Дәріс тезистері және ОБСӨЖ тапсырмалары. 1-тақырып. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы.
Жоспар: 1. Қазақстанның VI-XIII ғғ. тарихының зерттелуі.
2. Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы.
Қазақстанның VI-XIII ғғ. тарихының зерттелуі. Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихын жазудың алғашқы қадамдары XVII ғ. жасалды. Түрік тарихшысы Қадырғали бек Жалайыри ауызша тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің (XIV ғ.) тарихи жинағы негізінде 1602-жылы «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегін жазған, онда монғол шапқыншылығынан кейін қыпшақ даласында болған оқиғалар суреттеледі. Хиуа ханы Әбілғазы (XVII ғ.) «Түріктер шежіресі» және «Түрікмендер шежіресі» атты тарихи шығармаларында оғыздардың, қыпшақтардың, қаңлылардың ортағасырлық тарихына едәуір көңіл бөлді.
ХІХ ғ. 2-ші жартысында орыс ориенталистикасында қазақ халқының шығу тегі мәселесіне, оның рулық-тайпалық құрылымын, тарихы мен мәдениетін зерттеуге көңіл бөліне бастады. В. Григорьевтің, А. Левшиннің, Н. Гродековтың зерттеулерінде қазақ халқының құрамына кірген бірқатар рулар мен тайпалардың тарихы, олардың ұрандары мен таңбалары туралы мәліметтер келтірілді. ХІХ ғ. аяғында Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихын зерттеуде Н. Аристовтың түрік тайпалары мен халықтары туралы еңбектері ерекше орын алады. Ол шығыс деректерінің, мұрағат материалдарының, фольклорлық, этнографиялық деректер негізінде түрік халықтарының этникалық құрамы туралы материалдардың толық жинағын жасап, қазақтың үш жүзінің этникалық құрамын зерттеді. Көне түрік эпиграфикасын зерттеу саласында 1892-1903 жж. В. Радловтың бастамасымен орхон-енисей жазбаларын зерттеудің нәтижелері қорытылған іргелі еңбектер шығарылды. П. Мелиоранскийдің Күл-тегін ескерткішін тарихи-филологиялық тұрғыдан түсіндіру жөніндегі еңбегі жарық көрді.
В. В. Бартольдтың еңбектері Отандық және дүниежүзілік шығыстануда түпнұсқа деректер бойынша тарихи сынның қатаң талаптарына сәйкес жазылған алғашқы зерттеулер болды. Ол түркі тайпалары дәуіріндегі Қазақстан тарихының деректеріне түсініктеме жасады. В. Бартольдтың түрік-монғол халықтарының тарихы жөніндегі еңбектерінде Қазақстанның кейінгі орта ғасырлардағы тарихының проблемалары ашып көрсетіледі. Олардың арасында «Жетісу тарихының очерктері», «Орта Азияның түрік халықтарының тарихы жөніндегі он екі дәріс», «Түрік-монғол халықтарының тарихы» және т.б. туындылар бар.
Қазақстандағы тарихи-шығыстанушылық зерттеулердің бастапқы кезеңі А. Чулошниковтың, С. Асфендияровтың есімдерімен байланысты. Бұл ғалымдардың зерттеулерінде қазақтардың этногенезін, Қазақстан аумағында феодализмнің қалыптасу үрдісін қорытуға әрекет жасалды. М. Тынышбаев қазақтардың негізгі тайпалары мен руларының генеалогиясын қысқаша баяндап, тарихи түсініктемелер жасады.
ХХ ғ. 40-50 жж. А. Якубовскийдің және С. Толстовтың Сырдария оғыздары туралы, Алтын Орда тарихы жөніндегі зерттеулері Қазақстанның орта ғасырлар тарихын зерттеуге елеулі үлес қосты. ХІ-ХІІІ ғғ. хорезм-қыпшақ қатынастары, қыпшақтардың шығу тегі, шаруашылығы және этнографиясы мәселелері С. М. Ақынжановтың зерттеулерінде қарастырылды.
Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы. Қазақстанның кейінгі орта ғасырлардағы тарихын зерттеу ХІХ ғ. 2-ші жартысында басталды. Ориенталист В. Вельяминов-Зернов өзінің «Касимов патшалары мен ханзадалары туралы зерттеу» деген төрт томдық тарихи еңбегінде XV-XVI ғғ. Қазақстан тарихына назар аударды. Қазақ ғалымы Ш. Ш. Уәлиханов өзінің «Қырғыз шежіресі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қырғыздардың көші-қоны туралы» деген еңбектерінде қазақ этногенезінің, қазақ жүздері құрылуының, ру-тайпалардың орналасу мәселелерін зерттеді. Ол қазақ хандарының генеалогиясы, Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасының саяси қатынастары туралы да жазды.
