Ант қызылшасының негізгі кеміргіш зиянкестері.

Қызылша сауытты қоңызы – Cassida nebulosa L. (Coleoptera отряды, Chrysomelidae тұқымдасы). Бунақденелілер қант және асханалық қызылшада, көбінесе көкпекте, алабұта тұқымдасы арамшөптерінде дамиды. Сауытты қоңыз жапырақтарды кеміреді де, оның негізгі жүйкесін қалдырады.Қоңыздардың денесінің түсі қоңыр-сары немесе жасыл ұсақ қара дақтармен, дене тұрқы 6-7 мм. Қанат үсті және алдыңғы арқа денеге қарағанда кең болып келген және қоңызды басымен бірге сауыт жапқан. Аяқтары қоңыр, жамбасы қаралау. Қанаттың үстінде түзу қатарлы нүктелері бар. Қанат үстінің бүйір қырларының орта бөлімі жуан болып келген. Дернәсілі сары-жасыл жалпақтау, дененің бүйірінде айтарлықтай ірі тісшелі өсінділер бар, осы өсінділердің артқы екеуі едәұір ұзын болып келген. Дернәсіл құрсағының ұшы жоғары қарай иілген.Бунақденелілер ерте көктемде шыға бастайды. Сәуір айында аналықтары жұмыртқаларын үймелеп, арамшөптердің, алабұталылар тұқымдасының жапырағына салады да, жұмыртқалардың үстін өзінен бөлініп шығарылған жартылай мөлдір шажырқаймен жабады. Бір аналықтың орташа өсімталдығы 200 жұмыртқа. Эмбрионалдық даму 10-12 күнге созылады. Дернәсілдер 2-3 апта ішінде дамиды, содан соң жапырақтардың арасында сары жалпақ тікенекті қуыршаққа айналады. Қоңыздардың бірінші ұрпағы шілде айында, ал екінші ұрпағы тамыз айының аяғында пайда болады. Қоңыздардың екінші ұрпағы қыстауға қалады.

Күресу шаралары. Алабұталылар тұқымдасына жататын арамшөптерді жою қажет. Қолмен отау кезінде арамшөптерді егістіктен алып тастау керек. Сауытты қоңыздар мен олардың дернәсілдеріне қарсы инсектицидті тізім бойынша пайдаланған дұрыс. Қызылша сауытты қоңызының ЭЗШ саны өскін кезеңінде 0,7-1 дана/м2, ал 4-5 жұп кәдімгі жапырақ кезеңінде 1 өсімдікте 10-нан артық дернәсіл болады.

Қызылша бізтұмсықтары: кәдімгі (Bothynoderes punctiventris Germ.), жолақты (Chromoderus fasciatus Mull.), ақшыл (Chromoderus declivis Ol.), шығыс (Bothynoderes foveicollis Gebl.) және сұр (Tanymecus palliatus F.) (Coleoptera отряды, Curculionidae тұқымдасы). Соңғы екеуі Қазақстанда көп тараған.Кәдімгі қызылша бізтұмсығы қара түсті, денесі сұр қабыршақпен және түктермен жабылған. Қанатының үстінде екі қара қисық дақтары және де екі ақ дөңесі бар. Бастүтігі қысқа. Дене тұрқы 10-15 мм. Жолақты қызылша бізтұмсығы түсі қара, денесін сұр–қара қабыршақтар және түктер жапқан. Қанаттың үстінде көмескі бұлдыр қара дақтары бар. Дене тұрқы 7-11 мм. Ақшыл қызылша бізтұмсығының түсі қара, денесін ақшыл-сұр, ақ дерлік түктермен жабылған. Бүйірінде иректі жіңішке сызығы бар. Дене тұрқы 8-10 мм. Шығыс қызылша бізтұмсығының түсі қара, қанаттың үсті сұр-қара қабыршақпен жабылған және де көмексі бұлдыр қара дақтары бар. Дене тұрқы 9-10 мм. Ақшыл қызылша бізтұмсығының денесі түгелімен сұр қабыршақтармен жабылған. Дене тұрқы 7-10 мм.Бізтұмсық дернәсілі – денесінің түсі ақ, басы қоңыр, аяғы жоқ. Кәдімгі қызылша бізтұмсығы дернәсілінің дене тұрқы 27-30 мм, ал қалғандарынікі – 20-25 мм.Қоңыздар топырақта қыстайды, ал егер күз суық жаңбырлы болса, онда дернәсілдер мен қуыршақтар да қыстауға кетуі мүмкін. Алайда Солтүстік Қазақстанның ауа-райы жағдайына байланысты, дернәсілдер мен қуыршақтар қыс мезгілінде өліп қалады. Көктемде топырақ қабаты 8-10°С қызған кезде қоңыздар пайда болады. Бұл уақытта қоңыздар топырақ бетінде жорғалайды. Температура 20-25°С жеткен жағдайда ұша бастайды. Қызылша бізтұмсығы арамшөптердің алабұталар тұқымдасымен қоректенеді де, кейін қант қызылшасының өскініне ауысады. Қоңыздар жапырақтарды жеп, қызылша сабақтарын кеміреді. Температура +8 °С төмен болса, қоңыздар қоректенбейді, ал 8-12°С әлсіз мөлшерде зақымдайды. Есейген дараларында қосымша қоректену 35-40 күнге созылады. Аналықтары жұмыртқаларын өсімдік тамырының маңайына, тереңдігі 3-10 см топыраққа салады. 7-11 күннен соң дернәсілдер туады, кейін олар ұсақ қабықшаларды және қызылшаның орталық тамырын тереңдетіп жеп, тамырдың кем-тарлығын тудырады, ал күшті залалданған кезде өсімдіктің жойылуына әкеледі. Сұр қызылша бізтұмсығының дернәсілі арамшөптерде (қалуен, дала шырмауығы, ошаған) дамуына байланысты, қызылша өсімдігін зақымдамайды. Дернәсілдер 45-90 күннің ішінде төрт жас шағын өткізеді және топырақта қуыршақтанады. 15-20 күннен кейін жаңа қоңыз пайда болады да, сонан соң ол топырақта қыстауға қалады. Жолақты қызылша бізтұмсығының қоңызы жұмыртқаны қызылша тамырының мойнына салады, ал дернәсілі тамыржемістің ішіне еніп, камералар мен жолдар жасайды да, тамыр мойнының ісінуін тудырады. Мұндай зақымдалу өсімдіктің жойылуына әкелуі мүмкін. Тамыржемістің ішінде дернәсілдер қуыршақтанады. Жылына 1 ұрпақ береді.

Күресу шаралары. Ауыспалы егісті қатаң сақтау, жоғары сапалы тұқыммен қолайлы мерзімде себу, топырақты сапалы өңдеу, минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу, егінді сепкеннен кейін топырақты тығыздаса, зиянкестердің санының азаюына және өсімдіктің өсу тұрақтылығын реттеуге мүмкіндік туғызады. Топырақты қатараралық қопсытса, жыртқыш зиянкестердің әрекетін күшейтеді. Арамшөптермен міндетті түрде күресу керек. Сәуір айының аяғынан бастап көлемі 1 м 2 20 үлгі алаңқайда зиянкестерге көзбен шолу есебін жүргізеді. Көктеу кезеңінде кәдімгі қызылша бізтұмсығы қоңызының 0,2-0,3, басқа түрлердің 0,3-0,5 данасы 1 м2 жерде, ал 2-4 жұп жапырақ шыққан кезеңде 0,5-0,6 дана/м2 кездессе, онда инсектицидпен өңдейді.

Наши рекомендации