Айт намазы қалай оқылады?
1 - Имам айт намазына жүрегімен ниет етіп, тілімен: «Аллаһ үшін айт намазын оқимын»-дейді. Имамға ұюшы жамағат айт намазына және имамға еруге ниет етеді. Сосын екеуі де тахрим тәкбірін айтады.
2 - Имам да, жамағат та «намаз ашу» дұғасын оқиды.
3 - Имам да, жамағат та оған еріп, үш тәкбір айтады. Тәкбірлер арасында «Субханаллаһи уа әлхамдулиллаһи уа лә иләһә илләллаһу уаллаһу әкбар» сөзінің ұзақтығындай қысқа үзіліс жасалады. Бүл үш тәкбірдің кезінде екеуі де қолдарын көтереді. Букр ибн Сауада, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(عمر بن الخطاب رضي اللّه عنه كان يرفع يديه مع كل تكبير في الجنازة والعيدين)
“Омар ибн Әл-Хаттаб, Аллаһ тағала оған разы болсын, жаназа намазы мен айт намаздарында әр тәкбірде қолдарын көтеретін”[720].
4 - Имам “ағузу” мен “бисмиллә”-ні ішінен айтып, “Фатиха” мен қосымша сүрені дауыстап оқиды. Қосымша сүре бірінші рәкатта “Аъла” сүресі болу сүннет. Нұъман ибн Башир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يقرأ في العيدين وفي الجمعة بـ {سبح اسم ربك الأعلى} و{هل أتاك حديث الغاشية})
“Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) айт намаздары мен жұма намазында “Саббихисма раббикал - әъла”мен”Һәл әтака хадисул-ғашия”-ні оқитын”[721].
5 - Кейін имам рүкүғ жасап, жамағат оған ереді.
6 - Кейін жамағат имамға еріп, рүкүғтан көтеріледі.
7 - Кейін кәдімгі намаздарда секілді екі сәжде жасалады.
8 - Сосын жамағат имамға еріп, екінші рәкатқа тұрады. Имам “бисмиллә”-ні іштен айтып, “Фатиха” мен қосымша сүрені оқиды. Қосымша сүре екінші рәкатта “Ғашия” сүресі болуы сүннет.
9 - Имам да, жамағат та оған еріп, рүкүғтан бұрын үш тәкбір айтады. Егер имам тәкбір санын бұдан асырып жіберсе, жамағат оның тәкбіріне еруін тоқтатпайды. Өйткені бұл мәселеге қатысты жеткен хадистерде тәкбір саны он алтыға жетсе, оқасы жоқ.
10 - Кейін имам рүкүғ жасап, жамағат оған ереді.
11 - Кейін жамағат имамға еріп, рүкүғтан көтеріледі.
12 - Кейін кәдімгі намаздарда секілді екі сәжде жасалады.
13 - Сосын имам да, жамағат та оған еріп, сәлем берулерімен айт намазын аяқтайды.
14 - Айт намазынан кейін имам екі құтпа айтады. Құтпа тоғыз тәкбірмен басталады. Бірінші құтпада имам пітір садақасын әлі бермеген мұсылмандардың естеріне салады, сондай-ақ жамағатты құрбан шалу мен ташриқ тәкбірлеріне қатысты үкімдермен таныстырады. Әбу Саъид әл-Хұдри, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان النبي صلى اللّه عليه وسلم يخرج يوم الفطر ويوم الأضحى إلى المصلى، فأول شيء يبدأ به الصلاة، ثم ينصرف فيقوم مقابل الناس، والناس جلوس على صفوفهم فيعظهم ويوصيهم)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Ораза айты мен Құрбан айтында мешіттен бөлек үлкен намаз алаңына барып, мерекені әуелі айт намазымен бастайтын. Сосын орнынан тұрып, адамдарға қарап, оларды уағыздайтын және өсиет айтатын. Адамдар намаз оқыған орындарында отыратын»[722].
14 - Имам екі құтпаның арасында жеңіл отырыс жасайды. Сосын екінші құтпаны айтуға тұрады. Оны жеті тәкбірмен бастайды. Убайдуллаһ ибн Абдулла ибн Ъутба, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(السنة في تكبير يوم الأضحى والفطر على المنبر قبل الخطبة أن يبتدئ الإمام قبل الخطبة وهو قائم على المنبر بتسع تكبيرات تترى لا يفصل بينها بكلام. ثم يخطب ثم يجلس جلسة ثم يقوم في الخطبة الثانية فيفتتحها بسبع تكبيرات تترى لا يفصل بينها بكلام ثم يخطب)
«Құрбан айт пен Ораза айтындағы сүннет - имам мінбеге көтеріліп, бірінші құтпаның алдында тоғыз тәкбір айтуы. Тәкбірлерді араларын басқа сөзбен үзбей бірінен соң бірін айтады. Сосын құтпа айтады. Сосын отырыс жасайды. Сосын екінші құтпаға тұрып, жеті тәкбірді араларын сөзбен үзбей бірінен соң бірін айтады. Сосын екінші құтпаны айтады»[723].
15 - Имам бірінші құтпаның алдында тоғыз, екінші құтпаның алдында жеті тәкбір айтқанда жамағат та ішінен тәкбір айтады.
Айт намазының қазасы өтеле ме?
Айт намазын өткізіп алған кісі оның қазасын өтемейді. Алайда төрт рәкат дұха намазын оқиды. Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(من فاتته العيد فليصل أربعاً)
«Кім айт намазын өткізіп алса, төрт рәкат (дұха) намазын оқысын»[724].
Айт намазын үзірсіз өз уақытынан кешіктіруге болмайды. Екінші күнге кешіктіруге болады. Әбу Ъумайр ибн Анас сахабалардан болған өзінің немере ағасынан жеткізді:
(أن ركباً جاؤوا إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم يشهدون أنهم رأوا الهلال بالأمس. فأمرهم أن يفطروا وإذا أصبحوا أن يغدوا إلى مصلاهم)
«Пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір жолаушылар келіп, кеше шәууал айы туғанын көргендерін айтты. Сонда пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) адамдарға бүгін ауыз ашып, ертеңгі таңда намаз алаңына жиналуларын бұйырды»[725].
Ташриқ[726] тәкбірлері
Ташриқ үкімі
Аллаһ тағаланың:
﴿ وَاذْكُرُواْ اللّهَ فِي أَيَّامٍ مَّعْدُودَاتٍ ﴾
«Санаулы (ташриқ) күндері Аллаһты еске алыңдар!»[727] бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп.
Уақыты
Ташриқ тәкбірлерінің уақыты имам Әбу Ханифаның көзқарасында Арафа күнінің таңында басталып, құрбан айт күнінің екінді намазымен шығады. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің көзқарасында Арафа күнінің таңында басталып, он екінші зүл-хижжаның екінді намазымен шығады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі - Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарасына негізделеді. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم إذا صلى الصبح من غداة عرفة يقبل على أصحابه فيقول: على مكانكم ويقول: اللّه أكبر، اللّه أكبر، اللّه أكبر، لا إله إلا اللّه واللّه أكبر اللّه أكبر. وللّه الحمد. فيكبر من غداة عرفة إلى صلاة العصر من آخر أيام التشريق)
Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уа лиллаһил-хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын[728].
Түйін: Ташриқ тәкбірлері тоғызыншы зүлхижжаның таңғы намазынан он екінші зүлхижжаның екінді намазына дейін айтылады. Яғни жиырма үш намаздың соңында айтылады. Ораза айтында айт намазына үйден шыққанда ташриқ тәкбірі іштен айтылады.