Бюджетінің құрамы мен құрылымы


Кестеден көрініп тұрғандай, кірістердің негізін салықтық түсімдер құрайды, ал салықтық түсімдердің негізгі көздері, бұрынғысынша қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы болып табылады. Бюджет кірістерінің басқа көзі – салықтық емес түсімдер,негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер және трансферттер түсімдері.

Қазақстанның республикалық бюджеті 2009 жылы, алдын ала деректер бойынша, 510 миллиард теңге немесе осы жылға жоспарланған ІЖӨ-ге 3,1% тапшылықпен атқарылды. Республикалық бюджетке түскен түсімдер 2 триллион 800 миллиард 322,1 миллион теңгені, шығыстар 3 триллион 311 миллард 268,6 миллион теңгені құрады.

2010 – 2012 жылдарға арналған бюджет туралы заңға сәйкес 2010 жылы республикалық бюджеттің түсімдері 3189,6 миллиард теңге немесе 2009 жылдың жоспарымен салыстырғанда 16,2 пайыздық өсіммен, ал шығыстары 3910,6 миллиард теңге немесе17,9 пайыздық өсіммен айқындалған. Бюджет тапшылығы ІЖӨ-ге шаққанда 4,1 пайыз деңгейінде белгіленген.

Кірістер, бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары, мемле-кеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер, қарыздар бюджеттік түсімдер болып табылады.

Бюджеттің кірістері салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер, трансферттік түсімдер болып табылады. Нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістер нысаналы мақсатқа ие болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданылып жүргендерінің күшін жою немесе оларды өзгерту Салықтық кодекске міндетті түрде өзгерістер немесе толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.

Салықтық түсімдер Салықтық кодексте белгіленген салық-тар мен бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер болып табылады.

Салықтық емес түсімдер – бюджетке төленетін міндетті, қайтарусыз төлемдер, байлаулы гранттар, сондай-ақ трансферт-терден басқа, бюджетке тегін негізде берілетін ақша.

Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті, мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды, мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден, не Қазақстан Республикасы заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен өзге тәсілмен өткізуден, мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан бюджетке түсетін ақшалар болып табылады.

Трансферттердің түсімдері – бұл бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері.

Бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары – бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сонымен бірге заңи тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер бойынша талаптарды қайтаруына байланысты бюджетке түсетін түсімдер.

Қарыздар – мемлекеттік эмисссиялық бағалы қағаздар шығаруға және (немесе) қарыздар келісімшарттарын жасасуға байланысты бюджетке түсетін ақшалай түсімдер.

Мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер – заңи тұлғалардың, соның ішінде мемлекеттік меншіктегі халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге мемлекеттік мүлікті сатудан бюджетке түсетін түсімдер.

Бюджеттің шығындары – қайтарылмайтын негізде бөлінетін бюджеттік қаражаттар. Шығындардың қатаң мақсатты арналымы болады.

Бюджеттік кредиттер – қайтарымдылық, мерзімділік және ақылық негізде бюджеттен бөлінетін ақшалар.

Қаржылық активтерді сатып алу – заңи тұлғалардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестері мен бағалы қағаздарын мемлекеттік меншікке сатып алуға бағытталған бюджеттік қаражаттар.

Қарыздарды өтеу – Қазақстан Республикасы ратификация-лаған мемлекеттік сыртқы қарыздар туралы, сондай-ақ ішкі қарыздар бойынша халықаралық келісімшарттарға сәйкес негізгі борышты өтеуге бағытталған бюджеттік қаражаттар.

Таза бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредиттердің және бюджеттік кредиттерді өтеудің арасындағы айырма ретінде айқындалады. Бюджеттік кредиттеу – бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешім қабылдау рәсімдерін кіріктіретін үдеріс.

Бюджеттік кредиттер берілу мерзіміне қарай мынадай түрлерге бөлінеді: қысқа мерзімді – 1 жылға дейін, орта мерзімді – 1 жылдан 5 жылға дейін, ұзақ мерзімді – 5 жылдан 30 жылға дейін.

