XIII – XVI ғғ. Моңғол империясының құрылуы. Қазақстан моңғол шапқыншылығы кезеңінде
Татар-моңғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, Моңғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол тарихтағы деректер бойынша 1162 жылы, екінші бір деректер бойынша 1155 жылы ірі ноян Есугай баһадүрдің отбасында туған. Темучин ер жете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Өнан өзенінің сағасында Темучинді жақтаушы-моңғол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен моңғолдардың әміршісі болып жарияланды.
Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы оң қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар), және орталық (гол) атты үш әскери әкімшілік округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер (түмендер) болды. Олар өз кезегінде «мыңдық», «жүздік», «ондықтан» құрылды.
Өте қатал тәртібі, мұқият құрылымы бар әскер басында моңғолдардың феодалдық жоғарғы тобының өкілдері-нойондар, багадурлер, мергендер, сечендер тұрды. 1207–1208 жылдардың қысында Шыңғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да «орман халықтарын» бағындырды. 1208–1209 жылдары Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, таңғұттық Си Ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар моңғолдарға өз еркімен бағынды. Олардың ел басшысы Баршық өзін Шыңғысханның боданымын деп мойындаған. 1211 жылы Шыңғысханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды, 1215 жылы олар сол кездегі Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) бағындырды.
Шыңғысханның Орта Азия және Қазақстанға шапқыншылығы
Шыңғысхан Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленді. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, моңғолдардың қол астында болған босқындардан мәліметтер алып, Қарақытайлар мемлекетінің, содан кейін Хорезм шахындағы ішкі жағдай мен әскери күштер туралы деректерге қанықты, соның негізінде ойластырылған іс-қимылдың бағдарламасын жасады.
Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған 1218 жылы Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.
Жетісуды Шыңғысхан әскері қарсылықсыз оңай басып алды. Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғысханның Мәуеренахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорыққа жолы ашылды. 1218 жылы көктемде Шыңғысхан Орта Азияға сауда керуенін жіберді. 500 түйеден тұратын керуенінде моңғол жансыздарын қосып есептегенде барлаығы Көп адамы бар керуен 1218 жылдың жазында Отырарға келіп жетті. Отырардың билеушісі Қайырхан Иналшық көпестерді тыңшылық жасады деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырды. Шыңғысхан Хорезм шахынан Қайырханды ұстап беруді талап етті. Бірақ Хорезм шахы бұл талапты орындамады, Шыңғысхан жіберген елшілерді өлтіруге әмір берді. «Отырар апаты» деп аталатын бұл тарихи оқиға Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғысын тездетті.
Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 150 мыңға дейін адамы бар қалың қолды бастап шықты. Хорезмнің шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді.
1219 жылы қыркүйекте Шыңғыс ханның 111 мың әскері Отырар қаласын қоршайды. Бұл қалың қолды Шыңғыс ханның ұлдары Шағатай, Үгедей басқарады. Бір айдың ішінде Шыңғыс хан әскері Отырарды алады. Әйгілі кітапхана өртеніп, халық көптеп қырылады. Қайыр ханның денесіне ерітілген күміс құйып, азаптап өлтіреді. 1219–1220 жылдары Шыңғысханның ұлдары Бұхара, Самарқан, Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Жент, Үзгент қалаларын бағындырады.
1221 жылы Шыңғыс хан әскері Хорезмді, Орта Азияны жаулап алады. Осыдан кейін Шыңғыс хан әскерлері парсы, Ауғанстан, орыс, Дешті-Қыпшақ жерлерін жаулап алады. 1224 жылы Ертістегі Шыңғыс хан ордасына қайта оралады. 1219–1224 жылдар аралығында Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алып, өз империясының құрамына қосады.
1238 жылы Бұхарада Махмұд тараби бастаған көтеріліс Шыңғыс хан қол астындағы халықтар көтерілісінің ең ірісі болады.