XX. Қабылдың әңгімесі
Біздің Шәкібай асар жасап үй көтерді деп бастады Қабыл әңгімесін. Біз төрт-бес жігіт Шет-Теректіде су басында кезігіп қалғанбыз. Ал Қабыл менің Әбіл бауырымның досы, Қарашілікте көрші үйлерде өскен едік. Ол айтып отырған Сейітқұмар – Шәкібай ағамыздың үй салған жыл ауылда жаппай тұрғын үй тұрғызу науқаны басталған тұс болатын.
Бұрын Қарашілік, Теректі- Жырақұдық – Боран жолының екі жағында орналасқан, ішінде барағы бар онбестей ғана үй еді. Батыс жағы ұзыннан-ұзақ салынған қой қорамен шектелген шағын ауыл болатын.
1959-60 жылдары сол қораның сыртынан жеке меншік үйлер салу басталды. Жаңа Қарашілік деген атауға ие болды. Бір-екі жылдың көлемінде жиырмаға жуық үй бой көтерді. Алғашқылардың бірі болып Сағымбаев Абатай, Нұрпейісов Насиолдалар құрылысты қолға алды. Барлығы бүгінде азиаттық деп атайтын тоқал тамдар болатын. Құрылысты жүргізудің бір тамаша әдісі қалыптасты сол жылдары. Үй салушы бір күн бұрын қырман айдап, қажет сумен, шөп-сабанын жеткізіп қоятын. Ертесінде қолы бос ауылдың барша үлкен-кішісі асарға баратын. Бір күнде керекті мөлшерде саман құйып кететін. Осы әдіспен екі-үш асармен үй дайын болатын. Ауыл азаматтарының арасынан тәп-тәуір саман қалағыштар, балташылар, әйелдер жағынан жақсы сылақшылар шыға бастады. Шағын ауыл өмірінде бір ерекше серпіліс пайда болды. Төрт жылдық мектеп бой көтерді, мәдениет үйі пайдалануға берілді. Шәкібай ағамыздың үй салуы дәл осы кезеңге дөп келгенді.
«Бүкіл ауыл жиналды» деп сөзін жалғастырды Қабыл. Түскі асқа дейін үйдің қабырғасын жинап таяп қалды. Асарда қожайын барын аямайтын. Бір-екі қойын сойып, аста-төк дастархан жасап, арақ-шарабын, қол ашытқан бозасын шығаратын. Жұмыстың аяғы, кешке де дәл осындай дастарханға жалғасатын. Ән шырқалып, неше алуан қызықты әңгімелер айтылып, әзіл-қалжыңдары жарасып, жиналған халық мәз-мейрам болып, тойдан тарқағандай болып қайтатын. Сағат төрт мөлшерінде қабырға жиналып бітті. Басқа салынған үйлермен салыстырғанда Шәкібайдың үйі үлкен, кейін шатырланады деп қабырғалары да биік болып жиналған еді.
Әйелдер жаппай сылаққа кірісті, балаларға да жұмыс көп. Сол кезде төбе жабуға кіріскен жігіттер айқайласып «Әуп-әуп» десіп жатты. Жүгіріп барып, терезе ойығынан қарасам, төрт-бес жігіт, үлкен бөлменің матшасын биікке шығара алмай жатыр екен. Кейін Шәкібай ағамыздың үйіне барған сайын сол матшаның салмағын мөлшерлеуші едім. Ұзындығы 5-6 метрдей, жуандығы 50 сантиметрдей Алтайдың қызыл қарағайы болатын.
Жігіттер әлі әлек болып жатқан. Көтерудің ыңғайын таба алмай, кейде бір-біріне кедергі де жасап жатты ма деп ойлаймын қазір. Бір кезде Әбілдің атасы келіп «былай тұрыңдар» деді дауыстап. Жігіттер ошарылып қалды. Ата жуан матшаға жақындап келіп, екі қолымен кеудесіне алды да «Әуп» деп серпе көтеріп, қиғаштай апарып қабырғаның үстіне шығара салды. Тұрғандар үнсіз, бір уақытта бәрі бір ауыздан шу етіп «Япырай-ә» десіп жатыр. Ал ата болса, шуылдамай ана матшаны түзеп орнына қойыңдар деп дауыстады.
