Тақырып. Өндірісті ұйымдастыру

1. Өндірістік процесс және оларды ұйымдастыру принциптері

2. Процестер типтері және өндіріс типтері

3. Өндіріс циклі және оның кезеңдері

4. Өндіріс қуаттылығы және өндірістік қуаттылықты есептеу әдістемесі

1. Өндірістік процесс және оларды ұйымдастыру принциптері

Өндірісті ұйымдастыру – өндіріс процесінде қамтылған адамдар мен заттық элементтердің уақыт пен кеңістікте оңтайлы үйлесуіне бағытталған шаралар жүйесі. Өндірістік процесті ұйымдастыру деп тиімді соңғы нәтижеге жету мақсатында уақыт пен кеңістікте оның элементтерінің үйлесу және іріктеп алу әдісін түсінеміз.

Өндірісті ұйымдастыру – бұл өндірістік процесті жүргізу мақсатында еңбек құралы, еңбек затын адам еңбегімен біріктіріп және тиімді пайдалану әдістерінің жиынтығы.

Дұрыс ұйымдастырылған өндіріс мынадай негізгі принциптерден құрылады:

· мамандандыру - бұл жалпы сұранысты қанағаттандыратын өнім шығару жолында конструкторлық және технологиялық күшті біріктіру;

· үздіксіздік - бұл өндіріс операцияларын бірінен соң бірінің технологиялық процеске сай жүргізілуі;

· пропорционалдық - бұл өндірістік процесс стадиялары мен операцияларын бір мезгілде жүргізу және материалдардың, құрылыстардың, еңбек ресурстарының саны өндіріске сәйкес болуы тиіс;

· параллельділік - толық немесе жеке жұмыс процесін бір уақытта орындауын білдіреді;

· тура дәлділік - өндіріс процесінде еңбек заттарының қозғалысының қысқа қашықтығын қамтамасыз етеді;

· ырғақтық - тең уақыт аралықтары арқылы өндіріс процесінің жиі қайталануы;

· икемділік - жаңа өнім шығаруға тез дағдылану мүмкіндігі.

Өндірістік процесс — белгілі бір өнімді өндіруге бағытталған, негізгі, көмекші, қызмет ететін және табиғи процестердің өзара байланысқан жиынтығы.

Операция — бір немесе бірнеше жұмысшылардың, бір немесе бірнеше өндіріс объектілерімен бірқатар әрекеттерден тұратын және бір жұмыс орнында орындалатын өндіріс процесінің бөлігі.

Өндірістік процестің операциялары негізгі, қосалқы қызмет ететін болып бөлінеді.

Шикізат пен материалдарды дайын өнімге айналдыру барысындағы өндірістік процестер негізгі деп аталады.

Көмекші процестер негізгі өндіріске қажетті өнімдер өндіру және қызмет көрсетуге бағытталады. Оларға аспаптарды, технологиялық жабдықтарды және бөлшек запастарын дайындау, жабдықтарды жөндеу және т.б. жатады.

Қызмет етуші процестер негізгі өндіріспен тығыз байланысты. Олардың негізгі міндеті – кәсіпорынның барлық бөлімшелерінің тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету. Оларға цех арасындағы және цех ішіндегі көлік, материалдық-техникалық ресурстарды сақтау және қоймалау және т.б. жатады.

Өндірістік процестер дайындау, өңдеу және құрастыру кезеңдерінен тұрады.

Дайындау өндірістік процесі шикізаттар мен материалдарды қажетті дайындамаларға (дайын өнімнің өлшемі мен формасына жақын дайындамаларға) айналдырады немесе сатып алады. Мысалы, машина құрылысында - темір соғу және құю процестері болса, ал тігу өндірісінде - пішу және материалдарды кесу процестері болады.

Өңдеуші процестер кезіңде дайындамалардан өңдеу (механикалық, термиялық, физика-химиялық) арқылы жаңа бөлшектер алынады.

