Бұрынғы Югославиядағы қақтығыстың геосаяси салдарын талдаңыз

Балқан түбегі екі ғасырдан астам уақыт бойы Еуропаның «оқ-дәрі толы бөшкесі» деп аталып келді. 90-жылдарға дейін Балқан түбегін қырық құрау халықтан тұратын Югославия мемлекеті тұтастай алып жатты. 1991 жылы сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп бара жатқан Югославиядан Словения «еншісін» алып шыққанда Белград оған танкімен басып кіргенімен, еш қайран қыла алмады. Хорватия мен Боснияның азаттығы жолындағы күресте 4 миллион адам опат болды. Югославияның мұрагері сербтер еді. Демократияшыл Батысқа әсіреұлтшыл сербтердің өзге аймақтарға басқыншылық әрекеттері ұнаған емес. НАТО хатшысы Хавьер Солананың Белградты бомбаның астына алып, сербтерді сабасына түсіргені жұртшылықтың есінде. 1999 жылы НАТО-ның бітімгершілік әскерінің күшімен Косово аймағынан Слободан Милошевичтің әскері қуылды. Косово сол жылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1244 қарары бойынша бір мезетте Сербияның құрамындағы өлке және БҰҰ бақылауындағы өзін-өзі басқаратын автономиялық провинция болып саналды. Алайда әлемде 193-мемлекет ретінде аталған дені мұсылман Косово елінің тәуелсіздігі аз ұлттарды қан қақсатқан империялар үшін қорқыныш, азаттыққа талпынған ұлттар үшін үлгі-өнеге болып тұр. Косово — батыстық құндылықтарға арқа сүйейтін бірден-бір мұсылман мемлекеті.

Косово 20 жыл бойғы азаттық жолындағы күресте мұратына жетті. Әрине, АҚШ және Еуроодақтың қолдап-қолпаштауымен. Осы кезге дейін жүргізілген халықаралық келісімдерде Сербия еркін автономия, ал Косово тәуелсіздіктің кез келген формасы үшін жан алысып, жан берісіп бақты. Алайда тәуелсіздік 20 жыл бойы төгілген қанның өтеуі ме, әлде дүние бөліске мүдделі алпауыттардың «тартуы ма?» Ол жағын нақты бағамдау қиын. Сарапшыларға сенсек, тәуелсіздіктің сценарийі алдын ала жоспарланған. Мәселен, Косовоның қызыл туын Түркияның «Сабах» баспасы дайындапты. Косово жетекшілерінің түркиялық компанияға 30 мың ту дайындауға тапсырыс бергені мәлім болды. Тәуелсіздік декларациясы да шынайы демократиялық құндылықтармен «тұздалғанға» ұқсайды. Ресей Думасының депутаты Виктор Заварзин: «Косовоның тәуелсіздік декларациясы қандай заңнамалық негіздерге сүйеніп жасалғаны мүлде түсініксіз. Бұл АҚШ мемлекеттік департаментінің қолымен әзірленген декларация», — деген күмәнді ойын білдірді. Түркияның мұсылманшылықпен қол созғаны түсінікті, ал ислам әлемінің ортақ жауы саналатын АҚШ-тың жаңа мұсылман мемлекетіне бүйрегі бұра қалғаны қалай? Аз-маз ауыл шаруашылығынан басқа байлықтан жұрдай Косоводан АҚШ-қа келіп-кетер пайда да шамалы. Бәлкім, бұл АҚШ-тың сепаратизм «сырқатына шалдыққан» алып елдерге көрсеткен қыры шығар. Қалай дегенмен Косово тәуелсіздігі — НАТО мен АҚШ-тың Ахтисаари жоспарының жемісі. Әзірше Еуроодақ пен НАТО Косоводағы қауіпсіздікті сақтау жауапкершілігін өз мойнына алып отыр. Тәуелсіз Косово халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1244 қарарына сай, Еуроодақтың протектораты болып қала береді.

Ұлттар құқығы мемлекеттерден маңызды деген желеумен «үй ішінен үй тігетін» Косово синдромы әлемдегі сепаратизм сырқаты бар елдерге «жұғуы» әбден мүмкін. Ертең «бұғаудағы» көптеген халықтар «біз кімнен кембіз?» деп желігіп шыға келмек. Саясаттанушы Александр Князев: «Егер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Приштина парламентінің тәуелсіздік туралы декларация-сының күшін жоймайтын болса, әлемдегі 200-ден астам танылмаған мемлекеттердің тәуелсіздігін тануға тура келеді», — деген пікір білдірді. Косово тәуелсіздігі біреуге қуаныш, біреуге қайғы. Шыңжаң мен Тайвань мәселесімен әуреленіп жүрген алып Қытайға да жайсыз тиетіні жасырын емес. Жалпы, Косово мәселесі ТМД елдері ішінде Әзірбайжан, Армения, Грузия, Молдавия, Украина және Ресей үшін қолайлы емес. Қазірдің өзінде Кавказ аймағындағы тәуелсіздігі танылмаған елдердің көсемдеріне жел біте бастапты. Абхазия президенті Сергей Багапш «Косовоға қарағанда біздің тәуелсіздік алуға құқымыз зор», — деп желкесін күжірейтіп шыға келді. Косовоның артында Тайвань, Солтүстік Кипр түрік республикасы, Сомалиленд, Приднестровье, Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Таулы Қарабах, Вазиристан, Тамил-Илам сияқты жүздеген тәуелсіздігі мойындалмаған елдердің қалың көші келе жатыр. Енді әлемде тәуелсіздігі танылмаған мемлекеттер «ояна» бастаса, онда Косово синдромы жұқты дей беріңіз. Өйткені Косово синдромы біреуге бүлік, біреуге бақыт.

Наши рекомендации