Сол күні ата өзінің әлі қаруының қайтпағанын дәлелдеді. Үсті жабылып біткен соң, төбеге лай жаю деген ауыр жұмыс бар. Жауын-шашын өтпесін деп төбедегі бос топырақтың үстіне 3-4 елідей лай-балшық шығаратын. Ол үшін үйдің жанына « тырна» деп аталатын ағаштан қондырғы орнататын. Сол «тырнаға» лай толтырылған шелекті іліп, жоғары көтеретн, жұмыс мандымайтын. Бір кезде Сарбас ата келіп лай толтырылған шелектерді бір қимылмен төбеге ата бастады. Жігіттер шелекке балшық салып үлгірмей қалды. Ауылдың жас жігіттерінің көбі осында болатын. Солардың біреуі де ата сияқты лай толы шелекті бір қолымен төбеге атып жіберуге батылдары жетпеді. Тек Шәкібай ағам ғана он шақты шелек шығарған соң басын шайқап шегініп кеткен. Сол кезде Сарбас ата 70-тің үстінде болатын – деп Қабыл әңгімесін аяқтап, құптау күткендей маған қарады. Сол асарда мен де болғанмын. Терезеге екі-үш бала қатар келгенбіз. Оның әңгімесіне алып-қосарым жоқ болатын. Бар айтқаным «бірге болдық емес пе» дедім.
Сол Қабыл мықты спортшы болды. Мектеп бітірген соң кәсіптік-техникалық училищеде оқып жүріп облыстың, ауыл балуандары арасында еркін күрестен чемпион болды. Келер жылы арнайы шақыртумен Өскемен пединститутының дене шынықтыру факультетіне оқуға қабылданды. Еркін күрестен, самбодан спорт шеберлігіне кандидаттық дәрежесіне көтерілген Қарашілік ауылының тұңғыш тумасы. Үшінші курстан денсаулығына байланысты үлкен жарыстарға қатысуын қойды. Қазір Теректі орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің ұстазы.
Қабылдың бойына біткен балуандық, оның тегінде екенін мен кейін білдім. 1960 жылдары көршілес қытай елінде атышулы Серік балуан деген болыпты. Қытай елінің дүние жүзілік аренаға шығып, ауыр салмақты чемпионы болған алғашқы балуаны екен. Оралман жігіттердің аузынан Серік палуан туралы талай қызықты әңгімелер естідім. Балуандықты қойған соң, ауылға қайтып келген көрінеді. Соқыр ішек болып ауырып ота жасатып шығады. Дәл сол кезде жайлауда Қанас көлінің жағасында жылда өтетін дәстүрлі той болады. Серіктің ауру екенін естіген мұңғылдың бір мықты палуаны қазақтар жағынан шығатын кім бар деп намысқа тиер сөздер айтыпты. Шыдай алмаған Серік балуан орнынан тұрып, ұзын мата тауып белімді қатты ораңдар деген екен. Белін оратып алып, жақындарының қой дегеніне тоқтамай, ұстаса кеткен мұңғыл палуанын көтеріп алып жерге соққанда ортан жілігін үзіп жіберіп, өзінің ішінің жарығы сөгіліп кетіп үстіне құлап түскен екен. Бұл жайды сол күресті көзімен көрген оралман қарттың аузынан естіген едім. Арғы бетте Серік балуан көтеріп қақпақыл ойнайтын үлкен тас, күні-бүгін мықтымын деген азаматтардың күш-қайратын мөлшерлейтін таразы іспеттес екен. Бірақ Серіктің деңгейіне жеткен әлі ешкім жоқ көрінеді. Қытай реформасының атасы Ден-Сяо-Лин Серік балуанды үлкен додада жеңісімен құттықтап «Жүнгенің алтын діңгегі» деп атапты. Сол Серік Қабылдың туған нағашысы болып шықты.