Қазақстан тарихы ғылымы дамуының ХХ ғ. 40-50 жж. жаңа кезеңінде кейінгі орта ғасырлар тарихы жөніндегі зерттеулер деңгейі артты. 1945-жылы Қазақ КСР Ғылым академиясында Тарих, археология және этнография институты ашылды. Қазақ мемлекеттігінің қоғамдық құрылысының даму мәселелеріне, халықтың шығу тегіне ерекше көңіл бөлінді. М. Вяткиннің «Қазақ ССР тарихы жөніндегі очерктер» еңбегінде өзгелермен қатар Қазақ хандығы құрылуының мәселесіне назар аударылған.
Кейінгі орта ғасырлардың саяси тарихы С. Ибрагимовтың қазақ мемлекеттілігінің тарихын, А. Семеновтың қазақ хандарының Шайбанилер әулетімен қарым-қатынастарын зерттеген еңбектерінен көрініс тапты.
Алтын Орда тарихнамасы жаңа зерттеулермен толықты. Г. Федоров-Давыдов, М. Сафаргалиев, И. Греков, Н. Мухамедияров, В. Егоров Алтын Орданың шаруашылық, қоғамдық құрылысы, саяси тарихы, тарихи географиясы мәселелерін зерттеді.
Жошы ұлысының ыдырауы дәуіріндегі Қазақстанның далалық бөлігінің тарихы Т.И. Сұлтановтың еңбектерінде, Әбілхайыр хандығының тарихы Б.А. Ахмедовтың, Моғолстанның тарихы К.А. Пищулинаның, Ноғай Ордасының тарихы Б.Б. Кочекаевтың еңбектерінде монографиялық тұрғыда зерттелді. Т.И. Сұлтановтың еңбектерінде Қазақ хандығы тарихы мәселелерінің барлық жақтары қозғалды. Қазақтың көшпелі мал шаруашылығы, қоғамның әлеуметтік құрылымы, мемлекеттің әкімшілік құрылысы, көрші елдермен қарым-қатынасының мәселелері шығыс деректері материалдарының негізінде орнықты көрсетілді.
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар:
1. Қадырғали бек Жалайыридың «Жылнамалар жинағы», Әбілғазы Баһадүрдің «Түріктер шежіресі», «Түрікмендер шежіресі» еңбектерінің тарихнамалық маңыздылығын ашып көрсету.
2. Көрнекті ғалым Ш. Уәлихановтың шығармаларындағы қазақ ру-тайпалары, қазақ-ноғай байланыстары, этнография мәселелері.
3. Түрік дәуірінің жазба ескерткіштерінің зерттелуі жайлы шығыстанушы ғалымдардың – В. Радловтың, П. Мелиоранскийдің, С. Маловтың, С. Кляшторныйдың еңбектеріне тоқталу.
4. Түрік дәуіріндегі Қазақстан мен Орта Азия тайпаларының тарихына қатысты мәселелердің зерттелуі. Л. Гумилев, С. Агаджанов, Б. Кумеков, С. Ахинжанов және т. б. еңбектері.
5. В. Бартольдтің ортағасырлық Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихына қатысты еңбектеріне сипаттама беру.
6. Монғол жаулап алушылығы мен Алтын Орда тарихына қатысты В. Тизенгаузеннің, И. Грековтың, В. Трепавловтың, М. Сафаргалиевтің, А. Қадырбаевтың және т. б. еңбектері.
7. С. Асфендияров, М. Тынышбаев, М. Ақынжанов, А. Левшин еңбектеріндегі қазақ халқының шығу тегі мен қалыптасуына қатысты ғылыми тұжырымдар.
8. Соңғы орта ғасырлардағы Қазақстанның көршілес елдермен (Ресей патшалығы, Жоңғар хандығы) қарым–қатынастарының тарихына арналған зерттеулер. В. Вельяминов-Зерновтың, В. Басиннің, И. Златкиннің, В. Моисеевтің еңбектері.
9. Қазақтардың шаруашылық дәстүрлеріне, орта ғасырлардағы қалалар мәдениетіне, қазақтардың қоғамдық-экономикалық даму тарихына арналған зерттеулер. С. Толыбековтың, В. Шахматовтың, Н. Масановтың, К. Байпақовтың және т. б. ғалымдардың еңбектері.
2-тапсырма. Негізгі ұғымдарға анықтама беру.
Тарихнама, медиавистика, ориенталистика.
3-тапсырма. Кестені толтыру.
