Ежелгі дүниедегі саяси идеялар
Саяси ілімдер алғашқыда Ежелгі дүниеде пайда болды. Осы ілімдердің көптеген ой-желісі саяси ойдың бұдан кейінгі дамуына айтарлықтай ықпал етті.
Идеялары одан кейінгі саяси ойға қомақты ықпал еткен ойшылдардың қатарына көне шығыс философтары – Зороастра, Лао-Цзы, Конфуций, Шан-Ян Мо-цзы, Махавира, Сиддхартха (Будда), Каутилья және ежелгі грекия философтары – Сократ, Демокрит, Платон, Аристотель, сондай-ақ ежелгі Рим философтары – Лукреций мен Цицерон жатады. Олар тек философ қана болып қоймады, сонымен қатар тереңнен ойлайтын саяси ойшылдар да болды.
Шығыстың саяси ойы.Ежелгі Шығыс қоғамы көптеген білім саласында ойшылдарға бай болды. Әсіресе саяси ой ерекше дамыды. Біз тек аса белгілі ойшылдар – Зороастра, Конфуций және Каутильяның көзқарастарына тоқталамыз. Олар әйгілі ғылыми шығармалар мен әлеуметтік-саяси ойларды туындатқан Шығыстың, жалпы бүкіл әлемнің ұлы ғалым-энциклопедистері болып табылады. Олардың дүниеге келіп, қайтыс болғанынан бері мыңдаған жылдар өтті, бірақ адамзат бұрынғысынша олардың шығармаларынан даналықтың көзіне кенеліп, шабыт алуда.
Зороастра Парсының, Шығыстың ірі ойшыларының қатарына жатады. Ежелгі парсылардың ерте мифтік көзқарастарының жаңаруы Зороастраның есімімен байланысты, оның ілімі ежелгі дүниеге мейлінше кең тарап (Таяу Шығыс, Алдыңғы Азия, Үндістан, Грекия), христиан доктринасының қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті. Зороастраның көзге түскен уақыты б.д.д. IX – VII ғасырлар; б.д.д VII ғасырға таман зороастризм – саяси ойдағы ағым және ілім болып қалыптасқан еді.
Әлемде бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі бастаудың – жақсылық пен жамандықтың күресі Зороастраның философиялық-саяси ілімдерінің негізгі қағидасы болып табылады. Жақсылықтың бастауы жарық күндей Ормузда құдайының патшалық құруын бейнелейді, жамандықтың бастауы қараңғы түн сияқты Аримана құдайының патшалығын бейнелейді. Жақсылық пен жарық адамның жамандық пен қараңғыға қарсы күресін, белсенді қызметін ұйғарады. Мұндай күрес болмыстың жағымды мәні мен мақсатынан тұрады. Жамандықтың уақытша салтанат құратынына қарамастан, түптеп келгенде, Зороастра жеңіс пен жақсылық жағында болатынын айтты.
Мемлекет, зороастризмге сәйкес, Ормузданың аспандағы патшалығының жердегі іске асуы болуы тиіс. Монарх-қызметші Ормузда қол астындағыларды жамандықтан қорғауы тиіс, мемлекеттегі жамандыққа қарсы күресіп, жақсылықты нығайтуы керек. Осындай монарх басқарған Парсы державасы, сайып келгенде, жамандықтың күшін бірте-бірте шектеп, жақсылықтың билігін кеңейтеді. Мұндай қоғамның сословияға бөлінуі әркімнің қайсыбір еңбек түрімен айналысуын еркін таңдауына негізделуі тиіс; жекелеген сословияларды басқару өз ісінде аса жақсылықшыл адамдарға берілуі керек. Ормузданың қызметшілерін Зороастра өзара сүйіспеншілікке, кешірімпаздыққа және бейбітшілікке шақырады.
Зороастризмде, сонымен бірге, дүниенің бітуі туралы, құтқарушының тууы жөнінде, о дүниедегі құрметтеу немесе жазалау және өлілердің тірілуі туралы эсхатологиялық идеялар да бар.
Сонымен бірге, Ежелгі дүниедегі бірден-бір ықпалды саяси ілім – конфуцияндық болды. Бұл Ежелгі Шығыстағы басты идеялық-саяси ағымдардың бірі еді. Оның негізін қалаушы біздің заманымызға дейін 551-479 жылдары Қытайда өмір сүрген Конфуций (Кун – фамилиясы, Цзы – ұстаз дегенді білдіреді).
Дана философ және этикалық ілімнің негізін қалаушы Конфуцийдің Қытай халқының өміріне жан-жақты әсер еткені ешбір талас тудырмайды. «Алтын ереже» деген атаумен мәлім болған оның этикасындағы негізгі принциптерінің бірінде былай делінген: «Егер басыма келмесін десең, өзіңе де жамандық жасамасын десең, өзгеге де соны жасама». Ал, Конфуцийдің айтқан нақыл сөздері мен даналық ой-пікірлерлері «Лунь-юй» (Сұхбат пен ой-пікірлер) атты кітапта жинақталған.
Конфуций Қытайдың түрлі патшалықтарында әртүрлі дәрежедегі қызметтер атқарса да, өзінің негізгі мақсатына жете алмады. Нәтижесінде ол шенеуніктік қызметтің қызығы мен рахатын көкейіндегі этикалық-саяси көзқарасы мен ойларын көпке жеткізуге асыққан мақсаттарға айырбастады. Ғұлама ойшылдың уағыздары, әсіресе, қызметкер шенеуніктіктер арасында кеңінен қолдауға ие болды. Оқу мен білімге құмар барша қауым оның шәкіртіне айналды. Аңыз бойынша олардың жалпы саны үш мыңның ар жақ, бер жағында болса, оның ішіндегі ұстазына ең жақын-ау дейтіндері 72 адам, ал онымен күні-түні бірге болған шәкірттерінің саны 12-ге жетсе керек-ті. Бұл адамдар түрлі патшалықтардан келген әр қилы жастағы әрі сан қилы қызмет иелері болатын-ды.
