Шетел азаматтарының құқықтары мен міндеттеріне жалпы сипаттама

Халықаралық жеке құқық нормалары шетелдіктердің мүліктік, жеке мүліктік емес, отбасы, еңбек және процессуалдық құқықтарын реттейді. Шетел азаматы екі құқықтық тәртіпке бағынады: отандық заңнама мен өзі орналасқан шетел мемлекетінің заңнамасына. Бұл жайт шетел азаматының құқықтық мәртебесінің өзгешелігін құрайды.

Шетелдіктердің құқықтық жағдайын анықтауда адамдардың құқықтары мен бостандықтары туралы жалпы халықаралық құқықтың жалпымен танылған қағидалары мен нормаларының маңызы зор. Халықаралық құқықтың жалпытаныған нормалары мен қағидалары Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, Экономикалық, Әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактілерде көрініс табады.

Көптеген мемлекеттерде «шетелдіктер құқығы» ұғымы қолданылады, ол жария құқық саласындағы шетелдіктерге арналған арнайы режимді анықтайды. Әдетте «шетелдіктер құқығы» қоныстану, жұмыcқа тұру және тағы да басқа мәселелерді қамтитын ережелерден тұрады. «Шетелдіктер құқығын» шетелдіктердің құқықтарын шектейтін нормалардың жиынтығы деп түсіну қажет деген пікір де бар. Негізінен, шектеулер орын ауыстыру, белгілі бір кәсіппен айналасу, жылжымайтын мүлікті сатып алумен байланысты. «Шетелдіктер жағдайын» халықаралық жеке құқыққа қосатын мемлекеттер де бар. Бұл - Франция және құқықтық жүйелері француз құқығының әсерінен қалыптасқан мемлекеттер. Көптеген мемлекеттерде шетелдіктер құқығы әкімшілік құқықтың саласы ретінде қарастырылады.(ФРГ, Австрия және т.б)

«Шетелдіктер құқығы» - бұл шетелдіктердің ерекше құқықтық мәртебесін анықтайтын нормалар жиынтығы, бұл коллизиялық сипаттағы нормалар емес, тиісті қатынастарды реттейтін материалдық – құқықтық нормалар. Әдетте, «шетелдіктер құқығы» шетелдіктердің құқықтық жағдайын кең, тар мағынада анықтайды. Тар мағынада бұл - негізінен әкімшілік-құқықтық сипаттағы нормалар, олар шетелдіктің құқықтық жағдайының ұлттық азаматтардың құқықтық мәртебесінен айырмашылықтармен байланысты. Кең мағынада – шетелдіктің құқықтық мәртебесін кез-келген жағдайда анықтайтын барлық нормалардың жиынтығы.

Көптеген елдерде шетелдіктердің құқықтық мәртебесіне арналған жеке жетілдірілген заңнама бар, бұл «жалпы құқықтағы» мемлекеттерге де қатысты. Бірақ кейбір мемлекеттерде, мысалы ФРГ, шетелдіктер құқығы халықаралық құқықтан ажыратылып, әкімшілік-құқықтық нормалардан тұратын арнайы заңмен реттелінеді.

Ресей және ТМД-ның басқа мемлекеттерінде, КХР-да, Шығыс Еуропа елдерінде «шетелдіктер құқығы» құқық жүйесінде жеке құқық саласы болып саналмайды. Реттеу пәні бойынша тиісті нормалар құқықтың әртүрлі салаларында, яғни мемлекеттік, әкімшілік, азаматтық, еңбек, қылмыстық және тағы басқа қатыстылығымен түсіндіріледі. Бірақ бұл арнайы заңмен реттелудің тиімділігін жоққа жарамайды. Осындай тиімділікті түсінудің арқасында КСРО-да 1981 жылы КСРО-дағы шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы заң қабылданды. Қазақстанда жоғарыда аталған «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы» Заңы әрекет етеді.