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының кезеңделуі | |||
№ | Кезеңдер атауы | Хронология-лық шеңбері | Негізгі тарихи оқиғалар |
І | Ерте орта ғасырлар | ||
ІІ | Дамыған орта ғасырлар | ||
ІІІ | Кейінгі орта ғасырлар |
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. А., 1996.
2. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. ІІ том. А., 1998.
2-тақырып. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының
ч. 1 ч. 2 ... ч. 9 ч. 10
Деректері.
Жоспар: 1. Араб және парсы деректері.
2. Ортағасырлық түркі ғалымдарының еңбектері.
3. Орыс және батыс деректері.
Араб және парсы деректері. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша ІХ-ХIV ғғ. араб саяхатшылары мен географтарының еңбектері маңызды болып есептеледі. Мұсылман мәдениеті мен ислам дінін белсенді түрде таратумен, көрші елдермен арадағы сауданы дамытумен қатар арабтар Орталық Азияны мекендеген халықтар жайлы мәліметтер жинады. ІХ ғ. араб авторлары әл-Балазури, ат-Табари, әл-Жахиз жазған шығармаларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның түркі халықтарының орналасуы, әскери ісі, әдет-ғұрпы туралы мәліметтер келтіріледі. Ибн Хордадбехтің (ІХ ғ.) «Жолдар мен провинциялар кітабында» Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар мен қоныстардың аттары келтірілген. Тарихшы әрі географ әл-Якуби (ІХ ғ.) «Елдер кітабы» атты еңбегінде оғыздар, қарлұқтар, кимектер, т.б. тайпалардың мемлекеттілігі туралы жазған. Х ғ. араб саяхатшысы Ибн Фадлан өзінің «Жазбаларында» қазіргі Қазақстанның батыс аудандарында мекендеген оғыздарға қатысты этнографиялық мәліметтер келтірді. ХІІІ ғ. араб тарихшысы Ибн әл-Асир жазған «Тарих жылнамаларының толық жинағында» Қарахандар, Қарақытайлар, Хорезмшахтар мемлекетінің саяси тарихы баяндалып, монғол шапқыншылығының зардаптары сипатталған. Атақты араб саяхатшысы Ибн Баттутаның еңбектерінде Алтын Орда халқының әлеуметтік құрылысы, шаруашылығы, сауда жолдары туралы, түркі халықтарының тарихына қатысты құнды мәліметтер бар.
Парсы тіліндегі Қазақстан тарихы туралы еңбектерді жазылған уақыты мен саяси бағдарына қарай былай жіктеуге болады: 1) Хулагу әулетінің жазба ескерткіштері; 2) Әмір Темір әулетінің жазба ескерткіштері; 3) Бабыр әулетінің жазба ескерткіштері; 4) Шайбани әулетінің жазба ескерткіштері; 5) Сефеви әулетінің жазба ескерткіштері; 6) Аштархани әулетінің жазба ескерткіштері; 7) Бұхар хандығы жазба ескерткіштері; 8) Қоқан хандығы жазба ескерткіштері. Қазақстан тарихын зерттеуде Хулагу әулетінің жазба ескерткіштері монғол шапқыншылығы, одан кейінгі уақытта Орталық Азияда жаңа саяси бірлестіктердің құрылуы жөніндегі елеулі еңбектер болып табылады. Оларда Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарының Қазақстан аумағында орналасуы, ХІІІ ғ. ортасында Шағатай ұлысында болған саяси талас-тартыстар туралы деректер көп. Парсы тіліндегі деректер Дешті Қыпшақтағы саяси бірлестіктер мен олардың мемлекеттік құрылымының ерекшелігін анықтауға көмектеседі. Қазақ хандығы мен хандары туралы жан-жақты мәліметтер мол кездесетін парсы тіліндегі шығармалардың ішінде Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің маңызы зор. Шайбани әулеті кезеңінде жазылған парсы тіліндегі еңбектерде қазақ хандары: Бұрындық, Қасым, Тахир, Хақназар, Шығай, Тәуекел, т. б. туралы мәліметтер бар.
Ортағасырлық түркі ғалымдарының еңбектері. Орта Азия мен Шығыс Түркістанда жазылған түркі тілді әдебиет ескерткіштері соңғы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы жөніндегі нарративтік деректер арасында маңызды орын алады. Оларда қазақ халқының қалыптасуымен, Қазақ хандығының құрылуымен және дамуымен, сондай-ақ XV ғ. – XVIII ғ. басындағы қазақ қоғамы өмірінің көрінісін жаңғыртып көрсетумен байланысты тарихи кезеңнің маңыздылығын баяндайтын мәліметтер бар.
