Ойды қоздатуға дайындық және қоздату
Қой қоздар алдында төлдейтін қораның іші үлкен және жекелеген қораларға бөлінеді. Саулық қойлар төлдейтін қорада жылыту үшін пеш болады. Төлдеуге арналған алаңда 15-16 саулық кеңінен орналасып төлдей алатындай болу керек. Қозысын нашар алатын қойлар үшін үйшік-қоралардың аумағы 1-1,4 м квадрат болады.
55-сурет. Төл алуға арналған бір үйшіктің көрінісі.
1 – су науа; 2 – үлкен қалқан; 3 – қалқан үйшік; 4 – жылжымалы құрама оттықтар; 5 – аспалы оттық пен кіріп шығатын есік.
Төлдеу қорасының ішінде 8-12 градус С жылылық, ауаның ылғалдылығы 65-70%, жақсы желдеткіштері болуы тиіс. Отарда қажетті мөлшерде халаттар, дәрігерлік және малдәрігерлік қобдишалар, сабын, шылапшын, қол жуғыш, сүлгі, орамал, бірнеше фонарь-шам, басқа да қажетті құрал-саймандар болуы тиіс. Шопандар бригадасына қосымша 80-100 қойға бір адамнан сақманшылар берілуі шарт. Қой төлдейтін қораға құрал-жабдықтарды орналастырып болғаннан кейін оның еденіне сабаннан төсеніш төселеді. Қоздауына бір-екі күн қалған саулықтарды төлдеу алаңдарына бөліп, орналастырып сақманшыларға бекітіп береді. Сақманшылар өзіне бекітіліп берілген саулықтармен туған қозылардың күйіне жауап береді, соларды бағып-күтеді, жаңа туған қозыға нөмір салады, шуды жинап алады, қозыны ауыздандырады, қажет болған жағдайда саулықтарға тууға көмектеседі.
Қой қоздасымен қозының мұрны мен аузындағы шаранасын сүрту қажет. Сонда қозы жақсы дем алады. Көп жағдайда, қозы түшкіріп, мұрны мен аузының шаранасын тазартады. Кейде оған көмек жасау керек. Бұл көмекті сақманшы жасайды.
Аналық сезімі жақсы саулықтар туғаннан кейін өздері тұрып, қозысын жалай бастайды. Ал кейбір әлсіз аналық қой өзінің қозысына тұрып бара алмайды. Мұндай жағдайда қозыны енесінің алдына апарып жатқызу керек. Анасының өз қозысын жалауының екі түрлі пайдасы бар. Біріншісі – аналық қозының денесін жалап қан айналымын қалыптастырады, қозы жылынады, құрғайды. Екіншіден – қозысын жалаған саулық алдағы уақытта осы иісімен өз қозысын танитын болады, одан жерімейді. Әдетте, қозының кіндігі анасы төлдеген соң, тұрып қозысына бұрылған кезде үзіледі. Ал анасы әлсіз болып тұра алмай жатса немесе басқа бір себеппен кіндік үзілмесе – көмектесу керек. Ол үшін кіндікті 8-10 см ұзындықта кесіп, сол жерде залалсыздандырады. Қозыны туғаннан 20-30 минуттан соң, өзі ембесе көмектесіп емізеді.
Төлдегеннен 1-1,5 сағат өткеннен кейін саулықтарды суару қажет. Бірақ оған суды 1-1,5 л артық бермеген дұрыс. Суды бірден мол берсе, саулық ауырып қалуы мүмкін.
Қозысы әлсіз болып туған және қозысын жақсы иіте алмаған, күйі төмен саулықтар да қозысына әбден үйренгенше, ал қозысы ешбір көмексіз-ақ енесін өз бетімен еміп кеткенше 2-3 тәулік бойы жеке қорада ұстаған жөн. Одан кейін оларды кішігірім сақманға нөмірлейді. Нөмір қозы мен қойдың бүйіріне салынады, анасы мен қозысында бір нөмір болуы шарт. Ажыратуға оңай болу үшін жалқы қозыларды сол жағынан, егіз қозыларды оң жағынан нөмірлейді.
Жеке қораларда және кішігірім сақмандарда төсенішті жиі ауыстырып тұрған дұрыс. Ол қозыны суық тиюден сақтайды. Жақсы төсеніш сабан болып табылады. Ол құрғақ таза болуы тиіс. Төсеніш 20-25 см қалыңдықта болғаны дұрыс, оны ластандырмай 5-6 күнде ауыстырып тазартып тұру керек.
Қозыларды сақмандарда өсіру. 3-5 күндік қозыларды енесінен сақманға жинайды. Бұл кезде жалқыларды 10-15-тен, ал егіздерді 5-7 саулықтан бір сақман құрайды. Сонан соң 5-6 күнде екі еселеп өсіріп отырады. 25-30 күндігінде егіз сақманда саулық саны 70-100, жалқы сақманда 150-200-ге дейін барады.
