Бюджеттік бағдарламалар мемелекеттің бюджет саясатын жүзеге асырудағы рөлі
Бюджеттiк бағдарлама нәтиже көрсеткiштерi және бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемi бар мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарында айқындалған стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, мiндеттермен, нәтижелер көрсеткiштерiмен өзара байланысқан бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.
Бюджеттiк бағдарламаларды бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi әзiрлейдi және мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарының құрамында бекiтiледi. Бюджеттiк бағдарламалар стратегиялық жоспарда тұжырымдалған мақсаттар мен мiндеттердi шешу үшiн қажеттiлiк пен жеткiлiктiлiк принциптерiне негiзделе отырып әзiрленедi.
Бюджеттiк бағдарламалар өзiнiң мазмұны бойынша мемлекеттiк функциялармен, өкiлеттiктермен және мемлекеттiк қызметтер көрсетумен немесе бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi қызметiнiң бағыттарымен бiртектi топталуға тиiс.
Бюджеттiк бағдарламада оны iске асыруды бағалау үшiн тiкелей және түпкiлiктi нәтижелердiң көрсеткiштерi болуы тиiс, сондай-ақ бюджеттiк бағдарламада сапа мен тиiмдiлiк көрсеткiштерiнiң болуы мүмкiн.
Сапа көрсеткiштерi көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң оны алушылардың талабына және мемлекеттiк қызметтер көрсету стандартына сәйкестiгiнiң деңгейiн көрсетедi.
Тиiмдiлiк көрсеткiштерi бюджет қаражатының бекiтiлген көлемiн пайдалана отырып, ең үздiк тiкелей нәтижеге қол жеткiзудi немесе бюджет қаражатының аз көлемiн пайдалана отырып, тiкелей нәтижеге кол жеткiзудi көрсетедi.
Бюджеттiк бағдарлама бюджеттiк кiшi бағдарламалар үшiн де бюджеттiк бағдарламаларға арналған нәтиже көрсеткiштерiн қолдану шартымен бюджет қаражатын жұмсаудың бағыттары нақтыланған кiшi бағдарламаларға бөлiнуi мүмкiн.
Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) әзiрлеу тәртiбiн және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды.
Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бюджеттiк бағдарламаларды жоспарлауға, негiздеуге, iске асыруға және нәтижелерге қол жеткiзуге жауапты мемлекеттiк орган болып табылады.
Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдар республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi болып табылады.
Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың үлгiлiк құрылымы негiзге алына отырып айқындалады.
Бюджеттік жоспарлау (болжамдау): мақсат, міндеттері және қағидаттары. Нәтижеге бағытталған бюджеттік жоспарлау. Бюджеттік параметрлердің болжамы:
Қазақстан Республикасының салықтық-бюджеттік саясатының негізгі бағыттарын;
Мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы шоғырландырылған бюджеттің болжамдарын;
Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін және басқаларды қамтиды.
Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары жоспарлы кезеңге жыл сайын Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің мақұлдаған болжамы негізінде әзірленеді.
Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары бекітілгеннен кейін мемлекеттік органдардың басшылары меморандумдар әзірлейді.
Меморандум мемлекеттік орган басшысының кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген бюджеттік қаражаттар шегінде стратегиялық жоспарда көзделген мемлекеттік орган қызметінің тура және түпкі нәтижелерге қол жеткізуін қамтамасыз ету ниетін растайтын құжатты білдіреді.
Стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік орган операциялық жоспар әзірлейді, ол ресурстарды, стратегиялық жоспардың мақсаттарына, міндеттеріне және нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі іс-шаралардың жауапты орындаушылары және жүзеге асыру мерзімдері бойынша байланыстырылған мемлекеттік органның ағымдағы қаржы жылындағы нақты іс-қимылдарын қамтитын құжат болып табылады.
Республикалық бюджетті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әзірлейді.
Бюджеттік түсімдерді болжауды әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің болжамын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Республикалық және жергілікті бюджеттерді тиісінше мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді.
