Мен басҚару нысандары
Қазіргі заманғы мемлекеттер бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл айырмашылықтар өзіндік мәнге ие бола отырып, мемлекетті басқаруда көрініс табады.Сондықтан мемлекеттерді бір-бірінен ажырататын негізгі белгілерді қарастыру қажет. Аристотельдің жіктемесі бойынша мемлекеттер билік күшінің бастауы мен егеменді иесі (яғни дербес, тәуелсіз және жоғары) бойынша монархиялық, аристократиялық және демократиялық болып бөлінеді. Монархиялық мемлекетте жоғары билік мұрагерлік жолмен немес туысқандық құқығымен, кейде сайлау жолымен алатын бір адамның – монархтың қолында шоғырланады. Қоғам мен мемлекет дамуының қазіргі кезеңінде монархиялардың екі түрі қалыптасқан: дуалистік және парламенттік. Олар белгілі бір деңгейде мемлекеттердің тұрпатына, олардың пайда болуы мен қызмет ету жағдайларына тәуелді. Дуалистік монархияға тән ерекшелік- бұл монарх пен парламенттің арасында мемлекеттік биліктің ресми-құқықтық бөлінуі. Атқарушы билікті тікелей монархтың өзі жүзеге асырса, заң шығарушы билік іс жүзінде монархқа бағынатын парламенттің қолында шоғырланады. Сәйкесінше аристократиялық мемлекетте жоғары билік қоғамның элитасына, оның білімді, тәжірибелі және парасатты өкілдеріне тиесілі деп саналады. Демократиялық мемлекетте биліктің бірден-бір бастауы – халық төменнен жоғары қарай қағидасы бойынша тікелей өз еркін білдіру арқылы мемлекеттік билікті қалыптастырады. Бүгінгі күні сақталған монархиялар әр түрлі нұсқада және қатынаста монархиялық, аристократиялық және демократиялық белгілерді үйлестірген конституциялық (заңмен шектелген) монархияларға айналған.
Элитаның ұйымдастырушылық бірігуінің (консолидациясының) күрделілігіне байланысты таза аристократиялық мемлекеттерді анықтау қиындық тудырады. Көбіне элита монархияның болмаса демократияның атын жамылып басқарды және басқарады. “Біз, халық, бекітеміз және қабылдаймыз” деп 1787 жылы АҚШ Конституциясында жазылғанмен де демократиялық мемлекеттің қадір-қасиеті мен болашағын мойындау өткен CC ғасырда жүзеге асты.
Әрбір жоғары билік тұрпатына сәйкес мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мен жүзеге асыру логикасы анықталатынын ескерген жөн. Басқару нысаны жоғары және жергілікті мемлекеттік органдардың құрылу және олардың арасындағы өзара қарым-қатынас тәртібін қамтитын мемлекетті ұйымдастыру ретінде қарастырылады. Биліктің бір адаммен жүзеге асырылуына болмаса оның ұжымдық органның қолында шоғырлануына қарай басқару нысандарының айырмашылықтары бар. Осыған сәйкес бірінші жағдайда монархиялық басқару нысаны қалыптасса, екіншісіне- республикалық басқару нысаны тән.
Басқару нысаны, яғни жалпымемлекеттік билікті ұйымдастыру бойынша парламенттік және президенттік республикалар болып бөлінеді. Сонымен бірге аралас нысандары да кездеседі: жартылай президенттік республика және парламенттік монархия. Ол билікті бөлу қағидасын мойындау мен оны жүзеге асыру механизмдерінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Парламенттік республикада сайланбалы заң шығарушы орган белгілі басымдыққа ие. Үкімет парламент арқылы құрылады және соның алдында есеп береді (Италия, Германия). Премьер – министрдің лауазымы бар парламенттік монархиядағы заң шығарушы және атқарушы биліктің құрылу механизмі мен арақатынасы да осындай.
Парламенттік монархия мемлекеттік билікті жүзеге асырудың барлық саласында монархтың мәртебесінің ресми және нақты шектелуімен ерекшеленеді. Заң шығарушы билік толықтай парламентке тиесілі, ал атқарушы билік өз қызметі үшін парламенттің алдында жауапты үкіметтің қолында шоғырланады. Үкіметтің құрылуына монарх қалыптасқан дәстүрді сақтау мақсатында ғана қатысады. Ұлыбританя, Жапония, Дания, Голландия, Швеция сынды алдыңғы қатарлы елдер монархиялық мемлекеттер қатарында саналады.
