Апелляциялық алқасына
АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҚ
Қарақия аудандық сотының 23 қыркүйек 2014 жылғы үкіміне,
Иванов Иван Иванович, 11.11.1968 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туылған, ұлты-қазақ, Қазақстан Республикасының азаматы, білімі-арнайы орта, бойдақ, бұрын сотталмаған, жұмыс орны Қарақия аудандық ІІБ-нің Болашақ станциясы бойынша аймақтық полиция инспекторының көмекшісі, мекен-жайы: Қарақия ауданы, Болашақ станциясы, №18 үй, 18 пәтер тұрғыны.
-ҚР ҚК-нің 177-бабының 3-бөлігі «г» тармағымен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша 2 (екі) жылға дейінгі мерзімге мемлекеттік функцияларды атқаруға не оған теңестірілген қызметпен айналысу құқығынан айырып, 4 (төрт) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚР ҚК-нің 63 бабына сай, тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, 3 (үш) жыл сынақ мерзімі тағайындалған.
Соттың бұл үкімі қылмыстық заң дұрыс қолданылмауына, яғни сотталушыға тым жеңіл жаза тағайындалуына байланысты өзгертілуге жатады.
Іс бойынша: 30.04.2014 жылы Қарақия аудандық ІІБ-нің Болашақ станциясы бойынша аймақтық полиция инспекторының көмекшісі И.И.Иванов мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам бола тұра, өз қызмет бабын пайдаланып қызметтік өкілеттерінің жағдайын пайдалану мүмкіндігінің болмауынан шын мәнісінде жүзеге асыра алмаса да жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жәбірленуші Г.Сидорованың тиісті тіркеусіз /лицензиясыз/ алкогольдік өнімдерін сатқан үшін оның жеке кәсіпкерлік қызметіне араласпай және дүкенді жаппаймын деп, пайдақорлық ниетпен алдау арқылы Г. Сидоровадан 30.000 теңгесін заңсыз иеленіп, нәтижесінде жәбірленуші Г. Сидороваға 30.000 теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 15.08.2002 жылғы №19 санды «Сот үкімі туралы» Нормативтік қаулысының 1 тармағына сәйкес, үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап етеді.
Үкімдегі мазмұндалған қорытынды істің нақты жағдайына сәйкес келеді және сот мәжілісіндегі жиналған дәлелдерге негізделген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 30.04.1999 жылғы «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтау туралы» №1 Нормативтік қаулысының 9 тармағына сай, соттар ҚК – тің 63 – бабында көзделген шартты жазаны, әдетте, бұрын сотталмаған, жеңіл немесе ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыс жасаған адамдарға қолданылатындығын ескеруге тиіс. Шартты жаза ауыр қылмыс жасауға қатысқандардың кейбіріне, егер олардың негізгі қылмыскер еместігі анықталса, сонымен қатар оның жеке басына берілген мәліметтер мен қылмыс жасаған кездегі жағдайлар жаза тағайындаған кезде ҚК – тің 63 бабының ережелерін қолдануға негіз болған жағдайда ғана қолданылады делінген.
ҚР ҚК – нің 177 бабы 3 бөлігінің санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасыкөзделген, сотталғанмен жасалған қылмыстық әрекет ҚР ҚК – нің 10 бабына сәйкес ауыр қылмыс санатына жатады.
Сонымен қатар, ҚР ҚК – нің 63 бабының 2 бөлігінде, шартты түрде соттау қолданылған жағдайда, сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, айыптының жеке басын, соның ішінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән - жайларды ескеретіні көрсетілген.
Сотталғанға жаза тағайындай отырып, сот жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілігін, қоғамдық тәртіпті қорғауға тиісті лауазымды тұлғаның өз кәсіби антын бұза отырып, сонымен,сыбайлас жемқорлықпен байланысты алаяқтық қылмысын жасағанын ескеретін болсақ, тағайындалған жаза оның мақсатын толық қамтымайды және онымен сыйыспайды.
Осыған орай, жаза түрі мен мөлшерін анықтау кезінде, сотталушының қылмыстық іс-әрекетінде аталған дерек орын алғандықтан, жәбірленуші ретінде танылған Сидороваға қатысты ауыр санаттағы қылмыс жасалғанын,оның салдары азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына соқтырғанын және мемлекет мүдделеріне қарсы қылмыс жасалғандықтан, И.И.Ивановтың қылмыс жасауының салдары сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық әрекеттің орын алуына байланысты сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы қажет деп есептеймін.
«Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы»Жаңартылған 2001 жылғы 13 желтоқсан N 18 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында, соттардың назары сыбайлас жемқорлық фактілерін жою жөніндегі сақтандыру-профилактика жұмыстарының маңыздылығына аударылсын дей отырып, ол үшін істі қарау кезінде анықталған сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың жасалуына жағдай туғызып, Республикадағы заңдылықтың жай-күйіне кері ықпал ететін, себептер мен мән-жайлар назардан тыс қалмауы қажет делінгендігі атап көрсетілген.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап айтқандай, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес қылмыскерлерді жазалау жөніндегі табанды шаралар ғана емес. Бұл - мемлекет пен қоғамның күнделікті жұмысының тұтас кешені» болып табылады. Сол себепті, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге міндетті.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасымыз сыбайлас жемқорлық - тек құқық бұзушылық емес екендігін ерекше атап өтті. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан, өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардағы осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру өте өзекті міндет болып табылады. Жекелеген сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес ұтымды жүргізілгенімен, егер сыбайлас жемқорлық үшін негіздер жойылмаса, оның нәтижелері уақытша ғана тиімді болмақ. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын анықтау мен жоюға бағытталған жүйелі жұмысты жолға қоюдың маңызы зор.
Осыған орай, Қарақия аудандық сотымен өркениетке бет алған Мемлекетіміз үшін қауіпті, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысты нақты жасаған И.И.Ивановқа қоғамнан оқшауламайтын негізде тағайындалған жаза тым жеңіл, әрі негізсіз болуына байланысты өзгертілуге жатады.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының ҚІЖК-нің 396 бабын басшылыққа алып,
СҰРАЙМЫН:
1.Қарақия аудандық сотының 23 қыркүйек 2014 жылғы Иванов Иван Ивановичке қатысты үкімін – өзгертуді, үкімнің ҚК-нің 63 бабын қолдану бөлігін бұзуды.
2. Иванов Иван Иванивичті ҚР ҚК-нің 177 бабы 3 бөлігі«г» тармағымен кінәлі деп танып,3 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді, жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуді белгілеуді сұраймын.
3.Үкімнің қалған бөлігін өзгеріссіз қалдыруды.