Таң династиясы кезеңінде (618-907жж.) Конфуцийға «Бірінші әулие» атты құрметті атақ берілсе, Мин династиясы (1368-1644жж.) оған «Ұлттың ұлы ұстазы» деген дәреже сыйлады.
Конфуцийді негізінен қоғамды қандай жолдармен жетілдіру мен мемлекетті қалай сәтті басқару мәселелері шамадан тыс толғандырғанын атап өткен жөн. Бір ғажабы, оның осынау күрделі мәселені қатаң тәртіп пен белгілі бір тәрбиелік ұстанымдардың көмегімен жүзеге асырмақ болған ниеті де және оған қоса шектен шыққан қызулыққа берілмей көбіне-көп «тепе-тендік» және «ортаның принциптерін» місе тұтқаны да белгілі болып отыр. Түрлі ұсақ иеліктерге бөлініп, қырықпышақ боп қырқысып жатқан Қытайдағы патшалықтардың басын бір орталыққа бағынған мемлекетке біріктіруді басты мақсатына айналдырған ол, сонымен бір мезгілде, халықтың тәлім-тәрбиелік күш-қуатын жоғарғы деңгейлерге көтеру мен оны кәдімгідей «бақытты» ету үшін бар күш-жігерін сарп етті.
Қытайдағы әлеуметтік тәртіптің негізі, Конфуцийдің ойынша, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылыққа, жердегі әділдікке сүйенуге тиіс болатын және мұндай қоғамда әркім өзінің құқығы мен мемлекет алдындағы міндеттерін терең сезінуі арқылы бұған дейін қағидаға айналған моральдік-этикалық принциптерді көзден таса қылмауы керек-ті. Оның пікіріне құлақ түрсек: патша – патша, бағынышты – бағынышты, әке – әке, ал, ұл – ұл болуы тиіс. Конфуцийдің ойынша, мемлекетті тек патшаның («Көктің ұлы») өзі бас болған салиқалы азаматтар басқаруы тиіс. Өкімет басшысы яғни, «Көктің ұлы» – Көктің жердегі «өкілі». «Құдайлық негізі» бар патша арқылы аспан өз әмірін іске асырады. Әрине, Конфуций патшаның билігін шырқау биікке көтере білді. Ол тек қана Көктің жердегі өкілі міндетімен ғана қанағаттанып қоймай, адамдар әлемі мен Құдайлар, яғни рухтар әлемінің екі ортадағы дәнекері болуға тиіс-тін. Оны «Көктің ұлы» және «жердің әкесі» деп атады. Әулие бола отырып, император тек Көктің алдында ғана жауапты болуға тиіс. Өйткені ол тақ пен билікті тек осы Көктен алды. Билеуші әділ боп, өзінің қарамағындағылардың қамын ойлаған күнде Көк барша халыққа мейірімін төгеді; ал егер патша әділ болмаса елді аштық пен жұт және соғыс пен әлеуметтік бүліктер жайлап алады. Нақ осылай Көктегі Құдай жердегі билеушіні тәубесіне келтіреді.
Осыған байланысты императордың жеке басы мен іс-әрекеттеріне және бойындағы қасиеттеріне байланысты қайсыбір сұрақтар туындайды: ол қандай болуы керек және оның өзі кімді үлгі тұтпақ? Ал Конфуцийге жүгінсек, оның абстрактілі-утопиялық бейнесі «жан-жақты жетілген» әрі «адамгершілігі мол» адамды сомдайды. «Әбден жетілген адам» екі бірдей қасиетті адамгершілік және бойдағы парызды арқа тұтқаны жөн.
Адамгершілік Конфуцийдің пікірінше, қарапайымдылықпен, әділдікпен, сабырлылықпен, жомарттықпен және адамдарға деген шексіз махаббатпен астасып жатыр. Адамгершілік парыз дегеніміз – адамгершілігі жоғары адамның иығына өз еркімен артқан қияметі мол ауыр жүгі. «Әбден жетілген адам» адал және мінсіз, ақкөңіл де ақжарқын, әрі өзінің сөйлеген сөзі мен істеген ісіне мығым, көзі қарақты болуы тиіс. Конфуцийдің пікірінше, мемлекет басшысына тек «Әбден жетілген адам» лайық.
Конфуций ілімінде Ли жөніндегі тәрбиелік мәні орасан зор, тәлімгерлік-саяси нормаларға айрықша назар аударылады. Ли деген ұғымның аясы анағұрлым кең екендігін және оның «әдет-ғұрып», «салтанатты рәсім», оған қоса «этикет» пен «ар-ұятты» нақыштайтынын айтып өткен лазым. Ли ілімімен билеуші мен оның құзырындағылар, үлкендер мен кішілер және әкелер мен балалар арасындағы сияқты қарым-қатынастың үш типі мәңгі-бақи және өзгеріссіз өмір сүрген қоғамдағы адам мінез-құлқының қалыпты нормалар тәртібі белгіленді.
Конфуцийдің аса маңызды өсиеттерінің бірі – баланың әке-шешесіне деген махаббаты және алдымен әкесіне деген шексіз сүйіспеншілігі. Балалар тек қана ата-аналарының айтқандарымен жүргенді ғана қанағат тұтумен шектелмей, оларды жан-тәнімен сүюге міндетті әрі олардың айтқандарын екі етпеуге тиіс. Егер адам өзінің ата-анасын сүймесе және өзінің ата-ана алдындағы борышын мойындамаса, ол – делқұлы, есерсоқ немесе есі дұрыс емес адам. Конфуцийдің бұл көзқарасын XXI ғасыр есігін ашып отырған ұрпақ өкілдері, оның ішінде тек қытайлық жастар ғана емес, барша әлем жастары, қазақтардың урбанизация тәлкегіне ұшыраған ұрпақ өкілдері де үнемі жадында ұстағаны абзал.
