Шаруашылық аралық жерге орналастыру іс-әрекеттері

“Жер кодексі” және жер реформасы бойынша – жер жайында заңдарды орындау жолында шаруашылық аралық жерге орналастыру келесі жерге орналастыру жұмыстарынан тұрады:

1) ауыл шаруашылығында және халық шаруашылығының басқа салаларында пайдалану үшін жаңа жерлерді іздеп табу, қазіргі кезде қолданылудағы жерлердің нысаналы пайдаланылуын дәлдеу және қажеттілігіне қарай оларды қайтадан тарату;

2) ҚР тұрғындарына, жеке немесе шаруа бірлестіктеріне, жеке шаруашылықпен, бау-бақшамен, мал өсіруге, құрылысқа және саяжай салуға жер бөлу немесе бұрыннан барларын дұрыстау, кемшіліктерін және ыңғайсыз жағдайларын жою;

3) ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысатын шаруашылықтар мен ұйымдарға жаңадан жер бөліп беру және бар жер иеліктерін және жер пайдалануларды қайтадан құру;

4) әртүрлі мемлекеттік, жеке шаруашылық және қоғамдық қажеттіліктерге жер бөлу, ауылшаруашылығына жатпайтын жаңа жер пайдалануларды құру және бұрыннан барларын дұрыстау;

5) ірі гидротехникалық құрылыстарға жер бөлініп беру және оған байланысты жер иеліктерінде (жер пайдалануларда) болған кері өзгерістерді реттестіру;

6) сызықты құрылыстарға (темір және автомобиль жолдары, электр және байланыс жүйелері, каналдар мен құбырлар) жер бөліп беру;

7) шағын ауылшаруашылық емес жер пайдалануларды құру;

8) елді мекендердің шекараларын жер бетінде анықтау және бекіту;

9) аймақтық жерге орналастыру схемаларын және жерді пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын жасау;

10) табиғатты қорғау, рекреациялық және қорықтық ерекше режимдегі территориялардың алып жатқан орнын және шекараларын негіздеу;

11)жерде әкімшілік-территориялық құрылымдардың шекараларын бекіту;

12) жер меншігі және жер пайдалану құқығын бекітетін құжаттарды тағайындау және қайтадан рәсімдеу.

Жоғарыда аталған жерге орналастыруды жобалау іс әрекеттері бойынша шаруашылық аралық жерге орналастыру жерге орналастыру түрлерінің негізгілерінің бірі екендігін байқауға болады және оны нақты екі түр тармаққа бөлуге болады:

- ауылшаруашылық кәсіпорындардың жер иелену мен жер пайдалануларын құру;

- ауыл шаруашылығына жатпайтын қажеттіліктерге жер бөлу (олардың жер пайдалануларын құру).

Шаруашылық аралық жерге орналастыруды түр тармақтарға бөлу негізіне біріңғай жер қорының негізгі бөліктерінің мақсатты пайдалану принциптік ерекшеліктері жатады және жердің өндіріс құралы ретінде халық шаруашылығының әртүрлі салаларында атқаратын міндеттерінің әр түрлі болуы [14].

Бірінші түр тармағы ауылшаруашылық жерлермен байланысты, онда жер өндіріс құралы болып келеді және бұл жағдайда жерге орналастырудың объектісі ретінде құнарлығы жоғары топырақты жерлер болып келеді.

Шаруашылық аралық жерге орналастырудың екінші түр тармағы топырақтың құнарлығын есепке алмайды, оның бұл маңызды қасиетін тек қана ауылшаруашылық өндірісінде пайдалануға сақтап қалу үшін ескереді.

Бірақ, жер реформасына байланысты бұрыннан келе жатқан бұл құрылымдық бөлу шаруашылық аралық жерге орналастырудың қазіргі кездегі және әрі қарай даму жолындағы толық және сантүрлі мазмұнын көрсетпейді. Бүгінгі күні шаруашылық аралық жерге орналастыруды алты түр тармаққа бөлу орынды. (Кесте 4.4).