Ресей заңнамасы шетел азаматтарының құқықтық мәртебесінің негізгі қағидаларынан бастау алады (бұл бастаулар Қазақстан Республикасына да тән):

1. шетел азаматтары ресейлік азаматтармен теңдей құқықтар мен бостандықтарды иеленеді және бірдей міндеттерді атқарады, негізгі бұнда ұлттық режим қағидасы болып табылады;

2. шетел азаматтары тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағжайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына қарамастан заң алдында теңдей;

3. ресейлік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын арнайы шектейтін мемлекеттердің азаматтарына қатысты жауапты шектеулер қойылуы мүмкін;

4. шетел азаматтарының өзінің құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы қоғам мен мемлекет мүдделеріне, РФ азаматтары мен өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зардап тигізбеуі тиіс.

Құқықтық жағдай, құқықтық мәртебе ұғымдарынан құқықтық режим ұғымын ажырата білу қажет. Ол орналасу мемлекетіндегі шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың құқық қабілеттігін анықтайтын бастаулар мен қағидаларды білдіреді. Халықаралық режимдердің үш түрі бар:

· ұлттық режим;

· арнайы режим;

· қолайлы жағдай жасау режимі.

Профессор Сарсембаевтың айтуына қарағанда, шетел азаматтарының қазақстандағы құқықтық мәртебесін анықтайтын негізгі қағидалардың біріне ұлттық режим жатады. Ұлттық режимде шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі өз азаматтарының құқықтық мәртебесіне сәйкестендіріледі. Бірақ қалай айтқанмен, олардың мәртебелері толығымен тең болмайды.

Арнайы режимде шетелдіктер үшін ерекше ережелер көзделген. Арнайы режимнің мәні тек шектеулер қою ғана емес, сонымен қатар ол кейбір жеңілдіктерді көздеуі мүмкін.

Қолайлы жағдай режимі шетелдіктерге кез-келген үшінші мемлекеттің азаматтары иеленетін немесе иелене алатын құқықтарды ұсынады. Азаматтық кодекстің 1095-бабының 1-пунктіне сай: «Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан азаматтарымен тең азаматтық қабілеттігін пайдаланады, егер Қазақстан Республикасының заң актілері мен халықаралық шарттарында өзге жағдайлар белгіленбесе».

Жоғарыда аталып өткендей, Қазақстан ұлттық режим қолданылады. Ол шетел азаматтарына, олардың мемлекеттерінде қазақстандық азаматтарға ұсынылатын құқықтар көлеміне қаралмай беріледі. Алайда, біздің заңнамаға сәйкес мемлекет реторсияны қолдана алады. Реторсия көбінесе, Қазақстандық азаматтарға қатысты ашық дискриминация жүзеге асырылса қолданылады.

«Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы» Заңы шетелдіктердің құқық қабілеттілігінің жалпы шектеулерін орнатады. 6-бапқа сай шетел азаматтары кейбір жекелеген лауазымдарға тағайындала алмайды және еңбек қызметінің кейбір түрлерімен айналыса алмайды, егер бұл лауазымға тағайындалу мен сондай әрекет түрімен айналысу Қазақстан Республикасының азаматтығында болумен байланысты болса, мысалы мемлекеттік қызметке тұру. Сондай-ақ шетел азаматтары саяси партияларға мүше бола алмайды. 19-бап бойынша шетел азаматтары өкілді және өзге де сайланбалы органдарға немесе лауазымдарға сайлай немесе сайлана алмайды, республикалық референдумға қатыса алмайды. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға жалпыға бірдей әскери міндеткерлік таралмайды.

Тұрақты және уақытша тұратын шетел азаматтарының құқықтық мәртебелерінде айырмашылықтар бар. Жұмысқа тұру, денсаулық сақтау, білім алу, қоғамдық бірлестіктерге мүше болу мәселелері бірдей шешілмейді. Тек тұрақты тұратын шетел азаматтары аталған салаларда қазақстандық азаматтармен теңестіріледі. Оған қоса, уақытша келген шетел азаматтарының құқыққабілеттігі олардың келу мақсаттарымен анықталады. Мысалға туристік немесе іскерлік виза бойынша келгендер оқуға немесе жұмысқа тұра алмайды. Шетел азаматтары Қазақстан Республикасында әрекет ететін шетел паспорттары мен оларды алмастыратын құжаттар негізінде, кіру визалары болған жағдайда ғана кіре алады.

