Жер иеленушілерге немесе жер пайдаланушыларға келтірілген залалдарды анықтау және өтеу
Қазақстанның территориясы үлкен. Дегенмен, жылдан жылға ауыл шаруашылық емес қажеттіліктерге алынып жатқан жердің көлемі өсуде. Бұл кері құбылыс, сондықтан бөлінген жердің әрбір учаскесі тиімділігі жағынан жан-жақты дәлелденуге, ал соның салдарынан пайда болған шығындар мен залалдардың орындары толтырылуы тиіс.
Жер ауыл шаруашылық емес қажеттіліктерге берілгеніне байланысты жер иеленушілер әр түрлі залалдарға ұшырайды. Олар: алынған жерде орналасқан ғимараттар мен құрылыстарды бұзу немесе учаскеден тыс орналасқан, бірақ та пайдалануға келмей қалған объектілер; жеміс-жидек және басқа көпжылдық көшеттер; аяқталмаған өндіріс (жерді өңдеуге, тыңайтқышқа, тұқым себуге және басқа технологиялық картамен қамтылған жұмыстарға жұмсалған шығындар); алынбай қалған өнім және т.с.с.
Бұл мәселе республиканың Жер кодексінің бесінші бөлімі арқылы реттеледі. Осы бөлімнің 165 бабында жер иеленушілер мен жер пайдаланушыларға келтірілген залалдарды өтеу тәртібі көрсетілген. Онда: "Залалдарды жер учаскесі бөліп берілген кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар және азаматтар өтейді" делінген.
Сонымен қатар жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың, оның ішінде жалға алушылардың құқықтарының шектелуіне немесе іргелес жатқан жерлердің сапасының нашарлануына байланысты залалдар осыған әкеп соқтырған кәсіпорындар мен мекемелер, ұйымдар мен азаматтар есебінен өтеледі. Залалды өтеуге және оның мөлшерін анықтауға байланысты дауларды сот немесе арбитраж шешеді.
Ауылшаруашылық өндірістің шығындарын өтеу тәртібі кодекстің 166 бабында келтірілген. Ол бойынша аталған шығындарды жер бөліп берілген мекемелер мен кәсіпорындар өтеуге тиісті, және одан түсетін қаржы жаңа жерлерді игеруге; топырақ құнарлығын, жер өнімділігін арттыруға және басқа мақсаттарға жұмсалады.
Төлемақы мөлшерін анықтауда оған:
- жер учаскесінің немесе жер пайдалану құқығының нарықтық құны;
- жеміс ағаштары мен көпжылдық екпелерді қоса алғанда, жер учаскесіндегі жылжымайтын мүліктің нарықтық құны;
- жер учаскесін игеруге, оны пайдалануға, қорғау іс-шараларын жүргізуге, топырақ құнарлылығын арттыруға байланысты шығындардың инфляциясы есепке алынған құны;
- алынбай қалған пайда енгізіледі.
Жерді пайдалану кезіндегі қолайсыздықтардан (су қоймаларын толтыру кезінде аралдардың пайда болуы, көлік байланыстарының бұзылуы, аумақты коммуникациялармен бөліп тастау және басқалары) туындаған шығындар: жобалау-зерттеу жұмыстарына, бөгеттер, көпірлер, жолдар, кірме жолдар, басқа да құрылыстар салуға, сондай-ақ қайықтар, катерлер, паромдар мен өзге де көлік құралдарын сатып алуға кеткен бір жолғы шығындардың мөлшерімен анықталуы мүмкін.
Жердің нашарлаған сапасын қалпына келтіру үшін қажетті шығындарды анықтау кезінде топырақты зерттеу, агрохимиялық және басқа арнайы тексерулер мен зерттеулерді, сондай-ақ жердің сапасын қалпына келтіруді қамтамасыз ететін іс-шараларды жүргізуге шыққан шығындар енгізілуі мүмкін.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы меншік құқығының немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатын шешіммен келіспеген жағдайда, дау сот тәртібімен шешілгенге дейін ол шешімді жүзеге асыру мүмкін болмайды. (Жер кодексы, 167-бап.)
