Саяси процестің негізгі сатылары
Өзара саяси әрекет ретінде саяси өмір динамикасына талдау жасау саяси процестің мазмұнды жағын ашуға мүмкіндік береді. Саяси процесс саяси өмірдің үнемі, кезекпен болатын оқиғалары іспетті, бірақ, ол, сонымен қатар, ішкі бірлікпен байланысқан. Солай болғанмен де саяси процесс бір мезетте тұтас құрылымды қайта өндіруші ретінде және саяси өмірге ықпал ететін экономикалық, экологиялық, мәдени және өзге де факторлардыбіріктірген әлеуметтік орта және әлеуметтіктен тыс орта мен өзара әрекеттегі саяси жүйенің циклдік өмірі ретінде көрінеді. Саяси процесс барысында институттық жүйе бейімделеді және оның жалпы әрі жеке элементтерінің бейімделуін, оның жүйелік сапалар ретінде ұдайы өндірілуін және сақталуын, оны құрайтын компоненттерді де қамтамасыз етеді.
Сондықтан саяси процестің түп негізі өзгеріс болады. Ол саяси құбылыстағы кез-келген құрылымды, функцияны, инститтутты және форманы, тұрақты және ауыспалы белгілерді, эволюция қарқынын және басқа да параметрлерді үлгілеуді білдіреді. Өзгеріс саяси биліктің негізгі құрылымдары мен механизмдеріне тиіспеуі мүмкін (мысалы, лидерлер, үкімет, жекелеген институттар өзгеруі мүмкін, бірақ биліктен босататын жетекші құндылықтар, нормалар, тәсілдер бұрынғы сапада сақталады), бірақ базалық элементтерді алмастыруға әкелуі мүмкін. Бұл элементтер жиынтығы жүйенің жаңа сапалы күйге жетуіне ықпал етеді.
Осы орайда әлуметтік-саяси ғылымда саяси өзгерістің көздері, механизмдері және формалары жөнінде көптеген түсініктер қалыптасқанын айтуымыз керек. Мысалы, Маркс саяси динамиканың негізгі себептерін экономикалық катынастардың ықпалынан көрді, Парето оларды элита таралымымен байланыстырды, Вебер – харизматикалық лидердің қызметінен, Парсонс – адамдардың әр түрлі рөлдерді қолдануынан көрді. Алайда, саяси өзгерістің негізгі көзі ретінде көбіне-көп шиеленісті ауызға алады.
Саяси өзгерістің көздері мен формаларының көп түрлілігі саяси құбылыстардың өмір сүруінің белгілі бір тәсілдерінен көрінеді[94]. Осымен байланысты, менің ойымша, саяси процестің негізгі төрт сатысын бөліп айтуға тұрарлық. Ол – қалыптасу, өмір сүру, даму және құлдырау сатылары. Десек те сатыларға осылай бөлу шартты түрде ғана жүргізіледі. Алайда біртұтас саяси процесте олар бір-бірімен өзара байланыста әрекет етеді, әрқайсысы өзіне тән ерекшелігін сақтайды, өзіндік міндеттерін атқарады және ерекшелікті әдістер мен саяси әрекетті іске асырады.
Қалыптасу (жаңа саяси құбылыстарды, институттарды, қатынастарды, нормаларды жасау, жобалау) саяси процестің тарихи, логикалық, бірінші, бастапқы сатысы болып табылады. Ол бір мезгілде және тұрақты түрде жүреді. Бір мезгілдік – қайсыбірсаяси жүйенің пайда болу кезеңі. Саяси процестің бұл сатысы, әдетте, бір саяси күштердің заңды билігінен айырылып, басқа күштер билікті қолына алғандағы қоғам дамуының түбегейлі моментіне сәйкес келеді. Осы жаңа күштер өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын жалпы саяси жүйені жасайды, олардың еркін енді биліктің басқа органдары және басқада саяси инстатуттары жүзеге асыратын болады. Бір мезгілде бұрынғы құқықтық нормаларды жаңамен алмастыру жүзеге асады, онда жаңа пайда болған билік институттары, саяси жүйенің басқа да элементтері бекітіледі. Саяси процестің бұл сатысының басты кезеңі – Конституцияны толығымен қайта қарау, немесе жаңа Конституция қабылдау – бұл саяси биліктің, оның барлық инститтарының заңдылығын мойындататын жария және демократиялық тәсілі.