Құрастырушы өндірістік процестер кезінде бөлшектерден жаңа өнімдер құрастырылады (құрастырылатын, аспатық процестер, ылғалды-жылу өңдеу және т.б.)

Еңбек затына жасалатын операциялардың сипаты бойынша өндірістік процестер қарапайым және күрделі болып бөлінеді.

Қарапайым процесс – бұл еңбек затына өзара байланысқан бірқатар операциялардың кезекті ықпал ету өндірістік процесі, оның нәтижесінде дайын немесе жартылай өнім алынады.

Күрделі процесс – бұл бірнеше өнім бөлшектерін (жартылай фабрикаттарды) біріктіру жолымен, жаңа өнім (жартылай өнім) алу өндірістік процесі. Күрделі процесс әдетті, параллельді-кезекті орындалатын қарапайым процестердің жиынтығы болып табылады.

Жұмысты қамту деңгейі бойынша, процестің соңғы нәтижесіне жету үшін өндірістік процестер толық және бөлшекті болып бөлінеді.

Толық процесс – бұл берілген процестің соңғы нәтижесін алу үшін қажетті толық жұмыстар кешенін қамтитын өндірістік процесс.

Бөлшекті процесс - бұл берілген процестің соңғы нәтижесін алу үшін қажетті, бірақ жұмыстың бір ғана бөлігін қамтитын, толық өндірістік процестің аяқталмаған бөлігі болып табылады.

Өндірістік процестердің техникалық жабдықталуының деңгейіне байланысты, қол еңбегімен жасалатын, жартылай механикаландырылған және кешенді механикаландырылған деп бөлінеді.

Қол еңбегімен жасалатын процестер деп машина немесе механиканың көмегінсіз орындалатын өндірістік жұмыстарды айтамыз.

Жартылай механикаландырылған процестер қол еңбегін жекелеген операцияларды орындауда машиналармен ауыстыруды сипаттайды.

Кешенді механикаландырылған процестер барлық өндірістік операцияларды өзара байланысқан машиналар мен механизмдер жүйесімен орындау.

2. Процестер типтері және өндіріс типтері

Өндірістік тип – жасалатын өнімнің номенклатурасымен бір аттас өнімді дайындау номенклатурасы, көлемі және ретті өндіру деңгейі негізделген, өндірістің ұйымдастырушы-техникалық және экономикалық ерекшеліктерінің жиынтығы.

Шығарылатын өнімнің номенклатурасы мен көлемі өндірістің бірлестіру және мамандану шоғырландыру деңгейін анықтайды. Өндірістің мамандану деңгейі өндірістік процесті ұйымдастырудың сол немесе басқа типін құруға ықпал етеді.

Тәжірибеде өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру үш типке бөлінеді: массалық, жекелеген және сериялық. Олар бір-бірінен номенклатура тұрақтылығымен, жұмыс орындарының мамандану деңгейімен, шығарылатын өнім көлемімен, жұмысшылар мамандануымен ерекшеленеді.

Жекелеген өндіріс өнімнің кеңейтілген ассортиментімен және бірдей өнімдерді аз көлемде шығарумен сипатталынады. Оның үлгілері қайталанбайды немесе жиі қайталанбайды. Жұмыс орындарында тереңдетілген мамандандырылу болмайды. Жекелеген өндіріс станок жасайтын, кеме жасау, ірі су турбиналарын өндіруге, жалға берілетін станоктар және басқа да бірегей жабдықтар жасайтын кәсіпорындарға тән.

Массалық өндіріс үшін үлкен өндірістік көлемдерде шығарылатын өнім номенклатурасы тән. Мұнда арнайы құрал-жабдықтар, арнайы аспаптар және технологиялық жабдықтар қолданылады. Жұмысшылар шектеулі шеңбердегі операцияларды орындайды, бұл өз кезегінде осы операцияларды тез және сапалы орындауға мүмкіндік береді.

