Каффарат қалай жасалады?

Рамазан оразасының бір күнін немесе бірнеше күнін біле тұра бұзған кісі бір ғана кәффарат өтейді. Яғни құл азат етеді. Оған шамасы келмесе, екі ай бойы үзбей ораза ұстайды. Оған шамасы келмесе, алпыс міскінді тамақтандырады. Кәффарат дегеніміз - шариғаттың мұсылманға қолданатын ескерту шарасы. Рамазан оразасын біле тұра бұзушы мұсылман қатесін жуу кәффәрәтін төмендегідей өтейді:

1 -Денесінде айыбы жоқ, дені сау құл азат ету. Құлдың мұсылман болуы шар емес. Азат ететін құлы болмаса, құлдың құнын төлейді.

2 - Құл азат етуге немесе құнын төлеуге шамасы келмесе, екі ай бойы ораза ұстайды. Яғни алпыс күн үзбей ораза ұстайды. Әйел кісі кәффәрәтін хайыз немесе нифас келген аралықта үзіп, сосын қайта жалғастырады.

3 - Әлсіздік пен ауруға байланысты екі ай оразаға шамасы келмесе, алпыс міскінді тамақтандырады. Тамақтандыру екі мезгіл тамақты құрайды: әр міскіннің таңғы асы пен кешкі асын көтереді. Немесе әр міскінге түскі ас екі еселеніп беріледі. Сол секілді алпыс күн бойы бір міскінді тамақтандырса да болады. Өйткені ол бүгін тамақ ішкенімен, ертең қайта мұқтаж күйге айналады. Тамақтандыру дегенде - міскінді тойғызу көзделуде. Мұның көлемі: 1кг 375,5г бидаймен (ұнмен) немесе 2кг 751г құрма не арпамен беріледі. Бұлардың орнына құны берілсе де болады.

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп:

(هلكت يا رسول اللّه. قال: وما أهلكك؟ قال: وقعت على امرأتي في رمضان. قال: هل تجد ما تعتق رقبة؟ قال: لا. قال: فهل تستطيع أن تصوم شهرين متتابعين؟ قال: لا. قال: فهل تجد ما تطعم ستين مسكيناً؟ قال: لا. قال ثم جلس؟ فأتي النبي صلى اللّه عليه وسلم بعَرَق فيه تمر، فقال: تصدق بهذا. قال: أفقر منا؟ فما بين لابَتيْها أهل بيت أحوج إليه مناّ، فضحك النبي صلى اللّه عليه وسلم حتى بدت أنيابه، ثم قال: اذهب فأطعمه أهلك)

«Әй, Аллаһтың елшісі! Құрыдым»-дейді. Ол: «Сені не құртты?»-деп сұрайды. Ол: «Рамазанда (күндіз) әйеліме жақындап қойдым»-дейді. Ол: «Азат ететін құл таба аламысың?»-дейді. Ол: «Жоқ»-дейді. Ол: «Екі ай бойы үзбей ораза ұстай аламысың?»-дейді. Ол: «Жоқ»-дейді. Ол: «Алпыс міскінді тамақтандыратын нәрсе таба аламысың?»-деп сұрайды. Ол: «Жоқ»-дейді. Сосын Аллаһтың елшісі біраз үндемей отырды. Сол уақытта оған біреу бір себет құрма әкеледі. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) анау кісіге: «Мынаны садақа етіп тарат»-дейді. Ол: «Бізден мұқтажырақ адам бар ма екен? Қаламыздың екі арасында орналасқан жұрттың ішінде бұл нәрсеге бізден мұқтажырақ отбасы жоқ шығар?»-дейді. Мұны естуші пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) күледі. Тіпті ит тістері көрінеді. Сосын оған: «Бар да, отбасыңды тамақтандыр»-дейді[914].

Екінші: Шариғат тарапынан рұқсатсыз ашылған оразаның қазасын ғана өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1 -Тамаққа жатпайтын нәрсені біле тұра қабылдаса. Мысалы, дәрі қабылдаса, немесе бір дән, ұн, жемістің сүйегі, қағаз, мақта, тас, ұсақ темір, топырақ, былғары, тиын секілді заттарды аузына салып, жеп немесе жұтып қойса. Сол секілді құлағына, мұрнына, аузына, жыныс жолдарының аузына дәрі тамызса, аузына түскен жаңбыр тамшысын, қар немесе бұршақ жұтып қойса, сол күнгі оразаның қазасын өтейді.

2 - Төсектік қатынас болмағанымен, жұбайын құшақтап, сүйгендіктен немесе басқа жолдармен шәует бөлінсе.

3 - Өзін-өзі құстырса. Немесе мәжбүрлі келген құсықты жұтып қойса.

4 -Ұмытып тамақ жеген кісі үкімді білмегендіктен, оразасын бұзылған санап, тамақ жеуін жалғастырса.

