетті шарттарға, ханның құқықтары мен міндеттерінің ауқымына сипаттама беріледі. Содан кейін қарасүйектер категориясына жатқызылатын билер, батырлар, ақсақалдар, бай-шонжарлар, төлеңгіттер, қарапайым малшы және шаруа қауымы, т. б. әлеуметтік топтардың қоғамда атқарған қызметтеріне жан-жақты талдау жасау керек.

Кейінгі орта ғасырлардағы қазақтардың шаруашылығы мәселесіне дайындалу барысында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылықтың – көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығының, отырықшы-егіншілік шаруашылықтың қарастырылып отырған тарихи кезеңде жалғасын тапқанына назар аударылады. Көшпелі мал шаруашылығына тән маусымдық орын ауыстырудың (қыстау, көктеу, жайлау, күздеу) маңыздылығына, табиғи-географиялық жағдайларға байланысты ерекшеліктеріне тоқталу қажет. Орта ғасырлардағы Ибн Рузбихан, әл-Омари, И. Барбаро, Антони Дженкинсон сияқты авторлардың жазба деректеріндегі нақты мәліметтерге сүйене отырып, дәстүрлі шаруашылықтың қазақ халқының тұрмысына әсерін тигізуі, отырықшы аудандардағы егіншілік шаруашылығының даму ерекшеліктері сияқты мәселелер қарастырылады.

15-семинар. Қазақ халқының ХVI-XVIІ ғғ. мәдениеті.

Жоспар: 1. Материалдық мәдениеттің дамуы.

2. Жыраулар мен би-шешендер шығармашылығы.

3. Халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері.

Әдебиеттер:

1. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. Алма-Ата, 1986.

2. Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1992.

3. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.

4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.

5. Масанов Э. А. Очерк истории этнографического изучения казахского народа // Казахи: историко-этнографический очерк. Алматы, 1995.


Әдістемелік нұсқау:

Қазақтардың XVI-XVII ғғ. материалдық мәдениеті туралы сұрақты қарастыру барысында ең алдымен көшпелі және отырықшы аудандар халықтарының шаруашылық дәстүрлеріне байланысты олардың қолданған тұрмыстық бұйымдары, үй-жайлары, материалдық мәдениетінің басқа да үлгілерін жасаудағы ерекшеліктері анықталады. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қала мәдениетінің сәулет өнері ескерткіштеріне археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алынған деректерге сүйнен отырып сипаттама жасалады. Қазақ халқының киіз үйі, шаруашылықта қолданатын заттары, киім-кешектері, қару-жарақтары, т.б. түрлері мен маңызы туралы кең ауқымды мәліметтер келтіру қажет.

Жыраулар мен би-шешендер шығармашылығы мәселесін қарастыру барысында жыраулар поэзиясының өзіндік ерекшелігіне, онда қозғалған тақырыптарға талдау жасалады. XVI-XVII ғғ. қазақ халқының Шалкиіз, Доспамбет, Марғасқа, Ақтамберді, т. б. сияқты жырауларының шығармашылығы туралы нақты материалдар қарастырылып, оның мазмұнымен жан-жақты танысу керек. Жыраулар мен би-шешендер шығармашылығының тарихи оқиғалар бойынша дереккөздер ретіндегі маңыздылығына назар аударған жөн.

Халықтың әдет-құрыптары мен салт-дәстүрлері туралы сұрақ бойынша дайындалғанда, біріншіден, олардың көшпелі мал шаруашылығымен, отбасы-неке қатынастарымен, қоғамның моральдық-әдептік талаптарымен байланысты әр түрлі үлгілері анықталады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының түрлеріне жан-жақты сипаттама бере отырып, олардың мазмұнына, мақсаттарына, сондай-ақ жалпы адамзаттық рухани құндылықтармен байланысты жақтарына ерекше назар аудару керек.

Глоссарий:
Ақсүйек – қазақ қоғамының жоғарғы тобы: хан, сұлтан, бек, билеушілердің өкілдері, әр түрлі дәрежедегі әкімдер мен төрелер, яғни Шыңғыс хан ұрпақтары мен дін иелері саналған қожалар.

Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – ежелгі заманда, түрік халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Ортағасырлық және одан ерте кездегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы.

Албан – қазақ халқын құраған ірі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүздің құрамына енеді. Албанның ұраны – Райымбек, Бәйдібек, таңбасы – дөңгелек.

Алдаспан – батырлар ұстайтын ауыр қылыш.

Арғын – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Орта жүз құрамына енеді. Арғын тайпасының ұраны – Ақжол, таңбасы – «көзтаңба» (оо).