Президенттік республикада заң шығарушы орган (конгресс немесе басқа атауы бар орган) және атқарушы биліктің басшысы (ол мемлекеттің де басшысы) халықпен сайланады, олар өз қызметтерінде тәуелсіз, бірақ бір-бірін тежей отырып, қоғамды билеудегі тепе-теңдікті қамтамасыз етеді (АҚШ, Аргентина, Мексика және т.б. елдер). Бөлінген мемлекеттік билік органдарының қызметін және өзара іс-әрекетін төреші және кепілгер ретінде қамтамасыз ететін Ресейдегі, Франциядағы және басқа да елдердегі мемлекет басшылары – президенттер ерекше мәртебеге ие. Мұндай елдерде үкімет негізінен президент алдында жауап береді.
Жалпымемлекеттік биліктің басқару нысанын, құрылымын, функцияларын және басқа да параметрлерін таңдау мемлекеттік басқаруға айтарлықтай ықпалын тигізеді.
Мемлекеттік құрылым нысаны мемлекеттің ішкі құрылымын, оның құрамдас бөліктерге әкімшілік-аумақтық бірліктерге, автономдық саяси құрылымдарға немесе егеменді мемлекеттерге бөлінуін білдіреді. Ол сонымен қатар жалпы мемлекет пен оның жеке бөліктерінің арақатынасын сипаттайды. Мемлекеттік құрылым нысандары бойынша мемлекеттер унитарлық (біртұтас) және федеративтік болып бөлінеді. Унитарлық мемлекет – біртұтас мемлекеттік құрылым. Мемлекет бұл жағдайда мемлекеттік биліктің тік бірыңғай жүйесі арқылы басқарылатын әкімшілік-аумақтық бөліністерге ғана бөлінеді. Оларда автономдық құрылымдар құрылуы және дамыған жергілікті өзін-өзі басқару болуы да мүмкін. Мұндай мемлекетке бүкіл елге ортақ мемлекеттік билік пен басқарудың жоғары органдарының, бірыңғай сот жүйесі мен конституцияның болуы тән. Ұлыбритания, Франция, Италия, Венгрия, Монғолия және тағы басқа мемлекеттер унитарлық мемлекеттердің қатарына жатады.
Федерация мемлекеттік құрылымның күрделі нысанын құрайды. Федеративті мемлекет басқа мемлекеттерден немесе мемлекеттік құрылымдардан - федерация мүшелерінен (штаттардан, кантондардан, одақтас немесе автономдық республикалардан) тұрады. Мемлекеттік құрылымдардың әрқайсысының әкімшілік-аумақтық бөлімдері болады. Барлық федерацияға ортақ мемлекеттік билік пен басқарудың жоғарғы органдарының болуы және қызмет етуімен қатар олардың аумағында өздеріне тиесілі мемлекеттік басқарудың жоғарғы және жергілікті органдары әрекет етеді. Осыған сәйкес конституциясы, басқа федералдық заңдары, сот, прокуратура және өзге де органдары болады. Жоғарыда айтылған анықтамаларға сәйкес Қазақстан -біртұтас, ал Ресей федеративті мемлекет болып табылады.
Мемлекеттік құрылымның басқа нысандарымен салыстырғанда конфедерация сирек кездессе де, маңыздылардың бірі болып табылады. Ол толығымен өз дербестігін сақтайтын, жеке билік, басқару және әділ сот органдары бар мемлекеттердің бірлестігін немесе одағын білдіреді. Бірлескен іс-әрекеттерін үйлестіру үшін конфедерация мүшелері біріккен органдар құрады. Бұл органдар міндетті түрде белгілі бір сфераларда қызмет атқарады және нақты саяси, экономикалық, әскери мақсаттарды көздейді. Конфедерация көбіне мемлекеттердің федерация құру жолындағы аралық буын ретінде қарастырылады. Мысалы, Швейцария – 1818-1848ж.ж. конфедерация болды, кейін ол конфедерация атауымен федерацияға айналды. Конфедерация белгілері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында да кездеседі.
Мемлекеттерді қолданыстағы саяси режимі – мемлекеттік билікті жүзеге асыру әдістері мен тәсілдерінің, құралдарының мазмұны бойынша ажырата білудің маңызы зор. Саяси режим мемлекеттік биліктің бүкіл бітім болмысын қамтып көрсетеді.
