І. жерге орналастыру жӘне жерге орналастыруды жобалау
АЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Л-Фараби атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Абдыгалиева С.С.
ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ
Оқу құралы
Алматы 2013
5В090300 «Жерге орналастыру» және 5В090700 – “Кадастр”мамандықтары студенттеріне арналған оқу құралы.
Авторы: Абдыгалиева С.С., Алматы: ҚазҰУ баспасы, 2012.- 154 б.
Пікір берушілер: э.ғ.д. проф. Ж.Т. Сейфуллин, аль-Фараби ат. ҚазҰУ,
т.ғ.д. проф. М.Б.Нурпеисова, Қ.И. Сатпаев ат. ҚазҰТУ,
т.ғ.д. проф. Р.А. Омаров, ҚазАШМжЭ ҒЗИ.
Аңдатпа. Бұл «Жерге орналастыру» оқу құралы 5В090300 – «Жерге орналастыру» мамандықтарын дайындау бағдарламаларына кіретін «Жерге орналастыруды жобалау», «Шаруашылық аралық жерге орналастыру», «Агроқұрылым жерлерін ішкі шаруашылық орналастыру», «Учаскелік жерге орналастыру» пәндері және 5В090700 «Кадастр» мамандығының «Жерге орналастыруды жобалау» пәні бойынша студенттерге жерге орналастыруды жобалауда теориялық білім және тәжірибе береді.
Оқу құралы 5В090300 «Жерге орналастыру» және 5В090700 – «Кадастр» мамандықтарының квалификациялық сипаттамасына, ҚР МЖМБС мазмұнына, «Жерге орналастыруды жобалау», «Шаруашылық аралық жерге орналастыру», «Агроқұрылым жерлерін ішкі шаруашылық орналастыру», «Учаскелік жерге орналастыру» пәндерінің типтік және оқу жұмыс бағдарламаларына, курс бағдарламасына (Syllabus) сәйкес орындалған және олардың мазмұнын ашып көрсетеді.
Аль-Фараби атындағы
Азақ ұлттық университеті, 2013ж.
КІРІСПЕ
Жер табиғат ресурсы және жалпы алғанда адамның негізгі тіршілік жағдайы. Басқа материалдық құндылықтардың қатарында оның орны ерекше. Жер ең маңызды, ештеңемен салыстырылмайтын ұлттық дәулет. Сондықтан оны жоспарлы түрде, тиімді және ысырапсыз пайдалану әр қоғамның басты міндеті. Халық шаруашылығының қай саласы болса да жер орналасу орны, ал ауыл және орман шаруашылықтарында ол өндіріс құралы ретінде пайдаланылады. Сондықтан экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығының, құқықтық тұрғыдан, жерді пайдаланудағы үстемділігі болуға тиісті.
Жер кеңістік базис және өндіріс құралы ретінде шектелген және еркін пайдалануға болмайды. Әсіресе, егіншілікте жерді дұрыс, жүйелі және ғылыми негізделген түрде пайдалану, оның бұл салада қажетті табиғи қасиеттерін арттырады. Ауыл шаруашылық пайдалануда, егіншілік пен мал шаруашылығында, перспективалық технологияларды енгізу, агротехникалық шараларды пайдалану, мелиорациялау жұмыстарын жүргізу, егіншілік мәдениетін арттыру арқылы жердің құнарлығын көтеру негізінде ауыл шауашылық дақылдарының өнімділігін көтеруге болады.
Ал ауыл шаруашылығына жатпайтын қажеттіліктерде жерді тиімді территориялық ұйымдастыру, әсіресе (мүмкіншілігіне қарай) әр жер учаскесін ең жоғары кіріс беретін қажеттілікке пайдалану және әр өндірістік немесе өндірістік емес мекемелерге, ұжымдарға, кәсіпорындарға ыңғайлы территориялық жағдай жасау арқылы бір аудан бірлігіне келетін тиімділікті көтеруге болады. Өнеркәсіп қажеттіліктеріне жер бөлудегі жерге орналастыру принциптерінің бірі өнеркәсіп кәсіпорындарын территориялық-өндірістік кешендендіру. Оның негізінде транспорттық және басқа шығындарды азайтуға болады және бұл қажеттіліктерге бөлінген жерлердің ауданын кішірейтіп, жерді ысырапты пайдалану тиімділігіне келуге болады.