Үшінші түр тармақты жеке шығарудың мақсаты – елді мекенің жерлерін мемлекеттік жер қорының басқа санаттарынан бөлу. Бұл іс әрекеттің ерекшелігі – нәтижесі ретінде жер пайдалану немесе жер иелігі құрылмайды, ал елді мекеннің жер массиві мен оның шекарасы анықталады. Оның заңдық және шаруашылық аралық мәні әкімшілік-территориялық құрылыммен бірдей.

Шаруашылық аралық жерге орналастырудың төртінші түр тармағының нәтижесі – арнайы жер қоры. Бұл жаңа шаруа қожалықтарының және басқа ауылшаруашылық шаруашылық құрылымдардың ұйымдастырылуына резерв болып келеді. Бұл жерлердің ерекше заңдық статусы бар – оларды пайдалануға бергенге дейін бұрынғы жер пайдаланушылар пайдалана беруге құқылы.

Бесінші және алтыншы түр тармақтары – жерге орналастыру тәжірибесінде өте сирек кездесетін және жаңа пайда болған жағдайлар. Әсіресе алтыншы түр тармағы кейбір аймақта экологиялық жағдайдың нашарлап кеткеніне және тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік және тарихи-мәдени мәселелерді шешуде қоятын талаптарының жоғарылауымен байланысты.

Кесте 4.4

Қазіргі кездегі шаруашылық аралық жерге орналастырудың

құрылымдық бөлінуі

№ кезегімен   Түр тармақтары   Шаруашылық жүргізу субъектісінің типіне немесе жер қорының құрылу көзіне қатысты шаруашылық аралық жерге орналастырудың формалары
I.     II.   III.     IV.   V.     VI Ауылшаруашылық жер пайдалануды құру және жетілдіру     Ауылшаруашылығына жатпайтын қажеттіліктерге жер бөлу, жер пайдалануды құру және жетілдіру     Елді мекендердің шекараларын белгілеу   Арнайы жер қорының жер массивтерін құру     Әкімшілік-территориялық құрылымдардың шекараларын белгілеу Ерекше қорғалатын табиғи территориялардың жер массивтерін жер бетінде белгілеу және шекараларын бекіту. 1. Мемлекеттік кәсіпорындар және олардың бірлестіктері. 2. Кооперативтік кәсіпорындар және олардың бірлестіктері. 3. Жеке, шаруа қожалықтары және басқа кіші құрылымдар. 4. Жалға алушы шаруашылықтар. 1. Ауылшаруашылық кәсіпорындарының жер пайдаланулары есебінен 2. Орман шаруашылығы кәсіпорындарының жерлерінің есебінен. 3. Ауылшаруашылығына жатпайтын кәсіпорындардың жер пайдаланулары есебінен 1. Қала шекараларын белгілеу және қалалық және поселкелік жерлерді жер-шаруашылықтық орналастыру 2. Село шекараларын белгілеу және селолық елді мекен жерлерін жер-шаруашылық орналастыру. 1. Қалалық және поселкелік әкімшіліктердің жер қорын құру 2. Аудандық әкімшіліктердің жер қорын құру. 3. Иммиграциондық қорлар. 1. Облыс шекараларын белгілеу 2. Аудан шекараларын белгілеу   1. Қорықтардың 2. Санитарлық аймақтардың 3. Қорғау аймағы 4. Күзет аймағы

Әр түр тармағында шаруашылық аралық жерге орналастырудың формасы көрінеді. Кестеде берілген формалары шаруашылық аралық жерге орналастырудың жоба шешімдерінің өзіндік ерекшеліктерін, шаруашылықтың өндірістік типіне немесе жер пайдаланудың және жер иелігінің құрылу көздеріне байланысты анықтайды.

Жоғарыда аталған шаруашылық аралық жерге орналастырудың түрлері оның мақсат-міндеттерінің және мазмұнының күрделілігін көрсетеді.

Қойылған мақсат-міндеттерге, жобалау объектісіне және оның аймақтық және табиғи ерекшеліктеріне қарай шаруашылық аралық жерге орналастырудың мазмұны, маңызы, жүзеге асыру реттілігі, әдістемесі өзгеріп отырады.

4.3.3 Шаруашылық аралық жерге орналастыру іс барысы (процесі)

Шаруашылық аралық жерге орналастыру мемлекеттік органдардың шешімі, жерге орналастыру органдарының ықыласы және мүдделі министрліктер, ведомстволар, жер иелері мен жер пайдаланушылардың өтінішіне байланысты орындалады. Қазақстанда жерге орналастыруды «Жер ресурстары және жерге орналастыру ғылыми өндірістік орталығы», оның еншілес мекемелері немесе жерге орналастыру жұмыстарын орындауға лицензиясы бар ұйымдар жүргізеді.

Әкімшілік аудан бойынша жерге орналастыру схемасы жасалады. Сол схемаға негізделе отырып, шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасы орындалады.

Шаруашылық аралық жерге орналастыру келесі кезеңдерден тұрады: жерге орналастыру мәселесін көтеру; дайындық жұмыстары; жобалау; жобаны қарау, бекіту; жобаны жер бетіне шығару; құжаттарды әзірлеп, тапсыру; авторлық тексеріс жүргізу.

Шаруашылық аралық жерге орналастырудың мәселені көтеру кезеңіне жерге орналастыру жұмыстарын орындау және қаржыландыру жайында үстемділік жүргізетін компетентті органдардың шешімдерінің жариялануы және мүдделі мекемелердің, жер иелерінің, жер пайдаланушылардың өтініштерінің жоғары инстанцияларға тапсырылуы болып келеді.

Жерге орналастыру жобасын жасау үшін дайындық жұмыстары жүргізіледі: жерді есепке алу, статистикалық, пландық-картографиялық және басқа керекті материалдарды жинау, сараптау, сапасын анықтау; жерге орналастыру объектілерінің территориясында арнайы зерттеу және ізденіс жұмыстарын жүргізу; мүдделі ведомстволардың, ұйымдардың және жеке адамдардың тілектерін анықтау және т.б. [15].

Дайындық жұмыстары камералдық және далалық болып бөлінеді.

Дайындық жұмыстары камералдық түрде керекті құжаттар мен материалдарды жинау мен жан-жақты зерттеуден, жүйелеуден тұрады.

Камералдық дайындық жұмыстары:

1) жерге орналастыру процесіне қатысатын жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың құрамын анықтау;

2) жерге орналастыруды жүргізуге қажетті құжат-материалдарды (құқықтық, планды-картографиялық, іздестіру, экономикалық т.б.) жинау;

3) кәсіпорындардың шаруашылық аралық байланыстарын анықтау;

4) инфрақұрылымның орналасуын және даму деңгейін анықтау;

5) жерді және табиғатты қорғау бойынша талаптарды анықтау;

6) шаруашылық аралық жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге ынталы мемлекеттік органдардың, шаруашылық аралық жерге орналастыру жұмыстарының қажеттілігін көтерген инициаторлардың тапсырған материалдарын, мүдделі тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін зерттеу;

7) мемлекеттік органдардың шешімдерін, қорытындыларын, тұжырымдарын қабылдаған қаулыларын зерттеу және осы жұмыстардың қажеттілігін керек еткен себептерді анықтау;

8) шаруашылық аралық жерге орналастыру объектісі қамтитын жер пайдаланулардың иелену және пайдалану құлықтылығын бекітетін құжаттарды жинау және зерттеу;

9) мемлекеттік тіркеу формалары бойынша әр жер пайдаланудың жерді есепке алу деректерін жинау;

10) топографиялық, топырақтық, геоботаникалық, су шаруашылық, мелиоративтік және басқа зерттеулер мен ізденіс жұмыстарының материалдардың зерттеу, керекті жерлерінен көшірме жасау;

11) жерге орналастыру территориясына кіретін жер пайдаланушылардың шаруашылық жағдайын сипаттайтын статистикалық-экономикалық материалдарды, жылдық есеп беру және перспективалық жоспарларының материалдарын жинау және жүйелеу;

12) жерге орналастыру жобасы қамтитын кәсіпорындардың өндірістік нәтижелерін сипаттайтын экономикалық көрсеткіштер: өткен 3-5 жылдар бойынша ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі, жалпы және тауарлық өнімдердің мөлшері, мал басы және түрлері, ұйымдастыру-шаруашылықтық құрылымы, өндіріс бөлімшелерінің, елді мекендердің тұрғындарының саны, әр жерге орналастыруға кіретін шаруашылық бойынша өндірістік және мәдени- тұрғын объектілерінің бар екендігі және жағдайы жайында мәліметтер жинау;

13) жер пайдалануларды құру, өзгерту, қайтадан ұйымдастыру жайында облыстық, аудандық жерге орналастыру болжам схемаларын зерттеу.