Сонымен, жерді ауылшаруашылығына жатпайтын мұқтаждықтарға бөліп берудің салдарынан жер иеленушілер мен жер пайдаланушылар залал тартып, ал ауыл шаруашылық өндірісі қайтарылмас шығындарға ұшырайды. Енді соларды анықтау реттігі мен әдістемесін қарайық [24].
Жер иеленушілер мен жер пайдаланушыларға келтірілген залалды және ауылшаруашылық өндірістің шығындарын анықтау мақсатымен аудандық әкімшілік бағалау комиссиясы құрылады. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде аталған залалдар мен шығындардың көлемдері көрсетілген акт жасалады. Бұл акт аудандық әкімшілікте қаралып бекітіледі. Жер иеленушілер мен жер пайдаланушыларға келтірілген залалдардың көлемі мына әдістемелік жүйелікте анықталады:
а) тұрғын үйлер, мәдени-тұрмыс объектілері және басқа өндірістік құрылыстар мен ғимараттар баланстық құны бойынша, тозғандықтары ескеріле отырып бағаланады. Ол үшін мына формула қолданылады:
Қққ =Каб*Ж/100%, (4.17)
онда: Қққ - құрылыстар мен ғимараттардың қалдық құны, теңге;
Ж - құрылыстар мен ғимараттардың қалған эксплуатациялық жарамдылығы, %;
Каб - құрылыстар мен ғимараттардың алғашқы баланстық құны, теңге.
Жер бөліп берілген кәсіпорындар жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың келісімі бойынша жойылатын ғимараттар мен құрылыстарды көшіруі немесе оларды жаңадан басқа жерге салуы мүмкін. Бұндай жағдайда жер иеленуші (жер пайдаланушы) жаңадан салынған құрылыстардың сметалық құны мен жойылатын құрылыстардың баланстық құндарының арасындағы айырмашылығын өтеуге тиісті.
Бұл айырмашылықтың көлемі мына формула арқылы есептеледі:
Қққк =Кс - (Қаб*Ж)/100%, (4.18)
онда: Кс – жаңадан салынатын объектілердің сметалық құны немесе көшіруге қажетті қаржылар көлемі, теңге;
Қққк - қайтаруға жататын қаржы көлемі, теңге.
ә) Жеміс көшеттері, оларды қорғауға және басқа мақсаттармен салынған көпжылдық көшеттер өздерінің баланстық құны бойынша бағаланады:
Жқ = P * (C1К1+ С2К 2 + ....+ CnKn), (4.19)
онда: Жқ - қаржыландырылған жеміс көшеттерінің құны, теңге;
Сn - 1 га орналасқан бip текті және бip жасты ағаштардың саны;
Кn - бip ағаштың құны, теңге;
P - учаскенің ауданы, га.
б) аяқталмаған өндірістің құны, сол жерді алғанға дейін орындалып қойған жұмыстарға жұмсалған шығындардың көлеміне теңестіріледі. Егер, шаруашылық шығарған қаржы таза табыс түрінде сол уақытқа дейін толық қайтарылмаса, аяқталмаған өндірістің құны мына формула арқылы табылады:
Өа = P * (Шn - Кn), (4.20)
онда: Өа - аяқталмаған өндірістің құны, теңге;
Р - қаржыландырылған алқаптың ауданы, га;
Шn - 1 га. жұмсалған шығынның көлемі, теңге;
Кn – 1 га жерді ауылшаруашылық пайдаланудан алғанға дейін алынған таза табыс, теңге.
в) Егістерді жойғаннан шеккен залалдың мөлшері сол егістерден алынбай қалған өнімнің көлемімен теңестіріледі:
Еқ = Рж*Ө*Б, (4.21)
онда: Еқ - жойылған егістерден алынбаған өнімнің құны, теңге;
Рж - жойылған егістердің ауданы, га.;
Ө - дақылдардың түсімділігі, ц/га.;
Б - 1ц өнімнің бағасы, теңге.