Тақырып: Дақылдарды суару жүйелері

Мақсаты: Ауыспалы егісті суару жүйесін жобалау.

Қысқаша түсінік: Суару жүйелерінің атқаратын қызметтері - суды су көзінен шығару, оның сапасын жақсарту, тасымалдау, әр егістік танабына таратып суаруды жүзеге асыру, артық суды танаптан және тамыр орналасқан қабаттан шығару болып табылады.

Суару жүйелері техникалық жағдайына байланысты қарапайым, жартылай инженерлік және инженерлік болып бөлінсе, конструкциялық ерекшеліктері бойынша ашык, жабық және аралас болып үш топка біріктіріледі.

Ашық суару жүйелері каналдар мен лотоктардан тұрады. Қазақстанның оңтүстік және шығыс өңірлерінің суару жүйелерінің басым көпшілігі осы топқа жатады.

Суару жүйелерінің құрамдас бөліктері мыналар: - суды су көзінен шығаруға арналған гидроқұрылыстар, қондырғылар, механизмдер мен агрегаттар; - суды су көзінен егіс танабына тасымалдап тарататын каналдар мен құбырлар; каналдар мен құбыр желілеріне кажетті гидротехникалық құрылыстар, су ағысын өлшейтін және реттейтін арнайы механизмдер мен қондырғылар; - суаруды жүзеге асыруға арналған каналдар, қондырғылар мен механизмдер (уақытша ор-арықтар, суару құбырлары, бороздалар, суару техникасы мен жабдықтары); - артылған және топырақтың есепті қабатынан терең сіңген суды жинақтауға арналған каналдар (қашқан суды жинақтап, арнайы қоймаларға тасымалдайтын каналдар мен дренаж тораптары); - каналдарға, дренаж тораптарына, танаптық жолдарға қажетті гидроқондырғылар (су өлшейтін және оны бөліп таратқыштар, суды жинап оның деңгейін көтергіштер, арнайы құдықтар мен көпірлер т.б.); - танап қорғауға арналған орман жолақтары; - байланыс және қатынас тораптар, жолдар, өндіріс құрылыстары (электр желілері мен телефон байланыстары және т.б.); Ашық суару жүйесіндегі каналдар мен арықтар жұмыс істеу мерзіміне байланысты тұрақты және уақытша болып екіге бөлінеді. Тұрақты каналдарға ұзақ мерзімге, яғни 20-50 жылға есептеліп салынатын магистральды, шаруашылық аралық және шаруашылықтық каналдар жүйесі жатады.

Магистральды каналдар (МК) және оның тармақтары (МКТ) суды су көзінен тасымалдап шаруашылық аралық каналдарға (ШАК немесе ВХК) береді. Шаруашылық аралық канал өз ретінде бірнеше шаруашылықтың жерін сумен қамтамасыз етеді. Су шаруашылық аралық каналдан ұжымдық шаруашылықтық каналға (ШК немесе ХК) беріледі. Шаруашылықтық канал тек бір ұжымдық шаруашылыққа су береді. Одан әрі су топтық және танаптық каналдарға беріледі. Топтық канал (ГК) 2 немесе одан да көп танапты сумен қамтамасыз етеді. Бұл каналдан суды әрбір танапқа жеткізетін канал танаптық канал (ТК немесе УК) деп аталады. Ауыспалы егістікте неше танап болса, сонша танаптық канал болады. Уақытша ор-арықтар суару алдында тартылып, егін жинар алдында жинап болған соң жабылып тегістеледі. Уақытша ор-арыктар су шығаратын арықтан, су таратқыш арықтан, суару арықтарынан (бороздалар, жүйек арасы арықтарынан, тақталар және шектер) тұрады. Танап жиегіне келіп түскен су топыраққа біркелкі, шығынсыз сіңу үшін жер бедері мен еңістігіне байланысты уақытша су торабын тура және көлденең схемамен орналастырады. Тура схема танап еңістігінің ең үлкен мәні 0,005-ке дейінгі жағдайда қолданылады. Жер бедеріне байланысты 70-200 м ара қашықтықтан горизонтальдарға перпендикуляр етіп уақытша ор-арықтар тартылады, оған көлденең бағытта су шығаратын арықтар тартылады. Су шығаратын каналдар ара қашықтығы суару бороздалары мен тақталарының ұзындығына тең болады. Су таратқыш және суару арықтары (борозда немесе тақта) су шығаратын арықтарға көлденең бағытта тартылады. Суару арықтарыда горизонтальдарға перпендикуляр бағытта орналасады.