14) жобалық құжаттардың құрамын анықтау;

15) жобаның ықтимал нұсқаларын және жалпы көріністерін белгілеу.

Деректер мен құжаттардың бұл тізімі жобаның түрі мен міндет-мақсаттарына қарай өзгеріп отырады.

Камералдық дайындық жұмыстарының нәтижелеріне қарай далалық зерттеу жұмыстарының түрлері мен көлемі анықталады: жетіспейтін немесе тозған материалдарды, сәйкесті толықтыру және жаңарту. Тозу, нақты тозу және уақытына сәйкес келмейтін, моралды тозу болып бөлінеді. Зерттеу жұмыстарын жерге орналастыруды жобалау мекемесінің мамандары мен шаруашылық өкілдері жүргізеді. Керекті жағдайларда басқа да мамандар қатысуы мүмкін.

Далалық зерттеу және ізденіс жұмыстары арқылы жиналған материалдар жергілікті жердегі жағдайға (натураға) сәйкестендіріледі. Далалық жұмыстардың да көлемі мен тізімі жобаның алдына қойылған мақсат-міндеттеріне байланысты болады.

Далалық зерттеу нәтижелері бойынша далалық зерттеу актісі мен сызбасы жасалады. Біріншісінде сандық мәліметтер, ал екіншісінде - жер иеленулер мен жер пайдаланулардың құрамдары мен өндірістік бөлімшелердің межелері, елді мекендер, магистральдық жолдар, мал айдау трассалары, су көздері және көптеген басқа мағлұматтар көрсетіледі.

Камералдық дайындау және далалық зерттеу және ізденіс жұмыстары арқылы жиналған материалдардың негізінде жобалауға тапсырма жасалады.

Жобалауға тапсырмада келесі мәліметтер көрсетіледі:

- жобалау объектісі (толық аты);

- жобалау кезеңдері мен мерзімдері;

- жобада қарастырылатын шаралар жүйесі;

- жерге орналастыруға дейінгі және одан кейінгі алқаптар құрамы (жобалық экспликация);

- жерді игеру және жақсарту бойынша шаралар жүйесі;

- ауылшаруашылық өндірісінің негізгі көрсеткіштері;

- ауылшаруашылық өндірісінің орналасуы және мамандандырылуы.

Жобалау тапсырмасы (Кесте 4.5) және далалық зерттеу актісі мен сызбасы - дайындық жұмыстарының қорытындысы болып табылады.

Дайындық жұмыстардан кейінгі кезең - жобалау. Бұл жерге орналастыру процесінің ең жауапты және күрделі құрамдас бөлігі. Оның нәтижесінде ғылыми тұрғыдан жан-жақты негізделген жоба жасалуға тиісті.

Жобаның мазмұны мен құрамы шаруашылық аралық жерге орналастырудың типіне, алдына қойылған мақсат-міндеттеріне тікелей байланысты. Сондықтан жеке жобалардың арасындағы көптеген айырмашылықтар бар. Әр жағдайда жерге орналастыру жобасы екі бөліктен тұрады: графикалық бөлігі (жобалық план мен басқа қажетті сызбалар) мен түсініктемеден. Жобаға түсініктеме бастапқы деректерден, шаруашылық аралық жерге орналастыру объектісінің табиғи-климаттық және шаруашылық жағдайының сипаттамаларынан және олардың негізінде жасалған жоба шешімдерінен және оларды экономикалық және құқықтық тұрғыдан негіздеу материалдарынан тұрады.

Жалпы алғанда, жобада мынандай мәселелер қарастырылады: жер иеленушіліктер мен жер пайдаланушылықтардың аудандарын белгілеу, оларды орналастыру және межелерін жобалау, алаптардың аудандары мен құрамын қалыптастыру.

Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасы экономикалық тұрғыдан жан-жақты негізделуге тиісті. Қабылданған жобалық шешімдер нақты есептермен дәлелденеді. Осы мақсатпен бip қатар экономикалық және техника-экономикалық көрсеткіштер есептеледі. Жасалған жобаның бірнеше нұсқаларынан бұл көрсеткіштерді салыстыра отырып, ең тиімдісі таңдалады.

