Жолаушылар поезының вагон-мейрамханасына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
112. Вагон-мейрамхана үй-жайының құрамына мыналар кіреді: асүй бөлімі, асхана ыдыстарын жуатын бөлме, сервиз орны, буфет бөлімі, азық-түлік сақтау қоймалары, түскі ас залы.
113. Буфет-купенің үй-жайлар жиыны: асүй бөлімі (тек жартылай дайын өнімдер және тез мұздатылған дайындық деңгейі жоғары аспаздық өнімдер пайдаланылады), асхана ыдыстарын жуу бөлмесі, сервиз орны, азық-түлік сақтау қоймалары, бар тіреуі кіреді.
114. Кодекстің 62-бабы 8 тармағына сәйкес, тиісті санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды бар болса, буфет-бармен жолаушылар поезының немесе электрпоезының вагонын жабдықтауға жол беріледі.
115. Буфет-барда мыналар көзделеді: жайма сөрелері, шкафтары, сөрелері, бар үстелі, тоңазытқыш жабдығы (шкафтар, сатушы сөрелері, жайма сөрелері бар), аспаптары бар бір рет пайдаланылатын ыдыстар, келушілерге арналған бекітілген үстелдер және жартылай жұмсақ арқалы орындықтар, қақпағы және полиэтилен қапшықтары бар, тағам қалдықтарына арналған қоқыс жинағыш, жинау мүкәммалы.
116. Шикі өніммен және (немесе) жартылай дайын өнімдермен жұмыс істейтін вагон-мейрамхананың асүйі немесе купе-буфеті үшін мынадай технологиялық жабдықтар көзделеді: бұқтыру шкафы бар плита, дайын тағамды жылытуға арналған жылу шкафы, ӨЖЖ пеш немесе конвекциялық (термобу бар) пеш, тоңазыту шкафтары, шикі және дайын өнімдерге арналған өндірістік үстелдер, қызмет көрсетуге арналған үстел (асүй мен қызмет көрсететін орын арасындағы қабырғада), 2 секциялы, асүй ыдыстарын жууға арналған жуғыш, тағамдарға арналған жуғыш, мұздатылған тағамдарды ерітуге арналған шкаф (конвекциялық пеш жоқ болған жағдайда), дәмдеуіштерге арналған шкаф, кептіретін шкаф және ыдыстар мен асүй мүкәммалын сақтауға арналған шкаф, қақпағы және полиэтиленді қапшығы бар, тамақ қалдықтарына арналған қоқыс жинағыш, өндірістік үстелдердің үстіне ілінетін желдеткіштер.
117. Жабдықтау пунктінде:
1) вагон-мейрамхана үй-жайларын жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күрделі жинау;
2) вагон-мейрамханаға ауыз су толтыру;
3) ағымдық жөндеу мен техникалық қызмет көрсету;
4) қатты және жұмсақ мүкәммалды және ыдыстарды тиеу;
5)азық-түлік шикізаттарын, тамақ өнімдерін, сусындарды тиеу жүргізіледі.
Дезинсекциялық өңдеу жоспарлы және эпидемиологиялық айғақтар бойынша, үй-жайларды дератизациялық өңдеу эпидемиологиялық айғақтар және өтінім бойынша жүргізіледі.
Вагон-мейрамханадағы су сақтайтын ыдыстар жабдықтау пункттерінде он күнде кемінде бір рет сиретпей тазаланады, жуылады және дезинфекцияланады.
118. Вагон-мейрамхананың ас блогы мынадай өндірістік учаскелерге бөлінеді: асүй ыдыстарын жуатын орны бар асүй, асхана ыдыстарын жуатын бөлме, қызмет көрсететін орын, буфет бөлімі және сақтау қоймасы.
119. Вагон-мейрамхананың өндірістік және тұрмыстық үй-жайларын басқа мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді.
120. Түскі ас залы қаптамасы ылғалды жинау және дезинфекциялау үшін төзімді материалдардан жасалған, бекітілген үстелдермен жартылай жұмсақ орындықтармен жабдықталады. Периметрі бойынша үстелдерде биіктігі кемінде 5 мм ернеу болады.
121. Үй-жайға ағымдық жинау жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ластануына қарай, бірақ 24 сағат ішінде кемінде екі рет жүргізіледі. Жуу және дезинфекциялау құралдары арнайы бөлінген орында өндірушінің ыдысында немесе қақпағы бар күңгірт, таңбаланған ыдыста сақталады.
