Азақтың арқар- меринос қой тұқымы.
Қазақстанның биік тауларында 20 млн. гектардан астам жайылымдар бар. Сол жерде өсетін аса жақсы, әртүрлі малға жұғымды шөптер пайдаланудың экономикалық маңызы зор. ХХ-шы ғасырдың ортасына дейін осы биік тау жайылымдары түгел жақсы пайдаланылмай келді.
Таудағы, теңіз биігінен 2000-3500 метр биіктіктегі жайылымдарды пайдалану мақсатымен тау жағдайына жақсы бейімделген, сол жерлерде толыққанды жан-жақты өмір сүріп жоғары өнім беретін биязы жүнді қойдың жаңа тұқымын шығару жұмысын Қазақстан ғалым-селекционерлері 1930 жылдарда қолға алды. Бұл жұмысты 1934 жылдың күзінде КСРО ғылым академиясының генетика институтының Н. С. Бутарин бастаған ғылыми қызметкерлері Қырғыз КСР-інің “Қызыл Октябрь” асыл тұқымды кеншарында бастады, 1933 жылдан онан әрі Қазақстанда жүргізілді.
Бұған дейін М. Ф. Иванов қойдың арғы тегі – муфлонды биязы жүнді қойдың саулықтарымен шағылыстырып, қойдың жаңа тұқымын шығарған еді. Ол жұмыстар Украинада Аскания–Нова қорығында тегіс жерде жүргізілген еді. Н. С. Бутарин өз жұмысында таулы жерде өсірілетін тұқым шығару үшін муфлонның орнына арқарды пайдаланды, өйткені арқар биік 3000-4000 метрден астам тауда өсетін қой тектес жануар. Сонымен қатар арқар муфлоннан ірі. Оның құлжасы (еркегі) 200-250 кг дейін салмақ тартады, бойы да биік (125 см). Арқар құйрықты қойлардың арғы тегі болып саналады, жүні қылшықты, түбіті қысқа келеді.
Биязы жүнді қойларды арқармен табиғи шағылыстыру мүмкін болмаған соң, қойдың күйек алу маусымы кезінде арқардың құлжаларын атып алып, оның ұрығын өлтірмей жедел түрде қойды қолдан ұрықтандыратын пунктке жеткізіп, күйлеп тұрған меринос саулықтарын қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Арқармен будандастыру үшін алғаш кеңес меринос, кейінірек рамбулье, прекос және олардың будандары пайдаланылды.
1935 жылы алғашқы гибрид ұрпақтар алынды. 1936 жылдың күзінде алғашқы алынған гибрид ұрпақтардың ішінен өсірілген 4 қошқар арқар – меринос қойының түпкі атасы болды.
Қазақстанда бұл жұмыс Алматы облысы «Қарғалы» асыл тұқымды және Шығыс Қазақстан “Тасбұлақ” кеңшарында, қазіргі Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында жүргізілді. 1936 жылы бұл шаруашылықтарда гибрид қошқарларының ұрығымен 300 бастан астам прекос және рамбулье саулықтары қолдан ұрықтандырылды. 1937 жылы жазғытұрым бұл саулықтардан гибрид екінші ұрпағы (376 бас) алынды.
Алайда “Тасбұлақ” және “Қарғалы” кеңшарларының табиғаты мен ауа райы және шаруашылық жағдайлары таулы аймаққа сай келмегендіктен биязы жүнді қойдың “таулық” тұқымын өсіруде алға қойған мақсатты орындай алмайтын болды. Сондықтан 1938 жылы Казақ КСР Министрлер Кеңесінің арнаулы қаулысымен Күнгей және Іле Алатауында Алматы облысы Кеген ауданының биік таулы жерінен “Күрмекті” ғылым академиясының экспериментальдық базасы ұйымдастырылды. Мұнда 1938 жылы жоғарыдағы екі кеншардан алынған гибрид қойлар және олардың рамбулье тұқымынан болған енелері әкелінді.
Қазақтың арқар-мериносын шығару мақсатында шағылыстырудың сіңіре будандастыру және зауыттық будандастыру тәсілдері қолданылды. Үшінші ұрпаққа дейін сіңіре будандастыру әдісі қолданылды, яғни ұрпақтарда 7/8 бөлігі биязы жүнді қойдың, 1/8 бөлігі арқардың қаны болды. Онан әрі екінші және үшінші ұрпақтар зауыттық әдісімен өзара шағылыстырылды.