Танаптың еңістігі 0,005-тен артық болғанда көлденең схема қолданылады. Уақытша ор-арықтар су эрозиясын болдырмау үшін горизонтальдарға аздаған бұрышпен көлденең етіп немесе перпендикуляр тартылады, ал су таратқыш және суару арықтары танаптың еңістік бағытында тартылады. Су таратқыш және суару арықтары уақытша ор-арықтарға көлденең бағытта орналасады. Уақытша ор-арықтардың аралығы суару арықтарының (борозда немесе тақта) ұзындығына тең. Бороздалар мен тақталар ұзындығы суармалы аймақ еңістігі мен топырақтың су өткізгіштігіне байланысты.

Суару торабында судың шығынсыз ойдағыдай таратылуын қамтамасыз ету үшін арнайы гидротехникалық құрылыстар қолданыдады. Оларға су шығарғыштар немесе реттегіштер, су деңгейін көтергіштер, судың ағу жылдамдығын азайтқыштар, су өткізгіштер жатады. Олар монолитті тұтас, құрама жабық не ашық түрде болады. Монолитті құрылыстар бетоннан, темірбетоннан, тас жоңы ағаштан салынады. Құрама құрылыстар заводтарда арнайы әзірленетін блоктардан тұрады, кейде жарты блок түрінде болады, қалған бөліктері құрылыс басында кұйылады.

Тұрақты және уақытша ор-арықтардың басталатын жеріне су шығарғыш немесе су ағысын реттегіштер орналастырылады. Олар жоғары және төмен сырғытылатын қалақшамен жабдықталады. Сырт пішіні тікбүрышты арна түрінде қақпағы бар құбыр түрінде болады.

Төменгі, яғни су шығарғыштан кейінгі канал табанының еңістігі үлкен, деңгейі төмен болса, су ағу жылдамдығын бәсеңдету үшін арнайы гидроқұрылыс (мысалы, сарқырамалар) салған жөн. Олай болмаған жағдайда әрбір танапқа жоспарлы су мөлшерін беруі мүмкін емес.

Еңістігі үлкен жермен тартылатын канал табанын бірқалыпты тегіс жағдайға келтіру үшін сарқырамалар салынады. Бір не көп сатылы, жай, кедергілі, консольды, шарбақты және шахталы сарқырамалар арқылы көп қаражат жұмсамай канал трассасында болатын судың әртүрлі жылдамдығын үйлестіруге болады

Ашық суару жүйесін жобалау масштабы 1:5000 жене 1:10000 картаға магистральды канал трассасын жобалаудан басталады. Су механикалық жолмен берілсе насос стансаларын жобалайды. Насос стансалары іргетастары мықты, орнықты, су тасқыны мен мұзбен басып қалу қаупі жоқ, қолайлы және суару алқабына жеткізетін трассасы мейлінше қысқа жерлерде орналастырылады.

Магистральды (бас су жинағыш) канал су қоймасынан басталады, су өздігінен ағатын жағдайда табандық су деңгейінен, ал механикалық жолмен көтерілетін болса суармалы аймақтың су қоймасына жақын ең биік жерінен басталады. Магистральды канал еңістігі 0,0004-0,0008 аралығында болғаны жөн. Әрбір суарылатын танап ауданын есептеп, шаруашылықтық және танаптық каналдарды жобалайды Тұракты каналдардың трассасын сызғаннан кейін уақытша су торабын жобалайды. Уақытша ор-арықтардың аралығы 120 м; ДДН-100 үшін - 50 м; ДДН-70 жаңбырлатқышында - 60 м болуы қажет.

Тақталар және бороздалар таңдап алынған уақытша су торабының тура немесе көлденең схемасына сәйкес жүргізіледі. Тақталап және бороздалап суару техникасы элементтері 16-қосымшада келтірілген. Тұрақты каналдар еңістігі 0,002-0,0007 аралығында, жаңбырлатқыш машиналармен суарғанда уақытша ор-арықтар еңістігі - 0,0008-0,001 аралығында, беткейлеп тура схемамен суарғанда 0,005, беткейлеп көлденең схемамен суарғанда - 0,0005 аралығында болғаны жөн.