Әрине ауылшаруашылық жерлердің, оның ішінде суармалы егістік алқаптарының мәні адамзат өмірінде өте зор. Бірақ бүгінгі адамдардыдың қоныстану жиілігінің жоғарылауы, жер бағасының және жерді жалдау бағасының өсуі, әсіресе ірі мегаполистерде, қалаларда және адамдардың жиі шоғырланған аймақтарда жердің объектілерді орналастыру орны ретінде мәні өте тез өсуде. Міне осы жоғарыда аталған қажеттіліктерді жермен қамтамасыз ету, әр жер учаскесін тиімді пайдалану жолдарын анықтау, жер қатынастарын реттеу жерге орналастырудың мақсат міндеттері болып келеді.
Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жүйесi болып табылады [1].
Қазіргі кезде «Жобалармен басқару» деген түсінік жиі кездесіп жатыр. Ал жерге орналастырудың жалпы мақсаты мен міндеті, арналуы - әр жер учаскесін, оның табиғи қасиеттеріне, орналасу орнына, нысаналы пайдалану мақсатына және т.б. байланысты тиімді пайдалану жолдарын жерге орналастыру жобаларында белгілеу. Яғни жерді пайдалануда тек қана жоба ұсынысына сүйенуге болады. Сонымен жерге орналастыру жобасы арқылы жерді пайдалануға басшылық жасауға болады. ҚР жерге орналастыру - жер ресурстарын басқару механизмдерінің бірі болып келеді.
Жерге орналастыру жобасының әр түрінде көптеген проблемалар шешіледі. Мысалы шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларында жерді салалар арасында, сала ішінде жер иелері мен жер пайдаланушылар арасында тиімді бөлу, арнайы жер қорларын құру, ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың шегін белгілеу болып келетін болса, ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобаларында ауылшаруашылық өндірісімен айналысатын мекемелердің жерлерін, оның алқап түрлері, табиғи өсімдіктері, топырағы, сумен қамтамасыздығы және т.б. қасиеттеріне байланысты дифференциалды түрде пайдалану, күту және жақсарту жолдары әртүрлі мамандардың ғылыми ұсыныстары негізінде қабылданып, пайдалану жолдары белгілененеді.
Сондықтан жерге орналастыру шаралар жүйесі деп аталады және оны орындауда жерге орналастыру маманынан басқа әртүрлі мамандар қатысады немесе олардың ұсыныстары жобада қабылданады. Жерді пайдалану, күту және сақтау шаралары жерге орналастыру жобаларына әртүрлі ғылыми зерттеу нәтижелерінің негізінде белгіленеді. Ол әртүрлі ғылым салаларының ұсыныстарынан әр жер учаскесіне, жерді пайдалану мақсатына сәйкес керектері таңдалып, жер пайдаланушыға жобада қарастырылған шаралар ретінде ұсынылады.
Учаскелік жерге орналастыруда ауылшаруашылық алқаптарын жақсарту және бұзылған жерлерді, немесе эрозияға қауіпті және эрозияға шалдыққан жерлерде эрозияны болдырмау және тоқтату шаралары қабылданады.
Осы қысқаша жерге орналатыруға шолу оның бүгінгі күндегі жер ресустарын басқаруда, жер қатынастарын реттеуде, жер заңдылығын сақтауда жалпы жерді пайдалануда алатын орнын жақсы көрсетеді.
Қазақстанда жерге орналастыру Кеңес кезінде өте жақсы дамыған. Бірақ қазіргі кезде оның тура жалғасы деп айтуға болмайды, өйткені жер заңдылығында болған күрт өзгерістер жерге орналастыруға да әсерін тигізді. Енді жерге орналастыру жобаларын орындауда жерге меншік түрлері, жер нарығы, нарықтық экономика талаптары ескеріледі.
Оқу іс барысында және оқу құралын жазуда Жер кодексын, ҚР жер ресурстарын басқару Агенттігі және РМК МемжерҒӨО әдістемелік нұсқауларын және инструкцияларын, жерге орналастыру мамандығы бойынша белгілі ғалымдардың: С.А.Удачин, В.Д. Кирюхин, А.Д. Шулейкин, А.В.Чаянов, Н.Н.Бурихин, М.А.Гендельман, М.Д.Спектор, Е.Д. Тихомирова, Э.А.Шойхет, С.Н.Волков, А.А.Варламов, П.С.Шевченко, Ж.Т. Сейфуллин, Я.Я.Мауль, Н.Л. Озеранская, Э.В.Белоусова, Ж.К.Қырықбаев, Н.З.Ахметова және т.б. еңбектерін қолдандым. Аталған ғалымдардың арасында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өзіме дәріс оқыған ұстаздарым, бірге оқыған әріптестерім бар. Барлығына елеулі еңбектері үшін рахметімді айтамын.
Бүгінгі күні жерге орналастыру іс әрекеттерінің құрамында елеулі өзгерістер болып отыр. Нарықтық қатынас өз ерекшеліктерін енгізді. Ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобаларын орындауға тапсырыс беру және қаржыландыру - жер иелері мен жер пайдаланушылардың міндеттері. Ауылшаруашылық өндірісімен айналысатын агроқұрылымдарда қазір ондай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан әр жер пайдаланушы және жер иесі жер учаскелерін өзінің шешуінше, нақты айтқанда нарық сұранысына байланысты пайдалануда. Ал ішкі шаруашылық жерге орналастыру – жердің құнарлығын сақтауға және арттыруға арналған экологиялық, экономикалық, техникалық, қоғамдық және құқықтық шаралар жүйесі. Бұл - жер учаскелерін пайдалануда көптеген факторларды қарастыра отырып, кешенді шешім қабылдау керек екендігін көрсетеді. Әр жер учаскесінің табиғи қасиеттерін, шаруашылық пайдалануын, орналасқан аймақтық ерекшеліктерін және т.б. толық ескеру негізінде ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобасын жасамай олардың құнарлығын сақтау және арттыру мүмкін емес. Әрине жердің құнарлығын арттыру жеке шаралар ретінде орындалуы мүмкін, мысалы тыңайтқыш енгізу, суару арқылы және т.б. Бірақ топырақ табиғи орта болғандықтан оның құнарлығын сақтау және арттыру үшін оны жан жақты, табиғатың басқа компоненттерімен кешенді зерттеу арқылы шаралар жүйесін қабылдау қажет. Бұл – тек жерге орналастыру жобаларын орындау негізінде іске асырылады. Жерге орналастыруға осы жағынан қарағанда – оны дәрігердің қойған диагнозы мен емдеуге қабылданған шешімімен салыстырғым келеді. Әрине көбінесе емделу жолымыз да сол топыраққа минералды затарды енгізуге өте ұқсайды...
Соңғы кезде БҒМ классификаторы бойынша жерге орналастыру «Қызмет көрсету» аясы мамандықтарына жатқызылып отыр [2]. Бұл – жерге орналастыру мамандығының қызметін жерді пайдалану және иелену құқығын бекітетін құжаттарды дайындаумен шектеуге тең. Ал жерге орналастыру: жобаларды жасауда – инженерлік іс әрекеттер, жерді тиімді пайдалану – экономика проблемалары, жер қатынастары және жер заңдылығы – ол заң саласы. Жерге орналастыру жобасында осы іс әрекеттер кешенді орындалады. Жоғарыда айтылғандай - жерге орналастыру жер ресустарын дұрыс, толық, нәтижелі пайдалануды ұйымдастырудағы және басқарудағы негізгі механизмдердің бірі. Сондықтан әртүрлі салалардағы ғылымдардың, жаңа технологиялардың даму шағында оларды жерге орналастыру жобаларында үйлесімді пайдалану – жерді тиімді пайдалануда, оның құнарлығын арттыруда, әр өндіріс саласының, оның ішінде ауыл шаруашылының өркедеуіне елеулі үлесін қосады.
Бұл оқу құралының негізін жобалау институтында он жылдан астам уақытта алған тәжірибем мен соңғы он бес жылдай жерге орналастыру және кадастр мамандықтары студенттеріне оқыған дәрістерім мен жасаған оқу әдістемелік кешендерім, зертқаналық жұмыстарды, дипломдық жобаларды жасауға арналған әдістемелік нұсқауларым құрайды.
І. ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУДЫ ЖОБАЛАУ
Жалпы қағидалар
Қазақстан Республикасы кең байтақ территорияны қамтиды: батыста - Еділ өзенінің сағасынан басталып, шығысында – Алтай тауларымен жалғасады, солтүстігінде – Батыс-Сібір ойпатынан басталып, оңтүстігінде – Іле Алатау тауларымен шектеледі. Территориясының ауданы 272,5 млн.га, республика дүние жүзі бойынша ең ірі (аумағымен 9-шы орында) он мемлекеттің бірі болып келеді.
Қазақстан Еуразия материгінің ортасында, Европа және Азия континенттерінің түйіскен жерінде орналасқан. Әлемнің ең ірі мемлекеттері Ресей мен Қытай Халық Республикасымен, Орта және Орталық Азия мемлекеттерімен шектеседі.
Қазақстанның құрлықтық шекарасының ұзындығы 13392,6 км, оның ішінде: Ресей Федерациясымен – 7591,0 км, Өзбек Республикасымен – 2351,4 км, Қытай Халық Республикасымен – 1782,8 км, Қырғыз Республикасымен – 1241,6 км, Түркмен Республикасымен – 425,8 км.
2011 жылдың 1 қарашасына сәйкес деректер бойынша республиканың әкімшілік-территориялық құрылымы жүйесіне 14 облыс, 2 республикалық маңызы бар қала, 161 әкімшілік аудан, 231 қала және поселкілер, 6 789 селолық елді мекендер кіреді. Республикада 2453 ауылдық (селолық) округтер ұйымдастырылған.
Жер ресурстарын, әсіресе ауыл шаруашылық жерлерді тиімді пайдалану және жер қатынастарын реттеу жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу арқылы орындалады. Республикада болып жатқан нарықтық қатынастың даму кезіндегі экономикалық реформалар, олардың ішінде жер реформасы - осы өзгерістердің негізгі элементтерінің бірі деп атауға болады.
Жер қатынастарын анықтайтын заңдық негіз жер реформасының экономикалық және қоғамдық талаптарына сай құрылуы керек. 1995 жылдың 30 тамызына дейін жер түгел мемлекет меншігінде болған. 1995 жылдың 22-ші желтоқсанында шыққан “Жер туралы” ҚР президентінің заң күшіне ие Қаулысында және 2001 жылдың 24 қаңтарында шыққан “Жер туралы” заңында Қазақстанда жерге мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншік енгізілген.
Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі қолданыстағы Жер кодексінде (2003 ж. 20 маусым № 442-ІІ): «Жер учаскелері осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» делінген. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік және жеке меншік бірдей қабылданады және қорғалады [3].
Реформаның негізінде қабылданған жерге жеке меншік жер қатынастарына, жерге орналастыру және жер кадастры жұмыстарын жүргізу әдістеріне көптеген өзгерістер енгізілді. Жер кадастры жерге орналастыру жұмыстары құрамынан жеке сала ретінде бөлініп шығып, жаңа технологияларды енгізу негізінде өзінің прогрессивтік түріне, автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне біртіндеп көшуде.
Бүгінгі күнде жер заңдылығы ең соңғы, N 442-II 2003 жылы 20 маусымда қабылданған ҚР Жер кодексімен реттеледі. Қазақстан Республикасының Жер кодексінде анықталғандай «Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жерді ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүйесі болып табылады».
Жер кодексі бойынша республика жер қоры пайдалану мақсатына қарай жеті санатқа бөлінеді. Жердің тікелей пайдалануын нақты жер пайдаланушылар мен жер иеленушілер жүзеге асырады: мемлекеттік, кооперативтік, қоғамдық, жеке меншік кәсіпорындары мен ұйымдары. Осы шаруашылық субъектілеріне иеленуге берілген жер учаскелері - жер иелігі, ал пайдалануға берілген жер учаскелері - жер пайдаланулар деп аталады. Жер иелігі (жер пайдалануы) - бұл шаруашылыққа, кәсіпорынға немесе басқа заңды құқық иесіне, жеке тұлғаларға нақты мақсатпен берілген және орны, көлемі нақты пайдалану нысаны белгіленген территория.
