Табиғи техникалық жүйені экологиялық, экономикалық бағалау
ХХ ғасырдың 30-жылдары қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары аяқ-киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылды. 1956 жылы қала іргесіндегі Тасбөгет кенті жанынан су бөгеті салынды. 1974 жылы «Қызылордакүрішмаш» зауыты іске қосылды. Көптеген оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1996 жылы 8 қазанда ҚР Президентінің жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» (АЭА) құрылды. Оның бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншіктік жүйелер жасалып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері құрылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды.
Қалада күріш машиналарын шығаратын «Қызылордакүрішмаш» АҚ, Құрылыс материалдары мен құралдар комбинаты, эксперименттік механикалық және тәжірибелік жөндеу-механикалық зауыттары, тоқылмайтын маталар, аяқ-киім фабрикалары, сонымен бірге астық өнімдері және азық-түлік, тағам бағытында «Береке-нан», «Балық», «Жайна» ,«Ісмер», «Қуат» АҚ-тары жұмыс істейді. Қалада «Айдан», «Аңсар», «Айжан», «Бабас», «Бастау және К», «Бейбарыс», «Сыр шарабы», «Темірхан», «Яксарт» және т.б. ӨК, АҚ-дар мен кәсіпорындар елге қызмет көрсетеді. Қаладағы көлік қатынасын «Маршрут», «Қатынас» АҚ-тары, «Жаңа талап» ӨК-і жүргізеді. Кейінгі жылдары қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғыртылды. Жаңа әуежай, Аквапарк, Сарқырама каналы, Жағажай, төрт жұлдызды «Самал» қонақүйі, «Еуразия» кешені салынды.
Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы департаменті, – облыс әкімшілігінің ауыл шаруашылығы саласындағы атқарушы органы. Облыс құрылғанда (1938) ҚазКСР Егіншілік комитеті жанындағы Қызылорда облысының жер бөлімі ретінде ұйымдастырылды. 1947 – 52 ж. ҚазКСР Ауыл шаруашылық министрлігінің облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, 1953 – 62 ж. ҚазКСР ауыл шаруашылық минститунің ауыл шаруашылық басқармасы, 1962 – 65 ж. ҚазКСР ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мен дайындау министрлігінің облыстық ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру басқармасы, 1965 – 89 ж. ҚазКСР Ауыл шаруашылық министрлінің облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, 1986 – 89 ж. ҚазКСР Мемагроөнеркәсібінің облыстық агроөнеркәсіп комитеті, 1989 – 93 ж. облыстық агроөнеркәсіп бірлестігі, 1993 – 98 ж. облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының, 1998 – 2001 ж. облыстық ауыл шаруашылық басқармасы болып аталып келді. 2005 жылдан қазіргі атымен аталады. Департаменттің негізгі міндеті – ауыл шаруашылық саласында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, өндірісті шикізатпен, нарықтық қатынастардың даму жағдайында аграрлық сектордың экспорттық мүмкіндігін арттыруға бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.
«Қызылордакүрішмаш» – машина жасау кәсіпорны. 1981 ж. ауыл шаруашылық машиналарын жасауға бағытталған зауыт ретінде пайдалануға берілген. 1994 жылдан акционерлік қоғам. Астық жинайтын машиналар шығаруға мамандандырылған. Зауыт шығаратын әртүрлі жатка машиналары елімізде көпшілік сұранысқа ие. Зауыт ЖВ-4,1, ЖРТ-5-01. ЖРТ-5, ЖВУ-6, ЖВТ-6, ЖВП-10 жатқаларын жасауды игерген. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 600 жатка.
Қызылорда су тораптары
1) Қызылорда су торабының оң жақ каналы, бастауын Сырдария өзені арнасында салынған бөгет (1957, Қызылорда қаласынан шығысқа қарай 12 км) маңынан алып, өзеннің оң жақ бойымен Қармақшы ауданына дейін созылады. Ұзындығы 80 км, ені 20, кейде 40 – 80 м. Тереңдігі 5 – 12 м. Су ағымы каналдың басында 48 м³/с. Канал бойында бірнеше бөгеттер, көпірлер бар. Сырдария өзенінің оң жақ бойындағы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуда бұл каналдың маңызы зор, оның суымен күріш, жем шөптік дақылдар егілетін 60 мыңға жуық га жер суарылады. 2) Қызылорда су торабының сол жақ каналы, республикада салынған (1950 – 60) ірі су құрылыстарының бірі. Бастауын Сырдария өз. арнасына салынған (1957) бөгеннен алады. Ұзындығы 140 км, ені 40 – 70 м, тереңд. 4,5 – 9 м. Су ағымы бас жағында 60 м³/с. Канал Сырдария, Қармақшы аудандарының шаруашылықтарына Сырдария суын жеткізеді. Суарылатын жер аумағы 50 мың га-дан астам. Канал жалпы ұзындығы 500 км-дей Жаңадария (Сырдарияның ескі арнасы) каналымен жалғасады. Оның суымен 600 – 700 мың га жайылым және шабындық суландырылады.
Қызылорда энергиялық орталығы – мемлекеттік коммуналдық қалалық кәсіпорын. 1963 ж. іске қосылған. Орталық Қызылорда қаласын жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның жылу энергиясын өндіретін екі қазандығы бар. Жылу маусымы кезінде сағатына 22 МВт электр энергиясын өндіреді.