Бюджеттік кредитті өтеу деп кредиттік келісімшартқа және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты қарыз алушының өтеуін айтады.

Қаржылық активтермен операциялар:

1) қаржылық активтерді сатып алуды;

2) мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді кіріктіреді.

Қаржылық активтермен операциялар бойынша сальдо қаржылық активтерді сатып алу мен мемлекеттің қаржылық активтерді сатудан түсетін түсімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Қаржылық активтерді сатып алу және мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Бюджет тапшылығы (профициті) кірістер мен шығындар, таза бюджеттік кредиттеу және қажылық активтермен операциялар бойынша сальдо арасындағы айырмаға тең. Теріс белгімен алынған шама – бюджет тапшылығы, оң белгімен алынғаны – бюджет профициті болып табылады.

Бюджет тапшылығын қаржыландыру қарыз алу және бюджеттік қаражаттардың пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабу жолымен қамтамасыз етіледі. Оның көлемі алынған қарыздар сомасының, бюджеттік қаражаттар қалдықтары сомасының қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасынан асып түсуі ретінде айқындалады.

Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәні оң белгімен белгіленеді және бюджет тапшылығының шамасына сәйкес келеді.

Бюджет профицитін пайдалану қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бюджет профицитін, қарыздық қаражаттарды, бюджеттің пайдаланылатын қаражаты бос қалдықтарын жұмсау жолымен жүзеге асырылады. Оның көлемі қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасының алынған қарыздар және бюджеттік қаражаттың пайдаланылатын қалдықтары сомасынан асып түсуі ретінде айқындалады.

Бюджет профицитін пайдалану мәні теріс белгімен белгіленеді және бюджет профицитінің шамасына сәйкес келеді.

Республикалық бюджетің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті) Ұлттық қор түсімдерінен басқа, республикалық бюджет шығыстарын шегеріп тастағандағы республикалық бюджет түсімдерінің сомасына тең.

Мемлекеттік бюжеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған орта мерзімді перспективаға арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаттарын қалыптастыру мен пайдалану тұжырымдамасына сәйкес 2006 жылдан бастап орта мерзімді фискалдық саясат шеңберінде мемлекттік бюджеттің мұнайлық емес кірістері мен шығыстарының жаңа құрылымы көзделді.

Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резевтері республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған шығындарды, олардың тосындығына және ағымдағы қаржы жылында щұғыл қаржыландыруды талап ететіндігіне байланысты қаржыландыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттердің құрамында құрылады. Бұл резервтер: төтенше резервті, шұғыл шығындарға, соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға, облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резервтерді кіріктіреді.

Үкімет резервінің жалпы көлемі республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.

Жергілікті атқарушы орган резервінің жалпы көлемі тиісті жергілікті бюджет түсімдері көлемінің екі пайызынан аспауға тиіс.

Төтенше резерв Қазақстан аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында пайдаланылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резерві Қазақстанның басқа мемлекеттерге ресми гуманитарлық көмек көрсетілуіне де пайдаланылуы мүмкін.

Шұғыл шығындарға арналған резерв Қазақстан Республикасының немесе оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды жою мақсатында пайдаланылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резерві, сондай-ақ оның шешімдерімен айқындалатын өзге де күтілмеген шығындарға пайдаланылуы мүмкін.

Соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерв соттардың шешімдері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемелекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелерін орындауға пайдаланылады.

Резерв құрамында көзделген ақша толық көлемінде пайдала-нылған жағдайда Үкімет немесе жергілікті атқарушы орган қажет болған кезде Парламентке немесе тиісті мәслихатқа тиісті республикалық бюджет туралы заңға немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы Үкімет немесе жергілікті атқарушы орган резервтерінің мөлшерін ұлғайту туралы ұсыныстар енгізеді.

