Елдердің өркениеттік-мәдени ерекшеліктері мен қазіргі геосаяси үрдістерді саралаңыз
Хантингтон өркениетті ең жоғарғы дәрежедегі мәдени қауымдастық ретінде және адамдардың ең ауқымды мәдени бірегейлігінің деңгейі ретінде қарастырады. Өркениеттер объективті тұрғыдағы, тіл, әдет-ғұрып, дін, институттар сияқты ортақ белгілердің, сондай-ақ адамдардың субъективті өзара бірегейлігінің болуымен сипатталады. Осы орайда ол қазіргі әлемдегі келесідей өркениеттерді көрсетеді: батыстық, конфуциандық, жапондық, исламдық, индуистік, православиелік, славяндық, латын американдық және африкандық. Автордың пікірінше, қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін, кеңестік одақ қирағаннан кейін, қазіргі әлемдегі қайшылықтардың жаңа торабы жоғарыда аталған өркениеттердің арасында болады.
Батыстық мәдениеттің біразы басқа әлемді үстірт жаулап алды. Бірақ, терең бойласақ, батыстық идеялар мен көзқарастар басқа өркениеттерге қатысты көзқарастардан әлдеқайда алшақ. Исламдық, конфуциандық, индуистік, буддистік және православиелік мәдениеттерде индивидуализм, либерализм, конституционализм, адам құқы, теңдік, еркіндік, заң үстемдігі, демократия, еркін нарық, шіркеудің мемлекеттен бөлінуі сияқты идеялармен қатар, осы құндылықтарды уағыздап, таратуға бағытталған Батыстың әрекеті "адам құқының империализміне" қарсы жауықтырып, төл мәдениеттің түпкілікті құндылықтарын нығайтуға септігін тигізеді. Хантингтонның өркениеттік жік теориясы Ф. Фукуяманың "Тарихтың ақыры" жөніндегі тұжырымына және либералды демократия принциптерінің салтанатына өзіндік қарама-қарсы салыстыру болды.
Қазіргі әлемнің геосаяси архитектурасы геосаясат субъектілерінің ( әлем қауымдастығы субъектілерінің) жиынтығынан, өздерінің жеке және ортақ мүдделерін жүзеге асырудағы олардың стратегиясынан, әрекетінен және өзара қатынасынан тұрады. Ол әлемдік саясаттың, халықаралық қатынастардың мынандай субъектілерін – мемлекетті, үкіметаралық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды, сондай – ақ геосаяси орталықтарды өзіне қосқан. Геосаяси орталықтардың негізгілеріне әлемдік саясаттағы ірі акторларды – Еуропаны ( Еуропа одағы келбетіндегі), АҚШ –ты, Азия –Тынық мұхиты аймағын және Ресейді жатқызуға болады.
Еуроодаққа тән белгілерге келесілерді жатқызуға болады: біріншіден, ЕО – біртұтас геосаяси, экономикалық және социомәдени кеңістік. Екіншіден, Еуропа біртұтас өркениет іспетті, дәлірек айтқанда Батыс өркениетінің еуропалық субмәдениеті. Үшіншіден, ЕО Шығысқа қарай кеңейуі оның даму тенденциясы болып табылады. 2004 жылы Еуроодаққа қатысушы елдердің саны Орталық және Шығыс Еуропа және Балтика мемлекеттері есебінен 10 есе артты. Төртіншіден, әлемде Еуропаның позициясын сақтау мен нығайтуға арналған ортақ жалпыеуропалық нарықты қалыптастыру келесі бір тенденция болып көрінеді. Еуроодақ өз мемлекеттерінің Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) қатысуы жағдайына орай өз тауарларын табысты қорғайды. Бесіншіден, Еуроодақтың болашақта әлемнің ықтимал биполярлы геосаяси моделі болатын екі геосаяси полюстің біріне айналары жоққа шығарылмайды. Алтыншыдан, Еуропаның болашақ құрылысы екі формада болуы мүмкін: мемлекеттердің тең құқылы одақтастығын білдіретін конфедерация формасы немесе болашақта Еуропа державасын құруға мүмкіндік беретін федерация формасы. Жетіншіден, Еуроодақ елдерінің басым көпшілігі батыс өркениетінің "әскери - саяси құралы болып саналатын НАТО мүшесі, оны қалыптастыруда геосаяси классиктері Х. Маккиндердің, К. Хаусхофердің, А. Мэкэннің, Н.Спайкменнің және Коэннің идеялары жақсы қызмет етті.
