Азақ халқының дүниетанымы. Мәтінге жоспар құрыңыз. Жоспар бойынша баяндаңыз
Азақ халқының дүниетанымы
Қазақ халқының тарихы мыңдаған жылдарды қамтиды. Оған дәлел-қазақ халқының тілі, әдет-ғұрыптары, салт-санасы, өмір сүруі, шаруашылығы. Мәселен, қазақ халқының киіз үйі өте ертеден қалыптасқан, соңғы мыңжылдықта ешбір өзгеріске ұшырамаған.
Қазақ халқы мақал-мәтелдерге өте бай. Әрбір мақал-мәтелден өмір тұжырымдарын, философиялық ойларды көруге болады. Мақал-мәтелдерден қауымдасып өмір сүрудің тиімді екенін, қоғам дамуы үшін әртүрлі әлеуметтік топтар мен шаруашылық түрлерінің қажет екенін халықтың ерте түсінгендігін байқаймыз. Сонымен қатар мақал-мәтелдердің дидактикалық, тәрбиелік мәні зор. Тек мақал-мәтел ғана емес шешендік сөздер мен айтыстардан да қазақ тілінің байлығын көруге болады. Тіл байлығы ой байлығын көрсетеді. Тіл арқылы адам ой тереңдігін, рухани мәдениетінің деңгейін көрсетеді.
Біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-І ғасырлар арасында көшпелі скифтер аралынан грек еліне келіп, олармен араласып, көп жылдар бойы олардың арасында тұрған Токсарис (Тоқсары), Иданфирис (Ыдарбарыс), Анахарсис (Анарыс) өздерінің ой толғамдары, пайымдары арқылы гректерді көшпелі елдің дүниетанымдарымен, әдет-ғұрыптарымен таныстырған. Платон, Аристотель, Геродот, Лукиан, Страбон шығармаларында олар жоғары бағаланып, есімдері құрметпен аталған.
Азақтың өнері мен мәдениеті. Мәтінге жоспар құрыңыз. Жоспар бойынша баяндаңыз.
Мұқан Төлебаев
1944 жылдың көктемі. Қарашыған бойындағы “Үлгі” колхозының жері сырт қараған кісіге онша сұлу көрінбейтін – кәдімгі аласа қыраттар, төмпешік-төмпешік құм төбелер. Егер ойдым-ойдым тал, жиделер болмаса, жерін тіпті жұтаңдау десе де болғандай. Бірақ осы жерде туып-өскен адамға бұл өлкенің басқалар байқай бермейтін өз сұлулығы бар.
Жасы отыздардағы, орта бойлы қара торы жас жігіт жападан-жалғыз ауылдан сытыла шығып, кішкене түбекке беттеді. Міне, ол түбекке де жетті. Әлденеге қадала қарап, ойлы пішінде тұр. Кенет ол қалтасынан бәкісін алды да, түбекті аралап жүрып бір нар қамысты таңдап кесіп алды. Сөйтті де үлпек бастары желге бас шұлғыған қалың қамыстың ығына отыра кетіп, жаңа өзі кесіп алған нар қамыстан сыбызғы жасауға кірісті. Әп-сәтте сыбызғы да дайын болды. Жас жігіт сыбызғыны үстіңгі күрек тісіне тіреп, үрлеп ойнай бастап еді, оның мұңды нәзік үні кішкене түбектің маңын өзгеше бір сырлы әуенге бөлей жөнелді. Әуен аяқталғанда әлгі жас жігіт өзінен-өзі мырс етіп күліп жіберді. Кішкене бала күнінде осы түбекке кеп, қамысты таңдап алып сыбызғы жасап тартатыны есіне түсті. Жылдар өтсе де ұмытпапты.
Ауылға беттегенде өзіне қарсы жүрген жас жігітті көреді де, ол езу тартып күліп қойды. Екі жігіт кездесіп, қол алысқан соң жаңағы сыбызғы жасаған жігіт көзін төңкере қарап:
Адас, жападан-жалғыз таң атпай қайда барасың? – деді. Сұрағында қалжыңның да сыңайы бар.
– Ал өзің қайдан келесің?
– Мен сыбызғыға қамыс қиып алдым. Ал саған жол болсын.
– Ендеше мен шыдай алмай сені қарсы алуға шықтым.
Бұл екі жігіттің де аты Мұқан еді. Әлгі сыбызғы жасап алып қайтқаны – жас композитор Мұқан Төлебаев еді де, оны қарсы алған екіншісі осы ауылдағы мектептің директоры Мұқан Жылысбаев болатын.
Екі жігіт ауылға беттеп әңгімелесіп келеді.
