Саяси психология – саяси сананың маңызды формасы
Саяси психология – ғылыми пән, ол ұлттың, таптардың, әлеуметтік топтардың, үкіметтің, индивидтердің саяси санасы деңгейінде қалыптасып көрінетін және олардың нақтылы саяси әрекеттерінде жүзеге асатын қоғамның саяси өміріндегі психологиялық компоненттерді (көңіл-күй, пікір, сезім, құнды бағыттар және т.б.) зерттейді.
Саяси психология – бұл адамдардың саяси санасы мен саяси мінез-құлқының саласы, негізінен баға беруді, әдеттегідей, саяси жүйеге (ең алдымен мемлекеттік билікке), саяси өмір оқиғалары мен фактілеріне сезімдік қатынасты білдіреді. Саяси психология, сайып келгенде, саясат субъектілерінің мінез-құлықтарының тікелей уәждерін қалыптастыратын практикалық санасы болып табылады[105].
Саяси психология саяси идеологияға қарағанда жүйеге келтірілмеген, ұтымды және сондай-ақ, парықсыз (иррационалды) көзқарастардан тұратын ішкі қайшылықты көзқарастар жиынтығымен айрықшаланады. Саяси субъектілердің нақтылы субъективтік сапаларын біріктіріп-ырықтандырып, саяси психология ерекшелікті саяси топтардың (тобырлардың, бұқараның, көпшіліктің) пайда болуына шешуші ықпал етуге қабілетті. Әдетте, саяси психологияның функцияларына саяси мүдделерді қабылдау мен жете түсінудің, адамның саяси салаға бейімделуін, саяси мінез-құлық ниеттемелерінің (мотивация) жүзеге асуын жатқызады.
Саяси психологияның мазмұны бойынша оның тұрақты бөлімін (дұрыс мағына, діл, этностың психологиялық құрылымы, дәстүрлер, т.б.) және қозғалыстағы, тұрақсыз бөлімін (көңіл-күй, әсерленушілік, эмоция, сезім, күту) бөліп көрсетуге болады.
Тұрақты психологиялық феномендер арасында түрлі әлеуметтік өзгерістер мен саяси оқиғаларға саясат субъектілерінің жауап қайтару тәсілдері, тұрақты саяси құндылықтардың жиынтығы – саяси ментальдылықтың үлкен маңызы бар. Саяси ментальдылықтың негізі болып белгілі бір этникалық қауымның тарихи даму тәжірибесі шоғырланған тарихи, географиялық және ерекшелікті ортада өзін-өзі сақтаудың аса сенімді тәсілдерін ұрпақтан-ұрпаққа беріп, жеткізетін ұлттық мінез-құлық шығады. Сондықтан ұқсас саяси жағдайларда әр халық өзін әр түрлі ұстайды. Мысалы, олардың кейбіреулерінде шыдамсыздық туғызып, жедел жауап қайтаруға тырыстырса, басқалары алға қойған мақсаттарға жетуге табандылық қабілет көрсетумен қатар бейбіт жолдарды анықтап, ешбір саяси ұстамсыздыққа бармай, төзімділікпен басынан өткізеді.
Әр түрлі саяси-психологиялық сапаларды таптар, әлеуметтік жіктер, сонымен қатар шағын топтар (тікелей қатынас жасайтын), дәлірек айтқанда адамдардың микроәлеуметтік бірлестіктері, референттік түзілімдер, жекелеген саяси ассоциациялар, т.б. меңгерген. Осы топтардың әрқайсысына уақытша немесе тұрақты өмір сүру тән, оларда ұйымдасқан немесе стихиялық байланыстардың болатыны да анық.
Саяси психологияның құрылымының күрделі әрі көп жоспарлы екенін айтуымыз керек. Нақтылы саясат міндетті түрде саяси психологияның құрылымы және динамикасы туралы білімді есепке алу және қолдану негізінде құрылады. Нақты саяси жағдайда бай саяси эмоцияның әрдайым бір ғана жағы басқаларын өзіне бағындырып басымдыққа жетеді. Саясатта саяси процестердегі әсерленуші жақтардың белгілі бір құрылымдық жіктелуін көре білу маңызды болғанымен, бұл салада жүріп жатқан өзгерістерді де байқай білу маңызды. Саясаттануда «шаршау принципі» тұжырымдалған, ол көпшілік ісіне бұқараның қызығушылығының тез өсуімен және соншалықты жылдам басылуымен сипатталатын саяси құмарлықтардың, эмоциялардың тұрақсыздығын есепке алу қажеттігін білдіреді. Сондықтан кез-келген белгіленген саяси акция шексіз ұзаққа созылуы мүмкін емес, оған қатысушы адамдар ғана білетін оның анық уақыттық шекарасы болуы тиіс. Осы уақыт аралығы созылмауы керек, әйтпесе саяси акцияға жетпей-ақ оған деген қызығушылық жоғалуы (өшуі) мүмкін.