Үкіметтің немесе жергілікті атқарушы органның резервінен бөлінген ақша қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған немесе ішінара пайдаланылған жағдайда, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі бөлінген ақшаның пайдаланылмаған бөлігін ағымдағы қаржы жылының соңына дейін тиісті бюджетке қайтаруды қамтамасыз етеді.

Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Бюджеттік сыныптама

Бюджеттің кірістері мен шығыстарының егжей-тегжейлі тізбесі мен топтамасы бюджеттік сыныптамамен айқындалады. Бірыңғай бюджеттік сыныптама объектілерге топтамалық кодтар бере отырып, функциялық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша бюджеттің түсімдері мен шығыстарын топтастыру болып табылады. Бірыңғай бюджеттік сыныптама мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының жоспарларымен, болжамдарымен және бағдарлама-ларымен, ұйымдар мен мекемелердің қаржы жоспарларымен тығыз байланысты қамтамасыз етеді; дара сметалар мен қаржы жоспарларын жиынтық сметалар мен жоспарларға біріктіруге мүмкіндік береді, бюджет жүйесінің барлық деңгейдегі бюджет-тік көрсеткіштердің үйлесуі мен салыстырымдылығын қамта-масыз етеді.

Бюджеттік үдеріс бірыңғай бюджеттік сыныптама негізінде жүзеге асырылады.

Бірыңғай бюджеттік сыныптама шоғырландырылған бюджет үшін бірыңғай және міндетті әрі республиканың стратегиялық, бағдарламалар мен даму жоспарларының, республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттің теңдестірілімдігіне қол жеткізу мақсатында олардың көрсеткіштер жүйесін үйлестіру құрал-дарының бірі болып табылады.

Бюджеттік сыныптама автоматтандыру құралдарын қолда-нумен басқарудың жоғары оралымдылыққа жету үшін түсімдер мен шығыстарды жан-жақты анық және атаулы жүйелеуге мүмкіндік жасайды.

Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бірыңғай бюджеттік сыныптама қолданылады.

Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

Бірыңғай бюджеттік сыныптама өзіне бюджеттік түсімдердің сыныптамасын, бюджет шығыстарының функциялық және экономикалық сыныптамаларын кіріктіреді.

Бюджеттік түсімдерінің сыныптамасы барлық деңгей-лердегі бюджеттік түсімдердің белгілі бір сипаттамалар бойынша бюджет заңнамасына негізделген топтамасы болып табылады. Бюджеттік түсімдер сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады. Санаттар түсімдерді экономикалық белгілері бойынша топтастыруды көрсетеді. Сыныптар мен кіші сыныптарда түсімдер олардың көздері мен түрлері бойынша топтас-тырылады. Өзіндік ерекшелік бюджетке төлем немесе түсім түрін айқындайды.

Сыныптаманың бөлімшелері кірістерді олардың көздерін көптен-көп бөлшектеу ретінде сипаттайды. Мысалы, салықтық түсімдерде сынып салық тобын, кіші сынып салықтың түрін, өзіндік ерекшелік нақты төлеушіні немесе салық объектін білдіреді.

Бюджет шығыстарының функциялық сыныптамасы функ-циялық және ведомстволық белгілер бойынша бюджеттік қаражаттардың жұмсалу бағыттарын айқындайтын, мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын іске асыруды көрсететін барлық деңгейлер бюджеттері шығыстарының топтамасы болып табылады.

Бюджет шығыстарының функциялық сыныптамасына сәйкес шығыстар төрт деңгейге бөлінеді: функциялық топ, функциялық кіші топ, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар).

Функциялық сыныптама қызмет, шаралар түрлерінің және бюджеттік қатынастар қатысушыларының жазулы сипаттамасы болып көрінеді.

Функциялық топ елдің стратегиялық даму басымдықтарына сай келетін және әрқайсысының айқын мақсатын көрсететін елдің негізгі даму бағыттарын бейнелеп көрсетеді.

