Тақырып: Қор биржасының қызметін ұйымдастыру.
Мақсаты:Қор биржасының қызметі және қызметі бойынша Қазақстан Республикасының іс әрекет ететін заңнамалар туралы.
Лексцияның жоспары:
1. Қор биржасы дегеніміз не және ол қандай функциялар орындайды?
2. Қор биржасының қаржылық қызметі неде?
Бағалы қағаздармен сауда-саттықты қор биржасы, заңдарға сәйкес өзге де ұйымдар ұйымдастырады.
Қор биржасы – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесін пайдалана отырып, оларды тікелей жүргізу арқылы сауда-саттықты ұйымдық және техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңи тұлға және акционерлік қоғам нысанындағы өзін-өзі реттейтін коммерциялық емес ұйым. Қор биржасының қызметі өзін-өзі өтеу қағидатына негізделеді және оның қызметінен түскен кірістер биржаны материалдық-техникалық дамытуға пайдаланылады.
Қор биржасы:
1) сауда жүйелерін пайдалану және қолдау;
2) қор биржасының тізіміне бағалы қағаздарды енгізуге жорамалданып отырған немесе енгізілген эмитенттерге, сондай-ақ қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарына талап қою;
3) қор биржасында айналысқа жіберілген бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәміле жасау мақсатында сауда жүйесіне кіруге өз мүшелеріне мүмкіндік беру, осы қаржы құралдары бойынша тұрақты сауда-саттық ұйымдастыру және өткізу, қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды ұйымдастыру және жүзеге асыру, не осындай есеп айырысуды жүзеге асыру үшін қажет ақпаратты әзірлеу;
4) өз мүшелеріне ұйымдық, консультациялық, ақпараттық және өзге де қызметтер көрсету;
5) бағалы қағаздар рыногы және өзге де қаржы құралдары мәселелері бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу;
6) банк заңнамасында белгіленген тәртіппен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыру және қор биржасының ішкі құжаттарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
Қор биржасы бағалы қағаздардың қайталама рыногының ұйымдастырушысы болып табылады. Биржадан тыс рынок, әдеттегідей, тек бағалы қағаздардың жаңа шығарылымдарын қамтиды. Онда көбінесе облигациялар орналастырылады. Биржада, керісінше, бағалы қағаздардың ескі шығарылымдарының, негізінен акционерлік қоғамдардың акцияларының бағамы белгіленеді. Заңнамамен қор биржаларының ең төмен жарғылық капиталы белгіленеді. Қор биржасы инвестициялық институттар ретінде қызметпен айналыспайды, бірақ меншікті акциялар шығара алады және сата алады, бұл оның мүшелері болуға құқық береді.
Қор биржасы заңнамаға сәйкес тіркелінеді және бағалы қағаздармен биржалық қызмет жүргізуге Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясында лицензия алады.
Бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары және заңдарға сәйкес бағалы қағаздардан басқа өзге қаржы құралдарымен өзге мәмілелерді жүзеге асыру құқығы бар өзге де заңи тұлғалар қор биржаларының мүшелері болып табылады. Қор биржасында бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушыларының кемінде он мүшесі болуы тиіс. Қор биржасының мүшелері мәмілелерді жасау осы мүшелер үшін қор биржасының ережелерінде жол берілетін қаржы құралдарының түрлері бойынша сауда-саттыққа қатысуға құқылы.
Сауда-саттықты ұйымдастырушының кірісі оның негізгі қызметінен алатын қаражат есебінен құрылады. Сауда-саттықты ұйымдастырушы мынадай жағдайларда:
1) сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелігіне кіргені үшін;
2) сауда-cаттықты ұйымдастырушының мүлкін пайдаланғаны үшін;
3) бағалы қағаздар листингі үшін және олардың сауда-саттықты ұйымдастырушының тізімінде болғаны үшін;
4) мәмілелерді тіркеу және рәсімдеу үшін;
5) ақпараттық қызмет көрсеткені үшін және өзге де жағдайларда ақшалай жарналар мен алымдар алады.
6 ) сауда-саттықты ұйымдастырудың ережелерімен көзделген өзге де жағдайларда ақшалай жарналар мен алымдар алады.
Биржадан тыс бағалы қағаздар рыногының баға белгілеу ұйымы-акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы сауда-саттықты ұйымдастырушы клиенттердің арасында баға белгілеу айырбастау жүйесін пайдалану мен қолдау арқылы сауда- саттықты ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңи тұлға. Бұл ұйымның негізгі мақсаты оның клиенттері арасындағы бағалы қағаздарға баға белгілеудің алмасу жүйесін ұйымдастыру болып табылады. Бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары ғана баға белгілейтін ұйымның клиенттері бола алады.
Қаржы рыногының жұмыс істеуі мемлекеттік реттеуді талап етеді. Ол бағалы қағаздар рыногының субьектілері қызметіне міндетті талаптар белгілейтін нормативтік құқықтық актілер шығару, эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды тіркеу мен оларда көзделген шарттар мен міндеттерді элементтердің сақтауын бақылауды жүзеге асыру, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары мен олардың өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметін лицензиялау және олардың қызметіне бақылау жасау және т. с. с. жолмен жүзеге асырылады. Қазақстанда мұндай функцияларды жүзеге асырушы уәкілетті орган Ұлттық Банктің құрамындағы Бағалы қағаздар жөніндегі департамент болып табылады. Ол эмитенттер қызметіне талаптар мен стандартты белгілейді, эмиссиялардың проспектілерін және бағалы қағаздар шығару туралы шешімдерін тіркейді, эмиссиялар бойынша барлық шарттар мен міндеттемелерді эмитенттердің сақтауына бақылауды жүзеге асырады, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылардың қызметін лицензиялайды, бұл рыноктағы әлемдік қаржы дағдарысының экономиканың нақты секторларындағы өндірістің құлдырауынан туындаған сыртқы және ішкі факторлардың еліміздің бағалы қағаздар рыногына тигізетін жайсыз әсеріне қарамастан, ол даму үстінде. Республиканың бағалы қағаздар рыногында жасалып жатқан қадамдар соңғы кездері айтарлықтай белсенді бола түсті. Стратегиялық тұрғыдан келгенде экономиканы сақтандыру, қазір жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жандандыру жөнінде жаңаларын құру үшін қажетті алғы шарттар жасау, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі табысты шаралар ғана Үкіметтің қаржы рыногының өтімділігінің төмендігі проблемасының толық шешуіне мүмкіндік береді.
Биржаның негіз қалаушы қағидаты бағалы қағаздар рыногының өтімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Қор биржасы бағалы қағаздар рыногының субьектісіне келтірілген залалдардың орнын толтырады және оған өз жарғысын, биржалық сауда ережелерін бұзған немесе коммерциялық құпияны жария еткен жағдайда заңнамаға сәйкес жауап береді.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Заңдары.
2. Ілиясов Қ.Қ. Құлпыбаев С. Қаржы 2003, 2005 жыл
3. Егемен Қазақстан «Бағалы қағаздар рыногы туралы» //2003жыл
Теориялық білімдердің бақылау сұрақтары:
1.Қор биржасының қызметі.
2.Қор биржасының құрылуы және қызмет ету мақсаттары.
3.Қор биржасын басқару органдарының құрамы.
СОӨЖ на арналған тапсырма:
1. «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заң.
2. Қор биржасының қаржылық қызметі неде?