Сериялық өндіріс өнімнің шектелген ассортиментін жасаумен сипатталады. Оның салыстырмалы шағын номенклатурасында технологиялық және конструктивті ұқсас өнім шығарылады. Белгілі бір уақыт аралықтары арқылы өнім партиялары (сериялары) қайталанады. Өндіріс партияларының шығарылатын көлеміне байланысты, өндіріс шағын сериялы, орта сериялы және ірі сериялы болып бөлінеді. Сериялық өндірісте ұқсас технологиялық процестерді орындау үшін жекелеген жұмыс орындарын мамандандыруға болады. Өнімнің өзіндік құн деңгейі жұмыс орындарын мамандандыру, орташа мамандандырылған жұмысшылардың еңбегін кең қолдану, өндірістік аудандар мен жабдықтарды тиімді қолдану, жекелеген өндіріспен салыстырғанда еңбек ақыға кететін шығындардың төмендеу есебінен төмендейді.

3.4.1 кесте - Өндірісті ұйымдастыру типтерінің сипатаммасы

Фактор Жекелеген Сериялық Массалық
Номенклатурасы Шектелмеген Сериямен шектелген Бір немесе бірнеше өнім
Шығару қайталанғыштығы Қайталанбайды Кезеңдік қайталанады Тұрақты қайталанады
Қолданылатын құрал-жабдық Әмбебап Әмбебап, жартылай мамандандырылған Негізінде мамандандырылған
Құрал-жабдықты орналастыру Топтық Топтық және бағалы Бағалы
Технологиялық процесті дайындау Ірлендірілген әдіс Толық, бөлшектенген Бөлшектенген, операциялық
Станоктарға операцияларды және бөлшектерді бекіту Арнайы бекітілмеген Станоктарға белгілі операциялар мен бөлшектер бекітілген Әрбір станокта бір операция орындалады
Жұмысшылардың квалификациясы Жоғары Орташа Жоғары емес
Өзара ауыстырылуы Толық емесе Толық Толық
Өнім бірлігінің өзіндік құны Жоғары Орташа Төмен
Өндірісті ұйымдастырудың негізгі принциптерінің жүзеге асырылу деңгейі Процестердің үзілмелділік деңгейі төмен Өндірістің орташа деңгейде Өндірістің ағымдылығы және үзілмелділігінің деңгейі жоғары

3. Өндіріс циклі және оның кезеңдері

Өндірістік цикл – бұл өндіріске шикізат пен материалдарды қосу кезінен бастап дайын өнімнің шығуына дейінгі күнтізбелік кезең уақыты.

Процесс циклінің ұзақтығы - оның басталу кезінен аяқталу кезіне дейінгі уақыт кесіндісі.

Өндірістік цикл – бұл өндірістік процесті орындау ұзақтығы. Технологиялық цикл - бұл берілген технологиялық процестің барлық технологиялық операцияларын орындау уақытының ұзақтығы. Операциялық цикл – бұл өнім партиясын орындау операцияларының ұзақтығы. Операцияны орындау уақыт нормасы – бұл бір өнім өндіру операциясының ұзақтығы.

Өндірістік цикл (Тц) екі кезеңнен тұрады:

· өндіріс процесінің жүру уақыты;

· өндіріс процесіндегі үзілістер уақыты.

Технологиялық цикл немесе жұмыс кезеңі деп аталатын, өндіріс процесінің жүру уақыты келесілерден тұрады:

ü дайындап-аяқтайтын операциялар уақыты (Тпз);

ü технологиялық операцияларға арналған уақыт (Ттехн);

ü табиғи технологиялық процестердің жүру уақыты (Тест.пр);

ü өндіріс процесіндегі тасымалдау уақыты (Ттранс);

ü техникалық бақылауға арналған уақыт (Ттехн.к).

