Ақпарат.Ақпараттану пәні.Ақпарат түрлері мен қасиеттері
Ақпарат (лат. informatio — түсіндіру, мазмүндау) ұғымы күнделікті өмірден бастап техникалық салада пайдаланылатын көп мағыналы ұғым. Жалпы алғанда бұл ұғым шектеу, байланыс, бақылау, форма, инструкция, білiм, мағына, құрылым, бейнелеу, сезіну тағы басқа ұғымдармен тығыз байланысты. Көп адам бұл жайлы білім дәуірі немесе білім қоғамы тудырған Ақпарат дәуірі туралы айта бастады;
Ақпарат - адамның өзіне қарағанда әлдеқайда көне құбылыс. Табиғат әлдеқашан өсімдіктер мен тірі организмдерде жұмбақталған (кодталған) ақпаратты өзінің даму барысында беріп отырған. Ал, жануарлар мен құстардың тілі ақпаратқа бай. Адамдар өздерінің алғашқы қадамдарынан бастап-ақ ақпарат беру мен сақтаудың жаңа құралдарын іздеуде және табуда. Бұған жартастағы суреттер де, "Жазбалар ғибадатханасындағы" Майя өркениетінің иероглифті тақталары да, ежелгі египеттіктердің абак тастары мен жасырын хабарларды жіберуге арналған дискілері де дәлел бола алады.
"Ақпарат" термині латынның түсіндіру, баяндау, мәлімет деген ұғымдарды білдіретін "informatio" сөзінен шыққан. Бұл терминнің кең тарағанына қарамастан, ақпарат түсінігі ғылымдағы ең көп пікірталас тудырған түсініктердің бірі болып табылады. Қазіргі кезде ақпарат түсінігінің дәл анықтамасы жоқ, көптеген жағдайларда ол интуициялық болып келеді және оған адам әрекетінің әр түрлі салаларында әр түрлі мағына беріледі.
Ақпараттың анықтамаларының көп болуы - бұл түсініктің мағынасын түсіндірудің күрделілігімен, ерекшелігімен және көп түрлілігімен байланысты. Қазіргі кезде ақпарат түсінігін айқындаудың кең таралған үш теориялық жолы бар. Олардың әрқайсысы оның мағынасын өзінше түсіндіреді.
1) Сандық-ақпараттық тұрғыдан ақпаратты оқиғаның анықталмағандығының (энтропия) өлшемі ретінде айқындайды.Ақпарат көлемі,қандай жағдайда болмасын, оны алу ықтималдығына тәуелді, хабар неғұрлым ықтимал болып табылса, онық ақпараты соғұрлым аз болады.
2) Материяның қасиеті ретінде ақпараттың пайда болуы кибернетиканың пайда болуымен байланысты және адам н/е аспап қабылдайтын кез келген хабарламада болады деген пайымдауға негізделген.
3) Семантикалық тұрғыдан ақпарат білім ретінде және кез келген білім емес, оны программалау үшін,белсенді әрекет жасау үшін, басқару мен өзін-өзі басқару үшін пайдаланылатын бөлік ретінде түсіндіріледі.Басқаша айтқанда, ақпарат – бұл білімнің әрекеттігі,пайдалы,”жұмыс істеуші ” бөлігі.
Мәлімет – сигнал,хабарлама,т.б. объектілер арқылы берілген, адам баласы сезім мүшелері арқылы қабылдай алатын білім.
Ақпарат қасиеттерін үш аспектіде қарастыруға болады:
Ø Техникалық тұрғыдан алғанда,дәлдік,сенімділік,сигнал беру жылдамдығы,т.б;
Ø Программатикалық тұрғыдан, ақпараттың объектінің мінез-құлқына қаншалықты тиімді әсер етуі (пайдалығы,құндылығы);
Ø Семантикалық тұрғыдан, мәтіннің мағынасын кодтарының көмегімен беру.
