Жүсіп Баласағұнидің мемлекеттілік туралы қоғамдық, саяси және философиялық көзқарастары
1. 2014 жылғы қаңтарда ҚР президенті Н,Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел!» идеясын мәлімдеді.
«Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман - тұрмысы бақуатты, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. «...Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы», - деп атап өтті Н. Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент Мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алынғанын алға тартты.
Қазақ азаттық қозғалысы мен «Тұтас Түркістан» идеясының тарихы арқылы тамырымызды таныдық. Тарихымызбен табысу арқылы «Тұтас түрік елі» идеясынан «Біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың ел азаттығы жолындағы ұлы күресінің мазмұнын ұғындық.
«Біртұтас Түркістан» идеясы, «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Жаңа Қазақ Елі», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ Елі» идеясы сынды ұғымдар арқылы мемлекет құрушы ұлт пен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ боларлық тың идея, мемлекеттік мәнге ие боларлық идеология қарастырылды. Дәл осы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – қазіргі қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және Қазақстанды ортақ Отан еткен жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген жасампаз идеология болады . Мұның барлық алғышарттары да қалыптасып отыр.
Халықаралық аренада Қазақстанның беделі нығайған сайын, түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясы ашық насихаттала бастады.
Бүгінгі таңда түрік мемлекеттерін жақындастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшысына айналдыру идеясы нақты өз жемісін берді. Оған Түркістандағы Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметі, Түрік елдері ақсақалдар кеңесінің құрылуы және Астанада Түрік дүниесі академиясының ашылуы, дәлел бола алады.
Түрік елдеріндегі экономиканың қарқынды дамуы, елдеріміздің күш-қуатының артуы интеграцияның өміршең болуын қамтамасыз етеді. Қазіргі кездегі тәуелсiз алты түрік мемлекетiнiң әлеуетiн қосқанда 140 миллиондық халық санымен әлемде тоғызыншы орында, жер көлемi бойынша жетiншi орында, 1,5 триллион долларлық ЖIӨ-мен он үшiншi орында тұрады. Сондықтан түрік мемлекеттерінің бірлігі Қазақстан үшін де, өзге түрік мемлекеттері үшін де аса маңызды.
Жалпы, ХХІ ғасырды Түрік мәдениетінің ғасыры болады деп болжам жасаушылардың қатары күн санап артып та келеді. Осы орайда: «Енді осы Еуразиялық кеңістікті толтыра беруіміз керек. Түріктің бойындағы пассионарлық қасиет қайта оянуда. Еуразия кеңістігін түркі мәдениетінсіз, түркілік санасыз, түркі тарихынсыз елестету мүмкін емес. Ежелгі түркілер, сақтар мен скифтер, ғұндар мен қыпшақтар Еуразияның ен даласын еркін қоныстанған. Бүгінгі түсінікпен алғанда, Алтын Орданы да Еуразиялық мемлекет деп атауға болады. Біздіңше, Шыңғыс хан идеялық тұрғыда ұлы түркілік идеяны көтеріп, қос мұхиттың арасын мекендеген халықтың жадындағы тарихи сананы қайта жаңғыртқан».
2. «Мәңгілік ел» идеясы тамыры тереңде жатқан түп тарихымыздан бастау алады. Зерттеушілер мұны кезінде Түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк абыз негізін қалаған идея деп көрсетуде.
Көктүріктер империясы ту еткен, Тоныкөк негізін қалаған, ұлы Шыңғыс хан империясының атына айналған Мәңгі ел құндылығы Қазақстан мемлекетінің түп қазығы – ұлттық идеясына айналды.
Бұл ата-бабалардан жеткен құндылық, қазақстандықтардың, (қазақ ұлтының емес) басын біріктіретін идея.
Тоныкөк (Тоңыұқық) (646- 741ж.ж.) - Екінші Шығыс Түркі Қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер.
Тоныкөк жазба ескерткішінде – Екінші Шығыс Түрік қағандығының (6 ғасыр) саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірі көне түркі жазуымен бедерлеп жазылған. Құлпытасты 19 ғасырда Солтүстік Моңғолиядағы Селенга өзені бойынан ғалым Д.А.Клеменц тапқан. Тоныкөк жазба ескерткіші 313 өлең жолынан тұрады. Жырдағы жалпы оқиғалар желісін зерттеушілер оны он төрт циклға, яғни он төрт хикаяға бөліп қарастырады.
Түркі халықтарының көне дәуірдегі ұзақ ғасырлық мәдени мұраларының бірі – Күлтегін ескерткіші. Орхон-Енисей жазуына жататын маңыздылығы жағынан баға жетпес құнды дүние.
Бізге жеткен Түркi тарихы да осы VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазба ескерткіштері арқылы белгiлi болды. Ескерткiш бiр заманда түркiлер мекендеген Енесей өзенiнiң бойы мен Улан-Батордың батысындағы 400 километр жердегi Орхон өзенi бойындағы Кошо-Цайдам ойпатында орналасқан. Оны алғаш тауып, мәлiмдеушi-орыс ғалымы Н. М. Ядринцев. 1901 жылы В. Радлов бастаған Орыс ғылым Академиясының Экспедицияларының қазба жұмыстары үстiнде қорған астынан екi кiсiнiң тасқа әдемi ойылып жасалған бас мүсiнiн кездестiрдi. Оның бiрi Күлтегiнiң, екiншi әйелiнiң мүсiнi екені анықталды.