Мемлекеттік режим билік басындағы топтардың, таптардың, жіктердің мемлекеттік билікті жүзеге асыру барысында қолданатын әдістері мен тәсілдерінің жиынтығын білідіреді. Ол қоршаған экономикалық және әлеуметтік – саяси ортада болатын маңызды процестер мен өзгерістерге жылдам икемделетін мемлекет нысанының құрамдас бөлігі болып табылады. Мемлекеттік режим мемлекет нысанына айтарлықтай жеке сипат береді. Ол саяси режимнің маңызды құрамдас бөлігі ретінде тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар қоғамның саяси жүйесінің барлық басқа элементтерін қамтиды.
Кез келген елдегі режимнің сипатына әр түрлі факторлар әсер етеді. Олардың ішінде маңызды болып табылатындар: мемлекеттік билік, басқару, әділ сот органдарын қалыптастыру тәсілдері мен тәртібі, әр түрлі мемлекеттік органдар арасында құзіреттерді бөлу тәртібі және олардың өзара қарым-қатынас орнату сипаты; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты дәрежесі, қоғам өміріндегі және мемлекеттік істерді шешудегі құқықтың рөлі; армияның, полицияның, барлаудың және осыларға ұқсас басқа да құрылымдардың орны және рөлі; азаматтардың және олардың бірлестіктерінің мемлекеттік басқаруға, мемлекеттік және қоғамдық – саяси өмірге нақты қатысу дәрежесі; қоғамда пайда болатын әлеуметтік және саяси жанжалдарды шешудің негізгі тәсілдері.
Билік басындағы жіктердің немесе таптардың, атап айтқанда буржуазияның “барлық елдерде басқарудың екі жүйесін, өз мүддесі үшін күресудің және өз үстемдігін қорғаудың екі әдісін өзгеріссіз туындататындығы туралы тезистің әділдігін саяси режим толықтай растап отыр, сонымен бірге осы екі әдіс біресе бірін-бірі ауыстыра, біресе әр түрлі үйлесімде ұштасып кетеді. Бұл біріншіден, зорлық көрсету әдісі, жұмысшы қозғалысына жол беруден бас тарту әдісі, барлық елдерді және ескі мекемелерді қолдау әдісі, реформаларды мойындамау әдісі. Екінші әдіс – либерализм әдісі, саяси құқықтарды дамытуға, реформаларға қадам басу және т.с.с.” Әр түрлі елдерде мемлекеттік билікті жүзеге асырудың осы әдістерінің қайсысы қолданыста болатындығына байланысты саяси режимдердің тарихта бірнеше түрі белгілі, атап айтқанда, авторитарлық, тотаритарлық, демократиялық.
Авторитарлық режимде мемлекеттік билік күш көрсету, басу, әр адамның жүріс-тұрысын қатаң бақылауға алу, азаматтардың бостандығына шек қою әдістері арқылы жүзеге асырылады. Аталмыш режим азаматтардың құқықтары мен саяси бостандықтарын жою немесе шек қоюмен, оппозициялық партиялардың және басқа ұйымдардың қызметіне тыйым салумен, сайланбалы мемлекеттік органдар рөлін шектеумен және атқарушы-өкілді органдардың құзіретін мейлінше кеңейтумен, мемлекет басшысының немесе үкіметтің қолында үлкен билік өкілеттігінің шоғырлануымен, парламенттің және басқа да мемлекеттік билік органдарының рөлін тек формалдық институттар жағдайына жеткізумен сипатталады.
Авторитарлық режимнің аса қауіпті нысанына фашизмді жатқызуға болады. Фашистік режим авторитарлық режимнің соңғы нысаны ретінде CC ғасырдың 30-40ж.ж. бірқатар батыс елдерінде буржуазиялық-демократиялық құқықтар мен бостандықтарды толықтай жойып, барлық оппозициялық ұйымдар мен мекемелерді құртып жіберді, басқарудың террористік әдістерін алдыңғы орынға қойып, оны кеңінен қолданды. Мемлекеттік биліктің әлеуметтік негізін билік пен байлықты аңсаған буржуазия, орта буржуазия және жұмысшы таппен шаруалардың алданған тобы құрады. Фашистік режимнің пайда болуы қоғамда әлеуметтік-таптық қайшылықтардың шиеленісуінің, үстеп таптың саяси билігінің дағдарысқа ұшырауының, басқарушы элитаның өз үстемдігін тек либералды-демократиялық әдістермен қамтамасыз ете алмауының айқын бейнесі болып табылады. Ол мемлекеттік биліктен айырылу қаупі туындағандықтан террористік әдістерді кеңінен қолдануға мәжбүр болды. Бұған мысал ретінде соғысқа дейінгі кезеңде Германия мен Италияда болған фашистік режимдерді атауға болады.
