Экономикасы мен мәдениеті.
Жоспар: 1. Мал шаруашылығы мен егіншілік.
2. Әлеуметтік-экономикалық қатынастар.
3. Рухани мәдениеттің дамуы.
4. Архитектура мен өнер.
Мал шаруашылығы мен егіншілік. XIV-XV ғғ. мал шаруашылығы Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу халқы шаруашылығының басты саласы болып қалды. Қазақстанда табиғи-географиялық жағдайдың ықпалымен мал шаруашылығының отырықшы, көшпелі және жартылай көшпелі түрлері қалыптасты. Отырықшы мал шаруашылығы Қазақстанның оңтүстігінде, Сырдария мен оның салаларының алқаптарында дамыды. Жартылай көшпелі мал шаруашылығы Қазақстан аумағындағы мал шаруашылығының дәстүрлі түрі болды. Жартылай көшпелілер мал өсірумен қатар ішінара егіншілікпен, мал азығын дайындаумен айналысты; олар көктемгі-жазғы-күзгі көштен кейін қыстайтын орынға қайтып оралатын. Шаруашылықтың бұл түрі Батыс Қазақстанның бірқатар өңірінде, Орталық, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағына кеңінен таралды. Маңғыстаудың қуаң даласын, Арал маңын мекендеген мал өсірушілер жыл бойы мал азығы үшін жайылымнан жайылымға көшіп жүрді.
Монғолдар жаулап алуынан кейін Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда мал шаруашылығының үлесі артып, қала мәдениеті мен егіншіліктің құлдырауы байқалды. XIV-XV ғғ. дала тұрғындарының мал шаруашылығы өнімдерін өткізіп, қолөнер мен егіншілік өнімдеріне сұранымын қанағаттандыруға ұмтылуы Оңтүстік Қазақстанда қала мәдениеті мен егіншілікті қайта жандандырды. Қалалар мен ауыл шаруашылығының қалпына келуіне әсер еткен маңызды фактор – Қазақстанның оңтүстігіндегі көне заманнан бері келе жатқан егіншілік дәстүрі еді.
Әлеуметтік-экономикалық қатынастар. Қарастырылып отырған кезеңде Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттердің қоғамдық құрылысы феодалдық қатынастарға негізделді. Халықтың әлеуметтік құрылымы сословиелік-таптық сипатта болды. Мемлекеттердің жоғарғы билеушілері – хандар, сұлтандар мен оғландар ақсүйектерді құрады. Олар әмірлерден, бектерден, билерден, байлардан тұратын ру-тайпа көсемдеріне арқа сүйеді. Отырықшы және көшпелі қарапайым халық «қараша» деп аталды. Мемлекеттік жерлер Шыңғыс әулетінен шыққан билеушілердің ұжымдық иелігі болып есептелді. Әулеттің әр мүшесі осы иеліктің бір бөлігін – инжу алуға құқылы болды. Инжу (монғол тіліндегі алғашқы мағынасы – «инжу») жер мен онда тұратын адамдарды қоса мұрагерлікпен берілді. Феодалдық инжу еншілік жүйе сияқты алдымен Монғол империясын бөлшектеп, кейін ұлыстардың да ұсақ иеліктерге ыдырауына әкелді. Түркі-монғол ақсүйектері өкілдерінің әскери және мемлекеттік қызметі үшін шартты түрде берілетін ұлыстарды жерлерді, қалалар мен елді мекендерді иелену жүйесі қалыптасты. Шартты жер иеленудің сойырғал, тархандық, мильктік жерлер, вақфтық жерлер сияқты түрлері кеңінен үлестірілді. Ақ Орданың, Моғолстанның, Әбілхайыр хандығының, Ноғай Ордасының көшпелі және отырықшы халқы ақсүйектер мен мемлекет пайдасына салық төлеп отырды. Салықтың тағар, қалан, құшыр, зекет, харадж, баж, т.б. түрлері белгілі болды.