Алайда биліктің заңдылығы жаңа Конституция қабылдаумен бітпейді. Бұл әрі ұзақ, әрі тұрақты процесс. Осы тұрғыдан келгенде саяси жүйені конституциямен бекіту бір мезгілдік акті болып қалмайды. Оны заңдастыру процесі тұрақты түрде қайталанып тұрады, үздіксіз жүреді, өйткені бұл жүйе мойындауды талап етеді және ол қоғам мүшелері тарапынан қолдауды кажетсінеді.
Саяси құбылыстардың, саяси жүйенің өмір сүру сатысы қоғамдық дамудың тұрақталған кезеңіне дөп келеді. Үстем етуші әлеуметтік топтар қоғамда нық жағдайға ие болады. Саяси процестің осы сатысында конституциялық негізде құрылған мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар қызметін жандандыру және оларға қолдау көрсету процедурасы жүзеге асады. Мұндай процедураларға, мысалы, демократиялық қоғамдарда биліктің өкілетті органдарына кез-келген сайлаулар және қайта сайлаулар, олардың мәжілісінде, атқарушы жарлықшы органдарға тағайындаулар, ауыстырулар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар съездері мен конференциялары және т.б. жатады. Бұл процесте әрекет етуші заңдарға анықтаулар енгізу, қайта қарау, кеңейту және жаңалау маңызды рөл атқарады. Сол процесте саяси жүйенің құндылықтары мен нормалары дәстүрімен (ұдайы өндірілуі) тасымалданады. Саяси жүйенің өмір сүру сатысында саяси процеске қатысушылардың өздері де белгілі бір саяси ұстанымдар мен мүдделерді білдіруші ретінде, соған орай көзқарастар мен сенімдерді алып жүрушілер ретінде, белгілі бір саяси мінез-құлықты, жүріс-тұрыстың стереотиптерін иленушілер ретінде ұдайы ендіріледі.
Осымен байланысты саяси жүйені жаңғырту қоғамдық ұдайы өндірудің бүкіл біртұтас процесінің фрагменті екенін айтуымыз керек. Сондықтан сабақтастық ұдайы өндірудің басты белгісі[95]. Алайда, сабақтастық байланыстың мазмұны қалыптасқан саяси қатынастар формаларының механикалық көшірмесі емес, керісінше, ол саяси жүйенің жаңа белгілері мен қасиеттерінің пайда болуы, дамуы кезеңін шамалайды.
Саяси жүйе дамуының өзі саяси өзгерістер тәсілі болып есептеледі. Саяси өзгерістер тәсілін саяси құбылыстардың базалық параметрлерін үлгілеу сипаттайды. Бұл үлгілеулер саяси құбылыстың одан әрі жағымды эволюцияға өтуін жорамалдайды. Саяси жүйенің даму сатысы белгілі бір саяси күштердің қайта топтасуы және оларды тиісті орын-орнына қою кезеңінде орнайды. Саяси процестің бұл кезеңінде мемлекеттік органдар жүйесінде шамалы өзгерістер болады, қоғамның әлеуметтік құрылымында болған өзгерістерге, ел ішіндегі және халықаралық аренадағы саяси күштердің өзгерген ара салмағына сәйкес саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар қызметін реформалау жүреді. Билік құрылымы мен механизмінде асырылатын өзгерістер билеуші элитаның саясатын жаңа деңгейге шығарады. Ол уақыт талаптарына, қоғамдық қатынастарды тиімді басқаруға, халықтың әлеуметтік талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз етуге жауап табады. Саяси өзгерістердің мұндай сипаты саяси жүйенің осыған артуына сәйкес, қоғамдық өмірдің басқа салаларындағы өзгерістерге әр түрлі әлеуметтік топтар мен адамзаттың күрделенген мүдделерін ескере отырып билік етудің икемді стратегиясы мен технологиясын қолдануға, оның қабілетін жетілдіруге ықпал етеді.
Саяси жүйе дамуының сатысы алуан түрлі ағымдар мен тенденциялардың теке тірестігімен жүреді. Түптеп келгенде, бұл саты жүйенің бейімделгіштің артуына, қалыптасқан билік құрылымының сыртқы әлеуметтік жағдайға сәйкестігіне әкелуі тиіс. Алайда саяси жүйенің дамуы белгілі бір кезеңде тоқырауға ұшырап, билеуші элита сол қоғамдағы өзінің үстемдігін сақтауға тырысады.