Танаптардың шет жағынан, сондай-ақ сай, ойпаңдар бойымен артық су ағатын каналдар мен дренаж жүйесін жобалау қажет. Артық су ағып кету үшін жол шетіндегі еңістерді (кюветтерді) де пайдалануға болады.

Танаптар мен суарылатын аймақтар арқылы дала жолдары жүргізіліп, олар пайдаланылатын, шаруашылықтық және шаруашылық аралық жолдармен жалғастырылады. Тұрақты каналдар бойымен пайдаланылатын жолдар жобаланады. Тұрақты каналдар бойына, танап шетіне, жолдар мен су қоймаларының айналасына орман жолақтары отырғызылады. Каналдар мен жолдар бір немесе екі жағынан да бір қатарлы, кейде екі қатарлы орман жолақтары отырғызылса, танаптар мен су қоймаларының шетіндегі орман жолақтары көп қатарлы болғаны жөн. Ағаштар аралығы 0,4-0,5 м, ал қатар аралық 2,3 м болғаны жөн.

Каналдар арнаулы шартты белгілер арқылы көрсетіліп нөмірленуі тиіс. Канал нөмірі бастапқы канал тармақтарынан басталады. Магистралъды каналдар МК деп белгіленеді, ал оның тармақтары МКТ-1-1, МКТ-1-2-1, МКТ-1-2-2; шаруашылық аралық каналдар ШАК-1, ШАК-2 т.б.; шаруашылықтық тараткыш каналдар ШК-1, ШК-2, ШК-3 деп белгіленеді. Бір шаруашылықтық каналдан басталатын топтық каналдар ГК-1, ГК-2, танаптық каналдар реті бойынша ТК-1, ТК-2, ТК-3 деп белгіленеді. Уақытша тілінетін ор-арықтар О-І, О-2, О-З т.с.с. болып белгіленсе, дренаждық каналдар УД-1, УД-2, ТД-1-1, ТД-1-2-1, ШД-Ы, ШД-1-2,ШАД-1, ШАД-1-2-1 деп белгіленеді. Артық су ағып кететін каналдар ВТ-1,ВШ-2 ВША-1, ВША-2, деп нөмірленеді.

Ашық суару жүйесін жобалап болғаннан кейін суармалы жүйенің нетто және брутто ауданы есептеледі. Суару жүйесінің шекарасымен шектелген жерлер оның брутто ауданын құрайды. Суару жобасында белгіленген ауыл шаруашылық дақылдары және басқа да өсімдіктер егілген нақтылы суарылатын жерлер оның нетто ауданын құрайды. Каналдар, түрлі өндірістік құрылыстар, жол, орман алқаптары, электр желілері т.б. жерлер суаруға қатыспайтын жерлер деп аталады.

Суарылатын жердің нетто мөлшері мен суаруға қатыспайтын жерлер қосындысы суарылатын жердің брутто ауданын құрайды. Суарылатын жердің нетто ауданы оның брутто ауданынан әр уақытта аз болады. Есептеу нәтижелері 8 кестеге жазылады.

Кесте 8 Суармалы аймақтың жер пайдалану коэффициентін анықтау

Суармалы аймақ жүйесі Ұзындығы, м   Ені, м   Ауданы,
    м2 га
Суармалы аймақтың брутто ауданы,           386,85
Тұрақты каналдар     0,6  
Уақытша оқ-арықтар       0,16  
Жолдар:                
А) Дала жолдары       1,5  
Б) Пайдаланылатын жолдар     3,5   0,42  
Орман алқабы:                
А) канал бойындағы       0,15  
Б) танап шетіндегі       1,5  
В) Суармалы жер периметрі бойынша       2,4  
Дренаж каналдар     0,12  
Барлығы, га           6,85
Суармалы аймақтың нетто ауданы, га          

Суармалы аймақтың жер пайдалану коэффициентін

КЗИ = Wнетто/Wбрутто = 380/386,85 = 0,98

Бақылау сұрақтары:

1. Ашық суару жүйесі дегеніміз не?

2. Жабық суару жүйесі дегеніміз не?

3. Аралас суару жүйесі дегніміз не ?

4. Жер пайдалану коэфицентін қалай анықтаймыз?

Әдебиеттер:Негізгі:1,2,5,9Қосымша: 18

Наши рекомендации