Баспасөздегі авторлық өзгеріске түскен және жаңадан қалыптасқан фразеологизмдер
Окказионал сөздер - бұрыннан бар ұғым-түсініктерді өзгеше бір қырынан көрсетіп, қосымша бояу, үстеме реңк беретін, сонымен бірге жеке авторға қызмет ететін стильдік сөздер. Окказионал сөздердің бәрі бірдей тілдік нормаға айналып кетпейді. Қоғамдық сұранысқа ие болмағандары әдеби тіл деңгейіне көтеріле ала алмауы мүмкін. Ал енді фразеологизмдік окказионал сөздер, яғни авторлық қолданыстағы фразеологизмдер - көркемдік қызмет атқаратын тілдік құрал.
Кейінгі жылдардағы жеке авторлық қолданыстағы фразеологизмдерге байланысты зерттеушілер ой-пікірлерінің әр түрлі екендігін байқаймыз. Зерттеуші Г. Мұратова еңбегінде:«Фразеологиялық окказионализмдер - узуаль тұрақты тіркестер негізінде пайда болған, олардың кұрылымы мен семантикасын үлгіге алғанымен, ұдайы қолданысқа түспейтін жеке қолданыстағы туындылар» дей келіп, оларды жасалу жолына қарай екі топқа бөледі: 1) окказионал «фразеологизмдер»; 2) окказионал фразеологиялық варианттар.
Алғашқы топ - жеке авторлық жасалымдар, екінші топ - байырғы тіркестердің структура-семантикалық сабақтастығын сақтай отырып, трансформацияланған (өзгерген) узуаль фразеологизмдер деп қарастырса, зерттеуші Л. Еспекова: «Жеке автордың қолданысында пайда болған жаңа, тың тіркес тұрақтылық қасиетке ие болуы үшін ең алдымен әдеби тілімізден тұрақты орын алуы керек. Бұл қолданыстарды контексте жымдаса келіп, бір мағына беру ерекшелігі байқалғанымен, тіркес тиянақтылығы, қолданылу тиянақтылығы көрінбейді және де тұрақты тіркестер ұзақ дәуірдің жемісі» деп айта келіп, жеке авторлық қолданыстарды семантикалық окказионализм, яғни тіліміздегі мағынасы жағынан бір-бірімен жанаспайтын қалыпты (узуаль) сөздердің жанасып, контексте жаңа мағынаға ие болуы деп қарастырады.
Сондай-ақ, зерттеуші Л. Еспекова семантикалық окказионализмдер жеке қаламгердің өзіндік жазу шеберлігіне, жазу мәнеріне тән құбылыстар болғандықтан, оны фразеология емес стилистика ғылымының аясында қарастыру керек екендігін сөз етеді.
Орыс тіл білімінде де бұл құбылысты саралап, тіктеуде, сондай-ақ көрсетілгендей әр түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің бар екенін көреміз. Бұл құбылыс орыс тіл білімінде де «фразеологизмдерді окказионалды стильдік өзгеріске түсіру» /А.И. Черная/; «фразеологиялардың стильдік потенциалдығы» /П.М. Болдырева/; «фразеологизмдерді окказионалды қайта қайта құру», «фразеологиялық деривация» /А.В. Кунин/ деп әр түрлі аталып жүр. Қазақ тіл білімінде осы мәселеге байланысты жазылған зерттеуші Г. Мұратованың «Көркем әдебиет тіліндегі қажеттілік пен кездейсоқтық» деп аталатын еңбегін атап өткен орынды.
Фразеологизмдерді зерттеу барысында алдымен олардың: 1) мағына тұтастығы; 2) тіркес тиянақтылығы; 3) колданылу тиянақтылығы сынды үш қасиетін басшылыққа алатынымыз белгілі. Егер осы үш қасиеттің бірі болмаса, онда тіл жүйесіндегі заңдылыққа нұқсан келеді. Бірақ, қазіргі баспасөз беттерінен стильдік мақсат үшін әр түрлі өзгерістермен берілген авторлық қолданыстағы фразеологизмдерді жиі кездестіруге болады. «Нормадан ауытқу (егер сөз мағынасын әрлендіре алса) ФТ-тің мәнерлілігін одан сайын арттыра түсу үшін қолданылатын стильдік тәсілдің бірі. Тұрақты тіркестер әбден айтыла-айтыла келе (қолданыста бола бергендіктен) бояуы солғындағандай болған кезде, автор оған өзінше өзгеріс жасайды, окказионалды қолданыстағы фразеологизмдердің бір компоненті басқа сөзбен ауыстырылады,не түсіп қалады; компоненттер арасына бөтен сөз енедінемесе басқа да синтаксистік сыны бұзылады(деформацияға ұшырайды)» Н.М. Шанский: «Қаламгерлердің фразеологиялық оралымдарды стильдік мақсатта қолдануы әрқашан көркемдікпен ұштасады, ал қолдану тәсілдері - үнемі әр алуан. Нақты бір стильдік мақсат үшін фразеологиялық оралымдар ешбір өзгеріссіз де, сондай-ақ мағыналық- құрылымдық құрамын өзгерткен және экспрессиялы - стильдік сапаға түсірілген түрлендірулермен де қолданылады» дейді . Фразеологизмдердің стильдік мүмкіндік шеңберіне сай, бұрынғы тіркестерді негізге ала отырып, жаңа авторлық қолданыстағы фразеологизмдер белгілі бір контексте дүниеге келіп жатады, пайда болады. Қазіргі қазақ тіл білімінде жеке жазушы немесе ақындардың шығармалары негізінде авторлық қолданыстағы фразеологизмдер арнайы зерттеліп келе жатқан тақырып. Алайда авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің баспасөз беттеріндегі қолданысы мен атқаратын қызметі, өзіндік даралығы жайлы зерттеулер кемде-кем. Нормалы қолданыстағы фразеологизмдерді құрылымдық - семантикалық өзгеріске түсіруде ең жиі қолданылатын тәсілдер: біріншіден, компоненттер арасына сөз сыналату; екіншіден, бір компонентін басқа сөзбен алмастыру; үшіншіден, контаминация амалдары деп қарастырылып жүр. Фразеологизмдердің мәнерлегіштік және бейнелегіштік қасиеті қаламгердің өзіндік сөз қолдану әдісіне қарай айқындала түседі. Авторлық окказионалды сөз қолданыс үлгілері оқырманның назарын аудартып, тұрақты тіркестердің бұрыннан белгілі нұсқасын тың, жаңа қалыбымен көрсетеді.