Ғұламаның тағы бір қыры оның халықты оқу мен білімге шақыруынан да байқалады. Ол, әсіресе, адамдардың өмірі мен мінез-құлқына, олардың салт-дәстүрлері мен өзара қарым-қатынастарына ерекше көңіл аударуға кеңес береді. «Мені жұрт білмейді деп қынжылма, керісінше, өзім жұртты білмеймін деп қынжыл» – бұл да қытай ойшылының ауызынан шыққан дуалы сөз.
Конфуцийдің грек ойшылы Сократтан анағұрлым биікте тұрғандығын да айтып өту қажет. Қытай ғұламасының өз шәкірттеріне бағыштаған сөздеріне қарағанда, шын мәніндегі білім түбегейлі ақиқатқа сүйенуі керек, ал нені білмейді екенсің, соны – білімсіздік деп ұққан жөн. Оның шәкірттеріне берген ақылының ішіндегі ең бір маңыздысы: «Көп тыңдай отырып, ақиқат пен күмәннің арасын ажырата білу шарт, ал қалғандары хақында байқап, аңысын аңдып сөйлеген жөн, мұндай сәтте кінарат тағу да азая түседі; көп сезіп, көп байқау арқылы мәселенің қауіпті тұсын артқа тастай білу керек, ал одан өзгесінде аяғыңды аңдап басқаның лазым, мұндайда өкініштің жолы жіңішкере түседі; ал егер айтылған сөзге орай тағылар кінә мардымсыз болса және істеген ісіңде қынжылып, бармақ тістерліктей дүние аз болса, айың оңынан туды дей бер».
Көрнекті саяси ойшыл Конфуцийдің көріпкелдігі мен адамдардың, тұтас халықтар мен династиялардың болашағына қатысты ой-пікірлерлерін де көңілден таса қылмаған дұрыс. Оның басты демократиялық идеясы барша адамзаттың теңдігіне қатысты ойлардан туындайды. Халықтар мен мемлекеттер арасындағы қатынастарды Конфуцийдің бүкіл қоғам мүддесіне орай екшелеп, бағыттап отырғаны аян.
Әлеуметтік шырғалаңдар, өткір тап күрестері мен көршілес патшалықтар арасындағы өзара қырғи-қабақ соғыстарды үзілді-кесілді тоқтату жолындағы оның дүниедегі баяндылық пен бейбітшілікті үндеген ойлары да өзіне ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Соғыс, оның пікірінше, мемлекеттер арасындағы кикілжің-жанжалдарды ретке салудың бірден-бір жолы емес. Конфуцийдің соғыс пен бейбітшілікке қатысты терең мағыналы ойлары бүгінде де өз күшін жоя қойған жоқ. XXI ғасыр табалдырығын аттап отырған шағымызда оның бұл идеяларын әбден құлағымызға сіңіп, зәрезап болған кәдімгі «қарабайыр пафицизм» деп бағаламау керек.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, алдымен Конфуций ілімінің әлемдегі ең бір көне мәдениеті бар Қытайдай алып елдің қоғамдық-саяси және рухани өміріне ғасырлар бойы тигізген өлшеусіз ықпалы турасында ерекше атап өткен жөн. Оған әрбір қытайлықтың бесіктен белі шықпай жатып-ақ, Конфуцийдің тәрбиелік-этикалық өсиеттерімен нәр алатындығы куә болса керек-ті. Конфуций ілімінің Қытайдай ұлы елдің мемлекеттік идеологиясына айналғанына да екі мың жылдан асып бара жатыр.
Ал арнайы діни тұрғыда Конфуций ілімі бүгінде 300 миллионнан аса қытайлықтарға ресми дін болып табылады, ал Конфуцийдің өзі Құдаймен теңестіріліп, оның құрметіне сансыз ғибадатханалар салынды. Конфуцийдің ілімін таратушылар өздерінің ұстазын көктегі Күнге, аспандағы Айға теңеп, оның ілімін тек «Көкке апарар» баспалдақтармен өрмелеу арқылы, яғни тер төгу арқылы ғана меңгеруге болатындығын үнемі тілге тиек етуде. Сонымен қатар, өзге дүниеде рахат кешуге үндеген басқа діндермен салыстырғанда Конфуций діни ілімінің нақ осы өмірдегі көрер қызықтарға жетелейтіндігін де ойдан шығармаған жөн.
Конфуцийлік әлеуметтік-саяси ілімнің негізгі басты проблемасы халықтың ой-арманымен және бақытты болашақты көксеген қиялдарымен терең ұштасып жатыр деуге толық қақымыз бар. Мемлекет – халықтың талап-тілегі мен мұқтаждығын іске асырар құрал. Халықтың шынайы сенімінсіз мемлекет те болмақ емес. Демек, оның сеніміне тек адамдарға жасалынған қамқорлық арқылы ғана қол жетпек. Конфуций болса алдымен халықты ішер аспен, киер киіммен қамтамасыз етіп, содан соң барып жоғары моральдық мақсаттарға шақыруды үндеген еді.
Әрине, ол өзінің идеяларын іс жүзіне асыру барысында айтарлықтай нәтижелерге жете де қойған жоқ. Мұның өзі әбден заңды да. Әйтсе де оның идеясы мен ілімінің XXI ғасырға аяқ басқан Қытай елінің саяси мәдениеті мен идеологиясының өзегі боп отырғандығын да естен шығармауға тиіспіз.
Шығыстың әсіресе, Үндістанның әлеуметтік-саяси және философиялық идеяларын зерттеуде Каутильяның әйгілі «Артхашастра» (Саясат туралы ғылым) еңбегінің айтарлықтай маңызы зор. Каутилья біздің эрамызға дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген. Айта кететін бір нәрсе, Чанакья есімімен аты шыққан Каутильяның Маурья империясы заманында ірі саяси қайраткер болғандығы. Ертедегі үнді қоғамдық ойына арналған және Үндістандағы саяси ойға қазіргі ғылыми көзқарастарды барынша өзгерткен Каутильяның «Артхашастра» шығармасы тарихты зерттеудің тұтас ағымын туғызды. Джавахарлал Неру Каутильяны ежелгі үнді империясын құру мен дамытуда үлкен рөл атқарған ірі ойшыл-ғалым, Үндінің Николло Макиавеллиі деп атады.