Осыған орай теке-тірестік барысында жаңа күштер пайда болып, олардың мүдделерінің сол саяси жүйенің мақсаттарына сәйкес келмейтінін айтуымыз керек. Демек, саяси өзгерістердің әр түрлі – құлдырау, ыдырау сатылары орнайды. Ұлы орыс ойшылы П.Струвенің пікірінше, құлдырау – саясаттың регрессивті метаморфозасы.
Саяси жүйенің құлдырау сатысының орнауы жаңа әлеуметтік күштердің артуына сәйкес келеді. Олар саяси өмірді ұйымдастырудың басқаша формаларын қалыптастырады. Осы сатыда саяси процесс динамикасының бағытталуында өзгерістер болады. Бұл динамиканың өмірдегі билік институтына қатысты келеңсіз сипаты бар. Мұнда күйретуші тенденциялар конструктивті, жасампаз тенденцияларға қарағанда басымдық сипат алады. Нәтижесінде билеуші элита қабылдаған шешімдер басқарушылық қабілетінен айырылады, ал билеуші элитаның өзі және онымен байланысы бар билік институттары өздерінің заңдылығын жояды. Құлдырау жағдайындағы саяси өзгерістер энтрофияның және центротепкіш тенденциялардың артуын сипаттайды. Сондықтан құлдырау, шын мәнінде, қалыптасқан саяси біртұтастықтың ыдырауын білдіреді. Бұған, саяси режимнің құлауы, партиялардың таратылуы, сыртқы күштердің мемлекеттерді басып алуы және сол сияқтылар мысал бола алады.
Сайып келгенде, саяси жүйенің құлдырау сатысы биліктің толық, дезаңсыздандыруымен байланысқан. Осымен саяси процестің бір циклі аяқталады. Алайда, соған қарамастан, саяси процесс жалғаса береді. Саяси процестегі жаңа циклдің басталуы саяси биліктің субьектісімен және институттардың ауысуымен әрі бұрынғы саяси жүйенің ыдырауымен байланысты болады. Осыған орай саяси процестің негізгі сатыларымен қатар саяси процестің экстремальді түрлері де бар. Бұлар – көтерілістер, бунттар, бүліктер (мятеждер), пучтар.
Кез-келген көтерілісте қайсыбір ұйымдасқандықсипаттар тән, бұл жерде белгілі бір мақсаттар ұсынған жетекшілер үлкен рөл атқарады. Бұл мақсаттар күрделі емес бағдарламада, ұрандарда негізделеді. Тарихи дәуірге сәйкес көтеріліске қатысушылардың әлеуметтік құрамы әр алуан түрлілікпен сипатталады. Қатысушыларды жігерлендіретін оларды қарқындылық, рухани және психологиялық импульс деңгейлері бойынша айырады.
Көтерілістің бунттан айырмашылығы бар. Бунт үстемдік етуші саяси топтың мемлекеттік органдардың өкілдерінің қайсыбір әдеттегіден тыс іс-қимылына, өкіметтің жекелеген әрекетіне, шектелген қарсылық көрсету міндетінен аспайтын жауап реакция іспетті.
Бунт өзінің қарқынымен, эмоционалдық деңгейімен мятежге жақын. Бірақ бүлік (мятеж) бунтқа қарағанда оған қатысушылардың санының шектелуімен ерекшеленеді. Бүлік (мятеж) белгілі бір топ адамдардың ойластырған, мақсатты бағытта дайындығының нәтижесінде пайда болады. Бүлік (мятеж) қарулы сипат алады, әскери күш көрсетуге негізделген және бүлікшілердің (мятежниктердің) негізгі ядросын әдетте әскер құрайды.
Егерде бұқара бүлікшілерге (мятежниктерге) қосылмаса, онда бүлік (мятеж) пучқа айналады. Пуч қарулы әрекетке де барады, бірақ ол кең қолдауға арқа сүйемейді, ситуацияны ескермейді, кең ойластырған бағдарлама жасамайды.
Саяси процестің экстремальды түрлері және негізгі сатылары жалпы қоғамның саяси жүйесінің динамикасын көрсетеді, соның нәтижесінде онда өзгерістер мен қайта жаңғыртулар жүреді. Сондықтан әрбір жаңа циклда саяси жүйе өзіне көшірме жасамайды, керісінше жаңа жақтармен немесе қасиеттермен толығады, онда саяси өзгерістер жүреді. Бірақ бұл жердегі басты процесс, яғни бұрын болған өзінен-өзі ұдайы өндіру, ендігі жерде жаңа күйінде өзін-өзі қайталауы болады. Сонымен саяси процестің көп түрлілігі оның алуан түрлі типологиясын ерекшелейді.