Рухани мәдениеттің дамуы. XIII-XV ғғ. рухани мәдениеті Дешті Қыпшақ аумағында түркі, монғол және ислам мәдениеті дәстүрлерінің өзара ықпалдастықта дамуымен сипатталады. Рухани мәдениеттің фольклор, ауыз әдебиеті, жазбаша әдебиет және музыка өнері түрлері дамыды. Халық шығармашылығының ежелден келе жатқан дәстүрлері феодалдық қоғам жағдайларында одан әрі жетілдірілді. Фольклор жанрларының арасында әдет-ғұрыптық өлеңдер, ертегілер, батырлық жырлар кеңінен қолданылды. Бытыраңқы жырлар циклдерге біріктіріліп, көп сюжетті іс-қимылдары мен кейіпкерлері бар эпикалық жырларға айналдырылды. Мәселен, «Қырымның қырық батыры» эпикалық топтамасы. Ауызша поэзияға суырып салма авторының болуы, мазмұнының нақтылығы, арналған адамының болуы тән. Оның өкілдері: Кетбұға (ХІІІ ғ.), Қодан (XIV ғ.) ақындар, Сыпыра жырау (XIV-XV ғғ.), Асан Қайғы (XIV-XV ғғ.), Қазтуған жырау (XV ғ.). Қарастырылып отырған кезеңде монғол-қыпшақ қос тілділігі орын алды, бірақ қыпшақ тілі неғұрлым кең таралған еді. Әдеби туындыларды негізінен сарай төңірегіндегі ақындар жазған. Олар әдетте мемлекеттік қызмет атқарған, өз туындыларын екінің бірінде өз билеушілеріне арнаған немесе оларға сыйға тартып отырған. Сол кезеңде жазылған туындылардың арасынан авторы беймәлім «Кодекс Куманикус», «Оғыз-нама» ескерткіштерін, Хорезмидің «Мухаббат-наме», Кутбтың «Хұсрау-Шырын», Сайф Сараидың «Гюлистан би-т-тюрки», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха» туындыларын көрсетуге болады.
Архитектура мен өнер. XIV-XV ғғ. сәулет өнері жоғары деңгейге жетті. Сәулет өнерінің шеберлері өз тәжірибелерін жаңалықтар табу арқылы байытып отырды. Осы кезеңде Түркістанда Ахмет Йассауидың кешені – аумағы 46,5×65,5 м болатын порталды-күмбезді ғимараты, Рабиға Сұлтан бегімнің кесенесі, Сығанақтағы Көккесене, Отырарға жақын жердегі Арыстан баб кесенесі салынды немесе қалпына келтірілді. Іргелі ғимараттар құрылысында шикі кірпіш пен күйдірілген кірпіш кеңінен пайдаланылды. Тасты іргетастарға, тіреуіштердің табанына төсеу үшін қолданды. Үйлердің қабырғаларын қаптау үшін мәрмәр тақталар пайдаланылған. Тіреуіштер мен аркалық бөренелер әр түрлі ағаштан жасалды. Сыртқы қаптамаларға ақ, көк, жасыл және қара түсті кірпіш қаланған. Бөлмелердің ішкі жағы әшекейлермен, бедерлі өрнектермен безендірілді.
ч. 1 ... ч. 2 ч. 3 ч. 4 ч. 5 ч. 6 ... ч. 9 ч. 10
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар:
1. Монғол жаулап алушылығынан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағындағы шаруашылықтың дамуында қандай өзгерістер байқалды ?
2. Ақ Орда, Моғолстан, Көшпелі өзбектер мемлекеттеріндегі феодалдық жер иеленудің түрлеріне (мемлекеттік жер, инжу, сойырғал, вакуф, т. б.) сипаттама беру.
3. XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттерде ақша реформасының жүргізілуі туралы мәліметтер дайындау.
4. Қала мәдениетінің қайта жандануына қандай саяси және экономикалық факторлар әсерін тигізді ?
