Жүсіп Баласағұнидің мемлекеттілік, қоғамдық, саяси және-философиялық көзқарастары

Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020) - ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері болған.

Жалпы Баласағұнидің өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Ол философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Оның есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында "Құтадғу білік" ("Құтты білік") дастаны арқылы қалды. Ол өз шығармасын "хандардың ханы" - Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 - 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға (908 - 955) тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұниға "хас хажиб" - "бас уәзір" немесе "ұлы кеңесші" деген лауазым берген.

Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Баласағұни өзінің “Құтты білік” дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған.

Баласағұни дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады.

Ақын мәселені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған әкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады.

Бұдан кейін ақын патшаның бас уәзірдің міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уәзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. “Құтты білікте” елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен,жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет. Осылайша дастанда осылайша елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдік-этикиалық талаптар сипатталып көрсетілген.

Дастанның қазіргі заманға жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласында 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен көшірілген (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы). Екіншісі, 14 ғасырдың 1-жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа 12 ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсканың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, "Құтты білік" дастанының ғылымының негізделген толық мәтінін жасап шықты.

Венгер ғалымы Герман Вамбери (1832 - 1913) "Құтты біліктің" бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инсбрук қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бұл шығарманы зерттеу, ғылымының мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен орыс ғалымы В.В. Радлов (1837 - 1918) жиырма жыл бойы (1890-1910) айналысқан. Түркия ғалымдары 1942-43 жылдары "Құтты біліктің" үш нұсқасын да Стамбұлдан үш том кітап етіп шығарды. "Құтты білік" дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Карахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оны Қаримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (1984) тәржімалаған.

Жүсіп Баласағұни «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеуметтік рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Ойшыл өз шығармасында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік философиялық мұраттарын баяндайды. “Құтты білікте” өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Жүсіп Баласағүни ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Сонымен қатар, ол қоғам туралы ойларында әділет, бақыт, ақыл және қанағат категорияларын зерттеген. Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, сабақтастығы туралы ой Жүсіп Баласағүни дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Жүсіп Баласағүни жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс-әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Баласағүни өз еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. “Құтты білікте” ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады. Ғұлама өз туындысын сопылық ағымның қуатты ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ. “Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Жүсіп Баласағүни шығармашылығына ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән. “Құтты білік” дастаны 13040 өлең жолынан құралған. Соның бәрі 85 тарауға бөлініп берілген. Дастанның кіріспесі қара сөзбен, ал негізгі бөлімдері өлең өлшемі түрімен жазылған. “Құтты білік” дастанының сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, бір-біріне жазған хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы керектігін, оқу-білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім-тәрбие мәселелерін сөз етеді. Мәселен, ақын әдептіліктің алуан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген түйін жасайды. Дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғылыми мәні ерекше.

Баласағұни философиялық, шамандық, исламдық дүниетанымда болғандығы байқалады. Себебі, шығармадан шамандық түсініктер көрінеді. Исламдық идеология да елеулі орын алады. Сондай-ақ бұл шығармаға көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері енген.Бұл дастан кейінгі қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған ру-тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, сөз өнерін, тілін, т.б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра болып табылады.

Әбебиеттер:

1.Әл Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» еңбектері.

2.Жүсіп Баласағұн Құтты Білік. А.,1986ж

3.Асан Қайғы «Жер ұйық» Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл.

4.Сыздықов С.,Қанаев С., Жеңіс Ж. «Мәңгілік ел идеясы: қалыптасуы,үш негізі,тарихи сабақтастығы». Астана, 2013.-320 б.

5.Сыздықов С.М., Селиверстов С.В., Сыздықова Ж.С., Джаферсой Н., Кара А., Қабылдинов З.Е. Н.Назарбаевтың еуразиялық идеясы және түркі кеңістігі. Ұжымдық монография. — Астана, «Сарыарқа» баспасы, 2011. — 404 бет.(орыс тілінде)

6.Тоғысбаев Б., Сужикова А. Тарихи тұлғалар. — Алматы, «Алматыкітап» баспасы, 2005. — 368 бет.

7.Ханкелді Әбжанов, Зардыхан Қинаятұлы, Дихан Қамзабекұлы, Гүлшат Нұрымбетова, Абдулкадыр Ювалы. Түркі әлемінің көшбасшылары: өткені мен бүгіні. I кітап. Ұжымдық монография. — Астана, «Сарыарқа» баспасы, 2011.— 456 бет.

Наши рекомендации