VIII. Дүнгендермен теке тірес
Мен Құмарғали туғанға дейін Қытай еліне 2-3 рет өтіп келіппін. Осы күнде ойлап отырсам соның бәрі бос әрекет екен. Бір жылы Сарысүмбеге барып алтын қаздым. Қожайынымыз қытай. Алдымен кісі бойы енімен көлденеңі 10-12 құлаштай төртбұрыш шұңқыр қазамыз. Астынан қатты қабаты шыққан соң ломдап, қайлалап босатып алып үстіге шығарамыз. Ол жерде қатты жынысты талқандап науаға салып су ағызып жуады. Ағынды су құммен,тасты шайып, алтын түбінде шөгіп қалады екен. Жұмыс ауыр, енбекке ақы төлеу қыр қазағы үшін жаман емес. Қытайлардың бір ерекшелігі ауыр жұмыстағылардан ас-суын аямайды екен. Тамақты аз ішсең жұмыс істей алмайсың деп қожайын ренжитін. Тағы бір қызығы, қытайлардың құлығы да болуы керек, тәңертең бәрінен бұрын келіп лом не қайламен бір соққанда ат басындай алтын шықса да сенікі дейтін. Соңдықтанда күн шығар шықпастан кен орнына жүгіретінміз. Әрине ат басындай алтынды ешкім тапқан жоқ, азын-аулық пайда көргендер болды. Сөйтіп жүргенде қытай-дүнген соғысы басталып кетті. Кен жабылды, баршамыз жұмыссыз қалдық. Елді ашаршылық жайлады, халық қырыла бастады. Аштықтан үйелменімен көз жумғандарды көрдік. Мәйітті жер қойнына беруге үлгермеген кездер де болды. Көмілмеген адамдарды жеп дәндегер иттер суға бара жатқан бойжеткен қызды талап жеп қойғанын көзіміз көрді деп апаңның айтқаның естіген шығарсындар.
Дүнген деген халық мұсылман болғанымен қаныпезерма деп ойлаймын. Рас өтірігін білмеймін соғысқа аттанғанда ақиретін киіп, жаназасын оқытып шығады дейді. Бұл қанды қырғын бірер жылға созылды. Халық аштан қырылып жатқанда маңайдағы ауқатты қытайлардың иен қалған қырмандарында астық қызып, күйіп жатты. Дүнгендердің түпкі ойын кім білсін, қытай қашса , қазақ қырылса жерге иелікетіп өзіміз қаламыз деген шығар. Осындай қиын күндердің бірінде қытайдың қызып, жанып жатқан астығынан әкелейін деп қапты қолтығыма қысып қырманға беттедім. Келіп қапқа астық сала бастағаным сол еді, алдынғы жақтағы қырқаның үстіне үш-төрт салтатты шыға келді де, екеуі маған қарай құйғытты. Ауылдан біраз жер болатын. Қашатын емес, анадай жерде екі метрдей қада жатыр екен соны қолыма алып не болса да көрмек болып тосып тұрдым. Әлгі маған қарай шапқан екеуінің құла мінген бүреуі екіншісін көп артқа тастап лезде маған таяп келді де, жанай өте бере қолындағы найзасын лақтырды. Қағып үлгірдім. Байқағаным найзаның темір ұшы ағашқа сапталады екен. Сол сапталған жерінен екіге бөлінді. Олда сасып қалды білем атын тежей берді. Ал найзаның ағаш сабының қолға ұстар жағына екі құлаштай қайыс тағып ұшын шынтағына ма, білегіне ма іліп алыпты. Ат қозғалғанда қайыс тағылған найзаның сынған сабы сүйретіле берді. Мен шап беріп ұстап тартып қалдым. Байқұс алдыма қалай топ ете түскенін өзі де сезбей қалды. Көп ойланбастан өзінің қайысымен орап екі қолын таңып тастадым. Сол кезде қарагер атын тапрақтатып екіншісі жетті. Ол найзасын лақтырмады , шаншып тастамақшы болып барын салды. Сондай сәттердің бірінде атының сулығы қолыма ілінді. Сол қалпымен иыққа салып ат-матымен құлаттым. Бейшараның