Қойды қыста, ерте көктемде қоздатқанда жайылымға шығарғанда 5-7 сақман, содан кейін 3-5 дейін азайтады. Мүмкіндігінше қозыларды енесінен айырғанша егізді жалқыдан бөлек, ал әлжуаз қозысы барды баққан абзал.
Сақманды маусымды жұмысқа келген сақманшылар бағады. Олар қозының, не саулықтың бір сақманнан екінші сақманға ауысып, араласып кетуіне жол бермеуі тиіс. Қозылар топырақ жеуге құмар болады. Бұл жағдайды болдырмай, қажетінше тұз, бор беру керек. Сақманшылар бұл жұмыстармен қатар, қозылардың енесін тауып дұрыс емуін де қадағалайды. Жалпы, сақманшы өз сақманын қажетті дәрежеде бағып-қағып бір айдан соң аға шопанға тапсыруға тиіс.
Қозыны азықтандыру.Қозының алғашқы айда өсіп жетілуі оның туғандағы салмағына, денсаулығына, енесінің сүттілігіне байланысты. Алғашқы 20-25 күнде қозы тек енесінің сүтімен ғана қоректенеді. Сондықтан саулықтарды дұрыс азықтандыруға тиісті көңіл бөлу керек.
Қозыны екі апталығынан бастап жемшөп жеуге үйрете бастайды. Ол үшін керегені байлап екі сақманның ортасына қоршалған азықтандыру алаңын жасайды да, оған изен мен жем салатын оттық қояды. Қозы кез келген уақытта керегенің тесіктерінен өтіп, кіріп ойнап жүріп азық жеуді үйрене бастайды.
Әдетте қозының тісі шығуына байланысты олар жерді, қораның қабырғасын кеміреді. Мұның өзі қозыны ауыртуы мүмкін. Соны болдырмау үшін талдың жапырақсыз бұтағын беру керек. Сол бұтақтарды кеміріп, қозылар топырақ жемеуі мүмкін.
Қыста туған қозыларды баз ішінде серуендеуге үш апталығынан бастап үйретеді. Күн ашық болған кезде алдымен оларды 15-20 минутқа, сонан соң бір сағатқа және одан да көп уақытқа шығарады. Ауа райы қолайсыз күндері қозыны қораның ішінде ұстайды. Саулықтар ашық аулада азықтандырылады. Күн жылынысымен қыста туған қозыларды енесімен бірге жайылымға шығарады.
Көктемде туған қозыларды күтіп-бағу. Мұнда да малды бағу қыстағы сияқты, бірақ сақмандар мен әлі төлдемеген саулықтар өрісте бағылады. Алайда, саулықтың жылы қорада қоздауын қадағалап тұруы керек. Қоздағалы жүрген саулықтарды алысқа айдамай, қой қораға жақын жайылымдарға жаяды. Егер саулық өрісте қоздаған болса, оны қозысымен бірге дереу жылы қораға жеткізу керек. Әрине, қораның іші таза, залалсыздандырылған, жас төлді қабылдауға дайындалған болуы тиіс.
Қозыларды енесінен бөлек бағу. Қозыны енесінен бөліп, жылы қорада өсіру әдісі – көктемде қоздаған саулықтар үшін қолданылатын тәсіл. Қозыны енесімен бірге жайғанда, олар көк шөпке үйренеді. Себебі арагідік енесін емемін деп жармаса береді. Содан ол өзі тамақ іздеп, шөп жемейді және анасына жақсы, алаңсыз жайылуға кедергі жасайды. Ал оларды енесінен бөліп алып баққанда қозылар жемге, жайылымға ерте үйренеді, енелері де алаңсыз жайылып өзі оңала бастайды, сүті де көбейеді. Бұл жағдайлар ғылыми-тәжірибемен анықталған. Енесімен бірге бағылған қозыларға қарағанда, енесінен бөлек бағылған қозылар енесінен айырған 4,5 айлығында 3 кг-ға салмағы артық болған.
Бұл әдіс бойынша шамамен 20-25 күндік қозыларды қорада ұстап, саулықтарды жайылымға шығарады. Бұл былай жүргізіледі: таңғы сағат 7-8-дерде қозылырды емізгеннен кейін, енелерін жайылымға шығарады, қозыларды қорада қалдырады. Жылы күндері базға шығарып серуендетеді, науа-астаулардағы жемшөпті жеп үйренеді. Сақмандағы қозының күніне қарай саулықтарды 2-3 рет базға айдап келіп қозыларын емізеді. Алғашқыда қозы да, енесі де тынышсызданады, бірақ 4-5 күнде дағдыланып кетеді.
Бұл әдіс бойынша алғашқы 30-35 күнде қозылар түске дейін бөлек бағылады, түсте саулықтарды айдап келеді. Көк шөпке тойып келген саулықтар қозыларын емізіп болған соң жусап тынығады. Екі-үш сағаттан кейін қозыларды бөліп, саулықтарды қайта өріске шығарып жаяды. Бұл жолы өрістен кешке біржола қайтады. Сонымен бір айлық қозысы бар саулықтарды өріске екі рет шығарылып, 10-12 сағат жайылады. Ал 40-45 күн толғанда қозылар енесін күні бойы көрмейді, өздері бөлек бағылады. Бұл кезде қозыларға жақсы жайылым, жеткілікті таза су болуын қамтамасыз ету керек. 55-60 күннен бастап қозылар енесімен бірге жайыла береді. Олар бұл кезде толық отыққан, сүт пен шөптің керектігі теңдескен кезі болады. Содан соң, қозының қорегінің дені өзі тауып жейтін жемшөпке ауысады. Осылай қозы да жайылымға үйреніп кетеді.