Республикалық бюджет жобасын әзірлеудің кезеңдері, мерзімдегі және іс-шаралары белгіленген.
Республикалық бюджет жобасын әзірлеу үдерісі мынадай кезеңдерді:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлері болжамының жобасын әзірлеу және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің мақұлдауын;
2) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын, бюджеттік өтінімдерді әзірлеу және оларды Республикалық бюджет комиссиясында қарауды;
3) республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеуді қамтиды. Мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетінің болжамдары, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша шығыстардың болжамды көлемдері және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобалары айқындалатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы бюджетті жоспарлаудың базалық негізі болады.
Республикалық бюджет жобасы Қазақстан Республикасы заңымен, жергілікті бюджет жобасы тиісті мәслихаттардың шешімімен бекітіледі.
Республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды, жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу тәртібін Үкімет айқындайды.
Өтеусіз техникалық көмек түрінде байлаулы гранттар алынған кезде ғана, сондай-ақ тек Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімшартта көзделген жағдайларда тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) құны түрінде бюджеттік түсімдерді көрсетуге жол беріледі. Бұл ретте шығыстарда алынған тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) құнына тең көлемде бюджеттік бағдарлама көзделуге тиіс.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджеттік комиссия қабылдаған шешімдердің негізінде республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасы негізінде республикалық бюджет туралы заңның жобасын жасайды және оны Үкіметтің қарауына ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей ұсынады.
Бюджеттік реттеу және оның құралдары. Бюджеттік реттеуді кең және тар мағынада қарауға болады. Тар мағынада ол бюджеттік ресурстардың ең төмен тапшылығына жетуге бағытталған. Кең мағынада – бұл қаржылық ресурстар балансының параметрлерін ескере отырып бюджеттік реттеуді жүргізу. Бюджеттік реттеудің моделі мынадай негізгі үш блоктан тұрады: 1)бюджет жүйесі деңгейлерінің кірістік әлуетін құру механизмдерінің жиынтығы; 2)шығыстардың ұтымды құрылымын қалыптастыруды кіріктіре отырып барлық деңгейлердің бюджеттері атқарылуының шарттары мен ұйымдастыруды анықтау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы, бюджеттердің кіріс және шығыс бөліктерінің атқарылуын, әлеуметтік стандарттарды сақтауды бағалауды бақылаудың бірыңғай жүйесін жасау; 3)кіріс және шығыс құзырларын межелеуді және жауапкершілікті кіріктіретін бюджетаралық қатынастардың жүйесі, сонымен бірге өңірлерге қаржылық көмектің әдістері. Бюджеттік реттеу механизмі– құралдар мен олардың нысандарының жиынтығы, олар арқылы төменгі бюджеттердің кірістік базасын теңестіру мақсаттарында түрлі деңгей бюджеттерінің арасында қаражаттарды бөлу және қайта бөлу жүзеге асырылады. Осы мақсатпен әр түрлі қаржылық құралдардың жиынтығын пайдалану кезінде бір деңгейдің субъектілері арасында, сондай-ақ орталық, өңірлер және жергілікті органдар арасында мемлекеттің кірістерін бөлуді жүзеге асырады. Оларды қолдану аумақтардың бюджеттік қамтамасыздығы деңгейлерін теңестіруге бағытталған және тұрақты негізде бюджеттің кірістері мен шығыстарын заңнамалық межелеуге негізделеді. Бюджеттік реттеу механизмін іске асыру құралдардың екі негізгі топтарын пайдалануды шамалайды: нормативтік-есептік әдістерге негізделген бюджеттік және түрлі деңгейлер бюджеттерін кірістердің салықтық көздерімен қамтамасыз етумен байланысты болатын салықтықтоптар. Құралдардың бюджеттік тобына қайтарусыз және өтеусіз негізде жүзеге асырылатын жоғарғы деңгей бюджеттерінен төменгі буын бюджеттеріне берілетін қаржылық көмектің әр түрлі нысандары жатады. Құралдардың екінші тобы (салықтық құралдар) бюджет жүйесінің деңгейлері бойынша және бір деңгей бюджеттері арасында бюджеттік түсімдердің салықтық көздерін бөлудің әр түрлі нысандарын пайдалануды шамалайды. Бюджеттік реттеудің отандық практикасында реттеу механизміне бюджеттік субвенциялар мен бюджеттік алынымдар жатады және олар жалпы сипаттағы трансферттер болып табылады. Бюджеттік субвенциялар– жоғарғы бюджеттерден төменгі бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде берілетін трансферттер. Бюджеттік алынымдар республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде төменгі бюджеттерден жоғарғы бюджеттерге берілетін трансферттері болып табылады.