Өндіріс процесіндегі үзілістер уақыты – бұл уақыт ішінде еңбек затына ешқандай ықпал жасалынбайды және оның сапалық қасиетінде ешқандай өзгерістер болмайды, бірақ өнім дайын деп есептелінбейді және өндіріс аяқталмаған болып табылады. Өндіріс процесіндегі үзілістер уақыты келесілерден тұрады:

ü операциялар арасындағы тоқтап тұру уақыты (Тмежопер.пролеж);

ü ауысым арасындағы тоқтап тұру уақыты(Тмежсмен.пролеж).

Осылайша, өндірістік цикл келесідей формуламен анықталады:

Тц = Тпз + Ттехн + Тест.пр + Ттранс + Ттехн.к + Тмежопер.пролеж + Тмежсмен.пролеж

Дайындап-аяқтайтын операциялар уақыты – бұл жұмысшының (бригаданың) өндірістік тапсырманы орындау үшін өз жұмыс орнын және өзін дайындауға және де оны аяқтау бойынша барлық әрекеттерге кететін уақыты. Оған материал, арнайы аспап және көмекші құрылғы, наряд алу және құрал жабдықты жөндеу уақыты жатады.

Технологиялық операциялар уақыты - бұл жұмысшының өзімен немесе оның басқаруымен машина және механизмдер арқылы еңбек затына тікелей ықпал ету уақыты.

Табиғи технологиялық процестердің жүру уақыты – бұл адам және техниканың ықпалынсыз еңбек заттарының қасиеттерінің өзгеру уақыты (боялған немесе қызып кеткен өнімді ауа арқылы кептіру, өсімдіктердің өсуі мен пісуі, кейбір өнімдерді ашыту және т.б.).

Техникалық қызмет көрсету уақытын құрайтын, өндіріс процесіндегі тасымалдау уақыты мен техникалық бақылауға арналған уақыт келесілерден тұрады:

ü өнімді өңдеу сапасын бақылау;

ü жабдық және машина жұмысының кестесін бақылау;

ü материалдар мен дайындамаларды әкелу, өңделген өнімді қабылдау және тазалау.

Операциялар (ауысымдар) арасындағы үзілістер келесілерге бөлінеді:

ü партиялық үзілістер – бөлшектерді партиямен өңдеген кезде пайда болады.

ü күту үзілістері – технологиялық процесстің аралас операцияларының ұзақтығының келісімсіздігіне байланысты пайда болады.

ü жинақтаудағы үзіліс – бір жинаққа кіретін кейбір бөлшектердің аяқталмауына байланысты пайда болады.

ü ауысым арасындағы үзілістер – жұмыс кестесімен (ауысым саны және ұзақтығымен) және жұмыс ауысымдары арасындағы демалыстар мен мереке күндері, тамақтану үзілістерімен анықталады.

4. Өндіріс қуаттылығы және өндірістік қуаттылықты есептеу әдістемесі

Қуаттылық – бұл белгілі кезеңдегі жүйенің максималды мүмкіндігі. Өндірістік қуаттылық өндірістің шығару мөлшерін күнтізбелік кезеңде (апта, ай немесе жыл) анықтайды.

Кәсіпорынның (цех, учаскенің) өндірістік қуаттылығы - бұл белгіленген мамандығына, өндірістің кооперациясына және жұмыс тәртібіне сәйкес, белгілі кезеңде (бір жылда, тәулікте, ауысымда) максималды өнім шығаруға оған бекітілген еңбек құралдарының (машина, құрал-жабдық және өндірістік аудандардың технологиялық жиынтығы) мүмкіндігі.

Өндірістік қуаттылық көбінесе, жоспарланған өнім шығару көлеміне сәйкес натуралды (натуралды-шартты) бірлікте, ал кей жағдайда құндық мағынада, станок-сағат ретінде есептелінеді.

Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын есептеу үшін келесідей бастапқы мәліметтер қолданылады:

1. Құрал-жабдықтың саны, құрамы мен техникалық жағдайы және өндірістік аудандар туралы мәліметтер. Есепке кәсіби-техникалық оқыту үшін мамандандырылған учаскелер мен тәжірибелік-эксперитментальды құрал-жабдықтар және резервтегі құрал-жабдықтардан басқа, негізгі өндірістің барлық қолда бар құрал-жабдықтары (оның ішінде жөндеуге, ақауға және модернизацияға байланысты әрекетсіздер санына жататындар) кіреді.

2. Құрал-жабдық өнімділігінің техникалық мөлшері және шығарылатын өнімнің еңбек сыйымдылығы. Жаңадан салынған кәсіпорындар үшін құрал-жабдықтың өнімділігі негізінде құжаттық мөлшерлері, ал жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін – өнімділіктің техникалық негізделген (құжаттық мөлшерден төмен емес) көрсеткіштері алынады.

3. Кәсіпорынның жұмыс тәртібі және құрал-жабдықтың жұмыс уақытының қоры. Есептеу кезінде максималды мүмкін жабдық жұмысының жоспарлы жылдық уақыт қоры алынады.

Үздіксіз жұмыс істейтін агрегаттар (домналық және мартендық пештер, химиялық агрегаттар және т.с.с) үшін жоспарлы уақыт қоры (Тнепр) келесі формуламен есептелінеді:

Тнепр = (365 - tк.р – tп.тех) х 24 ч

Мұнда tк.р – күрделі және жоспарлы алдын-ала жөндеу жүргізу үшін норматив бойынша қажетті уақыт;

tп.тех – жабдықтар мен агрегаттардың технологиялық тоқтап тұруы үшін қажетті уақыт;

Үзілмелі жұмыс істейтін жабдық үшін жоспарлы уақыт қоры (Тпрер) келесі формуламен анықталады.

Тпрер = [(365 – tв – tк.р.) х Kсм х tсм] х [(100 - Ппр) / 100]

мұнда tв – жылдағы демалыстар мен мерекелік күндер саны;

tк.р – күрделі және жоспарлы алдын-ала жөндеу күндерінің саны, егер жұмыс уақытында жүргізілетін болса;

Kсм – тәуліктегі жабдықтың ауысым жұмысының саны (кәсіпорындар үшін екі немесе үш ауысымдық жұмыс тәртібі қолданылуы тиіс);

tсм – ауысым ұзақтылығы;

Ппр – жоспарлы ағымдық тоқтап тұрулардың үлесі.

4. Шығарылатын өнімнің номенклатурасы және оның бағдарламадағы сандық қатынасы. Есептеуде шығарылатын өнімнің жоспарлы номенклатурасы мен ассортименті (еңбек сыйымдылығы) қолданылады. Орташа жылдық қуаттылықты есептеу кезіңде өнім номенклатурасының өзгеру (азаю немесе көбею) есебінен қуаттылықты көбейту (азайту) көлемі толық өлшемде есептелінеді.

Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы негізгі (бастапқы) өндірістік бірліктердің (цехтар, учаскелер) қуаттылығы бойынша анықталады: Цехтардың, учаскелердің өндірістік қуаттылығы негізгі технологиялық жабдықтың (агрегаттар, қондырғылар, жабдықтар тобы және т.б.) қуаттылығы бойынша анықталады.

Бір типті затқа-мамандандырылған (тоқыма станоктары, иіретін машиналар және т.с.с.) жабдықпен жабдықталған цехтың, учаскенің өндірістік қуаттылығы (Мr) келесі формула бойынша анықталады:

Mr = Пч х Фпл х Н

мұнда ПЧ – жабдықтың сағаттық өнімділігі;

Фпл – жабдық бірлігінің жұмыс уақытының жоспарлы жылдық қоры;

Н – осы жабдық түрінің орташа жылдық паркі;

Кезеңділік жұмыс істейтін агрегаттардың (химиялық агрегаттардың және т.с.с.) өндірістік қуаттылығы (Мr) келесі формуламен есептелінеді:

Mr = Вм х (Фпл / tц.п) х КВГ

Мұнда Вм – шикі материалдар массасы;

ФПЛ - жабдық бірлігінің жұмыс уақытының жоспарлы жылдық қоры;

Tц.п – шикізатты қайта өңдеу циклінің ұзақтығы;

КВГ – шикі материалдардан шығатын дайын өнімнің коэффициенті.