Кіру визаларын Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері, немесе жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасының өкілдері арнайы құзірет берген органдар береді. Визаны беру негіздері ретінде қабылдаушы тараптардың шақыруы мен Қазақстан Республикасының уәкілетті органдардың рұқсаты болып табылады, егер халықаралық шарттармен өзгеше көзделмесе. Қазақстанмен жол жүрудің визалық емес режимі сақталған ТМД мемлекеттері азаматтарының кіруіне шақыру қажет емес.

ҚР Конституциясының 24-бабына сәйкес: «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар».Демек шетел азаматтары немесе азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұруға және белгілі бір еңбек қызметі түрімен айналысуға құқылы дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 2-тарауының 14-бабында: «Республика аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға, республикадан тыс жерлерге еркін шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тиым салынбаған кез-келеген қызметпен айналысуға; дербес өзі немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бірігіп заңды тұлғалар құру, заң құжаттарында тиым салынбаған кез-келген мәміле жасасып, міндеттемелерге қатысу құқығы болады» делінген. Еркін жүріп-тұру нормасы Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» жарлығында бекітілген 16-бапта: «шетел азаматтары ҚР-ның шетел азаматтарының болуына рұқсат етілген еркін жүріп-тұра алады және ҚР-ның заңдарында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерді таңдай алады. Жүріп-тұрудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен адамгершілігін сақтау, Қазақстан Республикасының азаматтары мен басқа да адамдардың құқытары мен мүдделерін қорғау үшін қажет болғанда, Қазақстан Республикасының бұған уәкілеттік берілген органдардың актілерімен белгіленеді» делінген.

«Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» заңда дипломатиялық пен консулдық өкілдіктердің басшыларына және қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттері қарастырылмаған. Осы заңға сәйкес, шетел азаматтары Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттары белгілеген негізде Қазақстан Республикасында еңбек қызметтерімен шұғылдана алады. Шетел азаматтары жекелеген қызмет органдарына тағайындала алмайды немесе еңбек қызметінің белгілі бір түрімен, егер бұл қызмет орындарына тағайындау немесе осындай қызмет түрімен айналысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығына қатысты байланысты болса, шұғылдана алмайды.

Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға еңбек қызметінің белгілі бір түрлерімен айналысуға шектеуші жағдайлары бар. «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлығының 14-бабы: «Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар, олар өзгеше заңдармен, халықаралық шарттармен, сондай-ақ Президентімен көзделмесе мемлекеттік қызметке алынбайды». Нотариат туралы Қазақстан Республикасы заңының 6-бабы 1-тармағында «Нотариус қызметін тек қана Қазақстан Республикасының азаматы жүзеге асырады» делінген. Дәл осындай талаптар судья лауазымына, прокурорға қойылған.

Шетелдіктер өзге мемлекеттің аумағында саяси құқықтарды пайдаланбайды және белгілі лауазымға ие болмайды немесе мемлекеттік қауіпсіздікпен байланысты қызметтің түрлерімен шұғылдана алмайды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа сәйкес, Ресей Федерациясында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Ресей Федерациясы азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы шарттарда тікелей келесі мәселелер көрсетілген, басқа тараптардың аумағында тұрақты басқа тараптың азаматтары келесі құқықтарды пайдалана алмайды:

а) жоғарғы мемлекеттік лауазымға және биліктің өкілетті органдарына сайлауға немесе сайлану;

б) бүкілхалықтық сайлауға қатысу (референдум);

в) дипломатиялық қызметтегі лауазымдарды, қауіпсіздік органдарындағы және ішкі істер органдарындағы лауазымдарда иемдене алмайды;

г) орталық атқарушы билік органдарында лауазымдарды, судья лауазымын, прокурор лауазымын иемдене алмайды;

д) облыстық, аудандық, ауылдық әкімшіліктің басшылары мен орынбасарларының лауазымын иемдене алмайды.

Шетелдіктердің міндеттерінің ішінде еңбек қатынастарымен байланысты міндетті салық төлеу. Қазақстан Республикасында заңды түрде бекітілген салықтарды, алымдарды, міндетті төлемдерді төлеу әркімнің міндеті мен борышы болып саналады. Жеке табыс салығын Қазақстан Республикасы азаматтары мен шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар төлейді. Осыған байланысты мәселелер Қазақстан Республикасының «Салықтар мен өзге де бюджетке төленетін міндетті төлемдер» туралы Президенттің заң күші бар Жарлығымен реттеледі.