Бюджеттік сыныптама. Бюджеттің кірістері мен шығыстарының егжей-тегжейлі тізбесі мен топтамасы бюджетттік сыныптамамен айқындалады. Бірыңғай бюджеттік сыныптама объектілерге топтамалық кодтар бере отырып, функциялық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша бюджеттің түсімдері мен шығыстарын топтастыру болып табылады. Бірыңғай бюджеттік сыныптама мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының жоспарларымен, болжамдарымен және бағдарламаларымен, ұйымдар мен мекемелердің қаржы жоспарларымен тығыз байланысты қамтамасыз етеді; дара сметалар мен қаржы жоспарларының жиынтық сметалар мен жоспарларға біріктіруге мүмкіндік береді, бюджет жүйесінің барлық деңгейдегі бюджеттік көрсеткіштердің үйлесу салыстырымдылығын қамтамасыз етеді. Бюджеттік үдеріс бірыңғай бюджеттік сыныптама негізінде жүзеге асырылады. Бірыңғай бюджеттік сыныптама шоғырландырылған бюджет үшін бірыңғай және міндетті әрі республиканың стратегиялық, бағдарламалар мен даму жоспарларының, республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттің теңдестірілімдігіне қол жеткізу мақсатында олардың көрсеткіштер жүйесін үйлестіру құралдарының бірі болып табылады. Бюджеттік сыныптама автоматтандыру құралдарын қолданумен басқарудың жоғары оралымдылыққа жету үшін түсімдер мен шығыстарды жан – жақты анық және атаулы жүйелерге мүмкіндік жасайды.Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бірыңғай бюджеттік сыныптама қолданылады.Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді. Бірыңғай бюджеттік сыныптама өзіне бюджеттік түсімдердің сыныптамасын, бюджет шығыстарының функциялық және экономикалық сыныптамаларын кіріктіреді. Бюджеттік түсімдерінің сыныптамасы барлық деңгейлердегі бюджеттік түсімдердің белгілі бір сипаттамалар бойынша бюджет заңнамасына негізделген топтамасы болып табылады. Бюджеттік түсімдер сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады. Санаттар түсімдерді экономикалық белгілері бойынша топтастыруды көрсетеді. Сыныптар мен кіші сыныптарда түсімдер олардың көздері мен түрлері бойынша топтастырылады. Өзіндік ерекшелік бюджетке төлем немесе түсім түрін айқындайды. Бюджет шығыстарының функциялық сыныптамасы функциялық және ведомстволық белгілер бойынша бюджеттік қаражаттардың жұмсалу бағыттарын айқындайтын, мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын іске асыруды көрсететін барлық деңгейлер бюджеттері шығыстарының топтамасы болып табылады. Бюджет шығыстарының функциялық сыныптамасына сәйкес шығыстар төрт деңгейге бөлінеді: функциялық топтар, функциялық кіші топ, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар). Функциялық сыныптама қызмет, шаралар түрлерінің және бюджеттік қатынастар қатысушыларының жазулы сипаттамасы болып көрінеді.Функциялық топ елдің стратегиялық даму басымдықтарына сай келетін және әрқайсысының айқын мақсатын көрсететін елдің негізгі даму бағыттарын бейнелеп көрсетеді. Функциялық кіші топ елді дамытудың әрбір стратегиялық басымдығы жөніндегі міндеттер топтарын функциялық топ ішінде нақтылайды. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсетілетін экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру болып табылады. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.