Саяси психологияда тұрақсыз, тез өткінші болып саналатын көңіл-күй аса маңызды, өйткені көңіл-күй белгілі бір кезеңде көптеген адамдарды қамтумен және қайсыбір саяси оқиғаға немесе проблемаға олардың қатынастарын анықтайтын психологияның жалпы, анық көрінетін белгісі. Көңіл-күй көптеген адамдардың саяси санасына, мінез-құлқына бірқатар ықпал етеді. Мысалы, көңіл-күйдің аса маңызды қасиеттері оның саны жағынан көп адамдардың назарын аударып отырған проблемаға, саяси қайраткерге шоғырлануы қабілетінен көрінеді.
Көптеген адамдардың көңіл-күйіне ықпал жасауды қамтамасыз етуді пайымсыз механизмдерді қолдану жолымен іске асыруға болатынын айтуымыз керек. Бұл жұғыстық – оның қайнар көзі жағынан етілетін ықпалды сынсыз қабылдауымен, тез тарауымен, көптеген бұқара халықтың белгілі бір психологиялық күйіне ендіру сияқты пайымсыз ықпал жасауды қамтумен сипатталады.
Адам психикасының типі мен саяси қатынастар саласындағы оның өзіне алатын рөлінің арасында сөзсіз байланыс бар. Бұл байланыс қатаң, тікелей бола алмайды, адамның дүние танымымен және білімімен, оның саяси мәдениетімен және ол әрәкет ететін әлеуметтік және өмірлік жағдайдың сипатымен айтарлықтай дәрежеде жанасады, түзетіледі. Алайда ұқсас саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларда бірыңғай әлеуметтік, мәдени және басқа да топтардың өкілдері өздерін біркелкі ұстамайды: біреулері өздеріне саяси оқиғаға белсенді қатысушының міндетін алады; басқалары оған еш араласпайды; үшіншілері – өздерін одан тәуелсіз деп қабылдап, оқиғаның барысына байсалды бағынады; төртіншілері – өз түсініктеріне сәйкес оқиғаны бағыттау үшін күшін салады.
Осымен байланысты өзіне-өзінің сенімді болуы, индивидуалдық күшін, өзінің адамгершілігін сезінуі, өзінің күшіне сенуі – бұл белгілердің бәрі саяси өмірге қатысумен жағымды ара қатынаста болады. Саясаттан қашқақтайтындар көбіне-көп әлсіз индивидуалды кісілер, өзінің күштері мен мүмкіндіктеріне сенбейтін адамдар. Саясаттан қашқақтайтын адамдар басқа да өмірлік жағдайларда өздерінің қызығушылығын әлсіз түрде көрсетеді.
Саяси санаға, ойлауға және мінез-құлыққа тұлғаның мақсаты және стереотипі сияқты психологиялық күйі де айтарлықтай ықпал етеді[106].
Мақсат – адамдардың немесе адам топтарының (әлеуметтік-саяси және эмоционалды тәжірибесі) саяси оқиғаларға қатынастарын анықтайтын психикалық күйі. Қалыптасқан мақсат негізінде қоғамдық-саяси өмірдің жағымды немесе жағымсыз құбылыстарын сезіну жүреді. Бейтарап қалу қандай да бір мақсатының жоқ екендігін білдіреді.
Мақсат психологиялық құбылыс ретінде эмоционалды боялған, тұлға үшін маңызды әр түрлі факторлардың ықпалымен пайда болады. Оның қалыптасуында сенімді деректерден келіп түсетін, сонымен қатар сол уақытта бірінші орында тұрған ақпарат үлкен рөл атқарады. Көбіне-көп сенімді ақпарат сыни пайымдаудан өткізілмейді, оны таза сенім ретінде қабылдайды; басқаша саяси түсініктеме беріліп, кешіккен ақпарат қалыптасқан мақсатпен бетпе-бет келіп қалады да белгілі бір сенімсіздікті тудырады.
Саяси психологиялық мақсат пен объектінің стандартталған әлеуметтік және саяси бейнесі – стереотипі ұштасады.
Әдеттегі жағдайларды бейнелейтін сенімді стереотиптер адамның саналы түрде саяси қызметке қатынасын жеңілдетеді, сенімсіздері – жалған бағалау жүйесін тудырады да дұрыс әлеуметтік-саяси бағдарларға кедергі келтіреді. Қалыптасқан стереотиптерді қирату, егерде тұлғалардың орнын толтыратын немесе алмастыратын идеялары, істері, жаңа ұстанымдары болмаса, тұлғалардың өмірлік ұстанымы үшін қатерлі қауіп төндіруі мүмкін. Стереотиптер мақсатқа қарағанда баяу қалыптасады, бірақ олар алғашқымен салыстырғанда әлдеқайда берік және өміршең болып келеді.