Бұл елдердегі фашистік режимдерге тән белгілер: басқарудың репрессивті әдістерін кедей топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі әлеуметтік және саяси демагогиямен ұштастыру; бұқаралық ақпарат құралдары арқылы антикоммунизм мен антисемитизмді орнату;халыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясатты оларға қамқорлық жасау ұрандарымен бүркемелеу, фашистік лидерлердің жүргізіп жатқан саясатын қолдамайтындарды және коммунистерді құғынға ұшырату. Билеуші топтың әскерге, полицияға және басқа да жазалау органдарына үнемі арқа сүйеуі, фашистік Германия мен Италияның көсемі болған – фюрердің, дученің сөзсіз билігі.
Аталмыш режимнің келесі ерекшеліктеріне атқарушы биліктің заң шығарушы билік алдындағы абсолютті басымдығын жатқызуға болады. Атқарушы биліктің диктатурасы барлық жерде “түбегейлі реформаларды” жүргізу, “ұлттың бірлігі” үшін, “шынайы демократияны” орнату үшін, “заңдылық пен әділеттіліктің үстемдігі” үшін күрес жүргізу сылтауымен орнатылады. Бұл жағдайда парламенттік құрылымның ешбір іс-әрекет жасауға мүмкіндігі болмай саяси оқшау күйде қалады. Халықтың өкілетті билігі жылпостар тобының билігімен ауыстырылады. Парламент өзінің дәстүрлі құзіретінен – заң шығару ісінен айрылады. Мысалы, 1933 жылғы 23 наурызда Германияда қабылданған “халықтың және мемлекеттің кедейшілік жағдайын жою” туралы заңға сәйкес барлық заң шығару ісі үкіметке бекітілді. Ол парламенттің қандай да бір санкциясынсыз кез келген заң қабылдау өкілеттігіне ие болды. Бұл жағдайда осы қабылданған заңдардың конституцияға сәйкес келмеуі де мүмкін еді. Халықаралық келісімдер парламенттің бекітулерін (ратификациясын) қажетсінбеді. Канцлер заң жобаларын әзірлеу мен оны үкіметтің қарауына ұсынудың айрықша құқығына ие болды. Ал заң жобалары оларды бекіткеннен кейін келесі күні күшіне енді.
Либералды режимде мемлекеттік билік жеке адамның құқығы мен бостандығын жариялаумен қатар оны жүзеге асыру үшін өзінің барлық мүмкіншілігін қолданады. Бұл режим тек мемлекетке ғана байланысты емес себептерден көбінесе нақтылықтан гөрі саяси ұран ретінде көрініс табады. Осы режим жағдайында биліктің қызметі бостандықты қамтамасыз етуге бағытталған десе де болады.
Демократиялық – құқықтық режимнің мәнісі қатаң материалдық және процессуалды заң шеңберінде халықтың қалыптасқан демократиялық еркін жүзеге асыру.
Буржуазиялық-демократиялық режимге тән белгілер: азаматтар мен олардың ұйымдарының әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының конституциялық жариялануы және ішінара жүзеге асырылуы, бірқатар саяси (оның ішінде оппозициялық) партиялардың болуы, мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті органдарының сайлануы мен алмастырылуы, буржуазиялық-демократиялық заңдылық пен конституциялық қағидасының, билік бөлінісі қағидасының ресми мойындалуы және т.б.
Мемлекеттік басқарудың демократиялық түрі халықпен сайланатын және онымен ауыстырылатын саяси институттар мен басқарушы лауазымды тұлғалардың иерархиялық құрылымы ретінде көрініс табады. Басқарудың бұл түріне билік құрылымдарының қоғамның бақылауында болуын көздейтін жоғарыдан төмен қарай және керісінше, төменнен жоғары қарай жүзеге асатын сатылы мемлекеттік билік тән. Қазіргі кезде осы демократиялық саяси режим орнатуға ұмтылыс жасалуда.
Әлемдік қоғамдастықта аталған авторитарлық және демократиялық жүйелердің әр түрлі түрлері, оның ішінде аралас және өтпелі түрлері белгілі болғандықтан, берілген типология біршама салыстырмалы сипатқа ие.
ІІ ТАРАУ. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