Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер

Ауыл шаруашылығы қажеттері үшін берілген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс істеуіне қажетті ішкі шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады. Ауыл шаруашылығы алқаптарына егістіктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егілген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.

Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуы тиіс. Бұл жерді ауыл шаруашылығы емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда ғана жол беріледі.

Егiстiк - жүйелі түрде өңделетін, ауыл шаруашылығы дақылдарын және көпжылдық шөп егуге пайдаланылатын жер учаскелері және пар.

Тыңайған жер - бұрын егістік құрамында болған және күзден бастап бір жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмай және пар айдауға әзірленбеген жер учаскесі.

Көп жылдық екпелер - жеміс-жидек, техникалық және дәрі-дәрмек өнімдерін алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендіруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелеріне пайдаланылатын жер учаскелері.

Табиғи шабындықтар мен жайылымдар-шөп шабуға және жануарларды жаюға жүйелі түрде пайдаланылатын жер учаскелері.

Түбегейлі жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар– табиғи жер отын жаңадан шөп егу арқылы жақсартылған шабындық және жайылым учаскелері.

Суландырылған жайылымдар - тиісті мал басын сапалы сумен қамтамасыз ете алатын су көздері (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегендi құдықтар) бар жайылымдар.

Ауыл шаруашылығы алқаптары суармалы және суарылмайтын болуы мүмкін.

Жайылма суару (лиманды) жері қар суын және көктемгі тасқын суды, сондай-ақ топырақты ылғалдандыру үшін суару және суландыру каналдарынан берілетін суды осы учаскелер аумағында ұстап қалуды және қайта бөлуді қамтамасыз ететін су бөгейтін белдеулері, суды реттейтін бөгеттері мен басқа да гидротехникалық құрылыстары бар учаскелер болып табылады.

Елді мекен жерлері

Қалаларды, кенттерді, ауылдарды, селолар мен басқа да қоныстарды дамыту үшін берілген жер учаскелері. Елді мекендердің жері өзге әкімшілік-аумақтық құрылымдардың жерінен қаланың шегі, кенттің шегі, ауылдық (селолық) елді мекеннің шегі арқылы шектеледі.

Елді мекен жерлерінің құрамына оның аумағында орналасқан:

1) тұрғын үйлер, үй іргесіндегі жер учаскелері және тұрғын үйлер салуға арналған жер;

2) денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, білім беру, мекемелері, әкімшілік, өзге де іскерлік құрылыстар мен ғимараттар салынған және олардың жұмыс істеуіне арналған жер;

3) өнеркәсіп, коммуналдық, инженерлік және көлік инфрақұрылымы және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, осы объектілердің санитарлық-қорғау аймақтары, өндірістік құрылыс салатын жер;

4) көлік, байланыс, инженерлік коммуникациялар жері;

5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;

6) өзендер, табиғи және жасанды су айдындары, су қорғау аймақтары, гидротехникалық және су шаруашылығы құрылыстары орналасқан жерлер;

7) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер;

8) алаңдар, көшелер, тротуарлар, жолдар, жағалаулар, парктер, қаладағы ормандар және халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер орналасқан және оларды орналастыруға арналған ортақ пайдаланудағы жер;

9) қала құрылысы қызметіне тартылмаған, елді мекенді аумақтық тұрғыдан дамытуға арналған резервтегі және өзге де жерлер жатады.

Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және бсқа ауыл шаруашылығына жатпайтын қажеттіліктерге арналған жерлер

Өнеркәсіп жеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру мен пайдалану үшін берілген жер, оның ішінде олардың санитарлық-қорғау және өзге де аймақтар жатады.

Көлік жері. Автомобиль, теңіз, ішкі су, темір жол, әуе және өзге де көлік түрі объектілерінің қызметін қамтамасыз ету және оларды пайдалану үшін берілген жер көлік жері болып танылады.

Көлік жеріне құбыр тасымалы көлігінің қажеттеріне арналған су құбырын, газ құбырын, мұнай құбырын және жер беті мен жер асты құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтіп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтіп ұлғайту үшін қажетті объектілерді орналастыру үшін бөлініп берілген жер жатады.