Абдаллах Балхидың (XVI ғ. басы) «Зубдат әл-асар» еңбегінде қазақтардың саяси тарихы мен олардың билеушілері жөнінде нақты мәліметтер бар. Мұхаммед Шайбани ханның 1510-жылғы қазақтарға жорығы және өзбектердің жеңілуі, Қасым ханның Түркістан мен Ташкентке жорығы туралы айтылады. Бабырдың (1483-1530) «Бабыр-нама» еңбегіндегі Жетісу моғолдары, Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр мемлекеті, Мұхаммед Шайбанидің саяси іс-қимылдарына қатысуы, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың тарихи географиясы, қазақтардың, өзбектердің, қырғыздардың этникалық тарихы туралы мәліметтері ерекше маңызды. Өтеміс қажының (XVI ғ.) «Шыңғыс-нама» туындысы Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік еткен уақытты қамтиды және онда Алтын Орданың хандары туралы мәліметтер бар. Қадырғали бек Жалайыридың (1530-1605) «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегінде, Әбілғазы Баһадүрдің (1603-1664) «Түріктердің генеалогиясы» шығармасында XV-XVI ғғ. Қазақ хандығының, Көшпелі өзбектер мемлекетінің тарихы, Ноғай Ордасындағы Шайбанилер тарихы жөнінде, Көшім хандығы, тоғыз заттан тұратын сый тарту ғұрпы және оның мәні, т.б. туралы құнды мәліметтер бар.
Орыс және батыс деректері. Қазақстан тарихын зерттеуде XIV-XVII ғғ. орыс құжаттары мен мұрағат материалдарының зор маңызы бар. Орыс жерлері Алтын Ордаға бағынған кезең жылнамаларында орыс князьдарының Ордамен қарым-қатынастарының көптеген жақтары көрсетілген. Оларда Орданың ішкі қоғамдық-саяси жағдайы туралы, XIV ғ. 60-70 жылдарындағы Орда шонжарлары топтарының өзара қырқысқан күресі туралы айтылады. XVI ғ. аяғынан бастап қазақ-орыс елшілік байланыстарының, сауда миссияларының, экспедицияларының материалдары өлкедегі саяси-экономикалық оқиғаларды көрсетіп, Қазақстан аумағында ноғайлардың, башқұрттардың, қарақалпақтардың орналасуы туралы мәліметтер берген. XVI ғ. аяғында орыстың тұңғыш ресми жиынтық картасы «Үлкен Сызба» жасалды. «Үлкен Сызба» жоғалып кеткен, бірақ «Үлкен Сызбаға Кітап» сақталған, онда қазақ жерлері туралы мәліметтер тұтас тарауға жетеді. XIV-XVII ғғ. дипломаттардың, саудагерлердің, миссионерлердің (Г. Клавихо, С. Герберштейн, И. Барбаро, А. Контарини, А. Дженкинсон, Ф. Авриль, А. Олеарий) Азия елдері мен Московияға саяхаттары мен сапарлары жаңа нарративтік деректердің жасалуына негіз болды. Оларда қазіргі Қазақстан аумағындағы этникалық-саяси бірлестіктер, әмір Темір билік еткен кезеңдегі әскери-саяси оқиғалар, оның Тоқтамыспен және Едігемен қарым-қатынастары, ноғайлар мен қазақтардың одақтастық қатынастары туралы тарихи-этнографиялық мәліметтер бар.
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар.
1. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы жөніндегі археологиялық деректер және олардың зерттелуі.
2. Көне түрік руналық жазба ескерткіштерінің ашылуы, зерттелуі, олардың деректанулық маңызы жайлы айту.
3. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша араб деректерінің түрлеріне, олардағы тарихи мәліметтерді сипаттау.
4. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша парсы деректерінің түрлеріне, олардағы тарихи мәліметтерді сипаттау.
5. Қазақстан тарихы бойынша түркі тілінде жазылған шығармаларға сипаттама беру.
6. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы жайлы мәліметтер беретін қытай деректеріне, олардың ерекшеліктеріне сипаттама беру.
7. Қазақстан тарихы бойынша орыс және батыс деректерінің түрлері, олардағы тарихи мәліметтерді сипаттау.
8. Қазақ шежіресінің ортағасырлық Қазақстанның этникалық тарихын зерттеудегі деректанулық маңызын ашу.
9. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы жөніндегі картографиялық
деректерді сипаттау.
2-тапсырма. Кестемен жұмыс.
