Түркі өркениетінің қалыптасуы және дамуы

Түркілер өздерін Алтайдан шықтық дейді. Ол туралы көптеген аңыздар да бар. Түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқари былай деген: “Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!” Сондықтан түркілерге Тәңірдің өзі арнайы ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, “Өз қосыным” деп атаған. Оған қоса, “түркілер көрікті, өңі сүйкімді, жүзі мейірімді, әдепті, үлкендерін құрметтей білетін кішіпейіл, уәдеге берік, мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар” деген.

Жалпы “Түркі елі” ұғымы - б.д.д. II ғасырда ғұндардың жетекшісі Мөде хан түркінің 24 тайпасын біріктіріп, мемлекет құрған кезде пайда болды. Сол тайпалардың көпшілігінің ізі бүгінгі қазақ ұлтын құрайтын руларда кездеседі. Демек, бүгінгі қазақ көне түркілердің тікелей ұрпағы.

Көне замандағы хьон, немесе хиониттер, соңынан тарихта “Ұлы иозылар”, кидариттер немесе ғұндар олардың ұрпақтары қазіргі қазақ пен қарақалпақ құрамындағы кердері және мойтұн рулары. Жалпы, сол кездегі адамдардың ұғымында екі дүние (немесе екі әлем) болған. Ол - Тұран мен Иран.

Ертедегі гректердің жазбаларында түркілер, турлар немесе тұрандар мен массагеттер бір ұғымды білдірген.

Тұрандықтар мен ирандықтардың қайта-қайта соғысуына Ұлы даладағы адам мен мал санының өсіп, жайылымның тарылуы негізгі себеп болды. Тұрандықтардан жеңілген ирандықтар (арий тайпалары) Иранға, Үндістанға және Еуропаға көшуге мәжбүрленді.

Түркілердің, яғни тұрандықтардың соғыс өнерін сиқырлыққа теңеген Фирдоуси, “Сиқыршылар парсыларға садақ оғын жаудыратын жел мен қара дауылды шақырды” дейді.

Барлық түркі халықтары мен угро-финдерді, жапон мен корей, манчжурлар мен т.б. палеоазиат халықтарын тұрандықтардың бүгінгі ұрпақтары деуге болады. Тіпті, ХVІІІ–ХІХ ғасырларда-ақ ғалымдар Америкадағы үндіс және түрік тілдерінің туыстығына назар аудара бастады.

Осыған байланысты бұдан 45000 жылдай бұрын Беринг бұғазы арқылы Америка асқан қауымдар арасында түркілік этникалық топтың болғандығы туралы шетелдік және орыс ғалымдары мойындап отыр.

Түркі тайпаларының бірі Ғұндардың батыс бөлігі б.д. I-IV ғасырларында Жетісу, Арал теңізі арқылы өтіп, алдымен Жайық-Еділ өзендері аралығын мекендеп, одан кейін Қара теңіз бойын басып алып, Днепр мен Дунайға дейін жетіп, осы көштің жолында кездескен аландардың бір бөлігі мен остроготтарды бағындырып, угр, визигот, герман тайпаларының батысқа жаппай көшуіне себепші болды. Еуразияның картасын түбегейлі өзгерткен осы “Халықтардың ұлы көші” кезінде Кавказдың солтүстігінде Терек пен Кубандағы аландардың көпшілігі ғұндарға бағынды. Қазіргі осетиндер аландардың ұрпақтары. Аландардың екінші бөлігі Батысқа көшіп, сол жақтағы батыс герман тайпаларына қосылды.

Түркілер жаулап алған жерлерінде қоғамдық қатынастарды өзгертіп, жаңа прогрессивтік формация қалыптастыруға септігін тигізді. Түркілердің тағы бір ерекшелігі – олар ағылшындар мен голландтықтар және испан конкистадорлары сияқты өздері жаулап алған жердегі халықтарды жаппай қырып-жойып, геноцид жасаған жоқ. Себебі, түркілер алдымен үлкенді сыйлап, аруаққа тағзым еткен және зұлымдық дегенді білмейтін табиғат діні Тәңірге табынса, VІІІ ғасырдан бастап адамды ұлты мен нәсіліне бөлмей, барлығын ағайын деп қарайтын мұсылман дінін ұстанды.

