Батыс түрік қағанатының қалыптасуы
Батыс түрік қағанаты — Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті. (603- 704). Түрік қағанатында саяси-әлеум. қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді. Б. т. қ-ның негізін Торэмен қаған қалаған деген ғыл. дерек те бар. Аумағы Алтай, Сібір жерінен бастап, Әмудария мен Еділ өзендерінің төм. ағысына дейінгі аралықты қамтыған. Саяси ахуалдарға байланысты шекара өзгеріп тұрғанымен Б. т. қ-ның негізгі аумағы ежелгі үйсін жері, Жетісу өңірі болған. Б. т. қ-ның халқы “он оқ елі” (он оқ бұдұн), “бес арыс дулу”, “бес тайпалы нушеби” деп те аталған. Қағанаттың құрамына әр кезеңде қарлұқтар, Енисей қырғыздары, шығылдар (шігілдер), чомулдар (шөмекейлер), тухсилер, т.б. енді. Б. т. қ-ның мемлекет басшысы—қаған жоғары билеуші әрі әскербасы саналды. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық жүргізді, ру басшыларын тағайындады. Қарапайым халық “қара бұдұн”, ал әлеум. құрылымның ең төм. сатысының тәуелді тобы “тат” деп аталған (қ. Тат). “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген көне мәтелге қарағанда түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған. Б. т. қ-нда көшпелі мал ш. басым сала болды. Сонымен бірге Іле, Шу, Талас өзендері бойында егін ш. дамыды. Ежелден егіншілікпен айналысқан. Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы аймақтар да Б. т. қ-на қараған. Ұлы Жібек жолының Б. т. қ-н басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал жасады. Құлан, Навакет, Суяб, Тараз, Меркі, Испиджаб қ-лары сауда, қолөнер орталықтары ретінде әйгіленді. Қағанаттың халықар. экон. және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды. Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды. Түркілер теңге соғуды игерді. Теңгелер түркі қағандары атынан соғылғанымен, олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Б. т. қ-нда жазба мәдениет дамып, әдеби дәстүр қалыптасты. Б. т. қ-ның халқы Көк тәңіріне, Ұмай анаға, Жер анаға, Су анаға тағзым етті. Қағанатқа Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар ене бастаған. 626 ж. қаған ордасына Үнді елінен Будда дінін уағыздаушы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келген. 627 ж. келген қытайлық будда мамасы Сюань Цзянь түрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған. Сондай-ақ, Б. т. қ-нда зороастра, несториан, манихей діндерін жақтаушылар да болған.
Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағанаттың негізі—дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталған.
Б.т.қ.Шегуй (610—18) мен Түн жабғу (618—30) қағандар тұсында күшейіп, мемлекеттің шекарасы кеңейе түскен. Шегуй қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығы мен Памирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген. Шегуйдің інісі Түн жабғу қаған мемлекеттің батыстағы шекарасын кеңейту саясатын жалғастыра отырып, өзінің қысқы тұрағын Суябқа көшіріп, ал Мыңбұлақ деген жерді жазғы қонысына айналдырған. Жаңа жорықтар қағанат аумағын Әмударияның жоғ. ағысы мен Гиндукушқа дейін жылжытуға мүмкіндік берген. Мұндай кең байтақ жерді берік ұстап тұру үшін Түн жабғу әкімш.-басқару реформасын жүргізген. Шығыс Түркістан мен Орталық Азиядағы жергілікті билеушілерге түркілік лауазымдар беріп, оларды өзінің орынбасарлары етіп тағайындаған. Сондай-ақ, қағанатқа бағынышты елдерге қатаң саяси бақылау орнату мақсатында қағанның қазынасына түсетін алым-салықты жинайтын өзі бекіткен бақылаушыларды (тудундарды) жіберіп отырған. Орталық Азияда өз ықпалын арттыру үшін Самарқан билеушісіне өз қызын тұрмысқа берген. Тохарыстанға өзінің ұлы Тарду шадты билеуші етіп қойды. Белсенді сыртқы саясат жүргізіп, 625 ж. Парсы еліне қарсы Византиямен келісімшартқа отырған. Түн жабғу император Ираклийдің Кавказға жасаған жорығына (628 — 29) қатысып, жаулап алған жерлерден Горе (Дербент) мен Тбилиси сияқты қалаларды өз үлесіне алады. Түн жабғудың әскери жетістіктеріне риза болған Ираклий Тбилиси қ. түбінде оған өз тәжін кигізіп, қызы Евдокияны тұрмысқа беретінін мәлімдеген. 630 ж. түріктер Арменияға басып кірген. Бірақ қағанаттағы ішкі қайшылықтарға байланысты Кавказда көп тұрақтай алмай, кері қайтып кеткен. Толассыз жүргізілген жорықтар мен алым-салықтардың ауыртпалығына наразы болған халықтың бой көтерулерін сыртқы жаулар өз пайдасына пайдаланып отырған. Кейбір тайпалар Таң империясы қол астына өтіп кетіп отырған. Таң империясы оларға барынша қолдау көрсетіп, басшыларына шен-шекпен, мансап беріп, әскери күшке айналдырып, қағанатқа қарсы жұмсады. Шығыс түрік қағанаты Бесбалық қ-н басып алған соң, Ертіс бойындағы қарлұқтар, іле-шала дулулар орталық билікке қарсы көтеріліске шықты. Осы ахуалды пайдаланып, иеліктер арасындағы соғысты тоқтату керек деген желеумен ықпалды әскербасы Күлбагатур (Сыбихан Мохэду) 630 ж. Түн жабғуды өлтіріп, өзін қаған деп жариялайды. Көп ұзамай, 631 ж. дулу мен нушеби тайпаларының билікке таласы кезінде Күлбагатур өлтірілген. 630—34 ж. қағандық Орта Азиядағы, Сырдария аймағындағы иеліктерінен айырылды.
