Дәріс № 2. Қазақ тілінің функционалдық стильдері.
- Функционалдық стильдердің стильдік белгілері.
- Функционалдық стилистиканың түрлері.
Функционалдық стиль түрінің әрқайсысының өзіне тән стильдік белгісі болады. Стильдік белгі дегеніміз – белгілі бір функционалдық стильдің даралығын, басқа стильдерден өзгешелігін танытатын қасиеті. Мысалы, көркем әдебиет стиліне тән ерекшелік – сөздің бейнелілігі, эстетикалық қуаты. Ғылыми тілге тән басты белгі – сөздің дәлдігі, нақтылығы. Функционалдық стильдерге қойылатын белгі кейде бірнеше түріне ортақ болуы мүмкін. «Қазақ әдеби тілінің әрбір функциональдық стилі өзіндік ерекшеліктерге ие. Осы ерекшеліктері арқылы олар бір-бірінен дараланады.
Әр стильдің өзіндік белгілерін, қасиеттерін, ерекшеліктерін танып, білудің қазақ тілінде ерекше мәні бар. Әдеби тілдің функционалдық стилдерінің тығыз байланыста болуы, олардың саралануының кейіннен пайда болған құбылыс екенін растайды. Бұл байланыс бір функциональдық стильге тән амал-тәсілдің екінші бір функциональдық стильде қолданылуынан, бір функиональдық стильдің екіншісіне әсер етуінен, соның нәтижесінде әдеби тілдің стильдер жүйесінің дамуынан байқалады. Бір стильге тән тілдік ерекшеліктердің екіншісіне ауысып, өнімді қолданылуы стильаралық диффузия деп аталынады».
Стилистикалық норма – қолданыс тіліне қойылатын барлық функионалдық- стилистикалық талаптардың жиынтығы.
Сөз қолданудағы стильдік нормаға сай емес қолданыстар стильдік қателер деп танылады. Орынсыз қолданылған, бұзып айтылған әрбір сөз немесе сөз тіркесі стильдік қатеге жатады. Сөйлем ішінде бір сөздің немесе сөз тіркесінің орынсыз қайталануын да стильдік қате деп танимыз.
Лингвистикалық стилистиканы түр-түрге тарамдағанда, басшылыққа алатын принцип оның негізгі зерттеу бағыттары болуға тиіс.
Лингвистикалық стилистикада ең басты назарда болатын екі бағыт бар. Олардың бірі – мәтіннен тысқары стилистикалық ресурстар (мүмкіндіктер). Бұл аспектіні тіл ресурстары стилистикасы деп те аталады.
Зерттеу нысандарының (объектілерінің) ауқымына, көлеміне байланысты жалпы стилистика, салыстырмалы-салғастырмалы стилистика, ішінара стилистика (частная стилистика) және дара (индивидуальдық) стилистика болып бөлінуі.
Лингвистикалық стилистиканың мазмұны мен бағыттарын айқындайтын ең басты түрлері – функциональдық стилистика мен тіл ярустары стилистикасы.
Функциональдық стилистика өз ішінде стильдер жүйесі бойынша жіктеледі:
ауызекі сөйлеу тілі;
ресми стиль;
ғылыми стиль;
публицистикалық стиль;
көркем әдебиет стилі (тілі).
Тіл ресурстары стилистикасын бұдан сәл ықшамдап, тіл стилистикасы (стилистика языка) деп те атап жүр. Стилистиканың бұл түрінің басты бағыты – сөздердің мәтіннен тысқары күйіндегі стилистикалық қызметін айқындау.
“Стиль” сөзінің тарихы мен мағынасы туралы. Функциональдық стиль және экспрессивтік-эмоционалдық стиль; олардың арақатынасы. Функциональдық стильдерді жіктеуге қатысты әр түрлі ғылыми көзқарастар. Функциональдық стильдің түрлері.
Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан — функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді). Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керісінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізді. Лингвостилистика тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс, тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы). Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі — тілдің қос қырлылығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы) ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы -құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.
Тіл — өте күрделі, көп қырлы құбылыс. Сондықтан оны бірден тұтастықта алып зерттеу мүмкін емес, жеке бір қырынан келіп: логикалық, құрылымдық-жүйелік, психологиялық т.б. зерттеуге болады.
20 ғасыр тіл ғылымының үлкен жетістігі деп тілдің жүйесін, оның құрылымдық ұйымдасуын жан-жақты қарастыруын айтуға болады. Бірақ бұл тілдің кейбір мәнді белгілерін анықтауға жеткізе алмады. Соңғы кездері тілді зерттеуде коммуникативтік-функционалдық бағыт кең өріс алып, тілдің функционалдық жағына, сөйлеуге, мәтінге көңіл бөліне бастады.
Шынында, тілді тек жекелеген бірліктердің жүйесі деп анықтау жеткіліксіз, өйткені жеке тілдік бірлік болсын, не, тіпті, тілдің тұтас жүйесі болсын әлі коммуникативтік қызмет атқармайды. Жеке тілдік тұлға мен жүйеде ол мүмкіндік түрінде ғана қатысады. Бұл маңызды әлеуметтік қызметтің нақты жүзеге асуы тіл шынайы қарым-қатынас процесінде қолданысқа түскенде ғана мүмкін болады. Тек осы жағдайда тіл ақпарат тасушы жүйе түрінде көрінеді. Тілді жүйе мен оның қызметінің (қолданымының) бірлігі ретінде түсіну ғана оның қатысымдық табиғатын толық түсіндіре алады. Мұнда қызмет ету дегенді тек тілдік жүйені сөйлеу актісінде пайдалану ғана деп түсінбеу керек, сонымен қатар тілді жалпы қарым-қатынас процесінде пайдалану деп түсіну керек, яғни қарым-қатынастың мақсаты мен міндеттерін орындау үшін тілдің көптеген сыртқы факторлардың әсерімен қолданысқа түсуі дегенді білдіреді. Бұл сөйлем — айтылымның мағыналық жағын байытады.