Шетелдіктердің ішінен оралмандар ерекше құқықтық мәртебені иеленетіндіктен, олардың Қазақстан Рeспубликасындағы құқықтық жағдайын қарастырып көрейік. Ж.Б. Ахметов «Халықтың көші-қоны туралы» заңда оралмандарға берілген анықтамамен келіспей, оралмандарды анықтаудың өз баламасын береді: «оралман- бұрын қазіргі Қазақстанның аумағында тұрақты тұрған, Қазақстан Республикасы егемендігін алған тұста оның аумағында тыс жерде тұрақты тұрған және казақстандық азаматтықты алу және онда тұрақты тұру мақсатымен Қазақстан Республикасының аумағында келген тұлға». Ахметовтың пікірінше, оралмандарға тек қазақ текті адамдар жатқызылмай, «ұлттық сипатта карамай, бұрын қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған адамдар» жатқызылуы тиіс, бірақ менің ойымша, оралмандарға тек қазақ тектілердің жатқызылуы дұрыс, себебі ол шараның бірден-бір мақсаты: Қазақстан Республикасында қазақтардың санын көбейту, тіптен басқа себептерді атамағанның өзіндe.

Тұлғаны оралман деп тану туралы өтінішті Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық өкілдігіне, консулдық мекемеге немесе уәкілетті органға ол өзі немесе соған уәкілдік берген өкілі арқылы береді. Уәкілетті орган адамды оралмай деп тану туралы өтінішті қарап, ол бойынша өтініш тіркелген күннен бастап екі ай мерзімде оралмандарға белгіленген квотасына сәйкес шешім қабылдайды. Адам оралман деп танылған жағдайда ішкі істер органдары оған белгіленген үлгідегі құжат- Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат береді.

Оралман деп тану туралы мәселе шешілгенге дейін өтініш жасаған және өтініш каралып жатқан кезеңде Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адам Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңдарында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін көзделгеп құқықтарды пайдаланады. Қазақстан Республикасыпың шетелдегі дипломатиялық өкілдігіне мен консулдық мекемеге оралман деп тану туралы өтінішті беріп, Қазақстан Республикасының аумағына келген тұлғалар:

- уақытша тұратын жерге жолдама алғаннан кейін сонда үш күн ішінде кетуі тиіс;

- тиісті көші-қон қызметіне тұру жері туралы хабарлап, ішкі істер органдарында тіркеуден өтуі тиіс;

- уақытша тұратын жерінде тұрудың белгіленген тәртібін сақтауға;

- денсаулық сақтау органдарының талап етуі бойынша медициналық тексеруден өтуге, ектіруге, емделуге, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының нұсқауларын орындауға;

- аталған өтінішті қарау үшін кажетті мәліметтерді тиісті коші-қон қызметтеріне хабарлауға тиісті.

Оралмандардың туыстары болып табылатындар: оралманның балалары (соның ішінде асырап алған балалар), жұбайы(зайыбы); оралманның аға-інілері мен апа-сіңілері, сондай-ақ олардың ата-тегі тамыры бойынша қандас туыстары; оралманның немерелері мен шөберелері. Біздің заңнамамен оралмандарға жеңілдіктер мен өтемақылар көзделген. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін реттейтін уәкілетті орган:

- Қазақстан Республикасының заңдары мен ратификацияланған шарттарына сәйкес зейнетақыларды;

- мүгедектік, асыраушысынан айырылған және жасына байланысты жәрдемақыларды;

- арнайы мемлекеттік жәрдемақыларды;

- азаматтығы қалпына келтірілген оралмандарға «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңында белгіленген өтемақыларды төлеуді қамтамасыз етеді.