жан дауысы шықты. Дөңес үстіндегілерге көз салып қоям, ол екеуі де бізге қарай аттың басын қоя берді. Олар жеткенше аттан құлатқан екеуінің қол-аяғын буып, енді не қылар екенсің деп тосып тұрдым. Алдынғылардың бірі мойны шидиген бала болып шықты, екіншісі ересек. Жалпы қытайда, дүнгенде ұсақ халық. Соңынан жеткен екеуі үлкен жігіттер екен. Келе сала екі жақтан қыспаққа ала бастады. Атпен тарпа бас салып жағаласқанға батылдары жетпеді білем,шырқ көбелек айналып шаншып тастамақшы болады. Менің екі қолымда екі дүнген. Қай жағынан ұмтылса сол жағына қалқан қыламын. Біраздан соң әбден машықтанып алдым. Кезек кезек желкелерінен мытып қоямын, құлындағы дауыстары шығады. Осы төңіректің дүнгендері болуы керек, бір жақсысы мылтықтары жоқ болып шықты. Енді бір байқағаным менің қолымдағы дүнген балажігіт ат үстіндегі біреуінің баласы ма әлде бауыры ма , әйтеуір жақын туысы. Өйткені екіншісі қатты қимыл көрсете бастаса айғайлап жаны шығып кете жаздайды. Мінген аттары қара терге түсті. Бір кезде атты дүнгендердің ересегі қазақшылап тоқтатайық, аналарды қоя бер, жөнімізге кетейік деді. Мен қаруларыңды тастап, аттан түсіңдер дедім. Екеуі біраз сөйлесіп, арасында айғайласып алып найзаларын жерге тастап аттан түсті. Мен екі найзаны да жерден іліп ап тізеге бір-бір соғып сындырып, ұшын бір жаққа, саптарын екінші жаққа лақтырып жіберіп, байлаулы жатқандардың қол-аяғын шештім. Ересек дүнген қасыма келіп «Біз мұсылманбыз, қытайлардан құтылсақ жақсы болады. Сен сияқты адамдар бізге керек. Мен Кәселеңді танимын. Онымен жолықтырайын, бізге қосыл» деді. Кәселең дегені басшылары болуы керек. Мен үн қатпадым. Алдында салып алған астықты төгіп жүре беріп едім біреуі жүгіріп келіп қолтығымдағы қапты алып толтырып бидай салып беріп, иығыма көтертіп жіберді. Ақырын үйге қарай беттедім.
Осы жайды естіген көрші ауылдағы елге сөзі жүретін сыйлы ақсақал келіп «Сарбас балам, дүнгендерге сеніп болмайды, саған бұл маңайдан кету керек» деді. Сол кісілердің көмегімен бері өткен едім.
IX. Сары Байтал.
Бір жылы арғы бетте тұратын қарындасым Кәсібай ары өтіп, бері өткендерден келіп кетсін деп қайта-қайта сәлем айтқан соң, шешелерің екеуіміз жолға жиналдық деп бастаған еді атам «Сары байтал» туралы әңгімесін.
Ерте көктем , шекарадан ары-бері өту еш қиындықсыз болатын. Біз қанша рет шекара асып жүрсек-те не арғы жақта, не бергі жақта бұларың не деген ешкім болмаған. Үйден шыққан күні кешқұрым Оралбайдыкінде болдық. Оралбай менің күйеу балам, руы Жарболды ағасы Аралбай екеуі арғы беттегі ауқаттылардың қатарына жататын.
Қарындасым Кәсібай мәре-сәре, енді жібермеймін, апамды да алып келеміз деп жатыр. Оралбай төртпақ денелі, екі иығына екі кісі мінгендей, қимылы ширақ балуан жігіт еді. 1945 жылы естіген боларсыңдар, «Керей ауған» дегенді. Сол жылы арғы жақтың ауқатты қазақтары бері өтіп, Ертістің бойын қыстап, жазда Қызылкезең, Шұбаратты жайлап, күзде кері өтіп кеткен. Сол 1946 жылы Қабылғажының сүндет тойында Оралбай күресіп біз жақтан шыққан балуанды ұстауға келтірмей алып ұрған болатын.