Бұндай жұмыстағы негізгі мақсат: біріншіден, сіңіре будандастыру арқылы үшінші ұрпақтың ұнамды типке жататын саулықтарын көбейту, екіншіден, шағылыстырудың заводтық әдісі арқылы келесі ұрпаққа шаруашылыққа пайдалы белгілері мен ата-енесінің биологиялық қасиеттерін сіңіру және жетілдіру арқылы қойдың тұқымдық жаңа тобын шығару. Мұны одан әрі жетілдіріп биік таулы жердің жағдайына бейімделген биязы жүнді қой тұқымын шығару болды.
Қазақтың арқар-меринос қой тұқымын шығаруда (1934-1950 ж.ж.) гибридтердің ішінде кейбір белгілері жағынан арқарға немесе биязы жүнді қойға көбірек ұқсағандары болды. Мұнымен қатар ата-енесінің биологиялық ерекшеліктерімен шаруашылыққа пайдалы белгілері қатар байқалған будандар да кездеседі. Мұндай гибридтер селекциялық жұмыс үшін өте қолайлы еді. Олар арқарға немесе биязы жүнді қойға көбірек ұқсаған басқа гибридтермен сіңіре будандастыруға пайдаланылды.
Іріктеу және жұп таңдау, сондай-ақ басқа да күрделі жұмыстарды зор ықыласпен орындаудың нәтижесінде қойдың отандық жаңа тұқымы қазақтың арқар–мериносы шығарылды. Тұқымның авторлары Н.С. Бутарин, А.И. Жандеркин, А.Е. Есенжолов, Е.В. Большакова осы еңбектері үшін әрқайсысы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болды.
Бұл жаңа тұқым будандастыру жоспарына сәйкес Алматы облысының биік таулы Кеген, Нарынқол, Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында және Павлодар облысының ұсақ таулы аудандарында өсірілді.
Арқар меринос қой тұқымы жақсы көрсеткіштерге ие болды, аталған аймақтарда өзінің лайықты орнын алды. Ғалым –селекционерлердің үнемі жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Ленин, Крупская ұжымшарлары, Шығыс Қазақстанда “Алтай”, Алматы облысында Ұзынбұлақ кеншары, Павлодар облысында Қ.И. Сәтпаев кеншары арқар меринос өсірудің асыл–тұқымды шаруашылықтары атанды.
Қазіргі арқар-мериностар конституциясы өте мықты, қимылдары жедел, таулы-тасты жерге жақсы бейімделген қойлар. Денелері ұзын және биік, жотасы мен белі түзу және жалпақ. Аяқтары түзу, тұяқтары өте берік. Қошқарларының мүйіздері үлкен, саулықтарының ішінде мүйіздісі де тоқалы да кездесе береді. Денесінің терісі қатпарсыз. Арқар-меринос таулы жердің табиғатына, қырат жерлерге де жерсіне береді. Жүнінің тығыздығы біркелкі, орташа, сапасы көбінше 60, бірақ 64 сапада бола береді. Бас, бауыр, сирақ жүндері сиректеу және қысқалау болады.
Қошқарларының салмағы 100-110 кг, саулықтары 60-65 кг. Қошқары 7-10 кг, саулығы 3,5-5,0 кг жүн береді, таза жүн шығымы 50-55%. 100 саулықтан 120-130 қозы алынады.
Алматы облысының таулы аймақтарының шаруашылықтарында 280 мыңға басқа жуық архар-меринос өсіріледі.
Тірі салмағының 57-60 кг болғандағынан саулықтың алынатын жуылған жүн талшығы 2,1-2,5 кг, селекциялық топта 2,7-3,0 кг-ды құрайды. Өндіруші қошқарлар орташа есеппен 4,5-5,3 кг таза жүн береді және олардың тірі салмағы 97,0-110,0 кг-нан ауытқиды.
Арқар-меринос қойлары Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында өсіріледі. Бұл таулы, қыратты жерлерде өсіруге өте қолайлы қой тұқымы.