Неру былай деп жазады: «Ақылымен де, ісімен де Макиавеллиді басып оза отырып, ол барлық қарым-қатынаста да айтарлықтай неғұрлым ірі тұлға болды... »[5].
Патша Чандрагуптаның бас кеңесшісі және министрі ретінде Каутилья мемлекетті нығайтумен ұлғайтуға, оның ішкі және сыртқы саясатын жүргізуге тікелей атсалысты. Каутилья Маурья империясын кеңейтуді, патша өкіметін нығайтуды, мемлекеттік билік аппаратын құруды және т.б. практикалық іс-шаралар белгілеуді өзіне мақсат етті.
Артхашастра негіздерін немесе саясат туралы ғылымды Каутилья б.з.д. IV ғасырдың соңғы ширегінде жасаған еді. Каутилья «Артхашастрада» сол уақыттағы саяси өмірдің, соның ішінде патшаның міндеттері мен мінез-құлқы туралы, министрлерінің міндеттері мен рөлі, жау мемлекеттерді бақылаудың тәсілдері туралы, шаруашылықты басқару жөнінде, жерді бөлу, әртүрлі касталардың міндеттері, сыртқы саясатты жүзеге асырудың, соғысты жүргізудің, бітім жасаудың әдістері туралы және т.б. барлық мәселелерді қарастырады.
Каутилья «Артхашастрада» қоғамдық өмірдің сипатын, тоқыраудың себептерін және халықтар өмірінің даму мәселесін көтерді. Оның халықтардың өмірі туралы, шаруашылықты дамыту жөніндегі барлық пайымдаулары әдеттегідей мемлекеттің сыртқы мүддесіне бағындырылды. Мемлекеттің ішкі ісі өзге елдермен қарым-қатынасқа бағындырылуы әлбетте сол тұстағы өзіндік жағдай талаптарынан туындаған еді. Өз елінің қуатын күшейтуге тұрақты қамқорлық жасауды патшаның міндеті деп есептеді.
Каутилья ішкі саясат пен патша билігі аппаратын нығайту мәселелеріне көп көңіл аударды. Патшаның министрлері мен шенеуніктері халықпен қарым-қатынас жасайтындықтан, Каутилья мемлекеттік қызметке тағайындалатын лауазымды адамдарды таңдаудың аса маңыздылығын ескерді. Министрлердің немесе шенеуніктің қызметіне қайсыбір адамды тағайындамастан бұрын патша оны бірқатар сынаудан өткізуге міндетті. Тіптен патша министрлері мен шенеуніктердің күнделікті жұмысын тексеріп, бақылап отыруға да міндетті.
Мемлекеттің сыртқы және ішкі қиыншылықтарын және ауыртпалықтарын салыстыра келіп, Каутилья соның ішкісін аса қауіпті деп санайды. «Тақсыр үшін басты қиыншылық, ауыртпалық болып ішкі немесе сыртқы бүлік есептелінеді, – дейді ол. – Сыртқы бүлікпен салыстырғанда ішкі бүлік аса қауіпті болып табылады...» Каутильяның мұндай пікірлері түсінікті еді. Ол халық наразылығы патшаны тақтан құлатады және құл иеленушілердің билігін жояды деп түсінді. Осымен байланысты Каутилья патша билігінің наразы адамдарға қарсы қолдануға қажетті шараларын жасауға және түсіндіруге зор көңіл аударды. Бұл мәселе Каутильяның мазасын алғаны соншалық, ол лауазымды адамдарды, азаматтарды және ауыл тұрғындарын аңдудың тәсілдері туралы мейлінше толық нұсқау дайындады. Патша өкіметіне дұшпандық танытқандарды қорқыту, садақа беру, арандату және адамдарды құпия өлтіруге жол берілуі тиіс. Патшаға қарсы шыққан адамдарға Каутилья кісен салуға, әйелдері мен балаларынан бөлуге, ең ауыр жұмысқа пайдалануға және т.б.шаралар қолдануға кеңес береді.
Осымен байланысты Каутильяның үстемдік етуші құл иеленушілер табына жатқандығын атап айтқан жөн. Сондықтан ол жоғарғы касталардың үстемдігін нығайтуда шешуші саясат жүргізді. Бұны ол дайындаған әртүрлі мемлекеттер мен халықтардың өзара қатынастарының ұстанымдары және төменгі топтарға қатысты үстемдік етуші таптардың саясатының негіздері дәлелдейді. Каутилья бұл мәселелерді өзінің әйгілі трактатының негізгі мәселелері етті.
Мемлекеттің сыртқы саясатын зерттеп, оның негізгі алты түрі болады деген қорытынды жасайды. Кепілдікпен нығайтылған елдер арасындағы келісімдерді ол бейбітшілік жағдай десе, мемлекеттердің тікелей қарулы әрекетерін – соғыс, елдердің бір-біріне байыпсыздығын – бейтараптылық, болашақ соғысқа дайындықты – жорыққа дайындық, басқа мемлекеттің көмегін – одақ, ал жағдайға орай бейбітшілік пен соғысты қолдануды – екіұшты саясат деп атайды.
Каутилья дайындаған сыртқы саясаттың түрлерін топтастырудың практикалық мақсаты болды, ол – билеушілеріне белгілі бір ұсыныстар жасап, жау әскерінің шабуына төтеп беріп қана қоймай, жеңіске жетуде қандай саясатты іске асыру аса тиімді екенін жеткізуі еді. Артхашастра авторының пікірі бойынша бұл ұсыныстарды мынандай аздаған тіліктерге жатқызуға болады: әлсіз патша бейбітшілікке тырысуы тиіс, ал күшті патша соғыс жүргізуі керек; егерде ешқандай жау патшаға қатер төндірмесе әрі өзін керегінше күштімін деп сезінбесе, өзінің жауын талқандау үшін бейтараптық сақтауы тиіс; егерде қажетті құралдарың болса, өз жауыңа қарсы жорыққа дайындал, басқаша жағдайда көмекті басқадан ізде; егерде мақсатқа жету үшін көмек керек болса, онда біреумен бітім жаса да басқасына қарсы соғыс жүргіз. Көріп отырғанымыздай, Каутилья кіммен шайқасатынына – жауымен немесе досымен соғысатынына қарамастан негізгі күшті жаулаушылықты дайындауға салған.