Білім беру саласындағы уәкілетті орган: Қазақстан Республиксының Үкіметімен белгіленген мөлшерде орта және жоғары кәсіпқой білім беру мекемелеріне түсу үшін квотаны белгілейді:

Сыртқы істер Министрлігі: Қазақстан Республикасына келуге рұқсат беру үшін консулдық алымдардан босатылуын қамтамасыз етеді;

Оралмандар деп танылған адамдарға белгіленген үлгідегі куәлік беріледі. Оралманның куәлігі қатаң есепте болатын құжат болып табылады және оның мәртебесін растау үшін негіздеме болады. Оралмандардың көшіп келу квотсына оралман отбасының Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын мүшелері енгізілмейді. Оралманның міндеті:

- Дұрыс мәліметтерді беруге;

- Медициналық тексеруден өтуге;

- Бейімдеу орталығында болу кезеңі аяқталғанда үй жайды босатуға;

- Белгіленген тәртіпті сақтауға.

Оралмандар мен олардың отбасыларының мүшелері:

Уәкілетті органның аумақтық органдарына оралман мәртебесін беру және оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өз өтініштерін қарау үшін қажетті отбасының барлық мүшелеріне дұрыс мәліметтерді табыс етуге міндетті.

Көшіп келу квотасы.Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша оралмандардың алдағы жылға және(немесе) переспективаға арналған көшіп келу квотасын белгілейді.

Көшіп келу квотасына енгізу туралы өтінішті отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біреуі облыстық көші-қон басқармасына береді.

Көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш беруші оралмандар төмендегі құжаттарды ұсынады:

- Көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш,

- өмірбаян,

- өтініш берушінің және онымен бірге қоныс аударушы отбасы мүшелерінің құжаттарының көшірмелері: (паспорт немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі, кәмелетке толмаған балалардың туу туралы куәлігі, неке немесе ажырасу туралы куәлік т.с.с) ;

- Диплом, еңбек кітапшасы, біліктілігі туралы куәлік және аумақтық бірліктегі жұмыс орнынан анықтама.

- Қазақстан Республикасы аумағындағы тұрғылықты жерінен отбасының құрамы туралы анықтама және тиісті аумақтық бірлікте тіркелгенін куаландыратын тіркеу кітабының көшірмесі, ҚР-ның азаматтығын қабылдауға құжаттарын тапсырғандығы туралы ішкі істер мекемесінен берілген анықтама.

Оралмандарды көшіп келу квотасына іріктеу өлшемдері мамандығы мен біліктілігінің болуы.

1. Білім деңгейі; Кәмелетке толмаған балалардың саны.

Мамандығымен біліктілігінің болуы жөніндегі балдардың ең жоғары саны отбасының әрбір мүшесі үшін 10 балл.

Білімі бойынша балдың ең жоғары саны отбасының әрбір мүшесі үшін- 6 баллды құрайды.

Орта техникалық, орта кәсіби білімі бар әрбір отбасы мүшесіне-2 балл. Отбасының әрбір мүшесіне бір жоғары білімі болса-3 балл, біреуден артық жоғары білімі болса-5 балл беріледі.

Отбасы құрамындағы кәмелетке толмаған балалардың саны бес және одан көп болса-10 балл; үш немесе төрт бала-5 балл; бір немесе екі бала-3 балл. Оралмандарды көшіп келу квотасына әрбір өлшем бойынша балдарды жыйнақтау арқылы осы ЕРЕЖЕДЕ көзделген тәртіппен айқындалатын, шешім қабылданған күні ең жоғары балл жинаған отбасылар енгізіледі. Балдардың сомасы «Оралман» электронды деректер базасы бойынша әрбір отбасы деректерінің негізінде айқындалады.

Оралмандардың көшіп келу квотсына оралман отбасының Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын мүшелері енгізілмейді.

Квотаға енген оралмандар отбасыжергілікті жердің көші-қон полицияссы арқылы белгілі мекен-жай бойынша отбасы мүшелерін тұрақты тіркеуге қойған соң, мына төмендегі құжаттарды уәкілетті органға тапсыру керек.

Өтінішке мыналар қоса беріледі:

1) Адамның тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгендігін растайтын құжат.

2) Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға берген қолдаухаттары туралы ішкі істер органдарынан анықтамалар;

3) Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері.

Қосымша жеңілдіктер оралман отбасының Қазақстан Республикасының аумағына келмеген немесе өздері оралмандардың көшіп-келу квотасына енгізілген жылдың ішінде осы Ереженің 2.5 тармағында аталған құжаттарды табыс етпеген мүшелеріне берілмейді.