Арыс – 1) рулық жүйеде бір тайпаны құрайтын ірі аталар (алты арыс арғын); 2) бір елдің не бір шаңырақтың тұтқасы болған қажырлы да қадірменді адам.

Атабек – хан, сұлтандардың балаларын тәрбиелеуші әрі олардың қамқоршысы.

Ашина – Түріктердің ежелгі атауы. Ежелгі монғол тіліндегі «шоношино», яғни қасқыр деген сөзге қытайша құрметтілік сипатын білдіретін «а» дыбысы қосылып жасалған термин делінеді. Демек, ашина сөзі қасиетті бөрі мәнін береді.

Аштархани – 1598 жылы Орта Азияда билік еткен Шайбани әулетін алмастырған жаңа әулет.

Әлімұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Қаракесек деп те аталады.

Әмір – шығыс елдеріндегі әскербасылық атақ. Араб тілінен енген бұл әскери дәреже түркі тіліндегі «бек» дәрежесімен сәйкес.

Баж – өңделетін жерге салынатын салық.

Байұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Байұлының құрамына шеркеш, ысық, есентемір, байбақты, беріш, адай, алшын-жаппас, тана, алаша, масқар, таз, қызылқұрт рулары енеді

Балбал – археологиядағы ғұрыптық ескерткіштердің бір түріне байланысты қолданылатын атау. Балбал тас мүсін емес, дұрысында оның жанына тізбектеле қойылатын, сәл ғана өңделген, көбіне өңделмеген кішірек тас бағаналар.

Басқақ – монғол хандарының жаулап алған елдерден алым-салық жинауға және халық санағын жүргізуге тағайындаған адамы.

Батыр (парсыша баһадүр – ержүрек, батыл) – әскери өнерді жақсы меңгерген, жау түсірер ерлігімен аты шыққан адамға берілетін атақ.

Бек – феодалдық иелік қожасы, ру мен тайпа басшысы.

Беклер бегі – ханның арнайы жарлығымен аймақты, ірі тайпаны немесе халықтар тобын басқаратын әскери қызметкер.

Би – әділдігімен, шешендігімен төрелік айту құқығына ие болған беделді адам.

Вакуф – мешіттер мен медреселердің иелігіндегі, сондай-ақ мұсылман дінбасыларына сыйлық ретінде берліген жер.

Гурхан – Қарақытай мемлекеті билеушісінің лауазымы.

Даруға – ортағасырлық қалада алым-салық жинау мен тәртіпті қадағалау істерін басқарған адам.

Дешті Қыпшақ – Қыпшақ даласы, ХІ-ХІІ ғғ. қолданылған географиялық ұғым.

Диуан – мұсылман елдеріндегі әкімшілік және сот істері жөніндегі әкімшілік мекемелер.

«Диуани лұғат ат-түрік»–Махмұд Қашғаридың (ХІ ғ.) түрікше-арабша түсіндірме сөздігі.

Дулу – Батыс Түрік қағанатының негізін құраған он тайпаның бір бөлігі. Дулу одағы бес тайпадан тұрды. Олар Батыс Түрік қағанатындағы Жетісу мен Батыс Жоңғарияны мекендеген.

Жабғу (ябғу) – Оғыз мемлекеті билеушісінің лауазымы.

Жалайыр – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүздің құрамына енеді.

«Жамиғ ат-Тауарих» – Қадырғали Жалайыридың XVII ғ. басында ертедегі қазақ тілінде жазған, 157 беттен тұратын шежірелік еңбегі.

Жарғы– дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жинағының атауы. Ежелгі түркі тіліндегі «иар» – әмір беру, билік айту мағынасындағы сөзден шыққан.

«Жасақ» («Яса») – Шыңғысханның заң ережелері мен қаулы-қарарларының жиынтығы.

«Жеті жарғы» – Тәуке хан билігі кезінде (1680-1715) қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып ережелері мен заңдарының жинағы.

Жетіру – қазақ халқын құраған тайпалар бірлестігінің бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді.

Жүз – бірнеше ұлыстың тайпалар одағы негізінде бірігуі.

Зекет – ғаріп-кемтарларға үлестіру үшін мешіт жинайтын салық. Зекетті кемтар емес мұсылмандар ғана береді.

Ихта – феодалдарға қоластындағы халықтан салық жинау құқығын беретін, шартты түрде берілетін жер үлесі.

Инал – Оғыз мемлекеті билеушісінің мұрагері.

Керей, керейт – қазақ халқын құраған түркі тайпаларының бірі. Қазақ шежіресі бойынша Орта жүз құрамына енеді.

Кесене – діни құрылыс, белгілі адамдардың құрметіне қабір басына тұрғызылған.

Кешіктен – ханның жеке басын қорғайтын жасауыл.