Фразеологизмдерге сөз сыналату, сөз салу тәсілі. Сөз сыналатутәсілінің стильдік мүмкіндігі зор, өйткені ол қаламгер идеясыньщ әсерін қуаттырық етудің көркемдік кұралының бірі болып табылады. Фразеологизмдердің арасына сөз енгізудің қай түрі болса да олардың тұрақтылығына айтарлықтай өзгеріс енгізе алмайды. Себебі, қосылған сөздер тұрақты тіркес құрамын өзгерткенімен, оларға мағыналық жақтан қосымша эмоционалды-экспрессивті реңк үстеп, стильдік мақсат көздейді. Бұндай жағдайда окказионал фразеологизмдердің мағына аясы кеңейе түседі. Сонымен бірге, бұрыннан қалыптасқан фразеологизмдердің окказионалдық жағдайда толығып отыруы олардың үздіксіз дамуда, жаңаруда болатындығын дәлелдейді, олардың «тұрақтылығының» шарттылығын көрсетеді. Окказионал сөздермен стильдік өзгеріске түскен фразеологизмдердің ішкі мүмкіндіктерінің мол екендігі байқалады. Олардың осы мүмкіндіктері варианттылыққа жақын тұратындығын айқындай түседі.
Мысалы, 1. Егемендігіміздің алғашқы кезеңіндегі әрі-сәрі шақтан қалып, аяққа шырмауықша оралғанкедергілер де бар. («Астана ақшамы» газеті, 19.06.01). 2. Сол-ақ екен бір қалыпты жұмыс істеп келген зауыт төрт аяғынан бірдей ақсайбастады. («Жас Алаш» , 17.09.1993). «Төртеу түгел болса, төбедегі қаржытүседі»). («Қазақ әдебиеті», 13.07.1997).
Авторлар осындағы қалыптасқан «аяққа оралу», «төрт аяғынан ақсау», «төртеу түгел болса, төбедегі түседі»тіркестерінің арасына «шырмауықша», «бірдей» «қаржы» сөздерін сыналата отырып, айтар ойын әсерлі жеткізе білген. Журналистердің оқырман назарына ұсынылмақ ойдың ауқымына байланысты сөз сыналатудың фразеологиялық клише мен трафареттерді жаңартудағы қаламгерлік шеберліктері ерекше. Тұрақты тіркес құрамына сөз сыналатудың стильдік мүмкіндігі зор. Бұл амалды көркемдік тәсіл ретінде пайдалану баспасөз беттерінен жиі кездеседі. Жоғарыдағы мысалдағы компоненттер арасына енгізілген «шырмауықша» сөзі тұрақты тіркестегі «аяққа» және «оралу» сөздеріне мағыналық жағынан толық үйлес келіп тұр. «Аяққа оралу», «шырмауықша оралу», «жыландай оралу» тұрақты тіркестері - іс-әрекеттің қимылдық қалыбын танытады. Теңеу жүрнақтары -ша/-ше; -дай/-дейқимыл-күйдің бейнелілік мазмұнын аша түскен. Екеуінде де шұбатылған заттың, нәрсенің шиырыла оралғанын көзге елестету қиын емес. Осы бейнені аяққа оралған калпында сезінсек, ойға алған істің орындалуына қаншалықты қиындық келтіретінін де жорамалдауға болады. Халықтық және авторлық тіркестерді салыстырсақ, бірінші контексте іс-әрекетті баяндау ғана бар да, екінші авторлық контексте бейнелі, мазмұны терең ой бар. Қаламгер тудырған тұрақты тіркестің жаңалануына себеп болған - тіліміздегі «шырмауықша оралу» деген тіркестің бір сыңарын бөліп алу тәсілі. Мүндай мағыналас варианттардың сыңарларын бір-біріне «телу» бүрыннан-ақ бар құбылыс екендігіне көз жеткізуге болады. Зерттеуші Г. Смағұлова өзінің «Мағыналас фразеологизмдер сөздігі» атты еңбегінде тұрақты тіркестердің семантикалық нәтижесі - фразеологиялық мағына болатындығын айтады. «Адамдар сөйлеу қажеттілігін өтеу кезінде фразеологизмдерді алдымен айтайын деген ұғымның мағынасына қарай таңдайды. Сондықтан мағыналас фразеологизмдердің қатар басы фразеологиялық мағынаға бағыт беретін тірек сөздер (доминант) - лексикалық мағынадан басталу керек» деп жазады .Мағыналас фразеологизмдердің доминанты ретінде жалпы тірек ұғымға негізделген лексикалық мағына (бір сөз) тұратыны белгілі. «Аяқка оралу», «шырмауықша оралу», «жыландай оралу» тіркестерінің бәрінде де доминант сөз және лексикалық мағына, тірек - оралусөзі. Осы сөзден туындаған авторлық фразеологизм кедергілердің көп екендігін байқату мақсатын жақсы жеткізе білген.