Негізгі функциялық топтар бойынша шығыстар былай бөлінеді: жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер, қорғаныс, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот қылмыстық-атқару қызметі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылығы, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік, экономика салалары, борышқа қызмет көрсету, төменгі бюджеттерге трансферттер. Аталған деңгейлердің үйлесуі шығыстардың функциялық сыныптамасының кодын құрады.

Функциялық кіші топ елді дамытудың әрбір стратегиялық басымдығы жөніндегі міндеттер топтарын функциялық топ ішінде нақтылайды.

Бюджет шығыстарының функциялық сыныптамасының негізінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін және бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы қалыптастырылуы мүмкін.

Ведомстволық сыныптама бюджеттік бағдарламалардың, функциялық топтардың және бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) әкімшілері бойынша жасалынды, мысалы, Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі, Парламенттің шаруашылық басқармасы, Премьер-министрдің кеңсесі, облыс-тардың және Алматы мен Астананың әкімдері, министрліктер, комитеттер, агенттіктер, Қазақстан Республикасының басқа ведомстволары мен службалары.

Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бюд-жеттік бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсетілетін экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру болып табылады. Бюджет шығыстарының экономикалық сынып-тамасын топтастыру санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.

Санат ағымдағы шығыстарды, күрделі шығыстарды, кредиттер беруді, қаржыландыруды кіріктіреді. Сынып, кіші сынып және ерекшелік шығыстардың арналымы мен сипатын нақтылайды, мысалы, ағымдағы шығыстарда: тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығыстар – жұмысшылар мен қызметшілердің жалақысы – жұмысшылар мен қызметшілердің негізгі жалақысы.

Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган. Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып бөлінеді.

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі өзіне жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес айқындалады.

Егер бюджеттік бағдарламаның әкімшісі бір мезгілде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі әрі мемлекеттік мекеме болып табылса, ол бюджеттік қаражаттарды дербес пайдаланады.

Облыстық бюджеттік бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері болып табылатын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ішкі істер органдарын қоспағанда, мемлекеттік органдардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бола алмайды.

Орталық атқарушы және өзге орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады.

Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жергілікті мемлекеттік басқарудың тұрпаттық құрылымы негізге алына отырып айқындалады.

Бюджеттік бағдарлама нәтиже көрсеткіштері және бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемі бар мемлекеттік органның стартегиялық жоспарында айқындалған стратегиялық бағыт-тармен, мақсаттармен, міндеттермен, нәтижелер көрсеткіш-терімен өзара байланысқан бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.

Бюджеттік бағдарламаларды олардың әкімшісі әзірлейді және мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының құрамында бекітіледі.

Бюджеттік бағдарламалар стратегиялық жоспарда тұжырым-далған мақсаттар мен міндеттерді шешу үшін қажеттік пен жеткіліктілік қағидаттарына негізделе отырып әзірленеді. Бюджеттік бағдарламалар өзінің мазмұны бойынша мемлекеттік функциялармен, өкілеттіктермен және мемлекеттік қызметтер көрсетумен немесе бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қызметінің бағыттарымен біртекті топталуға тиіс.

Бюджеттік бағдарламада оны іске асыруды бағалау үшін тура және түпкілікті нәтижелердің көрсеткіштері болуы тиіс, сондай-ақ бюджеттік бағдарламада сапа мен тиімділік көрсеткіштерінің болуы мүмкін.

Бюджеттік бағдарлама бюджеттік кіші бағдарламалар үшін де бюджеттік бағдарламаларға арналған нәтижелік көрсеткіштерді қолдану шартымен бюджеттік қаражаттарды жұмсаудың бағыттары нақтыланған кіші бағдарламаларға бөлінуі мүмкін.

Мазмұнына қарай бюджеттік бағдарламалар: мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыруға; трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге; бюджеттік кредиттер беруге; бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға; күрделі шығыстарды жүзеге асыруға; мемлекеттің міндеттемелерін орындауға бағытталған бағдарламалар болып бөлінеді.