Келген күннің ертеңінде Оралбай көрші ауылда бір шаруа шығып тұр, үйде отырасыз ба бірге барып қайтайық деді. Екеуіміз ат ұстап ерттеп жатқанда, Оралбай «Сары аға, кеше жеңгей мініп келген сары қулық, жылқы баласының тұлпары, бәйгеге қосып бағын сынап көрдіңіз бе» деді. «Байтал шауып бәйге алмас» деген – «жоқ» дедім. Есіме сол Сары байталды жетектеп келе жатқанда Алатайда жолыққан орыс шалының сөзі түсті. Мен оны мұңғыл жерінен алып келгеніме бес-алты жыл болды. Сапарлас болған Қаратайдың жігіттерімен жолай қош айтыстық. Сары байтал жетегімде асудың етегіне түсе бергенде, арқасында дорбасы бар бет-аузы жүн-жүн жаяу орыс кезіккен болатын. Мен жанай өте бергенде дауыстап тоқтатты да, бұрылып келіп жетектегі Сары байталдың алды-артына шығып айналып көре бастады. Сол кездегі орыстардың үлкендері түгел дерлік қазақша сөйлейтін еді. Әлгі шал маған қарап мынауың тегін жылқы емес, тұлпар екен, бұдан айырылма» дегенде жаңа Оралбайға айтқан мақалмен жауап берген болатынмын. Сол Сары байтал құлын таппады, кейде сатып жіберем, сойып тастаймын дегенмен, жеме-жемге келгенде бұл ойларымнан айнып қалатынмын. Жануар кесек болып толды, бірақ мен мініске пайдаланбаушы едім. Анда-санда апама, шешелеріңе ерттеп беретінмін, салтқа жүрдек болды. Әлі күнге дейін «сары байтал» дейтінбіз. Өмірі тоқ-жарау болып жүруші еді жануар.
Оралбай балуандығымен қатар белгілі атбегі болатын. Баяғыдағы жаяу орыстың сөзіне иланбасам да Оралбайдың сөзі ойландырып тастады.
Бірер күннен соң, ауыл жайлауға бет алды. Қытай қазақтарының жайлауы да кең болады екен. Жаңа жұрт, салқын ауа бір жырғап қалдық. Байқаймын Оралбай таңертең, кешке сары байталды бірер айналып шықпай тыншымайтын. Осылайша 10 шақты күн өтті, қарындасымның бізді қайтарғысы жоқ. Сондай күндердің бірінде көршілес ауылда той деген хабар келді. Ол ауылды неге екенін білмеймін «Бес батырдың ауылы» дейді екен. Өзіміздің Жарболдылар, сүйек жағынан мына Аязбектерге жақын.
Оралбайдың тынышы кете бастады. Ақыры маған келіп «Сары аға бір-екі таң асырып Сары байталды бәйгеге қосуға болады, жануар өз-өзін бауырынан жаратып жүреді екен» деді. Ал мен Оралбайдың Сары байталды баптауды қолға алғанына 10 күндей болып қалғанын байқап жүргенмін.
Той күні де жетті. Оралбайға еріп біз де келдік. Бәлен жерден қайтар деп айдаушының алдына салып бәйге аттарын шығарды, ұзын саны 40-тың үстінде. Түс әлетінде күрес басталды. Бас жүлдені Оралбай алды. Қимылы ересен, шапшаң екен, қаруы да мол. Бірінен кейін бірі шыққан екі жігіттің жауырынын жер қаптырды. Одан кейін де шапанын желбегей жамылып ортада отырып еді, ешкім беттемеді.
Түс ауа аттар кеткен жақтан шаң көрінді. Ел шулап солай қотарылды. Алдыда жалғыз қара болып келе жатқан жануар Сары байтал екен. Мәреден өткенде тіпті екіленіп кетті. Оралбай шауып барып, тізгінді іліп алып жетектей жөнелді. Мен ішімнен жануар неше жыл сенің бағыңды байлаған екенмін деп өкіндім.
Бәйгенің жүлдесін үлестіру басталғанда ортаға Оралбайдың ағасы Аралбай шығып «Уа, жамағат» деді дауыстап, үні зор адам еді. «Арамызда атақты Сарыбас палуан тұр, менің құдам, Оралбайдың қайнағасы, бүгін ол кісінің өнерін тамашалай алған жоқсыздар. Ауыл үйдің тойында ортаға шық деу әбестік болар еді. Ал жаңағы аламанда қара үзіп келген Сары байтал да сол кісінікі» деді.
Халық шулап кетті.
Атын естігенбіз, өзі қайда көрейік деп жатыр. Бір үлкен бәйбіше кішкентай баланы жетектеп келіп, «айналайын, сен сияқты палуан, мінгені бәйге болар ма екен деп екі аяғымның арасынан өткізіп жатыр, сәбиді жерден көтеріп алып, маңдайынан сүйдім. Кеудем шаншып кетті. Ол бала тоқтамай жүрген кез еді. Ауылға көтеріңкі көңіл күйде келдік. Ертесінде жолға жиналдық. Алдында Аралбай құдам есік пен төрдей қарагер ат сыйлаған, ерді соған салдым. Қаракөкке шешелерің отырды. Сары байталдың тізгінін Оралбайдың қолына ұстатып, жылқыны сендей түсінетін адам жоқ, Сары байтал енді сенікі дедім. Біз атқа қондық, көз байлана Ақжайлауда болдық. Апам да мазасы кетіп тосып отыр екен. Құлындарым-ау, қайда жүрсіңдер деп екеуімізді кезек-кезек бауырына басты.Шеше деген сол, анаға баласы қашан-да бала. Мен қашан, қай уақытта келмейін, апам есік алдында қарсы алушы еді.
1933-1934 жыл халыққа өте ауыр тиді. Елді ашаршылық жайлады. Сол нәубет «Ақ тышқан» жұты деген атпен халықтың есінде қалды. Мен сол жылы Батпақты қыстап қалдым. Екі метрге жуық қар түсті, қатынас жоқ, саршұнақ аяз. Бала-шағаны сақтау үшін қыс ортасында Теректіге жету керек деп шештім. Онда өз қолыммен салған үй бар болатын. Сол үйдің қалдығын Жарболды Бақтыбай қора қылып отырмын деген былтыр жолыққанда. Азын-аулақ төсек-орын, ыдыс-аяқты арқама артып, Құмарғали мен Құмарғажыны үстіне отырғызып апам мен шешелеріңді жетектеп жолға түстік. Жаңа айттым ғой қардың қалыңдығы кісі бойы. Шақпақтастың үстіне келгенде апам мен шешелерің екеуі жүре алмай қалды. Сол жерде апам «балам, сен арқаңдағы жүгіңді жеңілдеп балалар мен Әнәпияны ал да Теректіге жеткіз, ауырайын деп тұрмын, мені бір ықтасындау жерге жатқыз. Сен қайта оралғанша тынығып қалармын, бұлай істемесең ана балаларды өлтіріп алармыз» деді. Ақылдаса келе, солай шештік. Апамды орап ыққа жатқызып, қойнына жарты қарма бәтер тығып, біз жолға аттандық. Булығып көзіме жас келе береді, өзімнің дәрменсіздігіме ыза боламын. Ертеңінде таңертең Теректіге жеттік. Өзіміздің үй суық, сол Бақтыбайдың үйін паналадық. Үйге кіріп, балалардың орауын жеңілдетсек, кеше апама қалдырған жарты қарма Құмарғажының қойнынан шықты. Жарықтық біз жолға түсерде «Әкел, балалардың бетінен иіскейін» дегенде қойнына тығып үлгерген екен ғой. Мен ағыл-тегіл жыладым, жаяу қайтадан жолға шықтым. Күн ақ түтек боран, таң қылаң бергенде Шақпақтасқа іліндім. Апамды қалдырған жоддың үсті, жел қақты жер еді, оңай таптым. Күн шыға жел де бәсеңдеген. Кірпігі әрең қимылдап жатыр екен. Мені таныды, балалар қалай деді маған. Аман-есен жеттік дедім. «Балам мені әкелерің шақырып жатыр, жарық дүниенің дәм-тұзы таусылған сияқты. Ана кіші ұлың Құмарғажы, жарықтық Аманжолдан аумайды» деді терең дем алып.
Кешеден бері көз жасым тиылмады, жастан бетімнің үсігенін де білмей қалыппын. Шешемді құшақтап, өзіме-өзім ерік беріп, өкіріп тұрып жыладым. Сәлден кейін апам «қой, азаматқа жылау жараспайды, сен кішкентайыңнан қайсар едің ғой» деді. Апамды орап құшағыма алып, жолға беттедім.
Боран басылған, келген ізімнің сұлбасы жатыр. Көз жас та тиылды, ендігі бар ойым апамды үйге жеткізу. Бір тоқтамай кеш үйіріле Теректіге келдім.
Маңайдағы көршілер үйді жылытып қойыпты. Апамды үйге кіргізгенде бойында шығар-шықпас қана жаны бар еді. Төрге жатқызып сырт киімін жеңілдеттім. Көзімен жан-жағын қарап, ымдап Әнәпияны қасына шақырды. Ол келіп жанына тізерлей отыра қалып қолын алды. Сол кезде терең бір дем алды да үзіліп кетті жарықтық. Апамнан осылай айырылдым. Күні бүгін апамның аруағының алдында өзімді кінәлі сезінемін деді атам даусы дірілдеп. Қос жанарынан екі үлкен тамшы сырғанап келіп мұрты мен сақалына сіңіп кетті.
Бұл менің атамның көз жасын алғаш және соңғы рет көруім еді.