Квотадан тыс келген оралмандар.Жергілікті мемлекеттік басқару органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына оралманадардың көшіп келу квотасынын тыс көшіп келген оралмандарға жеңілдіктер мен өтемақылар белгілеуге құқылы.

Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бау-бақша өсіру және саяжай салу үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес ауылдық елді мекендердің ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерінен, көшіп келушілер жер қорынан және жер запасынан уақытша қайтарымсыз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

Қорғаныс Министрлігі: Қарулы Күштер қатарынан әскери қызмет өтуін кейінге қалдыруға рұқсат береді.

Жергілікті атқарушы органдар;

1) облыстық жергілікті атқарушы органдар (республикалык маңызы бар қалалар, астана): заңмен белгіленген медициналық жәрдемнің кепілді тегін көлемін алуын қамтамасыз етеді;

2) аудандық жергілікті атқарушы органдар (облыстық маңызы бар қалалар): мемлекеттік адрестік әлеуметтік көмек беруді; жұмысқа орналасуына, біліктілігін арттыруына, жаңа кәсіпті меңгеруіне жәрдем көрсетуді; мұқтаждарға мектептерден, мектепке дейінгі мекемелерден және басқа да мемлекеттік әлеуметтік қорғау ұйымдарынан орын беруді; мемлекеттік және орыс тілдерін оқып-үйренуі үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді;

2. Жергілікті мемлекеттік басқару органдары оралмандардың иммиграциялық квотадан тыс Қазақстан Республикасына көшіп келген оралмандарға жеңілдіктер мен өтемақыларды орнатуы мүмкін.

З. Жеке көмекші шаруашылықты, бағбандық пен саябақты салу жұмыстарын жүргізуі үшін жер учаскілерін беру жерді уақытша тегін пайдалану құқығы негізінде жүзеге асырылады.

Иммиграциялық квота негізінде келген оралмандарға қосымша жеңілдіктер орнатылуы мүмкін:

1) кеден істері бойынша уәкілетті орган: шекара арқылы кеден төлемінсіз және салық салынбай өтуін;

2) халық көші-қоны бойынша уәкілетті орган: тұрақты тұру жеріне жол жүру мен мүлік тасымалдау шығындарын өтеу; келу жерінде тұрғын үй сатып алуға қаражат бөліп беру және бір жолғы жәрдемақыларды төлеуді қамтамасыз етеді.

Санабаеваның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу негізінен моңғол азаматтарына қиыншылық тудырады. Моңғолияда бұл процедура өте күрделенген болып келеді, ал Қазақстанның заңнамасында қос азаматтық рұқсат етілмейді. Қазақтардың моңғол азаматтығынан шығу процесінің тым ұзақ болуы бұл санаттағы тұлғалардың құқықтық мәртебесіне теріс әсер етеді, сондықтан мемлекеттің олардың Қазақстан Республикасында тұру жағдайын жақсартуға мүмкіндіктері жоқ. Осының нәтижесінде жыл сайын 50-ге жуық отбасы Қазақстаннан Моңғолияға оралады.

Сонымен, біз Қазақстандағы шетел азаматының құқықтық жағдайын қарастырып өттік, енді шетелдіктің өз мемлекетімен байланысына тоқталайық. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1094-бабында шетел азаматының жеке заңы оның азаматтығының заңы болып табылады. Бір азаматтыққа ие тұлғаның жеке заңын анықтау онша қиын нәрсе емес, ал енді қос азаматтығы бар тұлғаның жеке заңын анықтау шынымен-ақ қызықтыратын мәселе.

Қазақстан Республикасында қос азаматтық танылмайды. Қоллизиялық мәселе қос азаматтығы бар тұлганың үшінші мемлекетке санар шегуімен байланысты туындауы мүмкін. Бұл жердe оған қай мемлекеттің заңы таралады деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе келесідсй шешіледі: тұлғаға тұрақты тұру, әдеттегі орналасу немесе тығыз байланысқан мемлекет заңы таралады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1094-бабына сәйкес қос азаматтығы бар тұлғаның жеке заңы болып, тұрақты тұратын мемелекет заңы болып табылады.