Каутильяның пікірінше, күшті және әлсіз мемлекетердің өзара қатынастары – өзара көмек, қолдау мен теңдік негізінде емес, күшті мемлекетке қарсы шағын елдер тобының тұтқиылдан жасайтын шабулына қарсы сенімді кепілдік алу үшін құрылуы қажет. Сондықтан шағын елдердің бірігуіне жол бермеу міндетін қояды, өйткені олар бірігетін болса күшті қарсыласқа айналуы мүмкін.
Артхашастрада мынандай аса қызықты идеялар бар. Екі қуатты патшаның арасында қалған патша өзін қалай ұстауы керек? Осы жағдайға байланысты Каутилья мынандай ақыл-кеңес береді: ең күшті патшаның бірінен қолдау іздеу керек немесе кімге арқа сүйеуге болатын болса, сонымен тең жағдайда бітім жасау қажет. Каутилья патшаны аса қуатты мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылықты дер кезінде көруге, оны шебер пайдалана білуге және олардың арасына сына қаға білуге үйретеді. Сонымен қатар, кітапта небір тәсілқойлық пен ептіліктің тәсілдері тізіп көрсетілген, оларды екі қуатты мемлекет арасында өмір сүрген мемлекет жүзеге асырғанда өзін сақтап қана қоймайды, сонымен бірге өз жағдайын нығайтады.
Тәжірибелі елші, шебер бақылаушы әрі саяси ойшыл ретінде Каутилья соғыстың қайсыбір мәнсіз жағдайлардан шықпайтынын, керісінше өкіметтің белгілі бір саясатынан туындайтынын жақсы түсінген. Ол соғыс барысында жеңіске жеткізетіннің бәрін есепке алу қажет деп санады: қарулы күштердің деңгейі, жаудың ұрымтал жақтары, ақылды стратегия құру және жаудың жіберген қателіктері, халықтың соғыста қарсы тұрарлық моральдық қабілеті, жау мемлекеттің халқы мен әскеріне іріткі салу мүмкіндігі.
Артхашастра авторының пікірі бойынша, соғысты өз еліңді қорғау және жауды талқандау үшін жүргізу қажет, мүмкіндігі болса, бейбіт өмір сүруге басымырақ көңіл бөлу керек. «Бейбітшілік пен еңбек амандықтың негізі болып табылады», – деп үйретті Каутилья. «Еңбек деп біз қолға алған істі аяғына жеткізу үшін бар күш салуды айтамыз. Жұмыстың жемісін пайдаланып, аман-сау күн кешуді біз бейбітшілік дейміз (немесе бейбіт өмір молшылығы)». Каутилья соғыстан гөрі бейбітшілікке басымдық бергенімен бейбітшіліктің құр өзін бағаламаған, ол алғышарттар мен жағдайлар мәжбүр еткен бейбітшілікті мойындаған. Оның пікірінше, ең бастысы тең немесе неғұрлым қуатты патшалармен бейбіт келісім жасаған дұрыс.
Сөйтіп, Шығыстың ұлы саяси ойшылы Каутилья және оның еңбегі «Артхашастра» (Саясат туралы ғылым) – ежелгі Үндістандағы қоғамдық саяси қатынастарды түсіну үшін көп нәрсе беретін құнды әдеби-саяси ескерткіш болып табылады. Ол алғаш рет ежелгі үнділік саяси ілімдерде жекелеген патшалықтарды ірі мемлекетке біріктіру туралы, мемлекеттік биліктің нығаюы туралы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асырудың формалары мен жолдары туралы идеяларды дамытты.
Ежелгі Шығыс елдерінің даму ерекшеліктері саяси істердің сипатына елеулі ықпал еткендігін айта кету керек. Мұнда саяси идеялар өте ұзақ уақыт бойы философиялық ілімдерде, фолклорда, мифтер мен діндерде жасырынып келді. Оларды талдаудың дербес бағыты болып бөлінуі көптеген ғасырларға созылды. Ежелгі Шығыстағы қоғамдық-саяси ой мен мәдениет Ежелгі Грекия мен Римге ықпал етті.
Ежелгі Грекия мен Римдегі саяси идеялар.Саяси өмірді теориялық зерттеудің негіздерін алғашқылардың бірі болып Сократ қалаған еді (б.д.д. 470-399 жж.). Ол жазба деректер қалдырған жоқ, бірақ Платон мен Ксенофонт жеткізген оның ауызша әңгімелерінде, моральдық-саяси философияның ірге тасы қаланған-ды, оның айтарлықтай бөлігі құқық туралы, саясат, мемлекет жөнінде пайымдауға арналған болатын. Сократ саяси өмірді, оның көрінісіндегі бүкіл формаларын елестету, болжамдау және мифтер деңгейінде қарастырмай, белгілі бір категориялар жүйесінде таныған. Сократтың теориялық ақылы оның саяси ғылымдар үшін маңызы аса құнды қорытындылар жасауға дейін көтерілуіне мүмкіндік берді. Ол мемлекеттік (полистік) өмірдің негізін заң құрайды деген қорытындыға келді. Оның пікірінше, қоғамның тіршілік әрекетін қалыпты ұйымдастыру тек заңның негізінде ғана мүмкін болады. Сократ дұрыс мемлекеттік құрылыс үшін заңдардың бұлжымастығының кажеттігін мойындап қана қоймай, адамның заңға мойын ұсынуын оның өмірлік іс-әрекетінің басты өлшемі деп санаған.