4. Көне түркілердің көрші елдермен мәдени және экономикалық тығыз байланыста болғаны тарихтан белгілі. Ол туралы Альфред Вебер: “Орта Азиядан шыққан көшпелі халықтар Қытай, Үнді және Батыс елдеріне баса көктеп еніп (жылқымен) жоғарыдағы үш атырапқа да ықпал етті.

Көне түркі тайпалары мен Солтүстік Үндістан тайпаларының арасында мәдени байланыстар болған.

Өгізге немесе атқа жегетін арбаның пайда болуы қола дәуіріндегі малшылардың даланы меңгеруіне себеп болып, осы көліктер б.д.д. IV-III мыңжылдықтарда олардың көшіп-қонуын жеңілдетті. Көшпенділік дәуірдің алғашқы кезінде аттың жүгенін, соңынан қылышты ойлап тапқан да Ұлы даладағы тайпалар немесе тұрандықтар. Екі аяқты соғыс арбасының да Ұлы далада пайда болғаны белгілі.

Орта Азияның солтүстігіндегі далада өндіретін шаруашылық б.д.д. III мыңжылдықтың екінші жартысында пайда болды.

Б.д.д. II-I мыңжылдықтар арасында Ұлы далада қуаңшылық басталғанда, олардың көшпенді өмір сүруге бейімделген шығыстағы бөлігі – арийлер мал бағумен айналысты.

Көшпенді тайпалардың қытайға енуі б.д.д. ІІ мыңжылдықтың ортасында болды. Сол кезден бастап қытайлықтар түркілердің салт атпен жүргенде киетін сыртқы киімдері мен ер-тоқымдарын өздеріне бейімдеп алды.

Ертедегі Ұлы түркі көшпенділері сауыт-саймандары мен тұрмыстық бұйымдарын әшекейлеуге қола, күміс және алтын пластиналарды пайдаланып, өзіндік айшықты “жануарлар стилі” өнерін дамытуымен ерекшеленеді.

Қазіргі Қытайда және Тынық мұхиты аймағында кеңінен қолданылып жүрген он екі жылдық күнтізбе – мүшел де алдымен көне түркілерде пайда болып, соңынан осы аймақтарға таралғаны ғылымда дәлелденген. Түркі өркениеті Қытай өркениетінің дамуына тікелей әсер етіп, оның ізашары болғанына осы айғақтар дәлел. Сонымен қатар, мыңдаған жылдар бойы көрші тұрған осы халықтар бір-біріне жанама түрде де әсер еткен. Көне түркілердің шабуылдарынан қорғану үшін салынған ұзындығы алты мың шақырым “Ұлы Қытай қорғаны” соның бір мысалы.

Ертедегі түркілердің Тәңір немесе табиғат діні б.д.д. VIII - V мыңжылдықтар арасында аңшылық дәуірде пайда болды. Ол қазіргі белгілі діндердің ішіндегі ең көнелерінің бірі болып саналады. Тәңір діні пайда болған кезде адам зұлымдық пен қайырымдылықты ажыратып бөлген жоқ, тіпті зұлымдықты білмеуі де мүмкін. Ол кезде адамның барлық дүниетанымы олардың арасындағы қарым-қатынастарға емес, табиғатқа бағынышты болғандықтан ол табиғат діні. Бұл дінді ұстанған түркілер аспанға, күнге, жұлдыздарға – яғни Тәңірге, сонымен бірге жер мен суға немесе Ұмайға табынды. Бұл дінде адамдарды қасиеттеріне қарай бөліп тұратын қайырымдылық және зұлымдық деген атымен жоқ. Яғни, бұл діннің негізгі мақсаты соңынан пайда болған зороастризм дініндегі немесе одан кейінгі жалпы философияның негізгі мақсатына айналған «зұлымдықпен күресу» кездеспейді. Көшпенділік дәуірде яғни б.з.д. I мыңжылдықтың бірінші жартысында пайда болған зороастризм діні, оның пайғамбары Заратуштраның ( “Түйесі кәрі”) атынан шыққан. Сол заманда тұрандықтар Тәңір дініне сенсе, үндіирандықтар және олардың ішіндегі көшпенді арийлер (ауданы – малдың иесі, малшы) зороастризм дініне сенді. Оларды күнге табынушылар деп атайды. Зороастризмге дейін осы тайпалардың барлығы Тәңірге сенуі мүмкін. Себебі Ұлы далаға б.д.д. IV-III ғғ. үндіеуропалықтар келгенге дейін оны мекендеген байырғы тұрғындар – тұран тайпалары, оның ішінде ғұндар күнге табынғаны тарихтан мәлім. “Ғұндар өздерін Күннің ұлдарымыз деп санаған” Ғұндар өздерінің хандарын шаньюй, сосын тяньжу деп атаған. Олар қытайдың басшыларына жазған хаттарына: “Ғұндардың тағына Аспан, Күн және Айдың ұлықсатымен отырған Ұлы тяньжу” деп қол қойған.