Жобаны қарау және бекіту кезеңі шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасын құқықтық тұрғыдан қарап талқылау мен бекітуден және рәсімдеуден тұрады. Орындалған жоба әрбір жерге орналастыруға тартылған шаруашылықтарда өндірістік кеңесте (немесе өкілдер жиналысында) қаралады. Сонан соң ол ауданның әкімшілігіне бекітілуге жіберіледі. Егер бұл органның өкілеттілігі жеткіліксіз болса, жоба ауыл шаруашылық Министрлігінде қаралып бекіледі.

Кесте 4.5

Жобалауға тапсырма (үлгісі)

Алматы қаласы ________2003ж.

1. Объектінің аты ТОБЖ (Талшықты оптикалық байланыс жүйесі), учаскелер: ПНУ НПС Трудовая – РДП Қарағанды - НПС Сарепті - НПС - Атасу – қызмет көрсету зонасының шекарасы, ЖНУ қызмет көрсету шекарасы; КНУ НПС Борсенгір – НПС Қарақойын – НПС Борсенгір – РДП Жезқазған қызмет көрсету зонасы, (969км-ге созылып жатыр, ені – 6м).
2. Жобалауға негіз Талшықты оптикалық байланыс желісі трассасы бойынша өндірістік жоба-іздестіру жұмыстарына рұқсат ету туралы Қарағанды облысы әкімиятының ҚАУЛЫСЫ
3. Жобалау кезеңі Жерге орналастыру жобасы
4. Құрылыс түрі Жаңа
5. Жобалау мақсаты Жер пайдалану құқығын заңдастыру
6. Жоба бойынша тапсырыс беруші «Юниверсал Эксес» ЖШС
құрылыс бойынша «КазТрансОйл» ЖАҚ
7.Жобалауды ұйымдастыру мекемесі РМК МемжерҒӨО Алматы филиалы
8.Жұмыстық жобаның құрамы Жалпы түсініктеме
  (Объект бойынша, Әкімшілік аудандар бойынша мәлімет)
  Аудандар және жер пайдаланушылар бойынша картографиялық материал
  Жер пайдаланушылармен келісім шарт
9.Белгіленген құрылыс мерзімі 2004 жыл
10. Қаржыландыру көзі Жеке және қатыстырылған инвестициялар, «КазТрансОйл» ЖАҚ
11. Жобалы-сметалы құжаттаманы шығару мерзімі Келісім шарт құрамындағы күнтізбе жоспарына сәйкес
12. Тапсырыс берушіге тапсыратын жоба данасының саны - 2 дана жалпы түсініктеме және картографиялық материалдар - Жер пайдаланушылар мен келісім шарттың 1 данасы

Келісілген: Тапсырды:

Жерді жоспарлау және жерге Жоба бөлімінің бастығы

орналастыру бөлімінің бастығы ________Ефимова Э.Д.

________Культемиров О.Е.

Бекітілген жоба жер бетіне шығарылады. Бұл кезеңнің мәні - жер пайдаланулар мен жер иеленушіліктердің жобалық мәндерін нақты мәндеріне шығарып, арнайы белгілермен бекіту. Соңғылары темірбетон, ағаш немесе басқа материалдардан жасалуы мүмкін. Белгілердің ара қашықтықтары 200м аспауға тиісті. Ашық жерлерде меже жалпақтығы 20см аралықтармен көрсетіледі. Жобаны нақты мәніне шығару үшін жұмыс сызбасы жасалады. Жер иеленушілердің (жер пайдаланушылардың) межелері мемлекеттік геодезиялық торабымен байланыстырылады. Жобаны жер бетіне шығару шаруашылық өкілдерінің қатысуымен жобалау институтының мамандары орындайды. Бұның нәтижесінде межелерді сипаттайтын хаттама мен сызба жасалады.

Соңында шаруашылыққа (кәсіпорынына) жерді иеленуге немесе пайдалануға құқық беретін мемлекеттік Акт тапсырылады.

Қажеттілігіне қарай белгілі мерзімдерде авторлық тексеру жүргізіледі.

Наши рекомендации