Мемлекеттік басқару деңгейіне қарай бюджеттік бағдарламалар республикалық бюджеттің құрамында бектілетін республикалық бағдарла-маларға, облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің құрамында бекітілетін облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бағдарламаларына; аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында бекітілетін аудандық (қалалық) бағдарламаларға; Республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында бекітілетін, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтың бюджеттік бағдарламаларына бөлінеді.

Облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің бюджеттік бағдарламалары жергілікті бюджеттік бағдарламалар болып табылады.

Бюджеттік бағдарламалар іске асыру тәсіліне қарай бір әкімші іске асыратын дара бюджеттік бағдарламаларға, белгілі бір және бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының құрамында бекітілетін және бюджеттік бағдарламалардың әр түрлі әкімшілері арасында ағымдағы қаржы жылы ішінде бөлінуге жататын, бөлінетін бюджеттік бағдарламаларға бөлінеді.

Бюджеттік бағдарламалар біртұтас бюджеттік сыныптаманың құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға және дамудың бюджеттік бағдарламаларына бөлінеді.

Дамудың бюджеттік бағдарламаларына бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары жатады. Бюджеттің қалған шығыс-тары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға жатады.

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі және оған ведомстволық бағыныш тағы ұйымдар мемлекеттік қызметтер стандарттарына сәйкес жеке және мемлекеттік емес заңи тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетеді.

Мемлекеттік қызметтер – Қазақстан Республикасы заңнамалық акті лерімен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген функцияларға, өкілеттіктерге негізделген, бюджеттік қаражаттар есебінен және Ұлттық банк бюджетінен қаржыландырылатын, жеке және заңи тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге және қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, мемлекеттік қызмет тер стандарттарына сәйкес жүзеге асырылатын қызмет.

Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік бағдарла маның құнына олармен байланысты барлық ағымдағы шығыстар кіреді. Мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағытталған бюджеттік бағдарламаның құнын анықтау кезінде мемлекеттік қызметтердің бекітілген стандарттары пайдаланылады.

Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңи тұлғаларға мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және басқа міндеттерді орындауға мемлекет тапсырыс белгілей алады, мұндай тапсырыс мемлекеттік тапсырма деп аталады. Мемлекеттік тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер сақталмай жүзеге асырылады.

Бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау оларды әзірлеу, республикалық және жергілікті бюджеттерді жоспарлау, оларды іске асыру, іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру стадияларында жүзеге асырылады.

Орталық мемлекеттік органдарды және олардың аумақтық бөлімшелерін ұстауға жұмсалатын шығындар Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен бекітілетін штаттық сан лимиті мен Үкімет бекітетін натуралдық нормалар негізінде жоспарланады.

Бюджеттің атқарылуы кезінде функциялық және эконо-микалық сыныптамалардың негізгі бөлімшелерін кіріктіретін тоғыспалы сыныптама түрінде екі сыныптаманың үйлесуі пайдаланылады.

Бюджеттік сыныптама автоматтандыру құралдарын қолдана отырып, басқарудың жоғарғы оралымдығына жету үшін түсімдер мен шығыстарды жан-жақты айқын және атаулы түрде жүйелеуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бюджеттің (бюджеттік бағдарламалардың) шығыс бөлігінің ағымдағы шығыстар (бағдарламалар) бюджетіне және даму бюджетіне бөлінуінің мынадай әлеуметтік-экономикалық мағынасы бар. Ағымдағы бюджетте әлеуметтік қамсыздандырушылықтың қолданыстағы нормалары мен қалыптасқан деңгейінен туындайтын барлық шығыстар шоғырландырылған. Ол бюджетте шоғырландырылатын ақша қорланымдары мен түсімдерінің өсуі есебінен толық баланстанылған. Даму бюджетіне ұлғаймалы ұдайы өндіріспен байланысты инвестициялық және инновациялық қызметті қаржыландыруға қаржы бөлу және басқа шығындар кіріктіріледі. Даму бюджетінде ұлғаймалы ұдайы өндірістің қажеттіліктерімен, жаңа әлеуметтік-экономикалық шараларды орталықтандырылған қаржыландырумен байланысты шығындар кіріктіріледі; даму бюджетінің құрамды бөліктерін талдау мемлекеттің жаңа қосымша шығыстарына неғұрлым сындарлы және аңдап келуге мүмкіндік береді. Бұл жерде мына қағидат дәйекті жүзеге асырылуы тиіс: қажеттіліктерді қатаң нақтылы алынатын, меншікті және қарыздық көздер шегінде қаржыландыру. Даму бюджетінің қарастырылған шығыстарының міндетті сипаты болмауы тиіс және оларды жоғары шек ретінде қарастыру керек, яғни егер бюджеттің атқарылуы барысында табыстар ала алмайтын болса, онда даму бюджетінің шығыстарын қысқартуға тура келеді.

Бюджеттік кодексте бюджеттік инвестициялар – бюджеттен ортақ қаржыландыру шартымен бюджеттік инвестициялық жобаларды, концессиялық жобаларды іске асыру арқылы заңи тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыру және ұлғайту мемлекет активтерін құру есебінен мемлекет активтерінің құнын ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру бөліп қарастырылған. Бюджеттік инвестициялар бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру, концессиялық жобаларды ортақ қаржыландыру мемлекеттің заңи тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Шешілетін міндеттердің маңыздылығы деңгейіне қарай бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобалар республикалық және жергілікті болып бөлінеді.

Бюджеттік инвестициялар бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру, концессиялық жобаларды ортақ қаржыландыру, мемлекеттік заңи тұлға-лардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы жүзеге арылады. Шешілетін міндеттердің маңыздылығы деңгейіне қарай бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобалар республикалық және жергілікті болып бөлінеді.

Инвестициялық ұсыныстарды әзірлеуді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады. Бюджеттік инвестициялық жобаның белгіленген техникалық-экономикалық параметрлерін растау үшін Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген экономикалық және басқа сараптамалар жүргізілуге тиіс, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді.

Үкімет және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының концессиялар* туралы заңнамасына сәйкес концессиялық міндеттемелер қабылдауы мүмкін.

Республикалық бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобаларды орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттің қаражаттары есебінен, жергілікті бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобаларды жергілікті атқарушы органдар іске асырады.

Бюджеттік кодексте сонымен бірге гранттарды – донорлардың (шет мемлекеттер, олардың үкіметтері мен агенттіктері, халықаралық және шетелдік мемлекеттік ұйымдар, қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін шет елдерің үкіметтік емес қоғамдық ұйымдары және қорлары) Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына беретін өтеусіз қаржылық немесе техникалық көмегін қолдану қарастырылған.

Гранттар берілу шарттары бойынша былай бөлінеді:

1) байлаулы гранттар – Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донардан одан ары қарыз алуын немесе байлаулы грантты іске асыруға бағытталған тиісті бюджеттік бағдарламаның шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттерден ортақ қаржыландыруды көздейтін гранттар;

2) байлаусыз гранттар – Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донардан одан ары қарыз алуын немесе республикалық және жергілікті бюджеттерден ортақ қаржыландыру көзделмейтін гранттар.

Байлаулы гранттарды пайдалану жеке бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді және оны байлаулы грант туралы келісімге және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес мемлекеттік ұйымдар – гранттарды алушылар жүзеге асырады.

* Концессия – концеденттің концессионерге мемлекеттік меншікті пайдалану құқығын беруі нәтижесінде мемлекет (концедент) және жекеше заңи немесе жеке тұлға арасында туындайтын қатынастар жүйесі; өзара пайдалы жағдайларда экномиканы дамытуға шақыратын мемлекет және жекеше бизнес арасындағы өзара іс-қимыл мен әріптестік нысаны

Наши рекомендации