Жер иелігінің жер пайдалануға қарағанда бір өте маңызды ерекшелігі бар. Жер пайдаланылуы белгілі бір мерзімге және нақты мақсатпен беріледі, ал жер иеленуі мерзімсіз, иеленушілік мақсатына сай беріледі.
Жерге орналастыру меншік нысанына, пайдалану мақсатына және оларда шаруашылық жүргізу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерлерде жүргізіледі.
Жер ресурстарын, оның ішінде ауылшаруашылық жерлерді тиімді пайдалану, жер қатынастарын реттеу және онымен байланысты көптеген күрделі проблемаларды шешу жерге орналастыру арқылы орындалады. Егістік және мал азықтық алқаптарды қарқынды пайдалануды жоғарылату, топырақ эрозиясымен, сондай-ақ басқа да жерге кері әсерін тигізетін және оның бұзылуы мен ластануына себеп болатын жағдайлармен күресу шаралары жерге орналастыру жобаларында қарастырылады.
Халық шаруашылығы және ауылшаруашылық салалары ішінде, жерге меншік иелері және жер пайдаланушылар арасында жерді бөліп беру, әрдайым даму жолындағы өнеркәсіп, энергетика, азаматтық және өндірістік салаларына, құрылыстар салу үшін жер бөлу қажеттілігі күнделікті өсуде. Сондай-ақ қазіргі кездегі қолданыстағы заңнамалар негізінде жер қатынастарын жетілдіру және реттеу қажеттілігі туындайды.
Еліміздің біріңғай жер қорын басқару бойынша маңызды құрал ретінде, жер қатынастарын реттеуге, заң актілерінің қолдануын бақылауға және жерді жеке меншік және жалдау ретінде облыстарда пайдалануда жерге орналастыру қолданылады. Ол - Қазақстан Республикасы жер заңдарына сәйкес жерді ұтымды пайдалануды ұйымдастыруға және қорғауға бағытталған шаралар жүйесі. Халық шаруашылық масштабында жерге орналастыру сала аралық немесе сала жоспары ретінде жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығын жүргізудің аймақтық жүйесін тағайындап, өмірге енгізу жерге орналастыру негізінде жүзеге асырылады.
Шаруашылық ішіндегі аумақты ұйымдастыру ауыл шаруашылығы өндірісін жоспарлы негізде ұйымдастыру болып келеді.
Қазақстан Республикасының жалпы территориясы 272490.2га. болса, оның ішінде ауылшаруашылық өндірісінде пайдаланылатын жерлердің жалпы көлемі 93 727,4га.және оның территориялық көлеміндегі үлес салмағы 34,40%, оның ішінде егістік жерлер - 23 835,7га, яғни 25.43% -ын құрайды. ТМД-ның басқа аймақтарына қарағанда бұл өте төмен көрсеткіш. Мысалы, Россияның Орталық қара топырақ аймағында оның деңгейі 80% жетеді.
Қазақстан Республикасының Жер кодексі бойынша жер пайдалануы (жер иелігі) қоғамдық немесе жеке меншік болады. Біріншісіне көптеген ауылшаруашылық емес кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің жер пайдаланулары жатады. Жеке меншік жер иеленуі - республикада жаңадан қалыптасқан жерді пайдалану формаларының бірі. Бұларға алдымен шаруа қожалықтарының жер иеліктері жатады. Осымен қатар, жер пайдаланулар мен жер иеліктері мақсатына қарай: ауылшаруашылық және ауылшаруашылықтық емес болып бөлінеді. Біріншілеріне ауылшаруашылық өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың жер иеліктері мен жер пайдаланулары жатады. Ал, ауылшаруашылығына жатпайтын жер пайдаланулар - транспорт, өндіріс, елді мекендер, орман, су шаруашылықтары мен кәсіпорындарының жер пайдалануларын қамтиды. Сонымен бірге, жеке жер санаты ретінде тарихи-мәдени және рекреация мақсатындағы жерлер жатады.
Уақыт аспектісінде жер пайдаланулардың мерзімсіз және уақытша түрлері болады, уақытша түрі - ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді болып бөлінеді.
Жер пайдаланушылар: мемлекеттік және мемлекеттік емес; ұлттық және шетелдік; жеке және заңды тұлғалар; тұрақты және уақытша; бастапқы және кейiнгi болып бөлiнедi.