5. Қолөнердің дамыған түрлеріне: қыш-құмыра ісі, керамика, зергерлік, ұсталық кәсіптердің дамуына жан-жақты сипаттама беру.
2-тапсырма. Сызбаны толтыру.
Күйлер
3-тапсырма. Картамен жұмыс.
Картадан XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағындағы қалаларды және сәулет өнері ескерткіштерін көрсетіп, контурлық картаға түсіру.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.
2. Байпаков К., Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан. Алматы, 1992.
3. Байпаков К.М. Средневековая культура Южного Казахстана и Семиречья. Алма-Ата, 1986.
4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.
5. Мағауин М. Қобыз сарыны. Алматы, 1968.
19-тақырып. Қазақ халқының қалыптасуы.
Жоспар: 1. Қазақстан аумағындағы этникалық үрдістер.
2. «Қазақ» этнонимі туралы.
3. Қазақ жүздері: этникалық аумағы және тайпалық
құрамы.
Қазақстан аумағындағы этникалық үрдістер. Қазақ халқының құрылуы халықтар қалыптасуының жалпы заңдылықтары негізінде, таптық, феодалдық қатынастардың нығаюымен, аумағының, тілінің, материалдық және рухани мәдениеті ортақтығының қалыптасуымен байланысты жүзеге асты. Қазақ халқының қалыптасу үрдісінің ұзаққа созылуына монғолдар жаулап алғаннан кейін Қазақстан аумағында пайда болған монғол ұлыстарының, Ақ Орданың, Моғолстанның, Әбілхайыр хандығының, Ноғай Ордасының бір орталыққа бағынбауы, көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдық қатынастардың баяу дамуы салқынын тигізді. Халықтың құрылуына XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағында дәстүрлі шаруашылықтың қайта өрлеуі, көшпелі және отырықшы шаруашылықтардың өзара әсері, монғол үстемдігіне дейінгі және олардан кейінгі көптеген тайпалардың тілдерінің сабақтастығы ықпал етті. Қазақ халқының негізгі этникалық топтары мен этникалық аймағының XV ғ. 2-жартысы мен XVI ғ. мемлекет болып бірігуі халықтың шоғырлану үрдісінің аяқталуын тездетті. Нәтижесінде қыпшақ, өзбек, өзбек-қазақ, қазақ деген жиынтық этносаяси терминдердің ауысуы арқылы қазақтар деген этникалық атау орнықты.
«Қазақ» этнонимі туралы. «Қазақ» терминінің шығуы туралы көзқарастар ауқымы кең, ғылыми болжамдардан бастап қиыстырылып шығарылған этимологияларға дейін бар. «Қазақ» терминінің бастапқы таралған жері Шығыс Дешті Қыпшақпен байланысты болған. ІХ-Х ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ қоғамында «қазақ» атауы әлеуметтік, ал ХІ-ХІІ ғғ. этникалық-әлеуметтік топтарды білдірді. 1245-жылы мамлюктік Мысыр мемлекетінде жасалған араб-қыпшақ сөздігінде «қазақ» терминіне «еркін», «кезбе» деген мән беріледі. Монғолдарға дейінгі уақытта қазақ этносының қалыптасуы туралы тұжырымдарды жасамаған жөн. XV ғ. 2-жартысында қазақ халқы құрылғаннан соң «қазақ» атауы этникалық маңызға ие болды.
