Франк мемлекетінің құрылуы
Мазмұны
· 1Франк мемлекетінің құрылуы
· 2Мемлекетті басқару
· 3Жер иелену
· 4Франктердің христиан дініне енуі
· 5Франктер империясының құрылуы және ыдырауы
o 5.1Майордомдар билігі
o 5.2Меровингтер әулетінің ақыры. Қортық Пипиннің билігі
o 5.3Ұлы Карл және оның империясы
o 5.4Империяның ыдырауы
o 5.5Ұлы Карл кезіндегі империя мәдениеті
· 6Дереккөздер
· 7Сілтемелер
Франк мемлекеті, Франк империясы — Батыс Еуропада 5 ғасырдың аяғы мен 9 ғасырдың ортасында өмір сүрген ортағасырлық мемлекет. Атауы франктер тайпалар одағының атынан шыққан. Франк мемлетінің тарихы 3 кезеңге бөлінеді. “Меровингтер кезеңі”, “Майордомдар кезеңі”, “Каролингтер кезеңі”. 486 ж. сали франктері Хлодвиг X (481 — 511) басшылығымен Батыс Рим империясының Галлия провинциясын жаулап алғаннан кейін Франк мемлекетті пайда болды. Хлодвиг тұсында Франк мемлекеті орта және жоғары Рейн алабын бағындырды. Аквитаниядағы вестготтардың иеліктерін (507) және Рейннің жағалауындағы шығыс франктерін жаулап алу нәтижесінде кеңейді. Хлодвигтің балалары билеген кезеңде бургундар патшалығы (534), Прованс (536, алемандардың Альпі маңындағы иеліктері, тюрнгтердің Везер мен Эльба аралығында жерлері (6 ғасырдың 30-жылдары) және Дунайдағы баварлар Франк мемлекетіне бағынды (6 ғасырдың 50-жылдары). Майордом Карл Мартелдің (715 — 741) билігі кезінде араб әскерлері Испаниядан өтіп, Галлияға шабуыл жасады. Карл оларды 732 ж. Пуатье түбінде талқандады. Арабтар тарапынан төнген қауіп Карл Мартелді күшті атты әскер құруға итермеледі. 741 ж. Карл Мартелл қайтыс болғаннан кейін оның баласы Қортық Пипин таққа отырды. Лангобардтардан қысым көріп жүрген Рим папасының көмегімен 751 ж. франк ақсүйектерінің Суассондағы жиналысында ресми түрде франктер королі деп жарияланған ол Италияға, Лангобард корольдігіне қарсы екі рет жорық жасап, жаулап алған жерлерін Рим папасына сыйлады. Мұнда 756 ж. Папа мемлекеті құрылып, 870 жылға дейін өмір сүрді. Римдегі қазіргі Ватикан мемлекеті сол “Пипин сыйлығының” жұрнағы болып табылады. Каролингтер әулетінің ең атақты королі Ұлы Карл (768 — 814) Франк империясын құрды (800). Ұлы Карл билігінің соңына қарай Франк империясы өзінің жер көлемі жағынан бұрынғы Батыс Рим империясына жақындады. Қарудың күшімен және Ұлы Карлдың беделімен құрылған Франк империясы ұзақ өмір сүрмеді. Карл өлгеннен кейін-ақ оның империясы ыдырай бастады. 843 ж. Карлдың балалары мен немерелері Верден қасында империяны бөлісу жөнінде келісім жасады. Империя үшке бөлініп, үш корольдік пайда болды. Кейіннен олардың орнына Франция, Германия және Италия мемлекеттері дүниеге келді. Карл мен оның мұрагерлері билік жүргізген кезең тарихта “Каролингтердің қайта өрлеуі” деп аталып кетті. 8 — 9 ғасырларда Франк мемлекеттінің экономикасы мен мәдениетінің дамуы біршама жанданды. Тың жерлерді игеру қолға алынды, қолөнері өркендеді. Жерорта т. жағалауын жаулап алуға байланысты сыртқы сауда өрістеді. Жерорта теңізініңмәдени орталықтарымен және Ирландиямен қарым-қатынас жолға қойылды.
Франк мемлекетінің құрылуы
Варварлар корольдігі жаңа феодалдық мемлекеттердің қалыптасуына негіз болды. Ол мемлекеттердің ішіндегі ең қуаттысы 486 жылы Солтүстік Галлиядақұрылған Франк мемлекеті еді. Оны салий франктерінің меровей руынан шыққан көсемі Хлодвиг басқарды. Хлодвиг барлық франк тайпаларын кол астына біріктіріп, Римнің карамағындағы көрші Галлияның құнарлы жеріне жорыққа аттанды. 486 жылы Суассон қаласының маңында франктер римдіктерді талқандап, Солтүстік Галлияны басып алды. Бұдан соң Хлодвиг вестготтардан Галлияның оңтүстігін де жаулап алды. Сөйтіп Рим империясының осы провинциясының орнына өзінің корольдігін құрды.
Галлияны жаулап алған франктер бұрынғы жер иелерін орындарынан қуған жоқ, бос жатқан жерге ғана қоныстанды. Жаулап алушылардың билігін мойындаған римдік және Галлиялық байлар аз уақыттың ішінде франк ақсүйектерімен араласып, туыстасып кетті. Франк мемлекетінің халқы латын және герман тілдерін араластырып сөйледі. Осы аралас тіл кейін француз тілінің негізін құрады. Жазу саласында тек латын тілі қолданылды. Хлодвигтің тұсында осы тілде франктердің ең алғашқы coт саласындағы заңдары жазылды. Ол «Сали ақиқаты» деп аталды. Ол заңдар бүкіл мемлекет аумағындағы бірыңғай тәртіпті нығайтуға үлес қосты. Франктердің заңы бойынша қылмыстың көпшілігі ақшалай айыппен өтелетін. Адамдар заң алдында тең болмады: адам өлтіргендігі үшін салынатын айып мөлшері кімді, кандай адамды өлтіргендігіне байланысты әр түрлі болды. Франктің өмірі галлдар мен римдіктердіңөмірінен кымбат бағаланды. Жауапқа тартылған адамның кінәсі дәлелденбесе, оны «құдай сотына» салатын. Мысалы, жалаңаш қолмен қазанда қайнап тұрған судан сақина алуға мәжбүр етілді. Егер кінә тағылып отырған адамның қолы көп күймесе, ол адамның ақ екендігінің белгісі деп саналды. Сондықтан оған құдай жақ болып отыр деген тұжырым жасалатын.
Мемлекетті басқару
Франк мемлекетінің аумағында жазба заңдардың шығуы өкімет билігін нығайтуға үлес қосты. Ал мемлекет адамның байлығы мен жерін басқыншылардан қорғап отыру үшін керек болды. Қуатты мемлекеттің көмегімен ел басшылары халық бұқарасын қабылданған тәртіп шеңберінде ұстап, салықты уакытында жинап алатын жағдайға жетті. Әскер басшыларының ішіндегі әрі батыл, әрі тапқыр Хлодвиг король деп жарияланды. Король - барлық халық бағынатын, өкімет билігін өзінің әулетіне мұраға қалдыра алатын, ең жоғарғы мемлекет басшысы.
Жоғарғы сот билігін де корольдің өзі атқарды. Барлық мемлекеттік маңызы бар мәселелерді жақын достарымен ақылдаса отырып, корольдің өзі шешетін болды. Король сарайы елді басқарудың орталығына айналды. Сарайда корольдің жақын туыс-достары, кызметкерлері мен жасақшылары орналасты. Тұрақты жасақ салықтар мен соғыста түсетін олжаның есебінен өмір сүрді. Франктердің тұрақты әскері болған жоқ. Соғыс бола калған жағдайда барлық ерікті азаматтардан халық жасақтары құрылатын. Негізгі әскери күш корольдің жасағы болды.
Ел бірнеше аймақтарға бөлінді. Оларға салық жинайтын, әскерге басшылық жасайтын, сот ісін жүргізетін басшы - граф тағайындалып қойылды.
Жер иелену
Франктер Галлиядағы бос жатқан жерлерді бөліп алып, өз иеліктеріне айналдырды. Ең үлкен үлес Хлодвигке тиді. Онан кейінгі үлкен үлес оның жақын жасақ басшылары мен нөкерлеріне берілді. Қатардағы қарапайым жасақшыларға шағын үлестер тиді. Жасақ басшылары мен нөкерлер ірі жер иеленушілерге айналды. Олардың иеліктері аллод, яғни толық иелік деп аталды. Аллодтың иесі оны басқа адамға сыйлауға, мұраға калдыруға, қызметкерлеріне уақытша пайдалануға бере тұруға ерікті болды. Ірі жер иеліктерінде құлдар мен колондар (ірі және орташа жер иелерінен шағын жер үлесін алып, заттай салық төлеушілер) жұмыс істеді.
Галлияны жаулап алғаннан кейін қатардағы франктер өзара туыс отбасыларынан құрылған кауымға бірігіп, шаруашылық жүргізді. Олар қауым иелігінде бірлесе еңбек етіп, тапқан табыстарын өзара бөлісіп алатын. Бірте-бірте қауым мүшелерінің арасында мүліктік жіктелу пайда болды. Осыған байланысты қауымнан оның ауқатты мүшелері бөлініп шыға бастады. Қауымдық құрылыс ыдырап, франктер коғамында байлар мен кедейлер болып жіктелу басталды.