Коммендация – жеке басын қорғағаны үшін феодалдың әміршіге әскери қызмет немесе басқа да жұмыстар атқаруы.

Көк түріктер - Шығыс түрік қағанатының халқы.

Көкілташ – хан мұрагерін тәрбиелеуші ұстаз.

«Күлтегін» жазуы– VIII ғасырдағы көне түрік ескерткіші.

Қаған, қаһан (хандардың ханы, бас хан деген ұғымды білдіреді)– ерте түрік мемлекеттерінің басшысы.

Қалан – монғолдар билігі орнаған жерлерде егіншілерге салынатын салық.

Қара бұдун – Батыс түрік қағанатындағы қарапайым халық.

Қожалар – Орта Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқан әулеттер.

Қонтайшы – Жоңғар хандығындағы ең жоғарғы билеушінің лауазымы.

Қоңырат – Орта жүз құрамындағы тайпа.

Құн – қылмыс жасағаны үшін дүние-мүлік төлеу.

Құрылтай – Шыңғысхан әулетінің басшылығымен өтіп тұрған көшпелі монғол шонжарларының кеңесі.

Қыпшақ – қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған тайпа, орта ғасырларда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.

Мауараннахр – Әмудария өзенінің оң жақ жағалауындағы жердің атауы.

Маңғыттар – Ноғай Ордасындағы ең ықпалды, әрі үлкен тайпа.

Медиавистика – орта ғасырлар, дүние жүзі тарихының ежелгі дүние мен жаңа заман аралығындағы кезеңі. Латын тіліндегі «медиум» – орта, «аевум» – ғасыр деген сөздерінен шыққан.

Миршикар – ханның аң аулау ісін басқарушы.

Музари немесе барзигар – Қарахандар мемлекетінде шаруалардың үлеске алған жерлерінен алынатын алым-салық.

Наиб – Моғолстан мемлекетінде жастайынан сайланған хандарға ақыл беретін жоғары лауазымды кеңесші.

Найман – қазақ халқын құраған түркі тайпаларының бірі. Шежіре бойынша Орта жүзге кіреді. Наймандардың ортақ таңбасы – бақан, ұраны – Қаптағай.

Нушиби – Батыс Түрік қағанатындағы «он оқ тайпаның» бір бөлігі. Нушеби одағы бес тайпадан тұрып, Шу өзенінен Қаратауға дейінгі жерлерде мекендеген.

«Он оқ бұдун» – орхон жазбалары бойынша Батыс түрік қағанатының халқы.

Рабад – ортағасырлық қаланың егін егушілер мен мал өсіруші қарапайым халық тұратын сыртқы бөлігі.

Руна жазуы – түріктердің көне жазуы.

Сал-серілер – ақындық пен әншілік қасиет бойына туа дарыған өнер иелері.

Сахиб-барида – Қарахан мемлекетінде мәліметшілік қызметті қоса атқарған почта бастықтары.

Сойырғал – әскери қызметі үшін мұраға түпкілікті берілетін жер.

Сұлтан – Қазақ хандығында ұлысты басқарған жоғары лауазым иесі.

Сюбашы – Оғыз мемлекетіндегі әскери қолбасшы.

Тағар – әскерді қамтамасыз ету үшін заттай жиналатын салық түрі.

«Тарих-и Рашиди»– Мұхаммед Хайдар Дулатидың (XVI ғ.) Моғолстан мен Қашғарияның XIV ғ. 2-ші жартысы – XVI ғ. аралығындағы тарихы баяндалатын еңбегі.

Теле, телэ – түркі тілдес тайпалар бірлестігінің жалпы атауы. VI-ІХ ғғ. Еділден Солтүстік Монғолияға дейінгі далаларда мекендеген.

«Тоныкөк» жазуы – VIII ғ. түрік тайпаларының көне жазба ескерткіші.

Ұлы Жібек жолы – сауда-керуен жолдарының жалпы атауы; б.з.б. ІІ ғ. – ХVI ғ. аралығында Орта Азия арқылы Қытайды Алдыңғы Азиямен байланыстырды.

Харадж – феодалдық рента, өңделетін жерге салынатын салық.

Цитадель (Қамал) – ортағасырлық қалалардың бекініс құрылыстарымен қоршалған орталық әкімшілік бөлігі.

Шахристан – ортағасырлық қалалардың қолөнершілер, саудагерлер мен жасақшылар мекендейтін бөлігі.

Яғма – орта ғасырларда Іле өзенінің бойында мекендеген түркі тайпасы. Яғмалар Қарахан әулеті мемлекетінің негізін қалауда елеулі рөл атқарды.

Ялавашылар – Қарахан мемлекетінде хақанның тапсырмасын орындайтын елшілер.

Реферат тақырыптары:


Наши рекомендации