Массалық және ірі сериялық өндіріс цехтарының өндірістік қуаттылығы (Мr) конвейер жұмысының тактісі немесе ырғағы және жоспарлы уақыт қорыны есебінен анықталады.

Mr = Фпл / tед х Н

мұнда ФПЛ - жабдық бірлігінің жұмыс уақытының жоспарлы жылдық қоры;

tед – өнім бірлігіне жұмсалған уақыт шығыны;

Н – бір типті жабдықтың орташа жылдық саны;

Бас цехтың өндірістік қуаттылығы (Мц) келесі формуламен есептелінеді:

Мц = М1 а1 + М2 а2 + … + Mn an

Мұнда М1 , М2, … Мn – бір типті жабдық түрлерінің жылдық өндірістік қуаттылығы;

а1, а2, …,an – осы жабдық түрлерінің бірліктер саны.

Тұтас кәсіпорын бойынша өндірістік қуаттылық бас учаскелер мен цехтар бойынша жүктілікті алдын-ала теңестіру негізінді анықтау, яғни жабдықтарды оның топтары және кезеңдері бойынша қолдану деңгейіне байланысты келістіру.

Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын қолдану деңгейі қуаттылықты қолдану коэффициентімен (Ки и) сипатталады, ол келесі формула негізінде анықталынады.

Ки и = Оф / Мср.r

мұнда Оф – нақты шығарылған өнім көлемі;

Мср.r – орташа жылдық өндірістік қуаттылық.

Өндірістік қуаттылық кіріс, шығыс, жобалық және орташа жылдық қуаттылыққа бөлінеді.

Кіріс қуаттылығы - бұл ағымдық жылдың 1 қаңтарындағы немесе нақты күніндегі кәсіпорынның (цехтың, учаскенің) өндірістік қуаттылығы.

Шығыс қуаттылығы (Мк) – бұл жоспарлы кезеңнің соңындағы кәсіпорынның (цехтың, учаскенің) өндірістік қуаттылығы, ол келесі формула негізінде есептелінеді:

Мк = Мн + Мс + Мр + Мn + Миз – Мв

Мұнда Мн – кезең басындағы өндірістік қуаттылық;

Мс – құрылыс нәтижесінде қуаттылықты енгізу;

Мр – кәсіпорынды реконструкциялау себебінен қуаттылықтың өсуі;

Мn – техникалық жаңғырту немесе басқа да шаралар нәтижесінде қуаттылықтың артуы;

Миз – өнім номенклатурасының (еңбек сыйымдылығының) өзгеру есебінен қуаттылықтың артуы (азаюы);

Мв – жабдықтың істен шығып қалу себебінен қуаттылықтың азаюы.

Кәсіпорындар (цехтар, учаскелер) бойынша іске енгізілген, бірақ игерілмеген қуаттылық, өндірістік қуаттылық ретінде жобалық қуаттылық алынады.

Орташа жылдық қуаттылық (Мгод) – бұл кәсіпорынның орташа есепті кезеңдегі немесе бір жылдағы қуаттылығы, ол баланстық әдіс негізінде анықталынады:

Мгод = Мн + ∑ (Мвв х Чвв) / 12 - ∑ (Мв х Чв) / 12

мұнда Мн – кезең басындағы өндірістік қуаттылық;

Мвв – бір жыл ішінде іске енгізілген қуаттылық;

Чвв – іске енгізілген қуаттылықтың эксплуатациялық айлар саны;

Мв – жыл ішінде есептен шыққан қуаттылық;

Чв – қуаттылықтың есептен шыққан кезеңінен бастап жыл соңына дейінгі айлар саны.

Наши рекомендации