Азаматтығы жоқ тұлғаның жеке заңын қарастырып өтейік: 20 желтоқсан 1991 жылғы «Азаматтық туралы» заңның 6-бабында былай делінген: «Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай- ақ міндеттерді мойнына алады.»

Ұлттық режим азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты олардың Қазақстан Республикасьнда тұру, тұрмауына тәуелсіз әрекет етеді. Осылай, азаматтығы жоқ тұлғалардың мәртебесі шетел азаматтарының құқықтық мәртебесіне сәйкес келеді.

Азаматтық кодекстің 1094- бабының 2-тармағына сәйкес азаматтығы жоқ тұлғаның жеке заңы тұрақты тұратын ел заңы болып табылады.

15 желтоқсан 1998 жылғы «Қазақстан Республикасының Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындар мәртебесіне қатысты протоколға қосылу туралы» заңға сәйкес Қазақстан Республикасы аталған халықаралық шарттарға қосылады, яғни Қазақстанда босқындардың құкықтық мәртебесі аталғаншарттармен, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Азаматтық кодекспен, «Халықтық көші-қон туралы» заңмен және тағы басқа заң актілерімен анықталады.

Оның мәжбүрлі қоныс аударушылардан айырмашылықтары тек азаматтығында ғана емес, сонымен қатар олар мәжбүрлі қоныстанушыларға қарағанда, кейбір саяси құқықтарда шектелген: бейбіт митингілерге, демонстрацияларға, шерулерге қатыса алмайды: мемлекет істерін басқаруға қатыса алмайды, мемлекеттік билік және өзін-өзі басқару органдарында сайлай және сайлана алмайды; референдумға қатыса алмайды; мемлекеттік қызметке тұра алмайды. Босқындар оған қоса кейбір міндeттерді атқармайды, мысалы оларға жалпыға бірдей әскери міндеткерлік таралмайды.

Басқа шетел азаматтарынан айырмашылығы - босқындар өз мемлекетінің дипломатиялық қорғауын пайдаланбайды, мемлекетімен ешбір міндеттемелермен байланыспаған. Олардың құқықтық мәртебесі шетел азаматтардікіндей ішкі заңмен емес, халықаралық құқықпен анықталады. Мемлекеттердің өз еркімен босқындардың құқықтық мәртебесін анықтауда шектелген, себебі олар халықаралық стандарттардан төмен түсе алмайды.

«Халықтың коші-қоны туралы» заңның 25-бабы саяси баспана беру мәселесін келесідей шешеді: «Қазақстан Республикасының шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана беруі туралы өтінішін қанағаттандыруды демесе қабылдамауды әрбір нақты жағдайда Қазақстан Республикасының ІІрезидентімен шешіледі». Азаматтық кодекстің 1094-баптың З-тармағында босқындардың жеке заңы саяси баспана берген ел заңы болып табылады.

Баспанаға құқығы бар тұлғалардың ішінен саяси эмигранттарды бөліп қарастырған жөн. Осы түлғаларға қатысты саяси баспана беру мемлекеттің міндеті емес, құқығы болып табылады.

Профессор Сәрсембаевқа жүгінсек: «19 маусым 1995 жылғы жарлықтың 5-бабы өз мемлекеттерінде адам құқықтары бұзылуының құрбаны болған тұлғаларға саяси баспана беру мүмкіндігін қарастырады. Бұндай тұлғалар саяси эмигранттар санатына жатады. Саяси эмигранттар мәртебесінің шетелдіктің жалпы мәртебесінен негізгі ерекшелігіне Богуславский келесілерді жатқызады, біріншіден, саяси эмигранттарды қолға беру мүмкіндігінің жоқ болуы, екіншіден, оларды қуу мүмкіндігінің болмауы, үшіншіден, саяси эмигранттар белгілі бір саяси қызметтермен айналыса алады, төртіншіден, олар кейбір ерекше жеңілдіктерді айдалыса алады. Қазіргі таңда Қазақстанның бұл санаттағы тұлғаларға қатысты өзіндік тәжірибесі жоқ»[6, 89-бет]. 1950 жылы БҰҰ босқындар мәселесін шектеуге көмектесу үшін босқындар істері бойынша БҰҰ Жоғарғы комиссар басқармасын құрды.

 

Наши рекомендации