«Биыл көктем мезгілімен шықты да, егін тез өніп, бастарын ерте көтерді» («Қазақ әдебиеті», 13.10.1993) деген сөйлемді тарқатайық. Тіліміздегі «бас көтеру», «басын көтеру» тұрақты тіркесінің арасына сөз сыналату авторға мынадай мақсатпен қажет болған.
Сөйлемнің бірінші компонентінде айтылатьш негізгі ойға (көктемнің мезгілімен шығуы) екінші сыңардағы ой (егіннің тез өнуі) сатылы бағыныңқылы құрмалас аркылы жымдасып барып, үшінші ойдың болуын қажет еткен. Ол ой "егілген бидай іле - шала бастарын көтере бастады (қылтиып көріне бастады) деген мазмұнға тірелген. Алайда автор бұл біз келтірген сөйлемді алдыңғы компонентпен іліктес етуді көздеген. Сол себептен алғашқы "тез" деген қимыл-сын үстеуіне орайлас "жылдам" сөзінің контекстік синонимі бола алатын "ерте" сөзін дұрыс таңдап ала білген. Осы құрмалас сөйлемдегі үш бірдей компонент те өзара біртұтас мағыналы құрылым жасаған.
Жыл мезгілдерінің өзіндік "мінез-қүлқы" болатынын, сол себептен әр мезгіл өз уақытында келмеуі де мүмкін екендігін, алайда биыл көктемнің мезгілінде келіп жеткенін қысқа әрі жатық бір ғана сөйлеммен бере алған. "Көктем өзге жылдардағыдай емес, мезгілімен шыққан", сол себепті дала жұмыскерлерінің өз уақытындағы еңбегінің жемісіндей болып "егін де бастарын ерте көтерген". Міне, тілімізде тұрақты қалыптасып кеткен "бас /басын/ көтеру" фразеологиясының арасына сөз сыналату авторға әрі стильдік, әрі идеялық тұтастық қызметін қоса атқаруға ықпал еткен.
Фразеологизм компоненттеріндегі сөздерді өзгертіп беру. Бұл - әсіресе, фразеологизм аясында қарастырылып жүрген мақал-мәтелдерді өзгертіп беруде жиі кездесетін тәсіл. Дегенмен, ішкі мазмұны, сыртқы түрі, өзінің семантикасы, грамматикалық құрылысы жағынан мақал - мәтелдер фразеологизмдерден ерекшеленеді. Себебі, мақал мен мәтел сөз саптаудың дербес түрі болып есептеледі. Мазмұны жағынан мақал-мэтел көбіне игі қасиеттерге үндеу, уағыз, өсиет сипатында болады. Олар нақылға, жөн сілтеуге бағытталса, фразеологизмдер атауыш, бейнелеу мәнде келеді. Сондықтан мақал мен мәтел синтаксистік жағынан фразеологизмдерге қарағанда анағұрлым күрделі. Олар қаншалықты ауыс мағынада қолданылғанмен, құрамындағы сөздері өзінің негізгі лексикалық мағыналарынан айырылып қалу қасиеті бөлек. Жалпы алғанда мақал-мәтелдердің фразеологизмдермен жақындастыратын белгілері -компоненттер тұрақтылығы. Олардың орындарын ауыстырып қолдануға келмейді. Заман өзерген сайын тілдік қолданыс өз арнасын кеңейте беретіні ақиқат. Сол себепті мақал мен мәтелді трансформацияға салу ұшырасатын қалыпты жағдай.
Мысалы: 1. «Құда-мың жылдық, депутат қанша жылдық?» («Жас Алаш», 6.07.1996). Автор халыққа белгілі «құда - мың жылдық, күйеу - жүз жылдық» дегендерді айтар ойына байланысты соңғы сөздерін, яғни екінші компонентін өзгертіп берген.Бүл тәсілдің ерекшелігі - мағына дәлдігін саралай түсуге, іс-әрекеттің, оқиғаның күрделілігіне оқырман назарын аударту.
«Түйені түгімен, машинаныжүгімен жүту» деген фразеологизмде де
қалыпты қолданыстан өзгеше сөз кіргізу арқылы оқырман назарын еріксіз тарту мақсатын көздеген автор сол үдеден шыға алған. Себебі қаламгер
фразеологизмдегі мағыналық үйлесімділіктің бұзылмауын көздеген. Түйе де,
машина да мініс құралы екендігі мазмұнның ішкі астарында байқалып тұр.
Олар үстіне артылған жүкке қоса араны ашылған біреудің көмейіне құйылып
кетуі қаншалықты бейнелі, әрі әсерлі болса, оқырман қабылдауында сол адамға деген ұнатпаушылық, жиіркеніш сезімі қатар пайда болады. Қалыпты қолданыста да, авторлық вариантта да қатар кездесетін тағы бір ұқсастық-танымдық бағалауда деп ойлаймыз. Екеуінде де жамандықтан, тойымсыздықтан, ашкөздіктен аулақ болуға жетелейтін этномәдени пайым бар.