– Адас, тіл алсаң әлі де кеш емес, сенің консерваторияға түсуің керек, – деп еді Мұқан, мектеп директоры азар да безер болды:
– Бір үйден бір әншінің шыққаны саған аз ба. Бекен әнші болады, оған сенімім зор.
– Директорлықты қимайсың ғой, сірә?! – деді композитор Мұқан оқытушы Мұқанға, әдейі қажай түсейін дегендей.
– Мәселен директорлықта емес, өз мамандығыңды сүйе білуде. Ал мен орта қолды әнші болудан гөрі, жас ұрпақтарды тәрбиелеуді, ұстаздықты ұнатамын. Бекен болса мендей емес, әншілік өнерде оның болашағы зор.
Композитор Мұқан оқытушы Мұқанның сөзіне тосылғандай болда да әңгіме желісін өзгертті.
– Оның да жөн шығар… Шалажансар әнші болудан гөрі, әрине, ұстаз болу ұлағатты іс. Ал енді Біржанның екінші актідегі мына бір ариясын тыңдап көрші, – деп, Мұқан Төлебаев ақырын әндете бастады.
Совет Одағының халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Мұқан Төлебаев өзінің атақты “Біржан – Сара” операсының екі картинасын өзінің туған ауылына барып жазған еді.
Мұқан Төлебаев творчестволық таланты толысқан шағында қыршын кетті. Бірақ өз өмірінің ішінде үлкен іс тындырды. Бұл күнде классикалық шығармаға айналған “Біржан – Сара” операсын, Брусиловскиймен бірлесіп “Амангелді” операсын жазды. Композитор вокальдық музыка саласында да жемісті еңбек етті. М.Төлебаевтың “Тос мені, тос”, “Кестелі орамал”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” романстары композитордың суреткерлік талантын ерекше танытқан туындылар. Өкінішке қарай композитор “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” операсын жазып жүрген кезде, шығармасын аяқтап үлгірмей, 47 жасында дүние салды.
.
Кино Өнері
Кино өнері – өнердің бір түрі, әдебиет пен театрдың, бейнелеу өнері мен музыканың көркемдік қасиеттерін өзінің ерекшелігіне орай пайдаланатын синтезді өнер. Фильмді жасауға әр алуан мамандықтағы творчество қызметкерлері: кинодраматург, режиссер, актер, оператор, суретші, композитор қатысады. Сондай-ақ кино жасау ісіне техника саласындағы мамандар, лаборанттар мен жұмысшылар да үлес қосады, алуан түрлі күрделі аппаратуралар мен аспаптар қолданылады.
Кино өнері – өзіне тән мәнерлеу амалдары, көркемдеу тәсілдері, эстетикалық заңдары мен шығармашылық дәстүрлері бар дара өнер. Көріністі әр тұстан қамти бейнелеу, адам өмірі мен табиғат құбылыстарын нанымды көрсете алу, сондай-ақ кадрларды үйлестіре құрау тәсілінің тиімділігі кино өнерінің ақпараттық мүмкіндігін кеңейте түсуде. Фильмді бірден миллиондаған адамдар көреді. Көрермендер білімін толықтырып, эстетикалық ләззат алады, тәлім-тәрбие – жақсыдан өнеге, жаманнан сабақ алады.
Қазақ жеріне алғашқы хроникалық фильмдер 1928 жылдан түсіріле бастады. Сол жылы РСФСР Халық Комиссарлары Советі жанынан “Востокфильм” киноқоғамы құрылды. 1929 жылы Алматыда қоғамның өндірістік бөлімі ашылды да, ол Қазақстанның өмір-тұрмысы туралы “Соңғы хабар” атты киножурнал шығарып тұрды. Режиссер В.А.Турин Түркістан-Сібір Теміржол магистралі жайлы “Турксиб” атты деректі фильм қойды. 1930-32 жылдары қазақ өмірінен “Дала әндері”, “Жұт”, “Қаратау қазынасы” фильмдері қойылды.
1941 жылы Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдастырылды. Ол техникалық-өндірістік базасы жағынан ұлғайып, 1944 жылы 1944 жылы Алматының көркем және деректі-хроникалық фильмдер студиясы (1960 жылдан “Қазақфильм”) деп аталды. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап, 1975 жылдарға дейін 100-ден астам көркем фильм және 500-ге жуық деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы мен жанры жағынан әр алуан.
