Семей сынаҚ алаҢыныҢ зардаптары
Семей сынақ алаңы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен 1947 жылы 21 тамызда ашылды. Алғаш мұнда әскери бөлімдер, құрылысшылар келді. Мұнан кейін жасырын түрде "Москва-400" шағын қалашығы, лабораториялық-экспериментальдық, өндірістік базалар бой көтере бастады. Ядролық тәжірибе жасау үшін халық шаруашылығына арналған 18500 шаршы шақырым жер алынды. Бұл аумақ Қазақстандағы Павлодар, Қарағанды, Семей облыстарының кейбір аудандарының жерін қамтыды. Тәжірибе жасау үшін қойлар, шошқалар, иттер, атжалмандар, азық-түлік салынған жәшіктер, адам кейпіндегі заттар алынды. Мұның бәрі сынақ күшінің қуатын зерттеу үшін алынды. Ал жергілікті халық бұл тәжірибеден бейхабар болды.
1949 жылы 29 тамызда бірінші сынақ жасалды. Сынақ жер астында да, жер үстінде де жасалды. Жер астында жасалған сынақтардың қуатының күштілігі соншалық, радиоактивті газдар бірнеше рет жер бетіне жарып шықты. Алғашқы кезде тұрғын халық осы бір тосын құбылысты қызықтай қарады. Бұл еркіңнен тыс қызықтыратын, беймәлімділігімен үрей туғызатын көрініс еді. Айналадағы болып жатқан сұмдыққа адамдардың еті үйрене бастады. Оның ауыр зардабын тартатынын кеш білді. Абай елінің әрбір екінші тұрғыны қан қысымының төмендеуіне, әлсіздікке, селсоқтыққа ұшырады.
Ғалымдардың болжамы бойынша Семей полигоны әсерінен барлық тұқым қуалау ақаулары болашақта, ұрпақ алмасқан кезде неғұрлым толық көрінген. Қазірдің өзінде осы аудандарда туа біткен кемтарлық дүниеге келген әрбір мың нәрестенің қырық сегізінде кездесіп отырады.Бұл орта есеппен республика бойынша алғанда 6 есеге көп, ал полигонға жақын орналасқан ауылдарда бұл көрсеткіш одан да жоғары.
Семей ғалымдары мен дәрігерлердің пікірінше, сәуле алған ата-анадан туған екінші ұрпақ денсаулығы, бірінші ұрпақтың яғни тікелей сәуле алған балалардың денсаулығынан едәуір төмен, бұл сәуле алудың генетикалық зардаптары. Сонымен қатар Семей өңірінде лейкоз - қан рагы,
лимфоцит - ақ қан ауруымен ауыратындар саны көбейген. Әсіресе, әйелдер арасындағы анемия ауруы республика бойынша бірінші орын алады. Уақытына жетпей босану, салмағы аз, әлсіз, балалардың тууы, туа біткен анемия және мезгілінен ерте қартаю көрсеткіштері өсіп, әйелдердің бедеулігі республикалық көрсеткіштен екі есе жоғарлады. Бірақ, жергілікті халық бұны кеш түсінді.
Оның өзінде 1989 жылы 13 ақпанда кезекті жарылыстан кейін радиациялық тұман бірнеше елді мекендерді және Шағандағы әскери - ұшқыштар қалашығын басып қалды. Осы жағдайдан кейін әскери ұшқыштар сол кезде Семей облысынан КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа дауысқа түсіп жатқан ақын О.Сүлейменовтен көмек сұрады. Ол республикалық теледидардан сөйлеп, осы қасыреттің бетін ашты.
1989 жылы 28 ақпанда "Невада-Семей" деп аталатын ядроға қарсы қозғалыс пайда болды. Қозғалыс, бейнелеп айтқанда жұртты ұйқысынан оятты. Бұл қозғалыс біртіндеп халықаралық қозғалысқа ұласты. Қозғалыстың басты жетістігі, біріншіден, халықтың тікелей қатысуымен аз уақыттың ішінде Семей жеріндегі сынақ санының азаюына ықпал етсе, екіншіден, 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен полигонның жабылуына жәрдемдесті. Бұл үрдіс басқа мемлекеттерде өз жалғастығын тапты. Мысалы, Ресейде Жаңа Жер, Америкада Невада, Францияда Морурора, Қытайда Лобнор жабылды.
Біз дүние жүзінде ядролық қарудың аз болуы, ал алдағы уақытта мүлдем болмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Адам қорқынышсыз, жақсы, еркін өмір сүргісі келеді. Ондай өмір үшін ядролық, бактериологиялық, химиялық қарудың қажеті жоқ. Адамдар қару-жарақсыз, еркін өмірде де Әлемді, Табиғатты, заттар мен құбылыстарды танып-білуге деген құштарлығы қалады
Арал теңізі
Қазақстанның оңтүстік аймағында жатқан Арал теңізі көлемі жағынан екінші орынды иеленеді. Ол дүниежүзілік мұхит деңгейінен 53 м биікте орналасқан. Жалпы ауданы 64,5 мың шаршы шақырым, ұзындығы 428 шақырым, жағалаулары көбінесе ойпатты, жазық, құмды болып келеді.
Арал теңізінде балықтың 30-дан аса түрі бар. Кәсіптік маңызы бар бекіре, сазан, қаяз, шабақ, ақмарқа сияқты балықтар ауланады. Соңғы уақытқа дейін Аралдан балықшылар жылына 200 мың тонна балық аулап келді. Аралға құятын Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын егістікке орынсыз пайдалану, ысырап ету салдарынан теңіз суы тартылып, айдыны тарылып барады.
