Азақ халқының қалыптасуы. «Қазақ» этнонимі. Қазақ жүздері. Кіші жүздің ру-тайпалық құрамы.
Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңіліске ұшырағанынан кейін Өзбек ұлысында ыдырау басталып, олардың кейбіреулерінің бөлініп, көрші жерлерге көшіп кетуіне әкелді. Бұл туралы Мүхаммед Қайдар Дулаттың “Тарих-и-Рашиди” еңбегінде айтылған. Көшпелі тайпалар Шу өзенінің алқабына яғни Моғолстан аумағына - Есен бұғы иелігіне қоныс аударды.
Керей мен Жәнібек өз адамдарымен Моғолстанға моғол ханы Есенбұғының тірі кезінде келген. Ол қашқындарды қарсы алып оларға Шу алқабын және Қозы Башы жерлерін бөліп берген. Жәнібек (Әбу Саид) – Ұрыс ханның ұлы Барақ ханның ұлы. Керей Жәнібектің жамағайыны Болат сұлтанның ұлы.
Жәнібек пен Керейдің Моғолстан аумағына кетуі - Өзбек ұлысында кейіннен билікті толық алу үшін жасалған шара болды.
Есенбұғыны осындай шешім қабылдауына басқа да себептер болды, яғни, ханның мағынасы іштей де сырттай қатынастарда оны қолдаушы феодал ақсүйектер мен ұлыс адамдарының санымен анықталатын еді. Сондықтан да оның өз жағына неғұрлым көбірек өз көршілерінің жауластарын тартып, оларды өз тайпаларына қарсы пайдалануға тырысуы – табиғи құбылыс еді.
М.Қ.Дулаттын “Тарих-и-Рашиди”, “Бахр ал асрар” Махмуд ибн Валидың (парсы тіліндегі) біз Жәнібек пен Керейдің қол астындағы тайпалар мен рулардың жағдайы туралы білеміз. 1462 жылы Есенбұғы қайтыс болды, сонымен бірге оның інісі Жүнүс хан бекіді. Ол өзінің қызын Әдік сұлтанға – Жәнібек ханның баласына ұзатып қазақ хандарымен қатынас орнатты.
М.Қ.Дулаттың сөздеріне қарағанда Жәнібек және Керейдің қарамағындағыларды сол жылдары өзбек-қазақтар деп атаған. Олардың қатарына Өзбек ұлысынан халық лек легімен қосыла түсті.
«Қазақ» этнонимінің шығуы.«Қазақ» терминінің шығу тарихының бірнеші болжамы бар:
- Тарихшы Бартольд: “өз мемлекетінен, тайпа, руынан бөлініп жеке өмір сүруші адам”.
- М.Ақынжанов: “хас-сақ, нағыз сақ деген атаудан қазақ шыққан”.
- XII-XV ғ.түркі тілінде жазылған деректерде: «еркіндік аңсаушы, батыл» мағынасын білдіреді.
- Түркологтардың пікірінше, «қазақ» терминінің бастапқы таралған жері – Шығыс Дешті Қыпшақ.
- Жазбаша әдебиетте «қазақ» термині 1245 жылы мамлюктік Египет мемлекетің қыпшақтары кезінде шыққан араб-қыпшақ сөздігінде бірінші рет қолданылады.
Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Жүздердің шыққан уакыты, шығу себептері, ішкі мазмұны жөнінде ғалымдардың арасында әлі ортақ пікір жоқ.
Жүз – тарихи-шаруашылық және географиялық аймақ, белгілі рулық топтың территориясы.
Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, "Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін осындай үлкен одақтар құрған". Н.А.Аристовтың ойынша, "жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан".
В. Бартольд: "Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды", — деп есептейді.
М. П. Вяткин В.В.Бартольдпен келісе отырып: "Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың аяғында қалыптасты", — дейді.
Шығыстанушы Т. И. Сұлтанов жүздердің құрылуы жөнінде нақты деректердің тапшылығын айта келіп: "XVI ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан", — деген болжам айтады.
Жүз ұғымының мәні де толық ашылған жоқ. Біраз зерттеушілер қазақтың "жүз" деген сөзін арабтың "джуз" — бір нәрсенің "басты бөлігі", "тармақ" деген сөзімен сәйкестендіреді.
Кіші жүздің рулық құрамы туралы алғашқы мәліметтер бізге 1748 жылдан мәлім және оны А. И. Тевкелев келтірген. Кіші жүздің рулық – тайпалық құрамын суреттей келіп, бұл жүзді ол мыналардан тұрады деп жазады: «Ірі ру Алшын, ал Алшын екіге, яғни Қаракесек және Байұлы болып бөлінеді. Қаракесек бәрінен де ірі, алты рудан тұрады, атап айтқанда, олар: Шекті, Қаракесек, Шөмекей, Төртқара, Қаракете, Қарасақал… Қаракесекке қарағанда Байұлы орташа, 12 рудан тұрады, атап айтқанда олар: Адай, Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Масқар, Таздар, Есентемір, Алтын, Шықтар, Шеркес, Тана… Жетіру, яғни жеті ру Кіші жүздегі ең шағын рулар, атап айтқанда, олар: Табын, Тама, Кердері, Керейіт, Жағалбайлы, Телеу, Рамадан».
Қазақ халқы қалыптасқаннан көп бұрын Батыс Қазақстан өңірінде маңғыт немесе ноғайлы тайпалар одағы өмір сүрген болатын. Ноғай Ордасынан бөлінген алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Соған байланысты олар ел арасында “Кіші жүз – алшын” атанған. Оның құрамына:
12 ата Байұлы (адай, алаша, байбақты, беріш, жаппас, масқар, таз, тана, есентемір, ысық, қызылқұрт, шеркеш);
6 ата Әлімұлы (қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей, шекті);
7 ата Жетіру (табын, тама, кердері, керейт, жағалбайлы, телеу, рамадан) тайпалары енеді.
Нақ осы жерде А. И. Тевкелев жетіруға кірген рулардың бұрын бытыраңқы болып, неғұрлым күштірулардан теперіш көріп келгенін айтады. Олар өздерін бірігу ғана сақтап қалатынын аңғарып, Тәуке ханның ақылымен, туыстық жағынан байланысты емес одақ – Жетіру болып бас қосқан.