122. Жинау мүкәммалы таңбаланады, әрбір өндірістік учаскеге, үй-жайларға бекітіледі және арнайы бөлінген орындарда бөлек сақталады.
123. Өндірістік жабдық, өнімдерді өңдеуге арналған механизмдер технологиялық үдерістің ағымдылығын және оларға персоналдың еркін бару мүмкіндігі ескере отырып орналастырылады.
124. Ас блогында плита периметрі бойынша ернеумен және шығып тұрған ауа шығару шатырымен жабдықталады. Вагон-мейрамхананың ас блогында мынадай өндірістік жабдықтар орнатылады:
1) бұқтыру шкафы бар плита;
2) конвекциялық пеш (топтастырылған термобуы бар);
3) тоңазытқыш жабдық (шкафтар, жайма сөрелер, сөрелер, камералар);
4) шикі және дайын өнімдерге арналған өндірістік үстелдер;
5) қызмет көрсетуге арналған үстел;
6) дәмдеуіштерді, ыдыстарды және асүй мүкәммалын сақтауға арналған шкафтар, кептіргіш;
7) қақпағы және полиэтиленді қапшығы бар, тамақ қалдықтарына арналған қоқыс жинағыш.
125. Ұзақ мұздатылатын дайын өнімді пайдалану кезінде төмен температуралық тоңазыту жабдығы қосымша көзделеді.
126. Ас блогында көкөністерді қысқа мерзімге сақтауға және өңдеуге арналған орын бөлінеді.
127. Шикi және пiсiрiлген өнiмдердi дайындауға арналған өндiрiстiк үстелдер жиегі дөңгелектелген, саңылауы жоқ жабындармен жасалады.
128. Жуу үй-жайында мыналар орнатылады:
1) пайдаланылған асхана ыдыстарын қабылдауға арналған үстел;
2) ыдыстарды жуу үшiн - ваннаның әр ұясына себезгiлiк саптамалары бар араластырғыш арқылы ыстық және суық су берiлетін және ағызу саңылауларын жабу үшін шынжыр баумен байланған тығындары бар асхана ыдыстары мен асханалық құралдарды жууға арналған екі секциялық ванналар;
3) таза ыдыстарды кептiруге және сақтауға арналған орын;
4) тағам қалдықтарына арналған педальді, қақпағы бар қоқыс жинағыш.
129. Сервиз орнында дайын тағамдарды қабылдауға арналған үстел, таза аспаптар мен стакандарды сақтауға арналған шкаф көзделеді.
130. Қойма үй-жайларында көкөнiстердi, картопты, жемiс-жидектердi сақтауға арналған және құрғақ өнiмдердi сақтау үшін жеке орын бөлiнедi, шикi және дайын өнiмдердi сақтауға арналған тоңазытқыш жабдығы орнатылады.
131. Ас блогы шикi еттi тартуға арналған еттартқыш немесе ауыстыратын құралы бар әмбебап турағыш механизммен қамтамасыз етiледі. Пiсiрiлген өнiмдердi ұнтақтау үшiн еттартқышты пайдалануға жол берілмейді.
132. Тағамдарды турау үшiн тегiс, тесіктері мен саңылаулары жоқ бөлшектеу тақтайлары пайдаланылады. Пышақтар мен бөлшектеу тақтайлары мақсатына қарай таңбаланады: «ШЕ» (шикi ет), «ШБ» (шикi балық), «ПБ» (пiскен балық), «ПЕ» (пiскен ет), «ШК» (шикі көкөніс), «ПК» (піскен көкөніс) «ЕГ» (ет гастрономиясы), «БГ» (балық гастрономиясы), «Н» (нан), «М» (майшабақ).
133. Шикi және дайын өнiмдерге арналған бөлшектеу тақтайлары мен пышақтар бөлек сақталады. Тақтайлар арнайы белгiленген жердегi ұяшықтарда қырынан қойылып сақталады, бiрiнiң үстiне бірін қойып сақтауға жол берілмейді.
134. Алюминийден және дюралюминийден жасалған ыдыстар тамақты дайындау және қысқа мерзiмге (бiр сағаттан асырмай) сақтау үшiн ғана пайдаланылады.
135. Фаянстан, фарфордан, шыныдан жасалған асхана және шай ыдыстары, тот баспайтын болаттан жасалған асхана құралдары пайдаланылады. Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етiлген полимерлi материалдан жасалған ыдыстарды қолдануға жол беріледі.