Қазақ жүздері: этникалық аумағы және тайпалық құрамы. XІV-XV ғғ. тұрғындардың ұзақ уақыт бойы жекелеген мемлекеттер жүйесіне енуі салдарынан Қазақстан аумағында үш жүз құрылды. Қазақ жүздеріне енетін тайпалар бір-бірімен ортақ көшу бағыттарымен байланысты болды. Ұлы жүз Жетісудан Сырдарияға дейінгі жерлерде орналасты. Құрамы: үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, сіргелі, ысты, шапырашты, жалайыр, т.б. тайпалар. Орта жүз Орталық, Солтүстік-Шығыс Қазақстан аудандарын мекендеді. Құрамы: қыпшақ, арғын, найман, керей, қоңырат, уақ тайпалары. Кіші жүз Батыс Қазақстанды, Сырдария сағаларынан Арал теңізі, Каспий теңізі жағалауының солтүстігіндегі жерлерді мекендеді. Құрамы: алшын, адай, байбақты, жаппас, қарасақал, қаракесек, т.б. тайпалар. Жүздердің тарихын зерттеушілер – С. А. Аманжолов, Н.А. Аристов, Ш. Уәлиханов, В. Бартольд, М. Вяткин, Т. Сұлтанов, Г. Волконский, т. б.
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар:
1. Қазақ халқының этникалық ұйытқысының қалыптасуының қыпшақтармен байланысы туралы мәселеге тоқталу.
2. «Қазақ» этнонимі кездесетін орта ғасырлардағы жазба деректердегі мәліметтерге сипаттама беру.
3. «Қазақ» атауының әлеуметтік мағынада қолданылуы қай кезге жатады және ол қандай ұғымды білдірген ?
4. Қазақ атауының этникалық мәнге ие болуы қай кезеңге жатады ?
5. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталу үрдісін жылдамдатқан саяси, экономикалық, мәдени факторларды анықтау.
2-тапсырма. Сызбаны толтыру.
Қазақ халқының негізін құраушы этносаяси қауымдастық |
2.
3.
4.
Оңтүстік Қазақстанды, Жетісуды мекендеген тайпалар
3-тапсырма. Кестені толтыру.
Қазақ жүздерінің пайда болуы туралы ғалымдардың пікірлері | ||
1. | С. Аманжолов | |
2. | Н. Аристов | |
3. | Ш. Уәлиханов | |
4. | В. Бартольд | |
5. | Т. Сұлтанов |
4-тапсырма. Рефераттар мен баяндамалар жазу.
1. Қазақстан аумағындағы этникалық үрдістер: кезеңдері мен ерекшеліктері.
2. Қазақ этногенезіндегі антропологиялық және тілдік дамудың үрдістері.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.
2. Масанов Н.Э. и др. История Казахстана. Народы и культуры. Алматы, 2001.
20-тақырып. Қазақ хандығының құрылуы.
Жоспар: 1. Қазақ хандығы құрылуының алғышарттары.
2. Қазақ хандығының құрылуы.
3. XV ғ. соңғы ширегінде қазақ хандары билігінің нығаюы.
Қазақ хандығы құрылуының алғышарттары. Қазақ хандығының құрылуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның аумағындағы әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси үрдістердің қорытындысы болды. Алтын Орда әлсірегеннен кейін Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісуда құрылған ұлыстар керуен жолдары мен жайылым жерлері үшін өзара соғыстар жүргізді. Қазақстанның оңтүстігінде қала мәдениеті мен отырықшы шаруашылықтың қайта жандануы, Орталық Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі халықтарының отырықшы аудандармен шаруашылық байланыстарының дамуы шығу тегі, мәдениеті, тілі бір этникалық топтардың бірігуіне, қазақ халқының құрылуына ықпал етті. XV ғ. ортасында этникалық жағынан жақын топтардың саяси бытыраңқылығын жою, сол кезде іс жүзінде халық болып қалыптасқан қазақ ру-тайпаларын мемлекет етіп біріктіру қажеттілігі туындады.