Сократтың заңдылық пен әділеттілікті бір мағынада қолданған теориялық позициясы оған мемлекеттік құрылыс пен басқарудың әртүрлі формаларын топтастыру мен сипаттау үшін бастамашы нүкте қызметін атқарды. Егерде билік халықтың еркіне және мемлекеттік заңдарға негізделсе, онда бұл патшалық болады деп ұйғарды. Егер де билік заңның ырқында болмай, билеушінің жетегінде кетсе, бұл тиранияға соқтырады. Сократ тиранияны заңсыздық, бассыздық және зорлық-зомбылық режимі ретінде ұнатпады. Байлықтың билігін Сократ плутократиядеп атады және т.б.
Сократ мемлекетті басқару мәселесі бойынша да қызықты ойлар айтты. Оның пікірінше, басқару қызметін табысты атқаруға тек білетіндер ғана қабілетті, арнайы дайындығы бар адамдар ғана жарайды. Ол лауазымды адамдарды жеребе негізінде тағайындау тәртібіне, яғни үміткерлердің кәсіби дайындығы және басқа да сапаларын есепке алмай тағайындай салу (тәжірибесіне) практикасына қолдау білдірмеді. Басқарушының жетік білмеуі ол үшін мемлекеттің құруының синонимі еді, тирандық басқару режиміне көшу еді.
Сократ мемлекет заңдармен басқарылатын жақсы мемлекет ретінде аристократиялық Спарта мен Критті есептеген, оның отаны Афина соларға ұқсауы тиіс болды.
Оның өмірі мен саяси ілімдері замандастары мен шәкірттеріне үлкен әсер етіп қана қоймай, одан кейінгі бүкіл философиялық-саяси ой тарихына айтарлықтай ықпал жасады.
Ежелгі Грекияның саяси ойын Платон (б.д.д. 427-347 ж.ж.) сапалы жаңа деңгейге көтерді. Ол Сократтың дана ізбасарларының бірі болып қана қоймай, сонымен бірге ұлы ойшыл да болды. Сократтың ықпалы Платонның ертеректе жазған еңбектеріне ерекше әсер етті. Бұдан кейін оның көзқарастары эволюциялық айтарлықтай өзгерістерге түсті. Платон ілімінің қысқаша түрдегі мәні оның шынайы болмыс ретінде қоршаған ортаны қарастыруы емес, алуан түрлі формада көрінетін саяси өмір емес, небір идеалды конструкциялар, ақыл жететін идеялар әлеміне саяды.
Платон 30-дан астам философиялық диалогтардың авторы. Платонның саяси көқарастары оның «Мемлекет», «Саясат», «Заңдар» және басқа да еңбектерінде баяндалған. Платон саяси ғылымның «атасы» деп есептеледі.
Өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, ойшылдың пікірінше, адамдар бірлескен елді-мекен – мемлекетті (қоғамды) қажетсінеді. Мемлекет, (Платонның пікірі бойынша, «мемлекет» және «қоғам» ұғымдары бір мағынада айтылған) табиғи әлеуметтік қажеттіліктердің нәтижесінде пайда болады. Ол тәртіпке қолдау көрсету үшін, адамдарды сыртқы жаулардан қорғау үшін қажет. Мемлекет бақытты болу үшін оның жеке бір бөлігінің немесе ондағы тек әлдекімдердің ғана бақытты болуы тиіс емес, – деп жазды Платон «Мемлекет» атты еңбегінде, – ол үшін ол толығымен бақытты болуы тиіс.
Барлық азаматтар, Платонның пікірінше, оларды ол даналар (философтар) күзетшілер және қол өнершілер мен шаруалар деп үш топқа бөлген, мемлекетті қолдауы тиіс. Мемлекеттегі басқару ісін даналар (философтар), іске асыруы керек. «Әзірге мемлекеттерге философтар патшалық құрмайынша, – деп жазды ойшыл, – ...мемлекет жамандықтан құтыла алмайды»[6].
Платон мемлекеттік биліктің формаларына сипаттама берді. Ол мұндай биліктің дұрыс формалары монархия мен аристократия деп ұйғарды, ал бұрмаланған формаларына – тимократияны, олигархияны, демократияны және тиранияны жатқызды.
Платон қазіргі уақытқа дейін өзінің құндылығын жоймаған көптеген идеялар айтты. Бұның ең алдымен, құқықтық мемлекет идеясына қатысы бар. Өзінің негізгі шығармаларының бірі «Заңдарда»: «Мен заңдардың күші жоқ және қайсыбіреудің билігінде болған мемлекеттің жақын арада күйрейтінін көріп тұрмын. Онда, заңның үкіметтерге үстемдік ететін жерінде, ал олар оның құлы болған жерде, мен мемлекетті және мемлекеттерге тек Құдайлар ғана сыйға тарта алатын бүкіл игіліктерді құтқаруды дұрыс көремін», – дейді[7].
Платонның ойынша, билеушілер емес, заңдар үстемдік еткен мемлекет қана кемелділікке таяу мемлекет. Бірінші жағдайда, яғни билеушілер заңнан жоғары тұрған жағдайда, басқару тирандық сипат алады. Тирания, басқарудың ең нашар формасы ретінде, ауыздықталмаған демократияның арқасында қалыптасып, халық билігінен тобырдың билігіне айналады да заңмен бекітілген өз жолындағы бүкіл шектеулерді жояды. Шектен асқан бостандық өз кезегінде шектен асқан құлдыққа айналады. Тиран, Платонның пікірінше, халықтың мүдделерін білдіруші және қорғаушы түрінде билікке қол жеткізеді. Мұндай халық мүддесін «қорғаушы», – деп жазды Платон өзінің «Мемлекет» деген еңбегінде, – алғашқы кезде «кіммен кездессе де күлімсірейді және бәрін құшағына алады, өзін тиранмын деп айтпайды, жеке және баршаға көптеген уәделер береді, халыққа және өзіне жақындарға жерді көптеп таратады және бәріне қатысты қайырымды және момын болып қылымсиды». Бұдан кейінгі уақытта ол түсін құбылтуды былай ысырып, өзінің жеке билігіне, зорлық-зомбылығына негізделген диктаторлық басқару орнатады.