136. Ыдыс-аяқтарды, асхана құралдары мен айналыстағы ыдыстарды жуу мынадай тәртіпте жүргiзiледі:
1) механикалық жолмен тамақтың қалдықтарынан тазалау;
2) жуу құралдарын қосып, температурасы +40оC-тен төмен болмайтын суда жуу;
3) ыдыстарды температурасы +65оC төмен болмайтын ыстық ағынды сумен шаю;
4) ыдыстарды торланған сөрелерде, стеллаждарда кептiру.
137. Жұмыс күнiнiң соңындаасхананың барлық ыдыстары менқұралдары дезинфекцияланады.
138.Жұмыс соңында өндiрiстiк үстелдер жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып жуылады, ыстық сумен шайылады.
139. Әрбiр технологиялық операциядан кейiн бөлшектеу мүкәммалы механикалық тазартылады, жуу құралдарымен ыстық сумен жуылады,ыстық ағынды сумен шайылады, тор көзді металл стеллаждардакептіріледі.
140. Жұмыс соңында әмбебап тетіктің алмалы-салмалы механизмдері немесе еттартқыш бөлшектеледі, жуылады, ыстық сумен өңделеді, кептiрiледі және арнайы бөлiнген орында сақталады.
141. Ыдыстарды жууға арналған щеткалар күн сайын жұмыстан кейiн жуылады, 10-15 минут бойы қайнатылады, кептiрiледі және арнайы бөлiнген орында сақталады.
142. Сорпаны сүзуге арналған елек әрбiр қолданған сайын ыстық сумен жуылады және кептiрiледi.
143. Асүйдің таза ыдысы мен құралдары арнайы аспалы шкафтарда, жартылай дайын өнiмдерге арналған ыдыстар арнайы белгiленген жерде сақталады.
144. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау шарттары және өткізу уақыты сақталады, ілеспе құжаттарында олардың дайындалған, өткізуге жiберілген уақыты және өткізу мерзiмi көрсетiледі.
145. Вагон-мейрамханаға мыналарды:
1) сапасы мен қауiпсiздiгiн растайтын iлеспе құжаты жоқ азық-түлiк шикiзаттары мен тамақ өнiмдерін;
2) ветеринариялық сертификаты және таңбасы жоқ еттi, субөнiмдерін;
3) флягаларға құйылған сүт және сүт өнiмдерiн;
4) ветеринариялық сертификаты жоқ балық, шаян, ауыл шаруашылығы құстарын, iшек-қарыны тазартылмаған құстарды;
5) сыртқы қабығы ластанған, кертілген, аққан, жарылып қалған жұмыртқаларды, сондай-ақ сальмонеллез бойынша қолайсыз шаруашылықтардың тауық жұмыртқаларын, үйрек, қаз және басқа да құстардың жұмыртқаларын;
6) тұмшалануы бұзылған, қақпағы дүмпиген, сыртын тот басқан, сырт пiшiнi бұзылған, заттаңбасы жоқ консервi банкілерiн;
7) қамба зиянкестерімен зақымдалған жарма, ұн, кептiрiлген жемiстер және басқа өнiмдердi;
8) көгерген және шiрiген белгiсi бар көкөнiстер мен жемiстердi;
9) жеуге жарамайтын, құрттаған, езілген саңырауқұлақтарды;
10) жарамдылық мерзiмi аяқталған және сапасыздық белгілері бар тамақ өнімдерін;
11) үйде дайындалған өнімдерді қабылдауға жол берілмейді.
146. Вагон-мейрамханада дайын өнiмдерді, шикi өнімдерді, жартылай дайын өнiмдердi сақтау нақты өнімге арналған нормативтік құжаттама талаптарына сәйкес сақтау мерзімдерін, тасымалдау және өткізу шарттарын сақтай отырып, тоңазытқыштарда бөлек жүргізіледі. Шикi жұмыртқаларды гастрономиялық және сүт өнiмдерiмен бiрге сақтауға жол берілмейді.
147. Тез бұзылатын және өзге де өнiмді сақтау кезінде температуралық режимді сақтау мақсатында тоңазытқыш жабдығы жолаушылар поезының барлық жолы бойында электр энергиясымен және бақылау термометрлерімен жарақталады.