Фразеологизмдер компоненттерінің бірін мәндес сөз, сөз тіркесімен ауыстырып беру.Баспасөздегі фразеологизмдерді өзгертіп, жаңартып беруде, ой дәлдігін арттыра түсуде фразеологизм компоненттерінің бірін мәндес сөзбен беру тәсілінің орны ерекше. «Жазушының қайсысына да қажетті ең басты талаптардың бірі сөз саптау тұрғысынан өзгеге ұқсамайтын ерекшелігінің болуы. Халық тілін байытуға классиктер ғана емес, жазушылықты мұрат еткен адамның қай-қайсысы да үлес қосуға тиіс. Оның аты-сөз қолдануда, жекелеген сөз жасауда, сөз мағынасын жіті аңғарып, жаңа қырымен пайдалануда өзіндік таңбасы болу керек деген сөз» деп жазады академик М. Серғалиев. Баспасөз беттерінде жарияланатын мақала, хабар, очерк тағы басқа да жанрлардың қайсысы болса да авторлардың өзіндік бағалаушы, рационалды, эмоционалды мағынаның реңктерін өз бойында ұстап тұрады. Әсіресе, авторлық фразеологизмдердің бейнелегіштік қасиетін арттыру мақсатымен ерекше эмоционалды-экспрессивті мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылады. Бұндайда фразеологиялық синонимдер, мәндес сөздерді алу - сөздердің мағынасы мен ішкі қуатын күшейтуде таптырмайтын тәсілдер. Мысалы: Осы жәйттер арқаңды аяздай қариды. («Жас Алаш», 8.09.1993). Ал осындағы «жанына батты» деген мағынаны білдіретін тіркес қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде «арқаға батты», «арқасына аяздай батты» деп берілген. «Бату» мен «қару» - адам денесін тітіркендіретін физикалық қүбылыс. «Батуға» қарағанда, «қарудың» экспрессиясы күшті, оның үстіне «аяздай қару» тіркесі мағыналық жағынан толық біріне бірі үйлеседі.
Сондай-ақ, екінші жакқа карата айтылатын тұрақты тіркестердің де оқырманға айтары бірден байқалып түрады. Мысалы: «Сенген серкем сен болсаң» («Түркістан», 1999) деген фразеологияның тіліміздегі жұмсалу қалыбы - «Сенген қойым сен болсаң» деген тіркес екені белгілі. Мұнда жазушы, қоғам қайраткері Ш. Мұртазаның қазақ тілінің болашағы туралы С. Әбдірахмановка жазған ойлары негіз болған. Қазақта «жігіттің төресі», «жігіттің серкесі» деген сөздер бір-біріне синоним құрайтыны белгілі. Мағынасы «бастаушы, ел тізгінін ұстаушы» деген ұғымға сай келеді. С. Әбдірахмановтың билікте өз орны бар адам екеніне байланысты «серке» сөзі оның басқарушы екендігіне меңзеп тұрғандай болады. Егер автор тіліміздегі тұрақты тіркесті өзгертпей алып «қой» деген сөзбен берсе, жаттанды штамптан экпрессия терең шыға қоймаған болар еді.
Контаминация тәсілі арқылы берілуі.Контаминация (латынша contaminatio - соприкосновение, смешение) - взаимодействие языковых единиц на основе структурной, функциональной или ассоциативной близости, приводящее их семантическому новой языковой единицы. Обычно контаминация наблюдается в сфере разговорной речи и являеется отступлением от литературной нормы деп берген. Контаминация амалында ойды ықшамдау, сөз үнемдеу, жаңа мағынаның бойына бірнеше ой жиынтығын сыйғызу мақсаттары көзделеді. Контаминацияланған тіркестер өздеріне негіз болган әрбір тіркестің мағынасын сақтайды, бірақ сол мағыналарды жинақтап, бір ұяға шоғырландырады. Мысалы: «Дұспан не демейді, түске не кірмейді» («Қазақ әдебиеті», 5.12.1991) дегендегі алғашқы тіркес көпшілікке белгілі. Екінші тіркестің қалыпты үлгісі - «тауықтың түсіне тары кіреді». Автор осы тіркесті алдыңғы тіркестің екінші сыңарының орнына дүрыс қолданып, орынды икемдей білген. Екі тіркес бірігіп, ұласып, бір мағынаны білдіріп тұр. Әйтсе де баспасөзде осындай контоминация тәсілі арқылы жасалған авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің сирек кездесетіні байқалады.
Контраст мазмұнды фразеологизмдер.Синоним және ыңғайлас мағыналы мүшелер сияқты контраст мазмұнды (антонимдік) тұрақты тіркестер де мағына, мазмұн гармониясын сақтауға қажетті, фразеологизмдердің қалыптасуына, тұрақталуына ұйытқы фактор болатыны даусыз. Олардың мағыналық бояуы қанық, оқырманға әсері де күшті болады. Тілімізде өшуге -жану,баруға - қайту,қуанышқа - қасіретсөздері абсолютті антоним болса, бұлар контексте қатар келіп, контрасты ой береді:
«Өшіп жанған үміттер» («Жас Алаш», 1993), «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» («Жас Алаш», 1994), «Қуаныш пен қасірет қатар өріліп» («Жас Алаш», 1994) деп берілген тақырып атаулары авторлардың тіліміздегі тұрақты тіркестерге жаңаша мазмұн қосуына себеп болған. «Өшкені жанғандай болу», «өшкені жану»; «өлгені тірілгендей болу», «өлгені тірілу» деген көнеден келе жатқан тұрақты тіркестің морфологиялық кұрылымын ғана емес, синтаксистік құрылымына да өзгеріс енгізе отырып, алайда, әуелден келе жатқан мағына тұтастығына айтарлықтай нұқсан келмеуін қадағалау да - қаламгерлер жауапкершілігінен туындаған ақиқат. Қалыпты қолданыстағы «өшкені жанды» тіркесінің мағына тұтастығы шартты, онда нақты іс-әрекеттің болғанын хабарлау қалпы басым болса, «өшіп жанған үміттерде» хабарлаудан гөрі экспрессия басым, фразеология бұл жерде хабарланбақ бүкіл ойдың түйінін алдын-ала айтып жатқандай әсер қалдырады. Фразеологизмдердің идеясын ала отырып, шартты мағынасына контрасты ой беру деавторлардың қаламгерлік шеберлігіне сын болатын амалдар. Сондықтан да болар, баспасөз беттерінен фразеологизм мен мақал-мәтелдердің негізгі түпкі ойын алғанмен, авторлық өзгеріске түрлі стильдік мақсатпен түскен фразеологизмдерді де кездестіруге болады. Мысалы: Үрлық етсең қорықпай, тояды қарның торықпай («Қазақ әдебиеті», 1998) дегеннен автор ұрлықка шақырып отыр деген ой тумаса керек. Керісінше, автор мақалада айтылар ойға байланысты «үрлық түбі - корлық» дегенді, мысқыл, кекесінмен жеткізе отырып, онан да «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» (халқымыздың дейтін інжу-маржан сөзінің үлгісінен алынған) деген ойды меңзейді.