Қозыны енесінен айыру.Қозыларды енесінен айыру үшін алдын ала әзірлік жұмыс жүргізеді. Айыруға 8-12 күн қалғанда қозыны енесінен бөлек бағып, күніне бір рет қана жамыратып тұрады, ал 5-6 күн қалғанда 3-4 күнде бір рет жамыратып тұрады. Осылай үйретілген қозылар енесінен айырылғаннан кейін тез көндігіп, жақсы дайылып, салмағын кемітпейді. Саулық қойлар күйек алу уақытына дейін жақсы қоңдануы үшін қозыларды 4-4,5 айлығында енесінен айырады.
Қозыларды енесінен бөлгенде олардың күйіне, жынысына, дамуына, шыққан тегіне және салмағына қарай жаңа қозы отарланып құрады. Бұл қозы отарларына жақсы жайылым, тұщы, таза су бөлініп, тәжірибелі шопандарға бекітіліп беріледі.
Қозыларды енесінен айырғанда әлжуаз қозыларды шағын отарға бөліп, оларға жақсы жағдай туғызып күтімге алады. Алғашқы күндері қозылар жан-жаққа бытырап, жақсы жайылмайды. Сондықтан оларды жайылымға үйрету үшін еркек қозылар отарына ісектерден, ұрғашы қозы отарына саулықтардан қосып жаяды. Бұл отарды игеруге, басқарып жаюға мүмкіндік беріп, қозы отарын қалыптастырады.
Қозысын енесінен ерте бөлу.Қой санын көбейту мен оның өнімділігін арттырудың тиімді жолдарының бірі – қозыны енесінен ерте бөліп, оларды қарқынды жолмен өсіру. Қозыны енесінен ерте айыру әртүрлі мақсатта жүргізіледі: қойдың қоздауын жиілету үшін, яғни, қатарынан екі рет төлдету үшін; қой қоздаудың аралығын қысқарту мақсатында; сүт өнімдерін көбейту үшін, т.т. Ауа райы жайсыз, жайылым оты нашар, құрғақшылық жылдары қозыны аман сақтау үшін және саулықты келесі ұрықтандыру науқанына әзірлеу мақсатымен қозыны енесінен ерте бөледі.
Енесінен ерте бөлінген қозыларды қарқынды өсіру үшін оларды ерекше күтімге алу керек. Алғашқы уақытта жасанды қой сүтін пайдаланады. 1000 л жасанды қой сүтін дайындау үшін 748 л суға 200 л майы алынған құрғақ сүт қосып, жақсылап араластырады. Бұған 40 кг «Соломас» майы, 10 кг балық майы, 2 кг ас тұзы және микроэлементтер қосып араластырып 40 градус С жылылықта дәрумендер мен биовит-80 препаратын қосып, тағы да жақсылап араластырады. Қозыларды осындай қоспамен 36-37 градус С жылылықта азықтандырады. Ол үшін сиыр сауатын аппараттың шелегін пайдаланған дұрыс. Оның бел ортасынан сәл жоғары айналдыра көз шығарып, оларға еміздіктер бекітіледі де, қозылар осы еміздіктер арқылы азықтанады.
Жасанды қой сүті мен қатар қозыларға толық рационды түйіршіктелген азықтар беріледі. Оның құрамы мыналардан тұрады: дала пішені – 32%, беденің ұны - 10%, құрама жем – 47,5%, техникалық май - 1%, ас тұзы мен микроэлементтер - 4,5%, сірне - 5%. Пішен орнына арпаның сабанын қосуға болады. Сонымен қатар, жақсы жайылым бекітіп пайдалану керек. Басты қажеттілігін толық қанағаттандыру.
Қозылардың құйрығын кесу.Биязы және биязылау жүнді тұқымдары қозыларының құйрықтарын туғанына 10-15 күн толғанда кесіп тастайды. Себебі, жіңішке, ұзын майсыз құйрық қи мен сары суға ластанып кейін қойдың денесіндегі жүнін былғайды, сонымен бірге саулықтардың шағылыс науқаны кезінде де кедергілері болады. Сондықтан, құйрықты түп жағынан 6-10 см төмен алып, 3-4-буынның арасынан кеседі. Кесілетін жерінің терісін жоғары ысырып, сол қолдың саусақтарымен қысып тұрады да өткір пышақпен кеседі. Жиырылған тері босатқаннан кейін кесілген жерді жауып, оған лас заттардың түспеуіне көмектеседі. Кесілген жерді міндетті түрде залалсыздандырып, йодпен қанын тоқтатады.