Сөзде заттардың (олардың әртүрлі топтарының) белгіленуі, ұғымның бейнеленуі қарым-қатынас үшін, тілдің қатысымдық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін әлі де жеткіліксіз болады. Қарым — қатынас процесінде контексте сөздердің жалпыланған мағыналарын нақтылау жүріп жатады. Өйткені тілдік тұлғаларды (тіпті, сөздерді) сөйлеушілер шамамен бірдей мағынада қолданады. Сондықтан сөйлеу кезінде (әсіресе, жазба түрдегі) «сөз азабы» деген туады (ол ақын, жазушыларға ғана тән емес). Ауызша сөзде дәлсіздіктердің, оғаш құрылған сөйлемдердің болуы сондықтан. Қарым-қатынастағы мұндай кедергілер вербалды емес амалдардың (ым, мимика) көмегімен игеріледі.
Сөйлеу (ауызша болсын, жазбаша болсын) — шығармашылық процесс, ол аз дәрежеде автоматтандырылған және әртүрлі салада бірдей болмайды. Тілдік қатынаста стандарт, әрине, негіз, тірек қызметін атқарады, бірақ толыққанды, тиімді қарым-қатынас жасау үшін тілдің бұл қасиеті жеткіліксіз. Өйткені шынайы қарым-қатынастың алдын-ала болжап болмайтын нәзік иірімдері толып жатады.
Сөйлеу қызметінің шығармашылық сипаты туралы Л.В.Щерба былай деп жазды: «Сөйлеу процесінде бұрын айтылғанды немесе естігенімізді жиі қайталасақ та, алайда… сөйлеуде бұрын естімеген тұлғаларды, сөздерді жиі қолданамыз, қолданып қана қоймаймыз, үнемі жаңа тіркесімдер жасап отырамыз». Тілдің қолданысы тілдік тұлғалардың мағынасын синтагматика қағидалары бойынша жай қоса салу деген емес, сондықтан сөз (сөйлеу) оны құру үшін пайдаланылған тілдік тұлғалардың мағыналарының механикалық қосындысынан тұрмайды.
Өзара түсінісу қарым-қатынас контексінде пайда болатын «жаңа қолданымдардың» көмегімен (солардың негізінде) жүзеге асады. Мысалы, тілдегі жаңа қолданыстар: метафора, метонимия т.б. (сөздердің, тіркестердің жаңа мағыналары) тіл жүйесінде алдын ала белгіленбейді, сондықтан белгілі бір кезеңге дейін ешкімге белгісіз болады, алайда тыңдаушы адам оны бірінші рет естігенде оның мағынасын бірден түсінеді (контекстегі белгісіз сөздерді түсіну тілдің осы қасиетіне негізделеді).
Сөздің шығармашылық аспектісі айтылғанның (жазылғанның) ерекше мәнерлілігіне, әсерлілігіне байланысты, ал бұның өзі стилистикалық құбылысқа жатады. Тіл жүйесінің «құпиялылығы» — оны шығармашылық тұрғыдан пайдалану мүмкіндігінде жатар.
Тіл мен сөз (сөйлеу), дәлірек айтқанда, тілдің жүйелік (құрылымдық) және қолданымдық аспектілері өзара бірлікте, бірақ бірдей емес. Қолданыс кезінде тілдің бай шығармашылық мүмкіндіктері ашылады. Олар тілден тысқарғы шексіз жағдаяттар мен әсерлерге байланысты әрдайым жаңадан туындап отырады. Тіл жүйесінде алдын ала қалыптастырылған мағыналық мазмұн электронды есептегіш машиналары (ЭЕМ) үшін, әрине, тиімді, бірақ ол тілдегі шығармашылықты жоққа шығарады. Шынында, табиғи тұрғыдағы тіл мен ойлау тілдегі осы жалпыланғандық пен қалыптылықты (стандарттылықты) әрдайым еңсеріп отырады. Тілдің жоғарыдағы белгілері (дайын үлгі, стандарттылық) — бұлар әрі қажетті, әрі пайдалы да, бірақ олар тілді қолдану процесінде кедергілер де жасайды.
Тілдік жүйенің коммуникативтіктілігі толық көлемінде тек қарым-қатынас процесінде ашылады. Тілдік құралдардың барлық стилистикалық-мағыналық реңктері, мәнерлілігі, стилистикалық әсері, орындылығы, қажеттілігі тілдің қолданысында ғана айқындалады. Сөйтіп, тілдің стилистикалық феномені, яғни тілдегі стилистикалық мән о бастан функционалдық сипатқа ие. Тілді танып білу және оны сипаттау үшін жүйелілігіне қоса оның функционалдық аспектісін де ескеру керек. Сондықтан тіл грамматикасымен қоса жұмсалым грамматикасы (функционалды грамматика) да пайда болып дами бастады.