Қазақстанның музыка және балет өнері
Ауылдарды аралап жүретін әнші-өлеңші (әншілер), күйшілер, ақындар мен жыршылар ертеден дәстүрлі музыка өнерін таратушылар болып саналады. Жаңа кезеңде музыка өнерінің дамуына ХІХ–ХХ ғасырлар ортасындағы белгілі халық композиторлары мен әншілерінің, композитор-аспапшылардың әсері ерекше болды. Олардың арасында қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай Құнанбаев, Біржан Қожағұлов, Жаяу-Мұса Байжанов, Дәулеткерей Шығаев, Құрманғазы Сағырбаев, Ықылас Дүкенов, Мұхит Мералиев, Балуан-Шолақ, Ақан-Сері, Тәттімбет, Мәди, Қазанғап, Дина Нүрпейісова, Кенен Әзірбаев және басқаларды атауға болады.
ХХ ғасырда қазақтың музыка өнері жаңа музыкалану мен жанр формаларымен ерекшеленді. Аз ғана уақыттың ішінде республика еуропалық классикалық музыка-операның, симфонияның, балет инструменталды концерті, кантатаның, ансамбльдің, оркестрлік және хор орындаушылық түрлерінің жанрлық арсеналы жаңа кәсіби композиторлық мектептің негізін қалады. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарында ұлттық мазмұндағы органдық синтездің және еуропалық форма негізінде қазақ опера өнерінің классикалық туындылары жарық көрді, олар – Е.Брусиловскийдің «Қыз жібек», А.Жұбановтың, Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» және басқа опералар.
Қазақтың халық әндерін мәтіндік жалпылығына және музыканы айту мәнеріне қарай эпикалық, еңбек, отбасы-тұрмыстық, балалар, лирикалық, тарихи, әлеуметтік наразылық тағы сол сияқты әндер деп бөлуге болады. 60-70-жылдары республикада еуропалық инструменталды музыканың ең күрделі жанрларының бірі – Г. Жұбанова, К.Қожамяровалардың классикалық туындыларына жақын симфоникалық күй туды. Ұлттық аудиторияның ерекше ықыласына бөленген қазақтың монодикалық музыкасының оркестрі мен хоры болды. Ерекше кең таралған музыка ежелгі музыкалық аспаптармен орындалатын «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрін атап өту керек. Бұл ұжымның айрықша, қайталанбас бейнесін дирижер, композитор, жетекшісі және домбырашы Н.Тілендиев жасаған еді.
Орындаушылық және композиторлық шығармашылықпен қатар республикада музыкаландырудың дәстүрлік формалары дамып, бұқаралық музыканың формалары (рок эстрада, джаз) қалыптасуда, фольклор мен Қазақстан халқының ауызша кәсіби дәстүрлері де дамып жатыр. Республикада түрлі көркем салаларды орындаушылық ұжымдар жұмыс жасауда – мемлекеттік симфоникалық оркестр, Құрманғазы атындағы қазақ халықтық аспаптар оркестрі, мемлекеттік үрлемелі оркестр, хор, халық билерінің ансамблі, Г.Жұбанова атындағы мемлекеттік квартет, эстрадалық ансамблдер, үрлемелі және джаз оркестрлері. Қазақстан – Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Г.Есімова, Ә.Дінішев, Г.Қыдырбекова, А.Мұсаходжаева, Ж.Әубәкірова және әлемдік музыка мәдениеті жұлдыздарының бесігі саналатын М.Бисенғалиев, Э.Құрманғалиева, апалы-сіңлілі Нақыпбековтер, И.Мұратбекова, Қ.Жолдыбаева, Т.Ержанова сияқты халықаралық деңгейдегі орындаушылар отаны. Бүгінгі күні екі опера және балет театры, мемлекеттік филормония, ұлт аспаптар академилық оркестрі, бидің академиялық театры, би және аспаптар ансамбльдері және басқалар жемісті еңбек етуде. Қазақтың кәсіби балет өнері ХХ ғасырдың 30-жылдарында Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театрында болған «Айман-Шолпан», «Шұға», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қамбар-Назым» және т.б. қойылымдардан бастап дами бастады. Мемлекеттік академиялық би театрының репертуарында (1967 ж негізі қаланған, көркемдік жетекшісі халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Б.Аюханов) классикалық балет миниатюралар, «Шопениана», «Кармен-сюита», «Болеро», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Шыңғыс хан», «Қыз Жібек» сияқты басқа да ұлттық, әлемдік хореографиялық бір актілі балеттері болды. «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының «Гүлдер» мемлекеттік би ансамблінің негізін қазіргі эстрадалық хореографиялық билері құрайды.
Сонымен бірге республикада – 14 облыстық филормония бар. Олардың негізгі мақсаты қазақ халқының дәстүрлі, академиялық және классикалық музыкасын қашық ауылдарда насихаттау.