148. Нан және сусымалы өнімдер шкафта сақталады, шкафтың төменгі сөресі еденнен кемінде 35 сантиметр (бұдан әрі – см) қашықтықта орналасады. Нанға арналған шкафтың есігінде желдетуге арналған саңылау көзделеді.
149. Сары май зауыт қаптамасында немесе кесек түрiнде пергаментке оралған күйде сақталады. Сүт және сүт өнiмдерiн салмағы 0,5 л аспайтын ұсақ қаптамада қабылданады.
150. Вагон-мейрамханада тамақтармен бұйымдардың ассортименті тиісті аумақтың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствасымен келісіледі.
151. Тамақ шағын партиямен дайындалады, ыстық тамақтарды тарату плитадан тiкелей жүргізіледі. Жаңа пiскен тамақты өткен күнгi тамақтың қалдығымен араластыруға жол берілмейді.
152. Бiрiншi тамаққа арналған пiскен ет порциялары тоңазытқышта 6 сағаттан асырмай сақталады және ол қолдану алдында он минут бойы қайта термиялық өңделеді және +70 оC-тан төмен емес температурада 3 сағаттан асырмай сорпада ұсталады.
153. Тартылған ет аз партиямен дайындалады және +2 оC-тан аспайтын температурада 3 сағаттан асырмай сақталады. Тартылған етті салқын емес жерде сақтауға жол берілмейді.
154. Көкөнiстер, жемiстер, жидектер, тазартылған көкөнiс және аскөк ағынды ауыз сумен мұқият жуылады.
155. Ыстық тамақтар таратылуға дейін бір сағат бұрын дайындалады, оларды өткізу мерзімі 3 сағаттан аспайды. Бiрiншi тамақ +75 оC төмен емес, екiншi тамақ +65 оC-тан төмен емес, салқын сорпалар, сусындар +14 оC жоғары емес температурада ұсталады.
156. Салқын тамақтар дайындалған кезден бастап тоңазытқыш шкафта екі сағаттан асырмай, бутербродтар бір сағаттан асырмай сақталады.
157. Вагон-мейрамханада мыналарға:
1) сiлiкпелердi, құймаларды, паштеттердi, тартылған ет қосылған макарондарды, ет оралған құймақшаларды, ет қосылған самсаларды және винегреттердi дайындауға;
2) II-III санатқа жататын субөнімдерден пiсiрiлген тағамдарды және өкпе-бауырдан жасалған шұжықтарды өткізуге;
3) «өзіндік квас» дайындауға және пастерленбеген сүттен жасалған сүзбенi өткізуге жол берілмейді.
158. Ас дайындаған вагон-мейрамхананың аспазы дайын тамақтардың сапасын осы Санитариялық қағидалардың 6-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жартылай дайын өнімдердің, тағамдар мен аспаздық өнімдердің сапасын органолептикалық бағалау журналына тиісті жазбаны жаза отырып, таратуға дейін тексереді.
159. Вагон-мейрамханада зертханалық бақылауды тиісті аумақтың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствасының лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.
160. Вагон-мейрамханаға азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiн тасымалдауды Кодекстің 62-бабының 8-тармағына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар арнайы көлiк жүзеге асырады.
161. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнімдерін қоса алып жүретін және оларды тиеу мен түсіруді орындайтын адамдар арнайы киiмде жұмыс істейді.
162. Тез бұзылатын өнімдер салқындатылатын немесе изотермиялық көлiк құралында тасымалданады. Дайындалу және сатылу мерзімі көрсетіле отырып, аспаздық және кондитерлiк бұйымдар таңбаланған және таза ыдыста тасымалданады.
163. Тамақ өнімдерін тасымалдауға арналған көлiк күн сайын жұмыс соңында жуу құралдарын пайдалана отырып жуылады және дезинфекцияланады.
164. Еттен, балықтан, көкөнiстен жасалған жартылай дайын өнімдер қақпағы тығыз жабылатын арнайы таңбаланған ыдыста тасымалданады. Осы ыдысты шикізатты және дайын өнiмді сақтау үшін пайдалануға тыйым салынады.
165. Нан және ұннан жасалған кондитерлiк бұйымдар арнайы науаларда жабық түрде тасымалданады.