Көне түркілердің Еуразия тарихынан алар орнын академик А.П.Окладников былай деп түйіндейді: “Сібірдегі көне түркілер Шығыстан гөрі Батыспен тығыз байланыста болды. Оның мәдениеті бай әрі жарқын еді. Ертедегі Шығыс пен Батыстың мәдениеттері Байкалдың жағасы, Ангара мен Ленада сол кездегі өзіндік төл мәдениеттің орталығы бірде қосылып, бірде ажырасып тұрды. Оны білмей тұрып Еуразияның тарихын толық түсіну мүмкін емес. Археологиялық қазбалардан көргеніміздей Байкал өңіріндегі түркі қорғандарындағы қазба байлықтардың жолы Дон мен Дунайға дейін жетіп жатты”

Түркі өркениетінің әлемдік тарихқа қосқан үлестерін төмендегідей үлгіде жүйелеуге болады:

Тәңірлік дүниетанымды қалыптастырды, металл қорытудың ежелгі орталығы болды;

Түркі жазуы болды және жыл мезгілін маусымға бөліп, осы күнгі календарьлық дүниетанымды қалыптастырды;

Ерекше әскери құрылымы, әскери өнердің шебер үлгілерін қалдырды;

Архитектуралық өнердің өзіндік үлгісін қалдырды: Айша бибі, Алашақан, Сырлытам, Қарахан, Жошыхан, Аяққамар, Жұбанана, Болғанана, Ботағай мавзолейлері т.б.

Би-шешендер бай ауыз әдебиетін қалдырды. Әуез (музыка өнері) шарықтады. Тек қана Қазақ хандығы тұсында 5000-дай күй (аспапты музыка) дүниеге келген;

Мемлекетті басқарудың дала демократиясына сүйенген ерекше жүйесін жасады.

Қытай, Иран, Византиялық өркениеттермен тоғысқан түркілер жаңа мемлекет типін қалыптастырды. Егер, бірінші түркі қағанатында соғды тілі үстем етсе, екінші түркі қағанатында руна жазуы тарады. VII-VIII ғғ. Моңғолия мен Алтайда, Хакасия мен Тувада, Шығыс Түркістан мен Жетісуда Көне түрік алфавитімен жазылған 200-ден астам тас ескерткіштер қалды. Ал біздің ғасыр санауымыздан бұрын V ғасырда өмір сүрген Есік жазуындағы 17 әріптің 13-і көне түркі руникалық алфавит екені белгілі болды.

VI ғасырда түркілердің әдеби тілі қалыптасты, көрші Шығыс мәдениеті игеріле бастады. Сонымен Алтайдан Донға, кейде Дунайға дейін созылған бұл Түркі өркениеті – 2000-2500 жылдың тарихы бар өркениет болып табылады.

Әдебиеттер:

1.Бас редактор: Ерлан Сыдықов. «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, — Алматы, «Pride Print», баспасы, 09.2013. — 108 бет.

2.Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли..) — Алматы, «Өлке» баспасы, 2001. — 144 бет.

3.Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. — Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2010. — 232 бет.

4.Гумилев Л.H.От Руси к России. — М: ООО «ИздательствоАСТ», 2002. — 392 с.

5.Зиябек Қабылдинов. Астана ақшамы, Тегі асыл ел тарихын түгендейді, 12.02.2014ж.

6.«АСЫЛ МҰРА» түркі антологиясы. — Астана: Сарыарқа, 2012. — 568 б.

Наши рекомендации