5 - Біреудің тарапынан тамақ ішуге немесе жұбайы тарапынан төсектік қатынасқа мәжбүрленсе.

6 - Аузымен немесе мұрнымен әдейі кез келген түтінді тартса.

7 - Таңғы уақытта ораза болып, күндіз сапарға аттанған кісі тамақ жеп қойса, немесе әйеліне жақындасса, сол күннің қазасын өтейді.

8 - Таң әлі атпаған шығар деп бір нәрсе жеп-ішсе немесе әйеліне жақындасса, сосын өзіне таңның атып қойғаны анықталса, қазасын өтейді. Сол секілді күн батқан шығар деп, алайда күн әлі батпаған уақытта ауыз ашып қойған кісі де осылай істейді. Кім таң атпай тамақ жеп отырғанда немесе жұбайына жақындасып жатқанда таң ата бастаса, бірден тоқтаса, оразасы дұрыс болады.

9 -Ораза болған кісі күндіз ауру сезсе, сосын тамақ ішпесем зиян бола ма деп қорыққандықтан аузын ашса, алайда ешқандай ауру болмаса, кейін сол күннің қазасын өтейді.

Үшінші: Шариғат тарапынан ашуға рұқсат етілгенімен, оразаның қазасын өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1 -Ауру. Рамазан айы туғанда нақты ауырған кісінің ораза ұстауы аурудың асқынуына, емнің кешігуіне кедергі болған жағдайда оған ораза ұстамауына болады. Оразаның ауруға зиянды екені не өзінің бұрынғы тәжірибесінен, не білікті мұсылман дәрігердің нұсқауымен анықталуы қажет. Ұстамаған күндерінің қазасын сауыққанда өтейді.

2 - Сапар. Сапардың бейнесі намазды қысқартып оқуға рұқсат ететін болуы қажет. Бұл 83 км қашықтықпен жүзеге асады. Сондай-ақ сапарға шығатыны таң атпай белгілі болуы шарт. Жолаушы кісіге рамазан айында ауыз ашуына болады. Кейін қазасын өтейді. Алайда, ораза кісі сапарға таң атқан соң шешім қабылдаса, оған сол күнгі оразасын үзуіне болмайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ وَمَن كَانَ مَرِيضاً أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ ﴾

«..Кім сендерден науқас немесе сапарда болса, басқа күндері қайтарады..»[915].

Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(صام رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم في السفر وأفطر)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сапарда ораза ұстады және аузын ашты»[916].

Аллаһ тағаланың Құран Кәрімдегі:

﴿ وَأَن تَصُومُواْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ ﴾

«..Ораза ұстауларың өздеріңе жақсы, әрине, егер білетін болсаңдар?!»[917] сөзін негізге алынса, әрине, егер зиян болмаса, сапарда ауыз ашқанға қарағанда ораза ұстаған абзал. Әбу Ад-Дарда, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(لقد رأيتنا مع رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم في بعض أسفاره في اليوم الحار، الشديد الحر وإن الرجل ليضع يده على رأسه من شدة الحَّر، وما في القوم أحد صائم إلا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم، وعبد اللّه بن رواحة)

«Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге ыстық күндері болған сапарларымыздың бірінде көргенім, күннің ыстық болғаны соншалықты, бәріміз ыстықты қайтару үшін қолымызды маңдайымызға қоятынбыз. Сонда арамызда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) мен Абдулла ибн Раууахадан басқа ораза ұстаған ешкім болмады»[918].

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Біз Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге сапарға шығатынбыз. Сонда арамызда ораза ұстаған кісі ораза ұстамаған кісіні, ал ораза ұстамаған кісі ораза ұстаған кісіні еш айыптамайтын»[919]. Ал қатты науқас кісіге: «Ауырсам да ұстай беремін»-деп шешім жасауын болмайды.

3 - Шайқас. Ораза кезінде шайқастың күндіз болатыны белгіленсе, онда әлсіреп қалмас үшін оразасын үзуіне болады.

4 - Жүкті немесе бала емізуші әйел. Жүкті немесе бала емізуші әйел білікті мұсылман дәрігердің нұсқауымен немесе өмірдегі тәжірибесіне сай, өзі үшін немесе баласы үшін қорықса, ораза ұстамауына болады. Кейін қазасын өтейді. Анас ибн Мәлик, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إن اللّه عز وجل وضع للمسافر الصوم وشطر الصلاة وعن الحُبلى والمُرضع)

«Шындығында, үстем әрі ұлы Аллаһ жолаушының мойнынан ораза мен жарты намазды түсірді. Сол секілді жүкті және бала емізуші әйелдің мойнынан да»[920].

5 -Ауыр еңбектегі кісі. Қатты шөлдеуі немесе қатты қарны ашуы нәтижесінде көзі қарауытып, әлсіздік пайда болса, басы айналса, оразасын үзуіне болады.