АҚШ планетамыздағы бірден – бір негізгі геосаяси күштердің орталығы екені белгілі, оған келесі сипатты белгілер тән: біріншіден, әскери, экономикалық, технологиялық, ақпараттық қатынастарда және мәдени ойын – сауық салаларында әлемдегі ең қуатты держава. Сонымен бірге АҚШ – тың бас болу жағдайы оның халықаралық институттарда ( ХВҚ, БСҰ, Бүкілдүниежүзілік Банк, Қайта құру және даму банкі), НАТО және т.б. басымдығымен түсіндіріледі. Екіншіден, әлемдегі жаһандану және жаңару үрдістері АҚШ – тың бақылауында. Үшіншіден, ол әлемде бірполярлы конструкция құруға тырысуда; төртіншіден, өзінің мақсаттарына жетуде күш көрсету саясатына тірек жасайды, ондағы басты құралы – НАТО – батыс мемлекеттерінің әскери – саяси блогы, мұнда да АҚШ бағыттаушы ел болып қалады. Бесіншіден, АҚШ – тың сыртқы саясатына тән белгілердің бірі - мессианизм, бұл дегеніміз бүкіл әлемге өзінің либеральді – демократиялық құндылықтарын тарату арқылы әлемді американдық етіп құруға тырысушылық.
АТА –ға тән белгілерге: біріншіден, бірнеше күштер орталықтарының болуы жатады. Мұнда аймақтық қана емес, әлемдік күштер балансын анықтайтын : АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония сияқты әлемдік бірнеше ірі державалар орналасқан. Екіншіден, экономикалық, саяси және әскери салмақты шапшаң арттырушы мемлекеттердің болуы жатады (Мысалы, Корея Республикасы, Сингапур,Малайзия, АСЕАН басқа да елдері ), бұлардың мүддесін аймақтық күштер балансында есепке алуға тура келеді. Үшіншіден, АТА - халықтың аса көп қоныстанған жердегі ауданы. Аймақтық аумағында планета халқының шамамен 50 % тұрады. Төртіншіден, АТА – жердегі динамикалық дамушы, қуатты экономикалық аудан. Жалпыәлемдік жалпы өнімнің жартысынан астамы, әлемдік сауданың жалпы көлемінің 50 % астамы, инвестицияның 55 % астамы, әлемдік порттың 40 % астамы және электроқуатын 42% және т.б. оның үлесіне тиесілі. Бесіншіден, аймақтағы елдерді экономиканың аса жоғары қарқынмен артуы сипаттайды. Азия даму банкінің болжамына сәйкес, АТА елдерінің экономикасының өсу қарқыны таяу жылдары әлем елдерінің экономикасының өсу қарқынынан екі – үш есе артатын болады. Аймақ әлемнің негізгі қаржы және инвестиция орталығына нық айналуда. Алтыншыдан, АТА – ға тән геостратегиялық ерекшеліктерде оның сипатты белгілеріне жатады. Өйткені мұнда өте көп әскери әлеует, ең алдымен АҚШ, Ресей және Қытайдың зымыран- ядролық әлеуеті шоғырланған. Жетіншіден, АТА әлемнің жетекші мемлекеттерінің геосаяси мүдделерінің түйісетін өзара талаптар бар, соның ішінде аумақтық (мысалы, Жапонияның, Ресейдің Оңтүстік Куриль аралдарына) талаптарды айтуға болады. Сегізіншіден, АТА – бұл әртүрлі геосаяси мүдделердің тоғысатын жері, бір – бірінен тарихымен, салтымен, дінімен, дәстүрімен, тұрмысымен және т.б. ерекшеленетін әртүрлі мәдениет түрлері орныққан аймағы.
Геосаяси тұрғыдан алғанда Ресей толыққанды аумақтық құрылым, өз алдына жеке құрылықтық күш болып табылатынын айтуымыз керек. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы әлемдік үрдіске ықпал етудің айтарлықтай мүмкіндігін иемденген, қуатты ядролық күштері бар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты мүшелік орнын сақтап отыр, мұның өзі оның көптеген стратегиялық болашағының барлығын айғақтайды. Ресей мемлекетінің еуразия құрылығында үш мұхит арасында орналасуы оның күш қуатының өзіндік қайнар көзі және сонымен қатар салмақты қарама – қайшылықтар мен қауіп – қатерлерді де тудырады. Халықта әртүрлі діндерді – православия, ислам, буддизм және т.б. тұтынатын үлкен топтардың болуы Ресейдің ерекшелігі болып табылады.