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты жазба деректер. | |||||
№ | Шығарма-ның авторы | Шығарма-ның атауы | Қай тілде жазылды | Жазылған уақыты | Ерекше-лігі |
1. | |||||
2. | |||||
3. | |||||
4. | |||||
5. | |||||
6. | |||||
7. | |||||
8. | |||||
9. | |||||
10. |
3-тапсырма. Рефераттар мен баяндамалар жазу.
1. «Тарих-и Рашидидің» Қазақ хандығының тарихы бойынша дерек ретіндегі маңызы.
2. «Шыңғыс-нама» – қазақ халқының қалыптасу тарихын зерттеудегі дерек ретінде.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І-ІІ том. А., 1996, 1998.
2. Ирмуханов Б. Прошлое Казахстана в письменных источниках. А., 1997.
3. Тарих. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 3-том. Астана, 2005.
3-тақырып. Түрік қағанаты және Батыс Түрік қағанаты.
Жоспар: 1. Түрік қағанатының құрылуы.
2. Түрік қағанатының сыртқы саясаты.
3. Батыс Түрік қағанаты. Этникалық құрылымы және саяси
тарихы.
Түрік қағанатының құрылуы. VI ғ. билеушілері түрік тайпасының ашина руынан шыққан Түрік қағанаты құрылды. Түрік (тюцзюе) этнонимі 542-жылғы қытай деректерінде алғаш кездеседі. Қытайлар түріктерді сюннулердің ұрпақтары деп есептеген. 546-жылы Солтүстік Монғолиядан Әмударияның жоғарғы ағысына дейінгі жерлерді мекендеген телэ тайпалары қазіргі Монғолияда үстемдік еткен жуань-жуаньдарға қарсы жорық жасады. Осы кезде күтпеген жерден шабуылдаған түріктердің көсемі Бумын телэ тайпаларын жеңіп, олардың 50 мың әскерін тұтқынға алады. Даланың әдеттегі құқығына сәйкес тұтқынға алынған жауынгерлер өзінен-өзі жеңуші жақтың әскеріне қосылатын еді. Сол уақыттан бастап бұрын жуань-жуаньдарға тәуелді болған түріктер енді олардың бәсекелестеріне айналды. 552-жылы түріктер жуань-жуаньдардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді.
Түрік қағанатының сыртқы саясаты. Мұқан қаған (553-572) түріктердің үстемдігін түпкілікті бекітіп, Оңтүстік-Батыс Маньчжуриядағы қидандарды, Тува мен Минусин ойпатындағы Енисей қырғыздарын бағындырды. Түріктердің батыс бағыттағы жорықтарын басқарған Иштеми қаған Жоңғарияны және ішінара Қазақстан мен Орта Азия аумағын өзіне қаратты.
Түрік қағанаты 563-567 жж. Иранмен әскери одақ жасап, Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейінгі аумақтағы эфталиттерді талқандады. Түрік-эфталит соғысы аяқталғаннан кейін түріктер мен Иран арасында араздық туындады. Түріктер Византия императоры ІІ Юстинге Маниах бастаған елшілікті аттандырып, олардың арасында жібек саудасын жүргізу және Иранға қарсы бірлесіп қимылдау жайлы сөз болды. Әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, Суй әулеті басқарған Қытайдың шабуыл жасауы, аудандардың автономиялану үрдісі 582-603 жж. қағанаттың Шығыс Түрік және Батыс Түрік қағанаттары болып бөлінуіне әкелді.
Батыс Түрік қағанаты. Этникалық құрылымы мен саяси тарихы. Батыс Түрік қағанаты Қаратаудың шығысынан Жетісуды қоса алғанда, Жоңғарияға дейінгі жерлерді алып жатты. Қағанаттың халқы орхон жазбаларында «он оқ бұдун» деп аталады. Батыс түріктер әрқайсысында бес тайпадан болған одақтарға – дулулар мен нушибилерге топтасты. Шегуй қаған (610-618) қағанаттың шығыс шекараларын Алтайға дейін жеткізді. Тон-жабғу (618-630) солтүстікте Испиджаб пен Шаштан Оңтүстік Ауғанстанға дейінгі аумақта бақылау орнатты. Тон-жабғу дүние салғаннан кейін дулулар мен нушибилер арасында күрес басталып, Жетісуға қытай әскерлері басып кірді. Соңғы тәуелсіз қаған Нивар Ышбара тұтқынға алынғаннан кейін (659 ж.) Батыс түріктері Қытайға тәуелділікке түсті.
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Негізгі ұғымдарға анықтама беру.
Түрік, теле, ашина, қағанат, қаған, жуань-жуань, эфталит, «он оқ бұдун», «он оқ елі», дулу, нушиби, елтебер, шад, бұйрықтар мен тархандар, Суяб.