166. Вагон-мейрамхананың барлық қызметкерлерi арнайы киiмде жұмыс iстейді, жұмыс барысында шашты орамалдың немесе қалпақтың астына жинайды, вагон-мейрамханадан шығу және дәретханаға бару алдында санитариялық киiмдерiн шешеді. Қолының тазалығын қадағалайды, жұмыс басталу алдында және әрбiр үзiлiстен кейін, бір операциядан екіншісіне ауысқанда, ластанған заттарды ұстағаннан кейiн қолды жуады және дезинфекциялайды.
167. Күн сайын ауысым басталар алдында вагон-мейрамхананың директоры iрiңдi аурулардың бар-жоғын анықтау үшiн қызметкер денесiнiң ашық жерлерiн қарап шығады. Денесiнде iрiңдi терi аурулары бар, кесiлген iрiңдеген жарасы бар, күйген, кесілген белгiлерi бар, сондай-ақ инфекциялық аурулармен ауыратын және инфекциялық ауруларға күдiктi адамдар жұмысқа жiберiлмейдi.
168. Вагон-мейрамхана қызметкерлерін тексерiп-қарау нәтижесі осы Санитариялық қағидалардың 7-қосымшасына сәйкес белгіленген нысандағы журналға жазылады.
169. Вагон-мейрамханада жөндеу жұмыстарымен айналысатын жұмыскерлер таза, арнайы киiммен жұмыс iстейді, құрал-саймандар арнайы жабық жәшiкте тасымалданады.
170. Ас блогында темекi шегуге, кір жууға және киім кептiруге жол берілмейді.
171. Вагон-мейрамханалар жеткiлiктi көлемде сабынмен, сүлгілермен және арнайы киiм жиынтығымен қамтамасыз етiледі. Арнайы киімді ауыстыру күн сайын және ластануына қарай жүргізіледі. Арнайы таза киiмдері вагон-мейрамхана қызметкерлерi үшiн бөлiнген купедегі таңбаланған қаптарда бөлек сақталады.
172. Вагон-мейрамханаларды:
1) суық және ыстық сумен жабдықтау, жылыту, желдету, электр жарығы жүйелерi, санитариялық-техникалық жабдығы, тоңазытқыштары мен тоңазытқыш қондырғылары жарамсыз болғанда;
2) микроклиматы гигиеналық нормативтерге сәйкес болмаса;
3) үй-жайлары лас, әйнегi жоқ немесе сынған, салқын және жылдың ауыспалы мезгiлінде терезелердiң жақтаулары бекiтiлмеген болса, есiктерi жарамсыз болса;
4) тұрмыстық жәндіктер мен кемiргiштер анықталса жолаушылар поезының құрамына қосуға және пайдалануға жол берілмейді.
Вагондардан қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, жоюға және залалсыздандыруға, жинағыш-бактардан лас қалдықтарды тазартуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
173. Қоқыстарды, өндірістік тамақ қалдықтарын жинау ішіне полиэтиленді қапшық салынған және қақпағы бар қоқыссалғышта жүргізіледі. Қоқыссалғыш вагонның қызметтік емес шағын дәлізінде тұрады, алмалы- салмалы ыдысы болады.
174. Жолаушылар поездарын құрастыру, айналым пунктінде, жолаушылар поездарының тоқтап тұру орындарында теміржол жолдарын және жол аралықтарды қоқыстармен және басқа қалдықтармен ластауға жол берілмейді. Вагондардан шығарылған қоқыс жабдықтау пунктіндегі және тоқтау паркіндегі жабдықталып бетондалған алаңдарда орнатылған қоқыссалғыштарға шығарылады.
175. Жол бойы жиналған қоқыс тізімі қызметтік кестемен және жолаушылар поезы қозғалысының технологиялық схемасымен анықталған жол бойындағы станциялардың қоқыссалғыштарына шығарылады. Қоқыс шығарылғаннан кейін қоқыссалғыш (ыдыс) жуылады және дезинфекцияланады.
176. Жол бойы дәретханаларды пайдалану режимі сақталады. Тоқтағанда, ірі теміржол станцияларынан, санаторийлік-курорттық және қала маңындағы аймақтардан, тоннельдерден, көпірлерден өткен кезде, жабдықтау және тұру пункттерінде дәретханаларды пайдалануға жол берілмейді.
177. Жолаушылар поезының әр вагонында поезд өтетін жолдардағы санитариялық аймақ шекаралары жөнінде ақпарат ілінеді. Вагондар жабық үлгідегі дәретхана жүйесімен жабдықталған жағдайда оларды жол бойында және тоқтағанда пайдалануға жол беріледі.