Қазақтың Шерханы туралы жазған мақаласында белгілі қоғам қайраткері, жазушы Ә. Кекілбаев қазақ сөз өнерінің бар мүмкіндігін мейілінше мол пайдаланған. Әсіресе, фразеологизмдерді сан құбылтып беру, сол арқылы айтылмақ ойды нақтылап, әсерлеп жеткізу амалдарын шебер меңгерген. Мысалы, «Ұяла күліп, имене ізет қылады екен» («Жас Алаш», 4.10.1994) деген сөйлемнің өзінен-ақ ұлтымыздың сыпайы, момын, әдепті, ибалы кейпі бірден көзге ұрып, көңілге жағымды ой салады. Автордың сөз қолданысын мойындай отырып, осындай інжу-маржандарды қайдан терген деп ойлайсың. Олардың түп-тамырына көз жүгіртсек, халқымыздағы фразеологизм саласына барып тірелетінін байкаймыз. Әдеттегі қолданылу қалыбы «күле кіріп, күңірене шығу»- мазмұны жағынан біріншісіне екінші компоненттің қарсы мәнде болып қана қоймай, адам бойындағы аярлықты көрсетуге де ықпал етіп тұрғанын білдіреді. Осы мазмұнды, әрі мазмұн астындағы екінші ой-астарды тұтасымен жақсы жағына қарай бұрып алған автор фразеологизмнің әдемі үлгісін жасаған.
Юмор мәніндегі фразеологизмдер.Баспасөздегі сарказм мен юмор да ойды жеткізуде ерекше қызмет атқарады. Кез келген ұлттың, кез келген халықтың рухани өмірінде айрықша орын алатын, халықпен бірге жасап келе жатқан дәстүрлі құндылықтары бар. Жайдары әзіл-сықақ пен юмор, сатираның тілдік табиғатын зерттеудің қазақ тіл білімі үшін маңызы ерекше.
Күлкі - эстетикалық құбылыс. Оны осы тұрғыда қарастырған философтар мен әдебиет майталмандары аз емес. Десек те, күлкі көне замандардың өзінде эстетикалық қатынас құралына айналған. Мақал-мәтелдер қолданылатын сәтіне қарай құбылып, жағдайға бейімделіп отырады. Оларды баспасөз құралдары арқылы қисыны келген жерінде қиюластырып бере білсе, юморға қоса, астарлы ой тастайды. Мақал-мәтелдердің көнеден келе жатқан жеңіл әзілге құрылғандары да, авторлар тарапынан сөз сыналатып құрамын кеңейткендері де, бір сыңары толығымен ауыстырылғандары да бар. Тек мақал мен мәтелдер ғана емес, қарапайым тілдегі сөз тұрақты колданыстары, идиомалық тіркестер, афоризмдер де -әзіл-сықақ тудыруға себін тигізеді. Бұл топтағы фразеологизмдерге:
«Ақшасы бар адамдар ешқашан қартаймайды»(«Жас Алаш», 1995). Бұл «әзілдің» түпнұсқасы - белгілі әнші М. Омаров орындайтын «Ана» әніндегі «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген тіркес. Әннің мәтінін жазған автордың жеке фразеологиясы болып табылатын бұл сөз тіркесі ой тереңдігімен, нәзік лирикалы иірімімен халықтың жүрегін баурады. Әннің баяу ырғақпен айтылатын әуені де, сырлы мазмұны да әнсүйер қауымға қатты ұнады. Сондықтан да болса керек, бұл әннің көп сөз тіркестері халық аузында афоризмге айналып кеткен. Көпшіліке өте танымал осындай тұрақты тіркестерді әзілге, юморға айналдырып жіберу - журналистердің оқырманды «қарату» амалдарының бірі. Газет сапасын да көтеретін тапқыр тақырыптар, ойлы сараптама, зерделі зерттеулер, көңіл көтерер әзілдер екендігі белгілі. Қалыпты авторлық қолданыстагы «анасы бар адамдар» деп басталатын сөйлемдегі «анасы» сөзі үш буынды, жуан дауысты дыбыстар а, ы арқылы дыбыс үйлесімділігін жасап тұрса, авторлық қолданыстағы «ақшасы» деген сөз де үш буынды, бүл да а, ы дыбыстарымен біркелкі ырғақ жасап түр. Екі сөйлемде де сөз құрамы бірдей. Тек алдыңғы, өзіміз жатқа білетін қалыпты тіркесте анаға деген құрмет пен мақтаныш мазмүнның астарында жатса, екіншісінде ғылым мен техника құдіретінің арқасында ақшасын судай шашып, түр мен сымбатты «күрделі жөндеуден өткізіп» әруақытта да жас қалпын сақтауға тырысатындарды, денсаулықтың өзін ақшаға сатып алатындарды байқаймыз. Ендігі бір ақшага қатысты тақырып астарында жастарды дұрыс жолға тарту мақсаты түр: «Ақшаң болса қалтаңда, шетелге шық та, жар таңда»(«Жас Алаш», 1999). Бұл тақырып ауызекі сөйлеу тілімізде тұрақты тіркеске айналып кеткен, астарлы әзілге негізделген «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» делінеді. Есім сөздерден де, етістіктен де етістік туғызатын өте өнімді жұрнақ ~да/-де болса, екі сөйлемде де осылар баяндауыш болып ойды аяқтатып тұр. Бірінші компонентін өз қалпында қалдырып, екінші сыңарын басқа тіркеспен алмастыру тәсілі трансформациялық вариант деп аталды. Екі фразеологизмде де ақшаның құдіреттілігі сондай, қалай боламын десең де еркіңде деген ой нышаны бар. Осы мазмұн халықтықта түрпайылау сөзбен берілсе, авторлықта заман болмысын аңғартып берілген. Бұлай деп отырғанымыз, қалталы азаматтар үшін пәленбай қаржы жұмсап, шет елге бару түк қиын шаруа емес. Егер ол адам сол жақтан маңдайынан шертіп жүріп, өзіне қалыңдық, не күйеу таңдаса, оған да мүмкіндігі жетеді. Қысқасы, ақшалы болсаң, «жол ашық» деген кекесін осы тақырыптан анық байқалады.
Фразеология да шынайы өмірде анық ұғынатын кейбір іс-әрекеттер мүмкін емес жағдай болып та айтылуы ғажап емес. Ондай жағдайда бұлар күлкі шақырар, әзіл тастар ойға қүрылады. Мысалы, «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген тұрақты тіркестің мағынасы табиғаты батыл, өркеуде, менмен адамдардың бір ортада бірігіп, ынтымақтасып кете қоюы мүмкін емес деген тұспалды аңғартады. Осы екінші мағына емес, юморлы мағынаны тірек еткен қаламгер жаңаша фразеология жасаған: «Екі қошқардың басы бір-ақ асқазанға сияды»(«Жас Алаш», 1999). Бұл сөйлемнің мағынасы «тамақсау, жемқор адамға екі кошқардың басын қоса қылғытып, бір қарынға сыйғызуға болады» деген ойға итермелейді. Мешкейліктің келбетін танытатын, не болмаса, өзара ымыраға келмейтіндерді жойып барып, бір орынға тоқайластыра алатын мықтының бейнесін беретін мұндай авторлық фразеологизмдерді де уәжді, орнында қолданылған тіркестер қатарына жатқызуға болады.
Тіл білімінде екі түрлі құбылысты қатар суреттеп, егіздеу арқылы параллелизм деп аталатын көріктеу қүралы көбіне көркем әдебиетте колданылады делінеді. Алайда параллелизм тәсілі публицистика жанрында да, ауызекі сөйлеу стилінде де жиі көрініс береді. Әдетте параллелизмдерге адам мен табиғат, қоғам мен болмыс, мүмкіндік пен шындық, ақиқат пен жалған, жақсылық пен жамандық т.б құбылыстар арқау болады. Осы шарттылықты бұзып, адам мен хайуанаттың ерекшеліктерін егіздеу арқылы жеңіл күлкі тудыруға болатын қолданыстар да кездеседі. Мысалы: «Ит зеріксе үре жатар, кісі зеріксе күле жатар»(«Қазақ әдебиеті», 1997) деген тақырыпша қайталама тәсіліне құрылған параллелизм. Мұнда «үре» сөзіне «күле» сөзі бірдей көсемше жүрнағы арқылы да, түбірлердің жіңішке дауыстылардан құрылуы да, ондағы «л» және «р» үнді дауыссыздар болып келуімен де біркелкі ырғақ пен мәнерлілік жасайды. Бүндай көріктеуіш амалдар емес, сөйлемнің жалпы салыстыруға негізделген ойы, мазмұны күлкі тудырады. Сондай-ақ, «Бет жағында күлкі ойнар, іш жағында түлкі ойнар»(«Қазақ әдебиеті», 1997) тақырыбы оқырманға күлкі емес, ой салады. Мұнда да психологиялық параллелизм тәсілі колданылған. Сөйлем буын құрамымен де, ұйқасқа құрылуымен де оқырман назарын аудартады. Автордың мақсаты әдемі келтірілген сөйлем арқылы емес, сол сөйлемнің айтар мазмұны арқылы оқырманға ой тастау. Халық ауыз әдебиетінің желісі бойынша түлкі қулыктың символы. Күле отырып, ішкі есебін жасыратын аяр адамның келбеті мен болмысын танытатын бұл тұрақты тіркес мәтіннің негізгі кілті есепті. Фразеологизмдердің қандай түрі болса да, баспасөзде қолданылу барысында белгілі бір стильдік мақсат көздейтіні анық.
Баспасөз құралдары «жасаған» фразеологизмдер.Дәстүрлі фразеологизмдер сан-салалы, тақырыбы кең ауқымды, лингвистикалық табиғаты күрделі, халықтың сөз байлығының асылы деген тұжырымға қосымша жазба әдебиет қалыптасқалы бергі пайда болған фразеологизмдер, әсіресе, баспасөз беттерінде «дүниеге келген» фразеологизмдердің орны ерекше екенін айту ләзім. «Фразеологиялық бірліктердің әдеби тілдік-стильдік тармақтарға бөлінуі, олардың лексикографиялық деректер негізінде жіктелуі, фразеологиялық деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері олардың стилистикалық мәні мен бояулары, түрлі жағдайдағы қолданыс аясы... қазақ тіл білімінде әлі де болса толықтырулар мен ізденістерді қажет етеді» . дегендей, баспасөз беттері арқылы халықтың әдеби тіл қорына енген фразеологизмдердің жасалу жолдары мен тәсілдеріне айрықша тоқталу қажет. Тарих беттерінде де, баспасөз беттерінде де өзіміздің «төл» сөздеріміздің негізін ала отырып, ұлттық болмысымызға орайластырыла алынған, сәтті шыққан тұрақты тіркестердің мол қоры бар. Мысалы: тарихтың ақтаңдақ беттері, тоқырау жылдары, ақтаңдақ жылдар, қырғи қабақ соғыс, қуғын-сүргін құрбандары, құлдың сана, ақ халатты абзал жандар, отан үшін от кешкендер, ел басы, дауыс беру т.б атасақ, тікелей аударма арқылы Ұлы Omaн соғысы, екі жақты келісім, шартқа қол қою, бітімгершілік миссиясы, жұлдызды ауру, қара пиар, сары басылым, форс-мажорлық жағдай, бірінші ханым, галстуксіз кездесу, өнер жұлдыздары, темір тұлпар, ақ алтын, қара алтын, ашық хат, дөңгелек үстел, салауатты өмір салты, жарқын болашақ сияқты түрлерін тізіп келтіре беруге болады. Еліміздің егемендік алып, әлемге танылып отырған қазіргі уақытында мынадай жаңа қолданыстарды сәтті табылған деп айтар едік: оралман қандастар, солақай саясат, аштық жариялау, саяси қуғынға ұшырау, күшіне ену, т.б.