Ақпараттану, информатика (франц. іnformatіon — информация және automatіgue — автоматика сөздерінен шыққан, яғни ақпараттыавтоматика) — ақпараттың құрылымы мен жалпы қасиетін, сондай-ақ ақпаратты жинақтау, сақтау, іздеу, қайта өңдеу, түрлендіру, таратумен және оны адам қызметінің әр түрлі саласында пайдалануға байланысты мәселелерін зерттейтін ғылым саласы. Ақпаратты жинастыру, өңдеу және тарату мәселелері адам баласының даму тарихының барлық сатысында көкейкесті мәселелердің бірі болып келді. Жазу мен кітап басу ойлап табылғаннан кейін ақпаратты жинастыру мен таратудың жаңа технологиясы жасалды. 20 ғасырдың басында Бельгия ғалымы П.Отле ғылыми құжаттарды жинақтау, өңдеу, сақтау, іздеу мен таратудың кешенін біріктіруді ұсынды. Дегенмен, олардың ақпаратты өңдеу саласына тікелей қатысы болмады. Кейбір жеке өңдеу операцияларын механикаландыру ешқандай Ақпараттануға елеулі өзгеріс енгізе алмады. Электронды есептеу машинасының пайда болуы бұл жағдайды түбірімен өзгертті. ЭЕМ-ды жеке есептерді шығаруға пайдаланудан кешенді автоматтандыруға пайдалануға көшу жаңа, негізгі қадам болды. КСРО-да Ақпараттану дербес пән ретінде 50-жылдардың басында қалыптасты. Ал Ақпараттану Қазақстанда 1957 жылы басталды. Сол жылы Қазақстан Мемлекеттік жоспарлау комитетінің жанынан ғылыми-технологиялық ақпарат және техника, экономика ғылыми-зерттеу институты ашылды. Ондағы зерттеулердің негізгі бағыттары: ғылыми-технологиялық ақпарат мәселелерін зерттеу, ақпараттық қызмет көрсету әдістерін дамытып жетілдіру, автоматты түрде ақпаратты жинау, өңдеу, іздеу, сақтау, тасымалдау. 1991 жылы Қазақстан ҒА-ның Ақпараттану мен басқару институты ашылды. Оның лабораторияларында іргелі зерттеулер “Ақпараттың, басқарудың және ақпараттық жүйелерді жасаудың теориялық мәселелері” және Республикалық ғылыми-технологилық бағдарлама саласында “ҚР халық шаруашылығын ақпараттандыру” бағдарламалары бойынша жүргізіліп келеді.
Ақпарат ұғымын оның берілу үрдісін сызбалық сипаттаудан анықтайық. Яғни, ақпарат ұғымы таратқыш, қабылдағыш және байланыс арнасы арқылы берілетін хабар.
Хабарды таратқыш және қабылдағыш адамдар немесе техникалық құрылғылар болуы мүмкін. Яғни, ақпаратты бейнелеуге және түсінуге болады. Сондықтан әрбір ақпараттың бейнелену пішімі және мазмұны болады.
Хабар – белгілі пішімде көрсетілген және беруге арналған ақпарат, яғни ақпараттың бейнелену пішімі. Хабар материалды-энергетикалық пішімде – сызбалар, мәтін, дыбыс, жарық, қимыл және т.б. түрінде беріледі. Яғни, хабар қандай да бір қатынас тілінің өрнегі болады, олар – табиғи тілдер, математика тіл, әуез тілі, мимика белгілері және т.б.
Ақпарат түрлері.Хабар таратқыштан қабылдағышқа жеткізілуі үшін ақпарат тасушы қажет. Тасушы көмегімен берілетін хабар сигнал деп аталады. Сигнал– уақыт ішінде өзгеретін физикалық үрдіс (мысалы, тізбекте жүретін электр тогы, жарықтың таралу үрдісі). Ақпарат физикалық үрдістің, яғни сигналдың бір немесе бірнеше параметрлерінің мәнімен беріледі.
Егер сигнал параметрі берілген аралықта кез келген аралық мән қабылдай алатын болса (уақытқа байланысты үздіксіз функциямен анықталса), онда сигнал үздіксіз ал мұндай сигналмен анықталған хабар да үздіксіз деп аталады. Бұл жағдайда таратқышпен берілген ақпарат үздіксіз түріне ие болады.
Егер сигнал параметрі берілген аралықта жеке бекітілген мәндерді қабылдаса, онда сигналдискретті, ал мұндай сигналмен анықталған хабар да дискреттідеп аталады. Бұл жағдайда таратқышпен берілген ақпарат дискретті түріне ие болады. Сонымен біз ақпарат берілуінің екі негізгі түрін (пішімін) - үздіксізжәне дискретті ақпараттыанықтадық.
Кез келген үздіксіз хабарды үздіксіз функция түрінде бейнелеуге болады. Үздіксіз хабарды дискреттеу үрдісінің көмегімен дискретті түріне көшіруге болады. Дискреттеудегеніміз – функцияның (сигнал параметрінің) шексіз көп мәндері жиынынан барлық қалғандарын жуық мінездей алатын белгілі бір мәндерін таңдап алу.