Дулу мен нушебилер арасындағы 638 жылғы қантөгістен соң, олардың арасындағы шекара Іле өзені арқылы өтіп, қағанат оң және сол қанатқа бөлінді. Тайпааралық соғыстар 17 жылға (640 — 57) созылды, бұл қытай әскерлерінің баса-көктеп кіруіне қолайлы жағдай туғызды. 656 ж. Ашина Хэлу қаған қытай әскери қолбасшысы Су Динфаннан жеңілгеннен кейін Б.т.қ. Таң империясының ықпалына түсті. Бұдан кейінгі жерде Б. т. қ-н Таң империясы әкімш. аймақтарға бөліп, бұрынғы түрік қағандарының қытайланған ұрпақтарынан басқақтарды — “қуыршақ қағандарды” тағайындап отырды (қ. Ашина Буяжен, Ашина Мижелі, Ашина Суйцзы). Дегенмен олардың ішінде Дучжы (Дучжи хан, Ашина Дучжы) қаған (басқақ) отарлық езгіге қарсы шығып, елді бостандыққа жеткізуге ұмтылды, бірақ мақсатына жете алмады, 679 ж. қытайлықтар оны алдап қолға түсіріп, қорлап өлтірді. Б. т. қ-ның соңғы 23-қағаны Синь (Ашина Синь) 704 ж. Құлан қ-нда түргештердің басшысы Үшлік (Учжилэ, Үшелік) қолынан қаза тапты. 704 ж. Б. т. қ-ның орнына Түргеш қағанаты құрылды.
Батыс Түрік қағанатының қалыптасуы
Түрік қағанатының осыншама ұлан-байтақ жер енді ғана қалыптаса бастаған мемлекеттіктің шеңберінде ұзақ уақыт қала алмайтын еді. Олар іштен және сырттан болатын қысымға қарсы тұра аларлық өзара байланысты біртұтас экономикалық және этникалық-саяси организм болмады. Тек қарудың күшімен ғана құрылған империя оған ұзақ уакыт сүйеніп тұра алмады. Түрік қағанатында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, олардың талай жылдарға созылған мал індеттерімен, жұттарымен және ашаршылықпен ушыға түсуі, Суй Қытайының қағанат шекараларына шабуыл жасауы (581—618 жылдар), ақырында, оның аудандарының автономиялану үрдісінің табиғи түрде басталуы жалпы Түрік қағанатының 603 жылы екі дербес қағанатқа — Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінумен аяқталды; Батыс қағанаттың орталығы Суяб (Жетісу) болды. Бөлінуіне қарамастан, Батыс Түрік қағанаты Шығыс түрік қағанатына біршама саяси тәуелділікте болды, онда өкімет билігі түріктердің қаған руы ашиналардың қолында болды.
Аумағы
Батыс түрік қағанаты «ежелгі үйсін жерлеріне» ірге тепті, демек, оның аумағы ендік бағытта Қаратаудың шығыс баурайынанЖоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағанатгың негізгі этникалык-саяси ұйытқысы — «он тай-па» он-оқ будунның мекендеген жері де осы еді.
Сонымен қатар ол Түрік қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы (Самарқан, Маймург, Кеш, Нахшеб,Иштихан, Кушания, Бұхара, Амуль және Андхой) отырықшы-егіншілік шұраттарындағы басып алған барлық жерлерінің мұрагері болды. Батыс түріктеріне тәуелді деген аты ғана болған Соғды мен Бұхарада да қағанның өкілдері болды.