Платон идеалды мемлекеттік құрылыс идеясын ұсынып, негіздеді. Оның пікірінше, мұндай мемлекетті дарынды, жақсы дайындығы бар, жоғарғы өнегелі адамдар басқаруы тиіс. Платонның мемлекет туралы ілімінің негізгі пафосы адамдарға қайсыбір деңгейде өзінің идеалды мемлекет моделіне сәйкес келетін мемлекетті қалыптастыру қажеттілігіне сендіру еді. Бұл адамдардың көпшілігінің мүдделеріне сай келді, жақсы өмір сүру мен жан-жақты дамуы үшін оларға қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Платон мұндай мемлекетті жер бетіндегі ең жақсы мемлекет деп санады.
Платон осылармен қатар мемлекеттің күші оның заңдарының күшінде деп есептеді. Ол сол қоғамның адамдарының көпшілігінің мүддесін білдіретін заңға қатардағы азаматтардан бастап билеушілерге дейін бағынуының тиістілігін атап көрсеті.
Платонның төңірегіне талантты шәкірттер шоғыры жиналды. Саяси ой тарихында Платонға тең келетін оның шәкірті, ізін қуушысы әрі сынаушысы Аристотель (б.д.д. 384-322) болды. Саяси ойды зерттеушілер Аристотелді саяси ғылымды пән ретінде негіздеуші деп санайды. Бұған жеткілікті негіздер де бар.
Аристотельдің саяси ілімдерін түсінуде оның «Саясат», «Афиналық полития», «Этика», «Риторика» атты еңбектері аса қызығушылық тудырады. Көп жағынан ұстазының жолын қуғанымен ол өзінің саяси ілімін жасады. Платонға қарағанда оның шәкірті Аристотель интуицияға емес, бақылауға арқа сүйеген антикалық бағыттың іргесін қалаушы болып шықты.
Аристотельдің пікірінше, адам туғанынан саяси жәндік, қоғамдық тіршілік иесі болып табылады, ал мемлекет қоғамдық өмірдің жоғарғы және бәрін қамтитын формасы болып саналады. Мемлекеттің өзінің шығуының табиғи себептері бар. Ол еркін азаматтардың одағы болып табылады және әртүрлі элементтерден тұратын, алуан түрлі функцияларды атқаратын күрделі түзілім. Мемлекеттің басты мақсаты – азаматтарды өнегелі ізгілікке тәрбиелеу және олардың бақытты өмірін қамтамасыз ету. Аристотельдің пікірі бойынша, сол мемлекетті басқаруға, заң шығаруға және сот қызметтеріне қатыса алатын және әскери қызмет атқаратын, абыздық функцияларды орындайтын адамдар ғана азаматтар болады. Құлдар азаматтарға жатпайды. Жас кезінде азаматтар әскер функциясын, ал қартайғанда саяси функцияны орындауы тиіс. Қоғамның ең пайдалы жігіне ойшыл егіншілерді жатқызды, өйткені олар өздерінің еңбектерінің ерекшелігіне және үлкен аумаққа орналасуына орай, мемлекетті басқару ісіне қатысуға онша әуес емес.
Мемлекетті басқарумен, Аристотельдің пікірінше, орта жіктер айналысуы тиіс. Бұл жіктер кедейлер мен байлардың жіктелісін бейтараптандырады, қоғамдық өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өзінің басты саясаттанушылық – «Саясат» – деген еңбегінде, ойшыл: «екі шектен шығудан халықтың құрамында орта жіктер басым болған жерде немесе олардың бірінен басым болғанда ғана мемлекеттік құрылыс тұрақтылыққа жете алады», - дейді.
Аристотель саяси биліктің мәнін индивидтердің еркіндігі мен теңдігі принциптерінен шығарып түсіндірді. Оның пікірінше, үстемдік ету мен бағынудың жүзеге асуы саяси биліктің негізгі белгісі болып табылады.
Аристотель мемлекеттік басқару формаларын жүйелеп, сипаттама берді. Ол басқару формаларын дұрыс және бұрыс деп бөлді. Дұрысына, оның пікірінше, нормалармен реттелген және шектелген кез келген басқару формасы жатады, ал бұрысына – реттелмегені жатады. Басқарудың дұрыс формасына ол бәрінің игілігі үшін бір адамның басқаруын – монархияны, бәрінің игілігі үшін аз ғана жақсылардың – аристократияның басқаруын, ортақ игілік үшін көпшілік жақсылар (кедейлер мен байлардың жақсы өкілдерінен) басқаратын –политияны жатқызады, ал бұрысына – өзінің мүддесі үшін шексіз басқаруды тиранияны, өз игілігі үшін аз ғана байлардың басқаруы – олигархияны, өздерінің мүдделері үшін кедей көпшіліктің шексіз басқаруы – демократияны жатқызады. Барлық басқару формаларының ішінде ойшыл тиранияны ең нашары, политияны – ең жақсысы деп санаған[8], өйткені соңғысы кедейлер мен байлардың татулығына және заңның билеушілерден жоғары болуына негізделген. Мемлекеттілік мәселесін Аристотель іс жүзінде саясат тұрғысына дейін көтеріп қойды.
Аристотель жеке меншіктің, әсіресе ауыл шаруашылығындағы жеке меншіктің табанды түрдегі қорғаушысы болды. Ол географиялық фактордың қоғамның саяси өміріне ықпалы туралы ойды да айтқан ойшыл.
Антикалық дүниенің саяси ойы Ежелгі Грекиямен шектеліп қалмайды. Ежелгі Римнің де саяси ойы айтарлықтай жетістіктермен сипатталды. Саясаттың бірегей идеялары дамыған Рим ойшылдары шығармаларының арасында Тит Лукреций Кардың (б.д.д 99-55) «Заттардың табиғаты туралы» поэмасы ерекше көзге түседі. Ол құлиеленушілік демократияның идеологы болды. Ежелгі Грекия ойшылы Демокриттың көзқарастарын жақтай отырып, Кар мемлекеттің пайда болуын тарихи процесс ретінде дәлелдеді, құлдықтың өткінші сипаты туралы да айтты.
Ежелгі Римнің аса көрнекті саяси ойшылы және мемлекеттік қайраткері Марк Тулий Цицерон (б.д.д 106-43) болды. Ол өзінің артына үлкен интеллектуалдық мұралар қалдырды. Алайда оның саяси ойлары «Мемлекет туралы», «Заңдар туралы», «Республика туралы» және басқа да еңбектерінде мейлінше толық және жүйеге келтірілген түрде баяндалды.
Цицерон білімді адам болғандықтан Платонның, Аристотельдің және Ежелгі Грекияның басқа да ойшылдарының саяси ілімдерімен өте жақсы таныс болды. Олардың көптеген идеяларын қабылдап, оларды Ежелгі Римнің саяси болмысына бейімдеді.
Мемлекетті Цицерон ортақ іс, бүкіл халықтың жалпы жағдайы ретінде түсінді. Платон мен Аристотель сияқты Цицерон да мемлекетті адамдардың игілігі үшін жасалады, және адамдардың бірге өмір сүру қажеттілігінен пайда болады деп ұғынды.
Цицерон мемлекеттің негізгі міндетін жекелеген адамдардың арасындағы, сондай-ақ қоғамның әртүрлі жіктерінің арасындағы қатынастарды үйлестіруден көрді. Мұндай жағдайда адамдардың әртүрлі қажеттіліктері барынша толығырақ қанағаттандырылатын болады деп білді.
Ол Платон мен Аристотель сияқты мемлекетті басқару формасын анықтауда мемлекеттің еркін мүшелерінің ортақ мүддесін көрсетумен қатар, олардың қолданыстағы заңдар шеңберінде өзара әрекеттерін үйлестіруін мемлекеттің міндетті белгісі санады.
Цицерон Ежелгі Грекия ойшылдары Платон мен Аристотель сияқты, мемлекеттік басқарудың «таза» формаларының бір жақтылығын атап көрсетті. Ол үшін тирания түріндегі, байлар мен танымал адамдардың немесе тобырдың сұрқия топтарының түріндегі ел билеу де бірдей тиімсіз болды. Белгілі болған басқару формаларының аса жақсы вариантына, ойшыл, сол формалардың жақсы сапаларының жиынтығынан тұратын белгілі басқару формаларының аралас вариантын жатқызады. Басқарудың аралас формасы тұрақты. Цицерон «Мемлекет туралы» деген еңбегінде оның тұрақтылығына магистрлердің билігі жеткілікті болу үшін, кеңесте алдыңғы қатарлы адамдардың ықпалы жеткілікті болу үшін және халықтың жеткілікті еркіндігі «құқық пен құзырларды тең бөлуді» жүзеге асыру үшін кепілдік береді. Қазіргі тілмен айтқанда Цицеронның теориялық ізденісінде де құқықтық мемлекеттің маңызды принциптерінің бірі – билікті бөлу теориясының бейнесі берілген.
Осымен байланысты Цицеронның сіңірген еңбегі оның басқарушылар мен басқарылушылардың өзара қатым-қатынасының құқықтық принциптерін қалағандығында еді: «заңның ықпалына тек кейбір, таңдаулы азаматтар ғана емес, бәрі түсуі тиіс». Осылайша ол құқықтық мемлекет теориясы негіздерін қалады.
Цицерон әділетті заңдар мәселесін көтеріп, өзінше шешеді, оның пікірінше әділеттілік кез келген заң шығармашылығының әлеуметтік-ізгіліктік негізі ретінде көрінуі тиіс. Ол әділ заңдардың әлеуметтік маңыздылығын жан-жақты ашып, «кемістігін түзетуі» тиіс, сонымен қатар «ерлікке сілтеп, соны оятуы» қажет. Сондай-ақ әділ заңдардан, – деп атап көрсетті Цицерон, – «өмір ережелерін шығару керек». Бұл бүгінгі таңда да өзектілігін жоймаған пікір.
Ежелгі Рим ойшылының айтарлықтай сіңірген еңбегі халықаралық қатынастарда келісімдер жасаудың қажеттілігі мен оларды міндетті түрде бұзбай орындау принципін негіздеуінде еді. Ол халықаралық құқық теориясының негіздерін қалады.
Цицерон өз мемлекетінің жаулап алушылығына, дүниежүзіне үстемдік етсем деген ұмтылысына қарсы болмаса да, гуманист ретінде тұтқындар мен жеңілгендерге адамша қарауды қолдады.
Цицеронның саяси ілімдері қайта өрлеу дәуіріндегі және одан кейінгі замандардағы ойшылдарға үлкен ықпал етті.
Ежелгі Римде юриспруденцияның жасалуы саяси және құқықтық ойлардың айтарлықтай жетістігі болғандығын көрсетсе керек. Рим ойшылдары, заңгерлері (б.з.I-III ғғ.) саяси ілімдермен тығыз байланысқан құқықтың жалпы теориясы саласында және жекелеген құқық салаларында заң мәселелерінің ауқымды кешенін мұқият дайындады.
Сайып келгенде, ежелгі дүниедегі саяси идеялар жалпы әлеуметтік-саяси ілімдерде маңызды орындардың бірін иемденген. Көрнекті ойшылдар адамзат өркениеті өмір сүруінің алғашқы кезінде-ақ мемлекеттің мәні мен мәнісін ойлаған, оны қоғам дамуының басты құралы ретінде көрген. Ежелгі дүниенің алдыңғы қатарлы ақылдыларының саяси көзқарастары бүгінгі күнге дейін құнды. Оларға біздің замандастарымыз саяси теорияларды жасағанда, қазіргі саяси жағдайға талдау жасағанда жүгінеді.
Ежелгі дүние ойшылдарының теориялық идеялары одан кейінгі орта ғасыр мен Қайта Өрлеу дәуірінің саяси ойларының дамуына негіз болды.