178. Жабық үлгідегі дәретханаларда құбырлар жүйесі лас қалдықтардың тұмшаланған жағдайдағы жинау бактарына шығарылуын қамтамасыз етеді.
179. Жинағыш бактарды лас қалдықтардан тазарту арнайы жолдарда мамандандырылған ассенизациялы көлікпен немесе айдау бойынша стационарлық кешендермен (бұдан әрі – АСК) жүргізіледі. Лас қалдықтарды тамбур арқылы айдауға және оның ағуына жол берілмейді.
180. Басқару пульті бактың 80-90% толу деңгейін көрсететін жарық сигналдарымен жабдықталады. Жарық сигналдары көрсеткіші жарамсыз болғанда вагонды сапарға жөнелтуге жол берілмейді.
181. Жолаушылар поезының құрастыру және айналым пунктінің аумағында және техникалық тұрақтарда ассенизациялық көліктің вагондарға жақындау мүмкіндігі көзделеді. Су құю колонкалары орнатылған жол аралықтарды осы мақсатта пайдалануға жол берілмейді.
182. Ассенизациялық көліктен лас қалдықтарды ағызу кәрізге, қалалық (кенттік) кәріз ағызу станцияларына немесе АСК-ға ағызу жүзеге асырылады.
183. Жинағыш бактар айына бір реттен сиретпей жоспарлы профилактикалық және эпидемиологиялық айғақтарбойынша жоспардан тыс дезинфекциялануға жатады.
184. Ассенизациялық көліктің цистерналары лас қалдықтарды төккеннен кейін арнайы алаңдарда сумен жуылады.
185. АСК мен ассенизациялық көлік персоналы арнайы киімде, аяқ киіммен, қолғаппен, бетпердемен жұмыс істейді.
Багаж, пошта-багаж вагондарына, қарауыл қызметі жұмыскерлерінің жұмыс және демалу жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
186. Сапарға жөнелту алдында багаж, пошта-багаж вагоны төсек керек-жарақтарымен, асхана, шай, асүй ыдыс-аяғымен, ауыз суға арналған ыдыспен жабдықталады.
187. Жолсеріктің қызметтік купесінде рундугі бар төменгі қатты диван, үстел, шкаф және жоғарғы жұмсақ сөре орнатылады.
188. Сапардың ұзақтығына, бригаданың санына және вагонның сыртқы және ішкі ауа температурасына қарамастан тұрақты түрде желдету және ауаның алмасуы көзделеді.
189. Вагондардың салондарында жолаушылар вагондарындағы сияқты микроклиматтың, шудың, дірілдің, жарықтандырудың нормативтік параметрлері, физикалық факторлардың рұқсат етілген шекті деңгейлері және химиялық зиянды заттардың РШШ қамтамасыз етіледі.
190. Әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлері үшін: жатын купе, демалу мен ас ішуге арналған салон, дәретхана, арнайы киімді және жеке қорғаныш құралдарын сақтау мен кептіруге арналған үй-жай, асүй-асхана көзделеді.
191. Асүй-асхана: асүй плитасымен, тоңазытқышпен, ыдыс-аяқ жуатын раковинамен, бөлшектеу үстелімен, ыдыс-аяқ салынатын шкафпен, асүй мүкәммалымен, тамақ өнімдерімен, тамақ қалдықтары мен қоқыс салатын ыдыспен жабдықталады. Асүйдің және асхананың мүкәммалы таңбаланады. Плитаның үстінде ауа соратын шатыр көзделеді.
192. Вагонға берілетін төсек жабдықтарының саны бір адамға екі жиын есебімен анықталады.
193. Қарауыл қызметін атқарған күзетші қысқы арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және беті мен денесінің ашық жерлерін үсіріп алудан қорғайтын маймен қамтамасыз етіледі.
194. Әскерилендірілген теміржол күзетінің қызметкерлері арнайы киіммен, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі.
195. Қызметкерлер қауіпті, химиялық жүктерді қорғау бойынша қарауыл қызметін атқарған кезде уланудың алдын алу жөніндегі нұсқамадан өтеді.
196. Жеке қорғаныш құралдары оларға бөлінген үй-жайларда, жеке шкафтарда сақталады.
197. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен қамтамасыз етуді, жеке қорғаныш құралдарын, арнайы киімді, арнайы аяқ киімді беруді, сақтауды және пайдалануды жұмыс беруші жүргізеді.