2-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар:
1. Түріктер жайлы мәлімет беретін тарихи деректерді сипаттау.
2. Түрік қағандары Жуань-жуань хандығымен, эфталиттермен күрес барысында қандай аймақтарды жаулап алды ?
3. Түрік қағанаты қай мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатты?
4. Түрік қағанатында шаруашылықтың қандай түрлері дамыды ?
5. Түрік қағанатының қуатты мемлекет дәрежесіне көтерілгенін қандай фактілер дәлелдейді ?
6. Батыс түрік қағанатының құрамында қандай тайпалар өмір сүрді?
7. Батыс түрік қағанатының басқару жүйесіне сипаттама беру.
8. Батыс түрік қағанатында ішкі қайшылықтардың шиеленісуі оның саяси жағдайына қандай әсерін тигізді ?
9. Батыс түрік қағанатының әлсіреуі мен құлауының себептерін анықтау.
3-тапсырма. Кестемен жұмыс.
Түрік қағанатының билеушілері. | Билік еткен жылдары. | Ішкі саясаты. | Сыртқы саясаты. |
Бумын қаған | |||
Қара Ыссық қаған | |||
Муган қаған | |||
Таспар қаған | |||
Истеми қаған | |||
Түріксанф қаған |
4-тапсырма. Сызбаны толтыру.
Түрік қағанатының ыдырау себептері
5-тапсырма. Картамен жұмыс.
Картадан Түрік қағанатының және Батыс түрік қағанатының территорияларын анықтап, бұл мемлекеттердің аумағын, әскери шабуылдарының және елшіліктерінің бағыттарын контурлық картаға түсіру.
Әдебиеттер:
1. Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. А., 1994.
2. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы, 1994.
3. Кляшторный С.Г. История Центральной Азии и памятники рунического письма. Санкт-Петербург, 2003.
4-тақырып. Түргеш және Қарлұқ қағанаттары.
Жоспар: 1. Түргеш қағанатының саяси тарихы.
2. Қарлұқ қағанатының саяси тарихы.
3. Қарлұқ қағанатының этникалық-тайпалық құрамы.
Түргеш қағанатының саяси тарихы. Батыс Түрік қағанатының құрамына кірген, Жетісудағы керуен жолдарын бақылауында ұстаған түргештер VIІ ғ. аяғында күшейді. Түргеш көсемі Үшелік (Учжилэ) 699-жылы бұрынғы Батыс Түрік қағанатының аумағында өз билігін орнатты. Түргештер шығыста Шығыс Түрік қағанатымен, батыста соғды князьдіктерімен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шектесті. 711-жылы Жетісуға басып кірген көк түріктер сары түргештерді талқандағаннан кейін, мемлекеттегі үстемдік қара түргештерге ауысты. Қаған тағына отырған Сұлық 717-жылы Қытайға табысты дипломатиялық сапар жасады. Сондай-ақ ол Шығыс Түрік қағанатымен, Тибет патшалығымен әулеттік некелесу арқылы одақтасты. Оңтүстік шекараларда түргештер арабтарға қарсы күресті, бірақ табысқа жете алмады. 738-жылы Сұлық қаған қаза тапқаннан кейін, сары және қара түргештер арасында өзара күрес басталды. VIІI ғ. ортасында Жетісуға ықпал орнату үшін қытайлар мен арабтардың бәсекелестігі күшейді. 751-жылы Тараз маңында (Атлах) арабтар мен қытайлар арасында ірі шайқас болып өтті. Қытай тылындағы қарлұқтардың арабтар жағына шығуы нәтижесінде қытайлар зор шығынға ұшырады. Қытай әскері Жетісу мен Шығыс Түркістаннан кетіп, арабтар Шашқа қарай шегінді. Осындай күрделі саяси жағдайдан әлсіреген Түргеш қағанатындағы билік 756-жылы қарлұқ тайпаларының қолына көшті.
Қарлұқ қағанатының саяси тарихы. Қарлұқ тайпалары 746-жылы Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығып, Жетісуға қоныстанған болатын. 751-жылғы Атлах шайқасынан кейін қарлұқтар өз жағдайын нығайтып алды. VIII-Х ғғ. қарлұқ тайпалары Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейінгі, Балқаш көлі мен Ыстықкөл аралығындағы жерлерде қоныстанды. 840-жылы Енисей қырғыздары Ұйғыр қағанатын талқандағаннан соң, бұрын ұйғырларға тәуелділікте болған қарлұқ көсемі Білге Күл Қадыр хан өзінің жабғу атағын тастап, қаған атағын иеленді. Қарлұқтардың мемлекеттік құрылысы үлестік-тайпалық басқару жүйесінің болуымен сипатталады. Ірі тайпалардың үлестік басқарушылары өздерінің жартылай дербес және іс жүзінде тәуелсіз иеліктерін нығайтуға ұмтылды. Қарлұқ қағанатындағы үлестік-тайпалық басқару жүйесі орталық билік жолындағы күрестің күшеюіне себепші болды. Соның салдарынан қарлұқтардың билеуші әулетін жойған күштер олардың өз ортасынан шықты.