Күлтегiнге арналған ескерткiш пирамида тәрiздi. Онда Биiктiгi ескерткiштiң орнатылған күнi – бiрiншi тамыз, 732 жыл деп жазылған.
Ескерткiш бетiндегi Қытай жазуы 732 жылы Қытай императоры Хусен-Цунг тарапынан бедерленген. Жазудын үстiнде қытайша бiр сөйлем бар, онда «Марқұм Күлтегiн жазуы» делінген.
Ескерткіштің негізгі бетінде 40 жол жазу бар, ол ескерткіштің сол жақ бетіндегі 13 жол жазудың жалғасы. Түркологиялық әдебиеттерде ескерткіштегі 40 жол «Үлкен жазу», ал 13 жол жазу кіші жазу деп аталады.
Күлтегiн ескерткішінің көшiрмесi 2001 жылы 18 мамырда Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Мемлекеттiк Университетiнде орнатылды.
Бұл бабаларымыздың 600 жыл бұрын тіл жазуы, әдебиетi, тiл мәдениетi болғанын сол тасқа басылған таңбалы жазулар дәлелдейдi.
Түрiктердiң басқа империядан ерекшiлiгi, үкiмет, ел басқару жүйесi заңдастырылғандығын, ел басқару жүйесі қазіргі заманғы үрдістей демократиялық жолмен шешетіндігін аңғаруға болады.
Мәтінінің негізі Түркі ұлтының тек тарихы ғана емес Күлтегіннің батырлдығы мен ерлігін бейнелейді.
Көне Түркі жазулары негізінен 6-10 ғасырлар аралығында Ұлы Түркі қағандығы және Көк Түркі қағандығы, Хазар қағандығы кезінде қолданылған. Таралу аймағы Моңғолия-Сібір далаларынан Тибет жеріне дейін және Еуропадағы Венгрия, Чувашия аймақтарына дейін кездесіп отырады.
Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды:
Енисей ескерткіштері.
Талас ескерткіштері.
Орхон ескерткіштері.
Енисей ескерткіштеріне Енисей бойынан және Тува, Хакас, Алтай республикаларының аймағынан және Ресейдің батыс сібірде орналасқан Жаңасібір (Новосибирск) облысы мен Ертіс бойынан табылған жазулар жатады. Оның қолданылған, жазылған жылдары 5-7 ғасырлардың аралығы. Бұл аймақтан табылып отырған көне Түркі жазба ескерткіштердің жалпы саны қазіргі кезде шамамен 150-дей.
Талас ескерткіштері жазулары Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан аймақтарына таралған, соның ішінде көп шоғырланған жері қазіргі Жамбыл облысында. Қолданылған мезгілі бірыңғай 8 ғасыр. Ескерткіштердің жалпы саны шамамен 20 шақты.
Орхон ескерткіштеріне Моңғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан және Ресейдегі Минусинск ойпатынан табылған ескерткіштер жатады. Қолданылған мезгілі 7-8 ғасырлар. Ескерткіштердің жалпы саны 30 шақты. Алайда ең көлемді, ұзақ мәтінді жазбалар осы топқа жатады. Бұның ішінде тарихи құндылығы жағынан «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк», «Күлі Чор» және «Мойын Чор» ескерткіштерінің орны ерекше. Жазбаларда ең алдымен 5-8 ғасыр аралығындағы Ұлы даладағы тарихи оқиғалар көркем тілмен баяндалған.
Орхон-Енисей жазбалары көне түркі жазба тарихи-мәдени ескерткіші. Орхон-Енисей жазбаларын руналық жазбалар деп те атайды (Скандинавия халықтарының тілінде "рунь" сөзі "сыры ашылмаған", "құпия" деген мағынаны білдіреді). Руна жазуындағы ең үлкен ескерткіштер Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылғандықтан, жазудың өзін де осылайша атап кетті.
Орхон-Енисей жазбалары Шығыс Түркі қағанатының қағаны Білге мен оның інісі Күлтегін қабірлеріне қойылған орасан зор құлпытастарға қашап жазылған жыр жолдары болып шықты. Жырға арқау болған негізгі мәселелер - елдің тәуелсіздігі, береке-бірлігі.
Күлтегін жырында сегіз оқиға баяндалған.
Біріншісінде, қағанның өз халқына қарата айтқан үндеуі,
Екіншісінде Түрік Қағанаты жерінің кеңдігін суреттейді,
Үшіншісінде түркілердің әскери жорықтары,
Төртіншісінде көршілес табғаштардың қастандық әрекеттері туралы әңгіме,
Бесіншісінде табғаш тайпасымен қатысу түркілерге қауіпті екендігі жөнінде,
Алтыншысы түркі халқының болашақты болжай алмауына өкіну,
Жетіншісі түркі халқының даңқын асырған қаған жөнінде,
Сегізіншісінде осы ескерткішті жыр қып жазуға түрткі болған жағдайларға тоқталады.
Орхон-Енисей жазбаларының енді бір ескерткіші - Тоныкөк құлпытасындағы жырлар. Онда да сол кездегі түркілердің өмірінен мағлұмат беретін он төрт жол жазылған.
Көне түркі жазба ескерткіштері арқылы қазіргі түрік халықтарының көне тілін, тарихын, этногенезін, географиясын, рухани мәдениетін, жазба дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен дүниетанымын білуге болады.