Саяси сана негізінен саяси психологияда адамдардың саяси мінез-құлықтарының психологиялық компоненттерінің болуына көңіл аударады. Сондықтан саяси сананы және саяси процестер мен құбылыстардың сипатын түсіну үшін саяси мінез-құлықтың әр түрлі формаларындағы ерекшелікті психологиялық көріністерді білудің зор маңызы бар. Ғылыми әдебиеттерде бұл көріністерге адамдардың саяси мінез-құлқына тән ұйымдасқан және стихиялық екі негізгі формада қолдануға талдау жасалады.
Саяси процеске қатысушылардың мінез-құлқының ұйымшылдық формалары билік органдарының және басқа да саяси институттардың, соның ішінде оппозициялық институттардың қызметтері арқылы іске асады.
Ресми (биліктік) институттардың қызметіне әдеттегідей, жағымды сезімдер мен көңіл-күйлердің басымырақ болуы тән. Олардың қызметіне қатысатын адамдар мансабын арттыруға, жоғарғы әлеуметтік мәртебеге жетуге, жеңілдіктер алуға біршама ден қояды. Олар үшін көбіне-көп шындыққа сыни емес қатынастар және бейімделушілік, соның ішінде қоғамда үстем етуші саяси құндылықтарға бейімделу тән.
Оппозициялық ұйымдар мен формальды емес бірлестіктердің қызметінде, зерттеу көрсеткеніндей, өзгеше саяси-психологиялық ахуал қалыптасады. Осы ұйым мүшелерінің арасында әдетте беймазалық сезімі мен көңіл-күй, қанағаттанбаушылық, өзгеріске, жаңартуға т.б. деген ықылас басым болады. Оппозициялық қозғалыстарға қатысушылар саяси практикада орын алған саяси құбылыстарды сыни қабылдауға әлдеқайда қабілетті.
Стихиялық саяси мінез-құлық саяси ұйымдар мен қозғалыстарға қатысушылардың жоспарланбаған қимылдарынан, сонымен қатар ұйымдаспаған қарсылық әрекеттерінен көрініс табады. Стихиялық мінез-құлық – бұл адамдардың саяси дағдарысқа, тұрақсыздық жағдайға, биліктің теріс әрекетіне, өзінің жағдайының нашарлауына байланысты көрсететін жаппай реакциясы. Ол саналылық пен прагматикалылыққа қарағанда әрекеттің иррационалдық, қызбалық формаларының басым болуымен байланысты.
Стихиялық саяси мінез-құлықтың және оның себептерінің психологиялық ерекшеліктерін білу күрделі саяси коллизияларды шешуге көмектеседі. Осымен байланысты наразылықтың ұйымдаспаған формасы қоғамға қауіпті әрекеттерге – бунтқа, жаппай жөнсіздікке, лаңкестік актілерге (жарылыстарды ұйымдастыру, адамдарды кепілдікке алу және әкімшілік ғимараттарды басып алу, т.б.), сонымен қатар басқа да зорлық-зомбылыққа, заңға қайшы әрекеттерге әкеп соқтыратынын есте ұстау қажет.
Адамдардың стихиялық мінез-құлқына сенімсіздік сезімінің артуы, билік құрылымдарына және ресми ақпаратқа сенбеушілік, ызақорлық, байбаламшылық көңіл-күй және т.б. сияқты психологиялық факторлар ықпал етеді. Мінез-құлықтың стихиялық формасына алып келетін келеңсіз көңіл-күйлердің артуына, өз кезегінде алып қашпа сөздер, агрессиялық әрекеттер, қылмыстың өршуі, жемқорлық пен әділетсіздік фактілері, танымал емес заңдар және атқарушы органдар мен басқалардың қате шешімдері ықпал етеді.
Сайып келгенде, саяси мінез-құлық саяси психологияның саясат және саяси сана салаларындағы орны мен рөлін көрсететін маңызды сыртқы форма болып табылады.
Қорытындылай келіп, саяси сана – саяси идеология мен саяси психологияға негізгі салмағы түсетін күрделі, көп деңгейлі конструкцияны бейнелейді деген тұжырым жасауға болады. Саяси сана – бұл адамдардың өмір сүріп тұрған және саясат пен саяси құбылыстарда болса екен дейтін субъективтік қатынастарын көрсететін көзқарастар, ұғымдар, түсініктер, мақсаттар мен сезімдерінің жүйесі.