Қарлұқ қағанатының этникалық-тайпалық құрамы. «Таншу» әулеттік хроникасының (VII ғ.) деректеріне сәйкес, қарлұқтар (гэлолу) түріктердің бір тармағы болған. Қарлұқтардың құрамында жікіл, бұлақ, ташлық, түргеш, азкиши, шарұқ, аргу, барсхан, халаж тайпалары кірді. Бұлардан басқа олардың құрамында оғыздардың Жетісу аумағында қалған кейбір топтары, сондай-ақ түріктеніп кеткен Жетісу соғдылары болды.
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Негізгі ұғымдарға анықтама беру.
Гэлолу, бұлақ, жікіл, ташлық, ұйғыр, Енисей қырғыздары, тухси, яғма, жабғу, Тохарыстан, Мауараннахр.
2-тапсырма. Кестемен жұмыс.
№ 1-кесте.
Түргеш қағанатындағы саяси оқиғалар. | |
Тарихи уақыт | Тарихи оқиға |
699-жыл | |
704-жыл | |
711-жыл | |
715-738 жж. | |
751-жыл | |
756-жыл | |
766-жыл |
№ 2-кесте.
Қарлұқтар туралы деректер. | |
Деректің атауы | Қандай мәліметтер береді |
«Таньшу» шежіресі | |
«Күл-тегін» жазуы | |
«Худуд әл-алам» | |
Әл-Марвазидың жазбалары |
3-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар:
1. Түргеш қағанаты туралы мәліметтер беретін деректерге сипаттама беру.
2. Түргештер мен арабтардың қарым-қатынастары туралы тарихи мәліметтер.
3. Сұлық қаған Шығыстағы көршілес елдермен қарым-қатынастарда қандай жетістіктерге қол жеткізді ?
4. 751-жылғы Тараз маңындағы Атлах шайқасының тарихи маңызы қандай ?
5. Қарлұқтардың Ұйғыр қағанатымен, арабтармен қарым-қатынастарына сипаттама беру.
6. Қарлұқ қағанатындағы саяси биліктің орталықтану деңгейі қандай болды ?
7. Қарлұқ қағанатында отырықшы мәдениеттің дамығанын қандай мәліметтер дәлелдейді ?
8. Қарлұқ қағанатының этникалық және тайпалық құрамына сипаттама беру.
4-тапсырма. Картамен жұмыс.
Картадан Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының территорияларын анықтап, бұл мемлекеттердің аумақтарын, 751-жылғы Талас шайқасы болған жердің орнын контурлық картаға белгілеу.
Әдебиеттер:
1. Абусеитова М.Х. и др. История Казахстана и Центральной Азии. А, 2001.
2. Сыздықов С.М. Қарлұқ мемлекеті. Алматы, 2000.
5-тақырып. Оғыз мемлекеті. Қимақ қағанаты.
Жоспар: 1. Оғыз мемлекетінің саяси тарихы.
2. Қимақтардың этникалық құрамы және саяси тарихы.
3. Оғыздар мен қимақтардың шаруашылығы.
Оғыз мемлекетінің саяси тарихы. ІХ ғ. ортасында Жетісудан ығысқан оғыздар кангар-печенег тайпаларын талқандап, Сырдария бойы мен Арал өңірін өздеріне қаратты. Әл-Якубидің (ІХ ғ.) жазбаларында оғыздарда қалыптасқан мемлекеттің болуы, олардың қарлұқ, тоғыз-ғұз, қимақ тайпаларымен соғыстары туралы мәліметтер бар. Оғыз мемлекетінің астанасы Янгикент (Жаңа Гузия) Хорезммен және Мауараннахрмен түйісіп жатқан керуен жолының бойында орналасты. Жоғарғы билік иесі – жабғудың билігін ірі әскери-тайпалық ақсүйектердің кеңесі шектеп отырды. Оғыз мемлекеті саяси және әлеуметтік табиғаты жағынан ерте феодалдық мемлекет болды. Оғыздар Еуразияның ерте ортағасырлық тарихында маңызды рөл атқарды. 965-жылы оғыздар Киев Русімен одақтасып, Хазар қағанатын талқандады, 985-жылы Еділ бұлғарларына қарсы жорық жасады. Шахмәлік жабғудың тұсында Оғыз мемлекеті күшейіп, 1041-жылы Хорезмді басып алды. Деректерде Шахмәліктің салжұқтар қолынан қаза тапқаны туралы айтылады. Оғыз мемлекеті ХІ ғ. ортасында қыпшақтардың соққысынан құлады. Олардың кейбір топтары қыпшақтардың ығыстыруымен Кіші Азияға, Шығыс Еуропаға кетті. Бір бөлігі Мауараннахрдағы Қарахан әулеті мен Хорасан салжұқтарының қол астына көшті.