Баспасөздің халықтың саяси өмірі мен мәдени-әдеби тұрмыс-тіршілігінің де айнасы екенін ескерсек, түрлі тәсілдер арқылы пайда болған фразеологияларды топ-топка бөлу қажеттілігі туындайды. Қандай тіл болса да, мерзімді басылымдар бір тіл мен екінші тіл арасына тартылған желі сияқты. Сондықтан да фразеологизмдерді «жасауда», немесе аударуда алдымен өзіміздің ұлттық болмысымызға үйлесетін түріне баса назар аударатынымыз жасырын емес. Тәуелсіздіктің туы желбірегеннен бергі өткен оншақты жыл ішінде қазақ басылымдарының бәрі де қазақ халқының жеткен жетістіктері ғана емес, келеңсіз жайттарына да үнемі назар аударьш, сананы оятуға, күресуге, тығырықтан шығар жол іздеуге шақырып келеді. Ондай тақырьштарға негіз болған мақалада да тек қазақы болмыспен түсінетін фразеологизмдер жиі кездеседі. Сондықтан да баспасөздің «тайқазанында» дайындалған фразеологизмдерді «қазақы» және аударма тәсілдері арқылы жасалған тіркестер деп бөліп алып талдау жөн сияқты.
«Қазақы» фразеологизмдер:
Қара қазан, сары бала қамы үшін аттандатын асыл жанды бабалар рухы сәбилерін тастап кете баратын көкек аналардыңбойына дарымағандай («Жас Алаш», 30.03.1995).
Қалталы азаматтардың Парламентке өту үшін халыққа жақсылық жасауга кірісуі -сендердің дауыстарыңды сатып алудың ең қарапайым үлгісі («Жас Алаш», 28.08.1996).
Тастанды сәбилер жайлы талай жылдар бойы айтылып келеді («Жас Алаш», 30.03.1995).
Бұл келтірілгендерден басқа тентек су, ащы су (Ащы су ішкен көлік жүргізушісі тоқтамақ түгілі жылдамдығын үдете түсіп өтіп кетеді(«Жас Алаш», 15.01.1995) деген сияқты метафоралы фразеологизмдерді де қоса айтуға болады.
Тіліміздегі «көкек» - балапанын көрінген құстың ұясына тастап, өз басының күйін күйіттеп кеткен құс ретінде қабылданатын ұғым, ал ана -перзентті дүниеге әкелуші, өмір сыйлаушы жан. Осы екі мағынаны бірге қосып, бір ұғымға сыйдырсақ, «баланы тауып, тастап кететін әйел заты» деген соны, терең мәнді ой туындайды. қалта сөзі бүрын көбіне қалтасы жұқа, қалтасы тесік сөз тіркестерінде кездессе, кейінгі кезде осы сөз «қалталы азамат», «қалтасы қалың» тіркесіне айналғанда - дәулетті, байдеген мағынаны дөп басып бере алатын болды. Тастанды сәбисөз тіркесі де «таза» жетімдікті емес, қараусыз қалған сәби мағынсын білдіреді. Қазақы ұғымдарды түрлендіре отырып, жаңа сөз қолданысын тудыру - баспасөз фразеологизмдерінің мүмкіндігін арттыратын амал екендігі даусыз.
Орыс тілді басылымдардың негізінде аударма арқылы пайда болған фразеологизмдер өзіміздің тілімізге жатсынбай еніп кете алған тіркестерімен де сәтті шыққандарын айта кету керек. Мысалы: өнер жұлдыздары, түнгі көбелек, жаңа қазақ, қара пиар, сары басылым, ...бүлар да метафоралы қолданыста жұмсалған.
Қазақ халқы той-думанға ерекше көңіл бөлген, жылт еткен жақсылықтың өзін атап өтуден тартынбаған кең пейіл халық екендігін әлем біледі десек, асыра айтқандық емес. Халқымыздың бесікке салу, сүндетке отырғызу, құдалыққа бару, үйлену, ас беру сияқты тойлардың қатарында ерлі-зайыптылардың отау тігіп, шаңырақ көтергеннен кейін өткен мерзімге қатысты күміс той, алтын той, гауһар тойдегендерді тойламаған. Бұл - кеңес кезінің «советтік өмір салты» саясаты ұстанған дәстүрлердің бірі. Бұны жақсы, я жаман деп айтуға болмайды. Себебі, тойлау немесе тойламауды - әркім өз біледі. Қазір күміс той, алтын той, гауһар той сияқты аударма тіркестерді, әсіресе баспасөздің қүттықтау айдарынан жиі кездестіреміз. Мысалы: Сіздер сүрген әдемі тағдырды баршамызга, бар қазақ отбасына тілей отырып, гауһар тойқүтты болсын дейміз риясыз! («Жас Алаш», 7.05.1995). («60 жыл бірге» деген мақаладан алынды).
