Адамгершілік - асыл қасиет
Адам жанының рухани тазалығы –ең басты міндет болып табылады. Қоғамдағы жеке адамдар арасындағы бауырмалдық, сыпайылық, әдептіліктің бәрі де адамгершіліктің белгісі.
Адамдарды қызметіне, жағдайына, киіміне, сырт көрінісіне қарап бағалау дұрыс емес. Қызмет те, орта да, киім де уақытқа байланысты өзгеретін нәрсе. Өзгермейтін тек жан сұлулығы мен жүрек жылуы болуға тиіс.
Адамның адамгершілік қасиеті - әрқашан биіктен ізеттілікпен көріну. Мәселен, ер адамдар әйелдерге,жасы кішілер өзінен үлкенге құрмет көрсету керек. Сау адамдар кемтар, ауру адамдарға жол беріп, ізет көрсетеді. Адамгершілік адамның жүріс-тұрысы мен отырысынан да көрініп тұрады.
Ата-ананы құрметтеу адамгершілік қасиеттің ең негізгісі болып табылады. Адамдармен үнемі жылы сөйлесіп, амандасып тұру жақсы қасиет.
Адамгершілік қасиеттерімізге кір келтірмейік.
Лгілі отбасы
Отбасы – әр адамның алтын ұясы. Отбасы ұрпақтарға ұлттық дәстүрлерді қалыптастыруда маңызды орын алады. Отбасында ер адам – басты тұлға. Әйел оның серігі, көмекшісі. Сондықтан да үйдегі бар істі ер адам басқарып отыруға тиіс. Әйел адамның жұмысы – бала тәрбиелеу, отбасын тамақтандыру, үйді таза ұстау. Балалар да жас кезінен отбасы жұмыстарына икемделуі керек. Отбасын қаржымен қамтамасыз ету – ер адамның міндеті. Әйел адамның жұмыс істемегені дұрыс, себебі бала тәрбиесіне көп уақыт қажет болады. Отбасының ауызбірлігі, ынтымағы әйелге де, ер адамға да байланысты. Балалар жас кезінен үлкендерді сыйлап, олардың айтқандарын есте сақтап, орындап отыруға тиіс.
Біздің отбасымыз өте үлкен. Себебі қазақ халқында үйде баланың көп болуын, олардың қасында атасы мен әжесі отырғанды жақсы ырымға санайтын әдет бар. Мен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін шаңырақ көтердім. Таңдаған жарым ибалы, көркіне ақылы сай адам. Біз-бірімізді сыйлаймыз. Сондықтан қазір тату-тәтті тұрамыз, төрт баламыз бар. Әкем мен шешем – оқытушылар, атам мен әжем – зейнеткерлер. Бірақ немерелерін тәрбиелеу сол үлкен кісілердің мойнында. Үлкен адамдар тәрбиелеген бала кішіпейіл, адамға жақын болатын секілді. Күнде кешкісін атасы мен әжесі шөберелеріне ертегі айтып береді.
Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасының реніші де үй ішінде шешіледі. Балалар әке-шешені сыйлап, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап отырады. Барлық іс ақылдасып отырып істеледі. Сондықтан да «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз орынды айтылған.
Демалыс, мереке күндері барлығымыздың басымыз құралып, мәре-сәре болып қаламыз. Биыл інімді үйлендірмекпіз. Әке-шешем құдалыққа дайындық жасап жатыр. Амандық болса, біздің шағын мемлекет үлкейетін шығар.
Көкке шығу
Жаздың ыстық күндерінің бірі. Біздің қолымыз бос болғанмен, ата-анам кезекті жазғы демалыстарын әлі ала қойған жоқ. Ертең жексенбі. Әкем ертең отбасымызбен көкке шығатынымызды айтты. Қарындасым екеуміз қатты қуандық. Анам ертеңгі жолға алатын тағамдар пісіруге кірісті. Әкем дүкеннен әр түрлі тағамдар сатып алыпты. Әкем достарына хабарласты. Бізбен бірге ата-анамның жолдастары да баратын болды. Күні бойы үлкен дайындық жасадық.
Таң да атты. Мен бірінші тұрдым ба десем, анам менен бұрын тұрып, таңғы ас әзірлеп қойыпты. Отбасымызбен таңғы асымызды ішіп алып, жолға шықтық. Әкем таңғы салқынмен демалыс орнына жету керектігін ескертті. Өйткені жол ұзақ болатын. Жолда әкемнің жолдасының көлігі бұзылып қалды. Әкем тоқтауға мәжбүр болды. Ата-анам көліктен түсіп оларға қарай бара жатты. Бір сағаттай уақыт өтті. Күн де ысып барады. Көліктің іші де ыси бастады. Біз көліктегі салқындатқышты қосып қойдық. Әкем көлікті жөндесті. Көлік жөнделді. Әйтеуір діттеген жерімізге келіп жеттік.
Әкем өте әдемі жерді таңдапты. Айнала биік тау. Таудан бұлақ сылдырлап ағып жатыр. Жаз айы болса да таудың ұшар басында қар жатыр. Тау іші салқын. Әр түрлі ағаштар өсіп тұр. Біз бір ағаштың көлеңкесіне жайғастық. Жас балалар доп ойнап жүр. Үлкендер өзен жағалап жоғары қарай көтеріліп кетті. Олар құрғақ шыбық, бұталарды және кесек тастарды алып келді. Жерді қазып, айналасына тас қалап ошақ жасады. Аналарымыз далада түскі асты пісіруге кірісіп кетті. Таза ауада, ашық аспан аясында пісірілген тамақ өте дәмді болыпты. Біз өте тамаша демалдық. Түн қараңғысында қалаға жеттік.