Қазақ хандығының құрылуы. XV ғ. 50-60 жж. Қаратау баурайында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстігінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың төңірегіндегі қазақ ру-тайпаларының Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Батыс Жетісуға қоныс аударуы Қазақ хандығының құрылуына тікелей ұйытқы болды. Ұрұс ханның ұрпақтарымен одақтасқан Моғолстан ханы Есенбұға оларға жер бөліп берді. Осы арқылы Моғолстандағы хандық билікке таласқан бауыры Жүніске қарсы одақтас тауып, өзінің иеліктеріне көз алартқан Әбілхайыр хан мен Темір ұрпақтарына, ойраттарға қарсы қазақтарды әскери күш ретінде пайдалануды көздеді. 1462-жылы Есенбұға хан дүние салғаннан кейін Моғолстандағы билік дағдарысын пайдаланып, қазақ сұлтандары өздері иеленіп отырған Жетісуда жеке саяси бірлестік құрды. Қазақ хандарының тәуелсіз билік құра бастаған кезін Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде хижраның 870-жылы (б. ж. с. бойынша 1465-1466 жж.) деп көрсетеді.
XV ғ. соңғы ширегінде қазақ хандары билігінің нығаюы. Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресі 1468-жылы Әбілхайыр хан дүние салғаннан кейін қайтадан өршіді. Бұл күреске жергілікті халық пен ауып келушілерден едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік тылы бар Керей мен Жәнібек хандар да қосылды. XV ғ. аяғында Керей, Жәнібек, Бұрындық хандар қазақ ру-тайпалары мекендеген Сарысу, Сырдария, Арал маңы, Қаратау етегінің едәуір бөлігінде үстемдігін орнатты. Көшпелілер мен отырықшы аймақтар халықтарын байланыстыратын шаруашылық, мәдени, этникалық орталықтар болған Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран, Отырар, Йассы қалалары үшін Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбанимен ұрыстар жүргізілді. Алғашқы қазақ хандары Шығыс Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне таласушы хандарды бірте-бірте жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты.
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар.
1. Қазақ хандығының құрылуы туралы ортағасырлық деректерге сипаттама беру.
2. Қазақ хандығының құрылуының тарихи алғышарттарын анықтау.
3. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында қазақ жерінде өмір сүрген мемлекеттердің саяси, әлеуметтік-этникалық жағдайларына сипаттама беру.
4. Қазақ хандығы қашан құрылды, алғашқы қазақ хандары кімдер болды ?
5. Қазақ хандығы қандай саяси дағдарыс кезінде құрылды ?
6. Қазақ хандығының нығайып, жер көлемінің ұлғаю себептерін анықтау.
7. Қазақ хандығының XV ғ. 60-шы жылдарында тарих сахнасына көтерілуі заңды құбылыс па, оны қалай түсіндіресіз ?
8. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін қандай көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасады ?
2-тапсырма. Кестемен жұмыс.
р/с | Қазақ хандары | Билік жүргізген жылдары |
1. | Керей хан | 1465/1466 – 1473 жж. |
2. | Жәнібек хан | 1473 – 1480 жж. |
3. | Бұрындық хан | 1480 – 1511 жж. |
4. | Қасым хан | 1511 – 1518/1521 жж. |
5. | Мамаш хан | 1518/1521 – 1523 жж. |
6. | Тахир хан | 1523 – 1533 жж. |
7. | Бұйдаш хан | 1533 – 1534 (1559) жж. |
8. | Қожа Махмұт хан, Тоғым хан | 1534 – 1537 жж. |
9. | Хақназар хан | 1538 (1559) – 1580 жж. |
10. | Шығай хан | 1580 – 1582 жж. |
11. | Тәуекел хан | 1582 – 1598 жж. |
12. | Есім хан | 1598 – 1628 жж. |
13. | Жәңгір хан | 1628/1629 – 1652 жж. |
14. | Тәуке хан | 1680 – 1715 жж. |
15. | Қайып хан | 1715 – 1718 жж. |
16. | Болат хан | 1718 – 1730 жж. |
17. | Әбілмәмбет хан | 1730 – 1771 жж. |
18. | Абылай хан | 1771 – 1781 жж. |
3-тапсырма. Картамен жұмыс.
Атлас картадан Қазақ хандығының алғаш құрылған территориясын, XV ғ. соңғы үштігіндегі Қазақ хандығының территориясын анықтаныз және контурлық картаға түсіріңіз.
Әдебиеттер: