Топографиялық карталардың ішкі картографиялық мазмұнының сипаты

Топографиялық картаны оқудыңмәні дегеніміз -карта кеңістіктік ақпараттар сақталған танымның маңызды құралы болып табылады.

Картографиялық, кескіндерді көру арқылы есте сақтап, ой елегінен өткізіп талдау негізінде жергілікті жердің ерекшеліктері туралы біртұтас түсінікті калыптастыру үрдісін топографиялық картаны оқу дейміз.

Бастапқы оқырман жалпы шолу арқылы картографиялық кескіндерді біртұтас құрылым ретінде қабылдап, картамен жұмыс істеу барысында ой елегінен өткізіп талдаудан біртіндеп кеністіктің шынайы ақпараттық бейнесін анықтауға көшеді.

Құбылыстарды картада бейнелеу үшін ерекше картографиялық кескіндеу нышаны болып табылатын шартты белгілер жүйесі қолданылады.

Өзара үйлесіп, бір-бірімен байланыста болатын алуан түрлі шартты белгілер картаға түсірілетін жергілікті жердің барлық тетіктерін емес, ең басты ерекшеліктерін ашып көрсететін ақпа­раттар беретін кеністіктік үлгісін түзеді. Осындай карта жергілікті жердің белгілі бір масштабта кішірейтілген, жинақталған, шарт­ты белгімен кескінделген шынайы бейнесін көрсетеді.

Картадағы ақпараттардың тереңдігі, сыйымдылығы мен дәлдігі окырманның жалпы және картографиялық дайындығының деңгейіне, жеке ерекшеліктеріне, жинақтаған картамен жұмыс істеу тәжірибесіне, ақпараттық деректерді алу және пайдалану дағдыларына, сонымен қатар, картаның әртүрлі сапалық ерекшеліктеріне тығыз байланысты болады.

Мәнерлі болуымен ерекшеленетін, эстетикалық тұрғыдан көркем бейнеленген, бояулары үйлескен, құрылымы мен пішіндері дұрыс таңдалған шартты белгілердің көмегімен кескінделген картографиялық тілінің қарапайымдылығын, тез меңгерілуін, жеңілдігімен қатар қолжетімділігін картаның оқылуы дейміз. Бірақ басымдық шартты белгілердің пішініне, өлшемі мен бояуының түсіне беріледі. Атап айтсақ, шартты белгілер мен жергілікті жердегі нысандардың бір-бірімен ұқсастығы олардың жылдам танылып есте сақталуын жеңілдетеді.

Көңілге қонымды таңдалған шартты белгілердің өлшемі картаның дәлдігіне, картографиялық жинақтау дәрежесі мен көрнекілінгіне, тұтастай алғанда, картаны оқуға тікелей әсер етеді.

Бізді қоршаған әлемнің шынайы бейнесін танып білуге мүмкіндік беретін негізгі құрал қызметін атқаратын картаның көрнекілігінің мәні мен қолжетімділігін жергілікті жердегі нысандар кескінделген шартты белгілердің түсі анықтайды.

Қорыта айтқанда, оқырманның картаны оқуға қызығушылығын тудыру көңілге қонымды таңдалған картографиялық тіл арқылы жүзеге асырылады. Топографиялық картаны оқу белгілі бір мағынаға, заңдылыққа, жалпы ережемен бір ізділікке бағынады.

Іріктеліп жинақталған мағыналы мазмұны болатындықтан, картаны оқу ең негізгілерін қосалқыдан ажыратып алу, жалпыдан біртіндеп жекеге көшу қағидаларына сүйеніп жүргізіледі. Картаны оқу барысында бұрыштамадан тыс безендірілуі мен ішкі картографиялық мазмұнын оқуды көздейтін екі тарауға бөлу қажет.

Карта бұрыштамасының сыртындағы безендіруін оқу. Карта бұрыштамасының сыртындағы безендіруге бұрыштаманың сыртында орналасқандар, ал ішкікартографиялық мазмұнына ішкі бұрыштамамен шектелген картаның шартты белгімен кескінделген нысандары жатады.

Сыртқы бұрыштамадан тыс безендірілуін төмендегі ретпен оқу қажет:

- карта бетінің солтүстік және оңтүстік бұрыштамаларының безендірілуі;

- батыс және шығыс бұрыштамаларының безендірілуі;

- сыртқы, минуттық және ішкі бұрыштаманың, шақырымдық торларының сипаты мен олардың безендірілуі.

Ішкі картографиялық мазмұнды оқуды құрылу ретіне сай кар­та мазмұнының ең басты құрамдас бөліктерінен бастайды.

Картаны оқу дағдыларын қалыптастыру үшін мысал ретінде 1:50 000 масштабты топографиялық картаның L-44-97-В (Талдықорған) бетін оқуды ұсынамыз.

Солтүстік бұрыштамасы. Сыртқы бұрыштаманың үстінің орталық бөлігінде карта бетінің жер элипсоидындағы орнын көрсететін номенклатурасы жазылған. Номенклатураның оң жағында жақшаның ішінде бас әріппен картаның қосыны Талдықорған жазылған. Ережеге сәйкес жетекші қосыны ретінде карта мазмұнының басты нысаны болып табылатын, есте жеңіл сақталатын елдімекен, биіктік белгілері, көл, қоныс тағы басқа нысандар таңдап алынады. Егер картада атау берілетін құндылығы бірдей екі нысан болған жағдайда, олардың ортасында, жол торабында орналасқан жоғары класқа жататыны алынады. Номенклатураның оң жағында шығыс бұрьштамада картаның құпиялық дәрежесін көрсететін грифі орналасады. Ал номенклатураның сол жағында «1942 координат жүйесі» сөзі жазылады. Ол картаның бұл беті Ф. Н. Красовскийдің элипсоидында кұрылған 1942 жылғы координаттар жүйесі қолданылғанын көрсетеді. Номенклатураның астында картаның баспадан шығарылған жылы жазылады.

Оңтүстік бұрыштама. Оңтүстік бұрыштаманың астының орталық бөлігінде сандық, атау және сызықтық масштабтары орналасады. Сызықтық масштаб сандық масштабтың сызықтық кескіні болып табылады. Оны пайдаланып штангенциркульдің көмегімен картадағы екі нүктенің ара қашықтығы мен координаттың созылуы өлшенеді. Сызықтық масштабтың астын­да тұтас горизонтальдар 10 метрден кейін жүргізілген деген сөз жазылады. Екінші жазу картадағы нүктелердің абсолют биіктігін есептеу Кронштад футштогындағы нөл-пунктен басталатынын білдіреді. Сызықтық масштабтың оң жағында жергілікті жердегі жер бедерінің көлбеулігін анықтау қызметін атқаратын горизонталь аралық ұзындық графигі орналасқан. Горизонталь аралық ұзындық графигі екі шкаладан тұрады. Оң жағындағы шкала белесті жазық жерлердегі беткейлердің көлбеулігін, ал сол жағындағы шкала тау беткейінің көлбеулігін өлшеу қызметін атқарады. Көршілес жатқан екі тұтас горизонтальдың ара қашықтығын штангенциркульмен өлшеп алып, оның екі аяғының инелерінің горизонталь аралық ұзындық графигінің сәйкес келетін өлшемімен түйіліскен жеріндегі сандық шаманың көмегімен таулы немесе белесті жазықтардағы беткейдің көлбеулігін есептейді.

Сандық масштабтың сол жағында меридиандарды жақындату мен ауытқу бұрыштарының сызбанұсқасы орналасады. Оның сол жағында карта құрылған жылғы меридиандарды жақындату мен ауытқу бұрыштарының деректері жазылады. Бұл деректер арқылы бағдарлау үшін картаны пайдалану сәтінде тұсбағдар тілінің координаттар торының сызығанан магниттік ауытқуын есептеп шығаруға болады. Шығыс бұрыштаманың астында картаны кесіндеу әдісі мен басуға дайындалған және баспа­дан шыққан мерзімі, орындаушылар мен саралаушының аты-жөндері жазылады.

Батыс бұрыштама. Бұрыштамаға бағыттас әртүрлі түспен берілген нүктелерден тұратын бағана түріндегі картаның таралымын бастырған топтың белгісі қойылады. Шығыс бұрыштама сияқты безендірілмейді. Тек картада көрсетілмеген құрамдас бөліктер жөнінде 3-4 жолға сиятындай қосымша деректер беріледі. Мысалы: көктемде тас жолдан тыс жерлерде автокөліктер жүре алмайды.

Топографиялық карталардың жеке беттері бұрыштамаларының сипаты мен безендірілуі. Топографиялық карталардың бұрыштамасы мен бұрыштама сыртының безендірілуі қабылданған стандарттың белгіленген үлгісіне сәйкес жасалады. Топо­графиялық карталарда ішкі, минуттық және сыртқы бұрыштамалар болады.

Ішкі бұрыштама. Топографиялық картада қамтылған аумақты шектейтін ішкі бұрыштама түзетілген меридиандар мен параллельдер доғасының трапециясын түзеді. Меридиандар мен параллельдер киылысатын трапецияның төрт бұрышында картаның бетінде қамтылған аумақтың географиялық координаттары жазылады. Оның үстінде географиялық ендігі астында географиялық бойлығы белгіленеді (Сурет 2.16).

 

топографиялық карталардың ішкі картографиялық мазмұнының сипаты - student2.ru

Сурет 2.16

Топографиялық картаның минуттық бұрыштамасын пайдаланып А нүктесінің географиялық координатын анықтау

Минуттық бұрыштама картада қамтылған аумақтағы нысандардың географиялық координатын анықтау қызметін атқарады. Солтүстік және оңтүстік минуттық бұрыштамалардағы нүктелердің көмегімен қажетті нысанның географиялық бойлығын, батыс және шығыс минуттық бұрыштаманың көмегімен географиялық ендігін анықтайды.

Минуттық бұрыштаманы пайдаланып, картадағы А нүктесінің географиялық ендігі φ анықтау үшін аталған нүктеден батыс немесе шығыс минуттық бұрыштамасын қиып өтетін көлденең түзу сызық жүргізіледі де оңтүстік бұрыштамамен батыс немесе шығыс бұрыштаманың қилысынан бастап А нүктесін қиып өтетін көлденең сызықтың батыс (шығыс) минуттық бұрыштамамен қилысына дейінгі минуты мен секундын санап, оңтүстік және батыс (шығыс) бұрыштамадағы географиялық ендіктің сандық көрсеткішіне қосып жазады (Сурет 2.17).

топографиялық карталардың ішкі картографиялық мазмұнының сипаты - student2.ru

Сурет 2.17

Топографиялық картаның бетінің сызба-нұсқасы

Картада қамтылған қажетті нысанның географиялық бойлығы λ анықтау үшін А нүктесі мен солтүстік немесе оңтүстік бұрыштаманы қиып өтетін түзу сызық жүргізіледі де, батыс және солтүстік (оңтүстік) бұрыштамалардың түйіліскен жерінің минуттық бұрыштаманы қиып өтететін тік сызыққа дейінгі ми­нуты мен секундын есептеп, солтүстік (оңтүстік) және батыс бұрыштамалардың қиылысындағы бойлықтың градусына қосып жазады.

Сыртқы бұрыштама картада қамтылған аумақты негізгі және қосымша жабдықтаушы құрамдас бөліктерінен шектеп тұрады (Сурет 2.17).

Картаға жұмсалатын қағазды үнемдеу, сонымен қатар пайдалану үшін топографиялық картаның бұрыштамасының сыртындағы ашық жолақ 5 мм-ден кем және 10 мм аспауы тиіс; төрт бұрыштаманың сыртындағы ашық жолақ барлық таралымда бірдей болып, ауытқуы 1 мм-ден аспауы тиіс.

Наши рекомендации