Ескерту:Бұл кісілердің бірісебебі тоқтаған бетте көз жұмса, қазасын өтеу мойнынан түседі. Алайда себеп тоқтаған соң қазасын өтеуге шамасы келетіндей бірнеше күн өткенде көз жұмған кісі үшін артында қалған мұрагер оның қарыз күндерінің есесін (пидия) төлейді. Парыздың есесін төлеу дегеніміз - жарты сағ[921] ұнмен немесе бір сағ құрма, мейіз, арпа немесе оларды ақшалай беру жолымен міскінді тамақтандыру. Ақшалай беру абзал. Барлық қазаларының есесін бір ғана пақырға беруге де болады. Мұрагер кісі өзіне марқұм өсиет еткен мұраның үштен бірімен парыздың есесін төлейді. Төленетін ақшаның көлемі бұдан асса, асқан құнды төлеу міндет емес. Өсиет тастауға үлгермеген марқұм үшін мұрагердің өз малынан төлеген ақшасымен марқұмның мойнынан парыз түседі. Марқұм үшін оразасын немесе намазын қайтару дұрыс емес. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Ешкім біреу үшін ораза ұстамайды және ешкім біреу үшін намаз оқымайды. Алайда, оған біреудің әр күні үшін бір муд[922] бидаймен (пақырды) тамақтандыруына болады»[923].

Төртінші: Қазасы өтелуін талап етпегенімен, қаза күндердің есесін (пидия) төлеуді парыз ететін жағдайлар:

1 -Қаусаған шал мен кемпір ораза ұстауға шамасы келмесе, оразаның әр күні үшін пидия төлейді. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһ тағаланың Құрандағы:

﴿ وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍ ﴾

«..Шамасы келгендер бір міскінді тамақтандыруы арқылы пидия төлейді»[924]-деген сөзіне берген тәпсірінде былай деді:«Бұл жерде ораза ұстауға шамалары келмейтін қартайған шал мен қартайған кемпір айтылуда. Олар әр күндері үшін міскінді тамақтандырады»[925]. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, қартайған шағында бір не екі жыл ораза ұстай алмай, әр күннің орнына нанмен және етпен бір міскінді тамақтандырған еді[926].

2 - Емделуі ауыр, созылмалы аурумен ауыратын кісі.

Бесінші: Оразаның ашылуы да, қазасы өтелуі де парыз болатын жағдайлар:

Бұл жағдай хайыз бен нифасы келген әйелге ғана қатысты. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان يصيبنا ذلك فنؤمر بقضاء الصوم ولا نؤمر بقضاء الصلاة)

«Бұл жағдайда оразаның қазасын өтеуіміз бұйырылып, намаздың қазасын өтеуіміз бұйырылмайтын»[927].

Алтыншы: Оразаны үзбеуімен қатар қазасын өтеуі де парыз болатын жағдайлар:

1 -Таң атпады деген сеніммен сәресін таң атқанда ішкен кісі.

2 - Күн батты деген сеніммен аузын күн батпай ашқан кісі.

Бұл екі жағдайда сол күнгі ораза рамазанның қадірі үшін аяғына дейін ұсталуы және кейін қазасы өтелуі парыз. Ханзала, Аллаһ тағала оған разы болсын, Омардың, Аллаһ тағала оған разы болсын, досы болған еді. Ол былай деді:

(كنت عند عمر في رمضان فأفطر وأفطر الناس، فصعد المؤذن ليؤذن فقال: يا أيها الناس هذه الشمس لم تغرب. فقال عمر رضي اللّه عنه: كفانا اللّه شرك، إنا لم نبعثك راعياً. ثم قال عمر رضي اللّه عنه: من كان أفطر فليصم يوماً مكانه)

«Бірде рамазан айында Омардың қасында болдым. Күн батқанда ол ауыз ашты. Адамдар да ауыз ашты. Сонда азаншы адамдарға: «Әй, адамдар! Мына күн, әлі батпады»-деп хабар білдіреді. Мұны естіген Омар азаншыға: «Аллаһ бізді ширктен аман қылсын. Сені бақташы етіп тағайындамаған едік»-дейді. Сосын адамдарға: «Ауыз ашқандар бұл күннің орнына басқа күні ораза ұстасын!»-дейді[928].

3 -Аузын немесе мұрнын шайғанда өңешіне байқамай жүгіріп кеткен сумен оразам бұзылды деген оймен қателесіп ауыз ашса.

4 -Мәжбүрлі түрде ауыз ашса.

5 -Бір күн толық ораза ұстағанымен, оразаға деген ниеті болмаса.

Оразаның қазасы келесі рамазанға дейін өтеліп болуы қажет. Қазасы өтелетін күндер кешіктірілмей және арасы үзілмей ұсталуы мустахап, бірақ шарт емес.

Наши рекомендации