Құнды, асыл тастарға байланыстыра алынған аударма фразеологизмдердің тағы бірі «қара алтын», «қара маржан». «Ақ алтын», «қара алтын» фразеологизмдері тілімізге ертеректе енген болатын. «Ақ алтын - мақта», «қара алтын - көмір» мағынасында колданылып жүр. Біз оларға емес, сол үлгіде жасалған «қара маржан» тіркесіне тоқталмақпыз. Тілімізде бұрыннан бар «інжу-маржан»- асыл тастардың жиынтық атауы болса, метафоралы қолданыста мақал-мәтелдердің баламасы болады. Осы екеуінде де «маржан» сөзі асыл, қымбат, байлық деген сияқты үғымдарды бойында ұстап тұр. Сондықтан да болса керек, бұл сөз еліміздің ең бір табыс әкелетін саласы-мұнайға балама болып жұмсалады: Қара маржанның қарауылдары («Егемен Қазакстан», 1.04.1995). Дегенмен, баспасөз беттерінде «қара алтын» тіркесі жиі қолданылады: 1995 жылы Өзен мен Ембі мұнай кеніштерінде қара алтын» өндіру көлемі 9 миллион тонналық межеге дейін жеткен. («Жас Алаш», 25.01.1995). Қазіргі кезде қара алтын, қара маржан тіркестері мұнайға байланысты қолданылып жүргенін жоғарыдағы мысалдардан байқаймыз.
Жастардың есірткіге есі кеткені соншалық, оның саудасы «қара базарда»өршіп түр («Жас Алаш», 14.02.1996). Бұл да орыс тіліндегі «черный рынок» тіркесін аудару арқылы жасалған тіркес.
Баспасөзде соңғы 5-6 жыл көлемінде пайда болып, тұрақты қолданысқа еніп үлгерген фразеологизмдердің қатарына «шала қазақ», «жаңа қазақ»тіркестерін де жатқызамыз. Бұлардың біріншісінің мағынасы «өз ана тілін білмейтін, түрі қазақ, жаны орыс» дегенге орайласса, екіншісінің мағынасы көбіне «қалталы адам»дейтін мағына беретіні рас. Дегенмен, қазақ баспасөздерінің ішінде ойып орын алып отырған «Жас Алаш» газетінде осы сөз тіркесін қалың көпшілікке түсіндіру мақсаты көзделіпті: Басқаша айтсақ, «жаңа қазақ»ұғымының «жаңа орыстан» айырмашылығы болуы тиіс дегенге саяды. Егер ресейлік жаңа идеологияның жемісі ретінде шыққан «жаңаорыс» ұгымы «кәсіпкерлікті меңгерген орыс» дегенді меңзеу болса, қазақстандық жаңа идеологияныц алдыңгы қатарлы азаматтық идеалының көрінісіретінде «жаңа қазақ»ұғымы - «қүлдық мінезден құтылып, жаңа мемлекеттің тұтқасы боларлық азаматтық сатыға көтерілген адам» деген сөз. («Жас Алаш», 26.04.1995). Осы мақалада ары қарай өзге ұлттың өкілі бола тұра қазақ болуға тырысып жүргендерге де тоқталып, оның себебін ашуға талпыныс бар: Алайда орыс тілді қазақтардың арасында қазақ тілін меңгермегендіктен, өздерін қазақтың ұлт өкіліміз деп ақтап алғысы келетіндер жеткілікті болса, қазақ еместер арасында өздерін «жаңа қазақ»ретінде танытып жүргендер де бар. Келтірілген мысалдарға қарап отырып, біз «жаңа қазақ»фразеологизмінің мағынасы әлі де толық айқындалмағанын аңғарамыз. Халықтың әлеуметтік, саяси, мәдени өміріне қатысты мақалаларда жиі көрініс беретін бұл тіркес әзірше әдеби тіл ретінде өз «мәртебесін» алмағандығын да ескертеміз. Бұған себеп, сөздің тікелей калька арқылы жасалуы да болуы мүмкін. Баспасөз беттеріндегі фразеологиялық калькалар көбіне саяси мәнді мақалаларда жиі байқалады: Бұрын биліктегілер ұнамайтын адамдарды сайлауга жібермей, у-шу болып жататын болса, енді саяси топтар бір-біріне қарсы қара пиардыкеңінен қолданып шуылдапты. («Жас Алаш», 28.09.1995).
Тегінде билік баспалдағының шыңына көтерілуді армандамайтын шенеуніктер кемде-кем шығар. («Жас Алаш», 10.08.1994).
Мысалдардағы аударма фразеологизмдер көбіне БАҚ өкілдерінің «меншігіне тиесілі», олардың ауызекі сөйлеуде, көркем әдебиетте ұшырасуы жоққа тән. Бұларды колданылу жиілігіне қарай актив: нарық экономикасы, сұйық отын, пайдалы кендер, саяси қуынга ұшырау, аштық жариялау, ашық хат, ұйымдасқан қылмыс, қоғамдық пікір, зейнетақы қоры деген сияқты фразеологизмдер мен пассив: қара пиар, форс-мажорлық жағдай, төртінші билік, билік пирамидасы, Америка amy, бүркеншік am деген сияқты фразеологизмдерге жіктеуге болады. Сонымен қатар, баспасөзде тарихи оқиғаларды жазу барысында кездесетін, қазіргі күнде «архаизмге айналып бара жатқан» күн көсем, Қазан төңкерісі, кеңестік дәуір, патшаны тақтан құлату/тайдыру, балалық ауру сияқты фразеологизмдер де өз кезеңінде БАҚ арқылы халыққа жеткен болатын.