Теңіздің солтүстігіндегі Барсакелмес аралында "Барсакелмес" қорығы құрылған. Қорық аумағындағы бөкен, құлан, жайран, қырғауыл т.б. аң, құс, түрлері қорғауға алынған. Қазір теңіз деңгейінің күрт төмен түсуіне байланысты олар басқа жаққа көшірілді.
Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда тартылған теңіз табанының 1 шаршы шақырым жерінен 8000 тоннаға жуық тұзды шаң көтеріліп, қоршаған ортаға таралады екен. Шаңмен көтеріліп шөккен тұз топырақтың құнарлылығын азайтып, егіс өнімін төмендетеді, ауыз судың сапасына әсер етіп, жергілікті халықтың денсаулығына зиянын тигізіп отыр.
Атмосфераға зиянды заттардың шамадан тыс таралуы климатқа да өз әсерін тигізуде. Арал маңында атмосфера ғана емес, су мен топырақ та ластанған. Теңіз маңындағы ауылдарда жас балалар өлімі көп, ересектер арасында сырқаттану басым. Әсіресе тыныс алу органдары мен жүйке, қан айналысы жүйесі, асқазан т.б. аурулары жиі кездеседі. Жұқпалы аурулар (ішек және сары ауру), қатерлі ісік, кеміс боп туушылық соңғы кезде көптеп кездесуде. Арал маңының экологиялық жағдайының бұзылуы жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да қатты әсер етіп отыр. Тұрғындар ата-баба жерінен амалсыз қоныс аударуда.
Арал проблемасына арналған бірнеше Халықаралық конференциялар өтіп, Аралға көмектесу жолдары іздестірілуде. Соңғы жылдары Қазақстан мен Орта Азия мемлекет басшылары Аралды аман сақтап қалу жолдарын қарастыруда. Бұл шаралардан шет мемлекеттер де сырт қалмауда. Өйткені бұл ғаламдық мәселе.
Ызыл кітап» дегеніміз не? «Қызыл кітаптың» мақсаты. Қазақстандағы қызыл кітапқа енген жан- жануарлар, өсімдіктер туралы баяндаңыз.
Жер бетіндегі хайуанаттар мен өсімдіктер миллиондаған жылдар бойы даму барысында қалыптасты. Адамдардың шаруашылық әрекетіне байланысты жер бетіндегі организмдердің тіршілік жағдайы тез өзгере бастады. Әсіресе жабайы жануарлар көп қырылды, себебі адам баласы аң аулаудың неше түрлі тәсілін қолданды. Ормандағы ағаштарды қырқып, өртеп, орнына егіс екті, жабайы аңдар мен құстардың бұрынғы табиғи жағдайы күрт өзгеріп, мекенін өзгертіп, кейбір түрлері құри бастады. Мысалы, ХІХ ғасырда жер бетінен жануарлардың 10 түрі жойылып кеткен болса, ХХ ғасырдың бірінші жартысының өзінде-ақ 40 түрі құрып кетті. Қазіргі уақытта тек омыртқалылардың 600-ден астам түрінің жойылып кету қаупі төніп отыр. Айталық, Х ғасырдың басында Еуропа жерінде қаптап жүрген жабайы "тур" сиырларының Польша жерінде ең соңғысы 1627 жылы өліп бітіпті. Витус Беринг экспедициясы құрамында болған зоолог Стеллер ашқан су сиыры бар жоғы 28 жыл ішінде жер бетінен мүлдем жойылған.
1741 жылы Командор аралынан табылған су сиырының тұрқы (көлденеңі) 8 м, салмағы 3000 кг шыққан. Ең соңғы су сиырының тұқымы 1768 жылы құрып біткен. Қазір оның қаңқасы Харьков университетінің табиғат музейінде сақтаулы тұр. ХУШ ғасырға дейін дала зонасында үйір-үйірімен жайылып жүретін жабайы жылқы тарпаңның ең соңғы тұяғы 1879 жылы құрып біткен. Осындай жағдайларды ескеріп, өсімдік пен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 1962 жылы Халықаралық табиғат және табиғи ресурстарды қорғау одағы құрылды. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, айырықша қорғау шараларын қолдануды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктер түрлері тіркелген арнайы кітапты "Қызыл кітап" деп атайды. Алғаш рет Халықаралық "Қызыл кітап" 1966 жылы басылып шықты. "Қызыл кітапқа" енген түрлер екі категорияға бөлінеді. А тобы жойылып кету қаупі төнген түрлерді, Б тобы сирек кездесетін түрлерді қамтиды. "Қызыл кітапқа" тіркелген өсімдіктер мен жануарларды қорғап, қорын молайтып отыру жауапкершілігі солар өсетін елге жүктеледі. Сол себепті соңғы кезде әр елде өздерінің ұлттық "Қызыл кітаптары" шығарылуда.
Қазақстан ғалымдары да республикамыздың "Қызыл кітабын" жазды. Бұл "Қызыл кітап" екі бөлімнен тұрады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі 1978 жылы жарық көрді. Кітапқа кең байтақ даламызды мекендейтін, саны сирек жойылып кеті қаупі бар сүтқоректілердің 31 түрі, құстың 43 түрі, балықтың 4 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі енгізілген. Олар: сүтқоректілерден - қара кірпі, көк суыр, құндыз, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, ТяньШань қоңыр аюы, қара күзен, орта азия сілеусіні, т.; құстардан - алтай ұлары, қара ләйлек, қарабай, бүркіт, лашын, ителгі т.б.; балықтардан - сырдария тас бекіресі, арал албырты, каспий албырты және т.б.
Екінші "Қызыл кітапта" (1981) құрып кету қаупі бар 308 түрлі өсімдік тіркелген. Олардың арасында Шренк шыршасы, Грейг қызғалдағы, Шренк тобылғысы, Жетісу недзвенциясы т.б. өсімдіктер бар.