Мысалы: функцияның анықталу облысы нүктелерімен тең ұзындықты кесінділерге бөлінеді, ал әрбір кесіндідегі функция мәні тұрақты және оның осы кесіндідегі орта мәніне тең деп алынады. «Баспалдақтарды» ордината өсіне проекцияланғаннан шыққан мәндері үздіксіз функцияның дискретті түрін анықтайды. Үздіксіз хабарды дискреттеу мүмкіндегі информатика үшін өте маңызды, себебі есептеу техникасымен өңделетін ақпарат дискретті болуы қажет.
Үздіксіз ақпаратпен жұмыс жасайтын арнайы ЭЕМ-дер бар, олар аналогтық машиналардеп аталады. Бірақ олар арнайы есептер кластарымен жұмыс атқаратындықтан көпшілік қолданушыларға кең таныс емес. Ақпарат берілуінің басқа пішімдері:
- таңбалы – мәтіндік (әріп, цифр, таңбалар т.б.);
- графикалық (суреттер, бейнелер көмігімен, т.б. көмегімен);
- дыбыстық.
Сонымен қатар бізді қоршаған алуан ақпаратты әртүрлі белгілерге байланысты топтастыруға, яғни түрлерге жіктеуге болады.
Пайда болу және қолдану аумақтарына байланысты түрлері:
- биологиялық;
- әлеуметтік;
- ғылыми;
- экономикалық т.с.с.
Берілу және қабылдау тәсілдеріне байланысты түрлері:
- визуальды (таңбалар мен бейнелер арқылы);
- аудиальды (дыбыс арқылы);
- тактильдік (сезім арқылы);
- органалептикалық (дәм мен иіс арқылы);
- машиналық (есептеу техникасының құралдары арқылы) т.с.с.
Ақпараттың қасиеттері. Кез келген ақиқат өмірдегі объектілерге тән ішкі және сыртқы қасиеттерін анықтауға болады. Сыртқы қасиеттер объектінің басқа объектілермен әсерлесу барысында анықталатын қасиеттер болғандықтан, ақпарат үшін маңыздысыртқы қасиеттер оны тұтынушы (қабылдағыш) көзқарасынан анықтайтын қасиеттер. Ақпараттың аталған қасиеттері:
Объектілік және субъектілік қасиеті.Ақпараттың жеке көзқарастар мен талқылаудан тәуелсіздігін анықтайтын қасиет
Толықтық қасиеті. Ақпараттың объектіні немесе үрдісті толық мінездеу қасиеті. Бұл қасиет ақпараттың сапасын және оның қажетті шешім қабылдауға жеткіліктігін анықтайды.
Өзектілік (дәлуақыттылық) қасиеті. Ақпараттық ағымдық уақыт мезетіне сәйкестік дәрежесін анықтайтын қасиет. Бұл қасиет ақпараттың толықтығымен біріге отырып оның құндылығын анықтайды.
Ақиқаттық қасиеті. Ақпаратта жасырын қателіктердің болмауы қасиеті. Ақпарат қабылдағыш алған уақытта белгілі мөлшерде «ақпараттық шуыл» болуы мүмкін, ол неғұрлым аз болса, ақпараттың ақиқаттығы жоғарылайды.
Қатынау мүмкіндігі қасиеті. Пайдаланушының ақпаратты алу мүмкіндігі дәрежесін анықтайтын қасиет. Ақпаратқа қатынау мүмкіндігінің жоқтығы оны қатынауға мүмкін емес етеді.
Адекваттық қасиеті. Ақпараттың өзі бейнелейтін объектіге немесе құбылысқа, үрдіске бірмәнді сәйкестігін анықтайтын қасиет. Бұл қасиет ақиқаттық және қолданушы мұқтаждығына сәйкес келу қасиеттерімен анықталады.
Эргономдық қасиеті.Белгілі қолданушы үшін ақпараттың пішімі мен көлемінің ықғайлылық дәрежесін көрсететін қасиет.
Ақпараттың ішкі қасиеттерінің маңыздылары оның ішкі құрылымы және көлемі (мөлшері) болып табылады.
Ішкі құрылымына байланысты:
- мәліметтер немесе қарапайым логикалық реттелмеген мағлұматтар жиынтығы;
- логикалық реттелген, ұйымдастырылған мәліметтер жиынтығы.