Байланыс және энергетика жері. Байланыс, радио хабарларын тарату, теледидар, ақпарат қажеттеріне арналған жерге тиiстi инфрақұрылымдардың объектілерін орналастыру, байланыстың кабель, радиореле және әуе желілері, соның ішінде жер астындағы желілер үшін бөлініп берілген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.

Энергетика жеріне:

- су электр станцияларын, атом станцияларын, жылу станциялары мен олардың құрылыстары мен объектілеріне қызмет көрсететін басқа да электр станцияларын орналастыру;

- электр таратудың әуе және кабель желілерінің жер бетіндегі құрылыстарын, шағын станцияларды, тарату пункттерін, энергетиканың басқа да құрылыстары мен объектілерін орналастыру үшін, жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және энергетика мен байланыс объектілерін пайдалануға жағдай жасау үшін бөлініп берілген жер учаскелері жатады.

Қорғаныс қажеттеріне арналған жер:

- қарулы Күштердің әскери бөлімдерін, әскери полигондарын, әскери-оқу орындары мен өзге де ұйымдарын және қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы міндеттерді атқаратын басқа да әскерлердің объектілері мен ғимараттарын орналастыру және олардың тұрақты қызметі үшін қорғаныс қажеттеріне арналған жер деп танылады.

- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетуді қамтамасыз ету мақсатында инженерлік-техникалық құрылыстар мен қоршауларды, шекара белгілерін, шекарадағы орман жолдарын, коммуникацияларды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өту пункттерін жайғастыру мен күтiп-ұстау үшін берілген жер учаскелері.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің, мемлекеттік зоологиялық парктердің, мемлекеттік ботаникалық бақтардың, мемлекеттік дендрологиялық парктер мен мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің жері жатады.

Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеуді ұйымдастыру үшін қолайлы жер учаскелері жатады.

Рекреациялық мақсаттағы жер. Халықтың ұйымдасқан түрдегі жаппай демалысы мен туризміне арналған және сол үшін пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.

Рекреациялық мақсаттағы жер құрамына демалыс үйлері, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектілері, туристік базалар, стационарлық және шатырлы туристік-сауықтыру лагерлері, балықшы және аңшы үйлері, орман парктері, туристік соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерлері, осы сияқты басқа да объектілер орналасқан жер учаскелері кіруі мүмкін. Рекреациялық мақсаттағы жерге қала маңындағы жасыл аймақ жерлері де жатады.

Тарихи-мәдени мақсаттағы жер. Тарихи-мәдени қорықтар, мемориалдық парктер, қорымдар, археологиялық парктер (қорғандар, қала орындары, тұрақтар), сәулет-ландшафт кешендерi, жартастағы бейнелер, ғибадат құрылыстары, шайқас және ұрыс алаңдары болған жер учаскелері, тарихи-мәдени мақсаттағы жер деп танылды.

Орман қорының жерлері

Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бірақ орман шаруашылығының қажеттеріне берілген жер учаскелері орман қорының жері деп танылады. Орман қорының жері мемлекеттік және жекеше орман қоры жерінен тұрады. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргізетін мемлекеттік ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берілген ормансыз жер мемлекеттік орман қорының жеріне жатады.

Су қорының жерлері

Су айдындары (өзендер және олармен теңдестірілген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздерінде орналасқан ағысты реттейтін су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жер, сондай-ақ осы құрылыстардың су күзет аймақтары мен белдеулеріне және ауыз сумен қамтамасыз етудің бас саға жүйелерін санитарлық күзет аймақтарына бөлінген жер, су қорының жері деп танылады.

Босалқы жер

Меншікке немесе жер пайдалануға берілмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады. Босалқы жерлер басқа санаттарға ауыстырылғаннан кейiн белгiленген тәртiппен және жағдайларда ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң қажеттерi үшiн және өзге де мақсаттар үшiн меншiкке немесе жер пайдалануға берiледi.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақстан Республикасы жер қорының қазіргі кездегі жағдайы.

2. Жер қорының жер санаттары бойынша бөлінуі

3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер

4. Елді мекен жерлері

5. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер

6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер

7. Орман қорының жері

8. Су қорының жері.

9. Босалқы жерлер.

Наши рекомендации