Қимақтардың этникалық құрамы және саяси тарихы. Батыс Алтай, Тарбағатай және Алакөл ойпаты аумағында қоныстанған қимақтардың үлестік басқаруға негізделген мемлекеті ІХ-Х ғғ. қалыптасты. Орталығы Имақия қаласында болды. Парсы тарихшысы Гардизи (ХІ ғ.) өз еңбегінде қимақ конфедерациясына эймур, имек, татар, байандұр, қыпшақ, ланиказ, ажлар тайпаларының кіргенін мәлімдейді. Қимақ мемлекеті күшейген уақытта тоғыз-ғұздарға, Енисей қырғыздарына қарсы әскери жорықтар жасағаны белгілі. ХІ ғ. Қимақ мемлекеті ыдырай бастады. Оның себептері – 1) мемлекет құрамындағы қыпшақтардың орталық билікке бағынбай, өз мемлекеттілігін құруға ұмтылуы; 2) Орталық Азия тайпалары қоныс аударуының ықпалымен болған сыртқы оқиғаларға байланысты. Қимақтар саяси үстемдігінен айырылып, қыпшақтарға тәуелді болып қалды.
Оғыздар мен қимақтардың шаруашылығы. Оғыздар мен қимақтардың басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Оғыздардың бір бөлігі Сырдарияның төменгі ағысы бойында қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаларға көшетін. Қимақтар қысты Жайық пен Жем арасында өткізіп, жазда Ертіс жағасындағы далаларда мекендеді. ІХ-Х ғғ. кедейленген қауым мүшелерінің бірқатары егіншілікке көшті, сауда айырбасының ұлғаюы нәтижесінде көшпелілердің отырықшы егіншілік өңірдің халықтарымен экономикалық байланыстары күшейді. Жазбаша деректерде Сырдарияның орта ағысында оғыздардың отырықшы мекендері: Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ және Сауран болғаны туралы мәліметтер бар.
ч. 1 ч. 2 ч. 3 ... ч. 9 ч. 10
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Негізгі ұғымдарға анықтама беру.
Жабғу, сюбашы, күл-еркіндер, инал, кангар-печенегтер, яньмо, Янгикент, Имақия.
2-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар:
1. «Оғыз» этнонимінің пайда болуы туралы қандай болжамдар бар ?
2. Оғыздар туралы мәліметтер ерте ортағасырлық қай тарихи деректерде кездеседі ?
3. Оғыздардың этникалық-тайпалық құрамы туралы қандай мәліметтер бар ?
4. Оғыздар қоғамындағы жоғары лауазым иелеріне және олардың атқарған қызметіне сипаттама беру.
5. Оғыз мемлекетінің құлау себептері қандай болды ?
6. Қимақтардың шығуы туралы қандай ғылыми болжамдар бар ?
7. Қимақ қағанатының қоғамдық басқару құрылымына сипаттама беру.
8. Қимақтардың көрші елдермен қарым-қатынастарына сипаттама беру.
9. Қимақ қағанатының әлсіреуіне және құлауына қандай ішкі және сыртқы факторлар әсер етті ?
3-тапсырма. Картамен жұмыс.
Картадан оғыз және қимақ тайпаларының мекендеген жерін, олардың ІХ-ХІ ғғ. мемлекеттерінің аумағын анықтап, контурлық картаға түсіру.
4-тапсырма. Кесте толтыру.
№ 1-кесте.
Оғыздардың сыртқы саясаты. | ||
Оғыздар қарым-қатынас жасаған елдер мен тайпалар | Уақыты | Қандай оқиғалар орын алды |
Кангар-печенегтер | ||
Хазарлар | ||
Киев Русі | ||
Салжұқтар | ||
Қыпшақтар |
№ 2-кесте.
Қимақтар туралы ортағасырлық тарихи деректер. | ||
Тарихи деректер | Уақыты | Мәліметтер |
Қытайлық деректер | ||
Гардизидың жазбалары | ||
Әбу Дулафтың жазбалары | ||
Әл-Идрисидың жазбалары |
Әдебиеттер: